ЖАҢА ПРЕМЬЕРА – «МАХАББАТ, ҚЫЗЫҚ МОЛ ЖЫЛДАР»
Республикамыздың театр әлемінде өзіндік бағыт-бағдарымен ерекшеленіп еліміздегі және алыс-жақын шетелдік театр фестивальдарына белсене қатысып, шалқар шабыттарын көрсетіп жүрген Н.Жантөрин атындағы Музыкалық драма театры талай биік белестерді бағындырған.

Бүгінде театр директоры Айдос Тастаев пен көркемдік жетекші Медғат Өмірәлиев ұжымның шығармашылық тынысына жаңа леп берудің барлық мүмкіндіктерін қарастырып отыр. Олар театр репертуарының заман ағымына, көрермен талғамына сай өнердің жоғары үдерісінен көрінуіне күштерін салып, заманауи сахналық тілмен кейіпкер бейнесін көрсетуді мақсат тұтқан ізденіс аясын кеңейтуді қолға ала бастады. Нақтылап айтқанда, театр жұмысын жандандыру үшін еліміздің тәжірибелі режиссерлерін театрға шақырып, спектакльдер қоюға қолайлы жағдайлар жасады. Бұл біріншіден, актерлердің әртүрлі стильдегі режиссерлермен жұмыс жасауына мүмкіндік берсе, екіншіден, олардың актерлік шеберліктерінің жаңа қырынан ашылуына ықпалын тигізеді.
Үстіміздегі жылдың 27–28 тамыз күндері Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» деп аталатын туындысы бойынша қойылған спектакльдің премьерасы театр ұжымының дұрыс бағыт ұстанып отырғанын көрсетіп берді. Спектакль қазіргі отандық театр үдерісінде өзіндік режиссерлік қолтаңбасымен ерекшеленіп жүрген Ерлан Кәрібаевтың сахналауымен көрерменге жол тартты.
Мәңгілік махаббат тақырыбын арқау еткен көлемді романның сахналық нұсқасын өзі жасап, оқиғаны екі сағатқа сыйдыра білген режиссер барлық әрекетті Ербол мен Меңтай бейнесінің ашылуына бағыттап, бір желіге негіздеген. Ол әлемдік театрдағы жаңа үрдістердің даму ерекшеліктерімен жете таныс болса да, шығарма табиғатына нұқсан келтірмей спектакльді реалистік-шарттылық режиссурасымен қойған.
Режиссерлік оқылымда спектакльдегі әрбір кейіпкер психологиялық жағынан өте дәлелді шыққан. Е.Кәрібаев кейіпкерлер бейнесінен бүгінгі қоғамда орын алып отырған мәселелерді көрсетіп, жалпыадамзаттық кейбір міндердің қай заманда да өзгермейтіндігі туралы ойды нақты жеткізген.
Шымылдық ашылған кезде беттеріне аппақ бетперде (маска) киіп, музыка ырғағымен сахна ортасына жылжыған кілең қыздар өзара қалжыңдаса бастайды. Осы кезде аудиторияның нөмірін сұрап, бөлмеге кірген Ерболдың келуімен оқиға шиыршық атып дами жөнеледі.
Режиссер бұл қойылымда бетпердеге өте көп философиялық ойларды сыйдырған. Айталық, Ербол үшін бастапқы кезде қыздардың барлығы бірдей болып көрінсе, кейін Меңтайға ғашық болғаннан кейін қыз бетіндегі бетпердесін шешеді. Сол арқылы олардың арасында ешқандай да жасырын сырдың жоқтығы аңғарылады. Бетперде киіп жүрген әрбір адамның өзгелер үшін құпия болғаны көрерменді қызықтыра түседі. Біз режиссердің бетпердеге қатысты түпкі ойын дұрыс түсінгенімізбен де, драма актері үшін оның бет-жүзінің құбылуы үлкен мәнге ие екенін ескерген жөн демекпіз. Себебі көпшілік сахнасында ойнаған Зайкүл – Мәншүк Жайлыбаева, Қанипа – Аймара Сұңғатқызы, Сақила – Айым Адилова, Жомартбек – Ермек Арықов қойылым соңына дейін бетпердемен жүргендіктен актерлердің бет-жүзіндегі эмоциялық құбылыстарды байқай алмадық. Тіпті спектакльдің лирикалық бояуын қалыңдатып, қойылымның ырғақ-екпініне өзгеше реңк беретін Жомартбек – Е.Арықов пен Зайкүлдің –
М.Жайлыбаева сөзбен қағысатын сахналарында бетперде үлкен кедергі келтірді.
Қойылымның жасалу әдісіне қарап, оның жанрын лирикалық драма деуге болады. Спектакльдің басты идеясы – адамгершілік пен азаматтық борышты сезіну, махаббат алдындағы адалдықты дәріптеу.
Режиссер басты рөлдерді ойнайтын актерлерді қателеспей таңдап алғанын айрықша атап өтеміз. Айталық, Ербол рөлін осы театрдың сахнасында әр жылдары А.Камюдің «Калигуласында» (реж. Г.Миргалиева) – Калигула, У.Шекспирдің «Гамлетінде» (реж. Г.Миргалиева) – Гамлет, «Ромео мен Джульеттасында» (реж. Д.Құнанбайқызы) – Ромео, Н.Гогольдің «Ревизорында» (реж. Д.Құнанбайқызы) – Хлестаков, Лопе-де Веганың «Шөп қорыған итінде» (реж. Г.Миргалиева) – Теодоро т.б. рөлдерді келістіре сомдаған актер Еркебұлан Бекенге беруден көп ұтқан.
Бүгінде актерлік шеберлігімен көрермен қауымның қошеметіне бөленіп жүрген Е.Бекеннің кейіпкері алғашқы сахнадан бастап-ақ сабырлы болмысымен, тартымды сыртқы келбетімен көрермен назарын өзіне аударып әкетеді. Қан майданның ортасынан аман келіп, оқуын жалғастырған Ерболдың кілең қыздардың арасында өзін салмақты ұстап, олардың шымшыма қалжыңдарын жымиып қабылдауы, жігіт мінезінің жайдарлылығын көрсетеді. Актер өз кейіпкерінің шығармашылық адамға тән сұңғыла қагілездігін және оның ішкі сезімдерін иланымды берді.
Спектакль оқиғасының өрбуіне сай актер Ерболдың Меңтайға ғашық болуын, оған сүйіспеншілік сезімін білдіре алмай қысылуын аса нәзік психологиялық тебіреністер арқылы өрнектеді. Әсіресе Меңтайдың бөлмесінде онымен бірігіп кітап оқитын сахнада Ерболдың ішкі сүйіспеншілік сезімін зорға құрықтауы да нанымды шықты.
Меңтайдың басы бос емес екендігін естіген сахнада Ербол-Е.Бекен қыз ағасының аманатына қиянат жасауға болмайтынын алабұртқан жүзінен танытады. Ол өз қаһарманының кісілік келбеті мен моральдық ұстанымын өзара жымдастырып, рухани үндестікке жеткізді. Адам қандай жағдайға, қандай күйге ұшыраса да адамгершілік шекарасынан аттамауды кейіпкердің әрекетімен бедерледі. Бұл рөл Е.Бекеннің актерлік палитрасының өзіндік бояудан, өзгеше ажардан тұратынын көрсетіп берді.
Қойылым оқиғасының қозғаушы күшіне айналған келесі кейіпкер Меңтайды Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Театр және кино өнері» мамандығының 4-курс студенті, майталман сахна шебері, ұлағатты ұстаз Лейло Бекназардың шеберханасында оқып жүрген Сара Солтанбек сомдады. Өткен жылдан бері дуальдік білім беру бағдарламасы бойынша аталған театрда бірнеше қойылымдарға қатысып, тәжірибе жинақтай бастаған жас актриса Меңтай рөлін шығару жолында көп ізденістерге барыпты. Осы тұста режиссердің жас актрисаға зор жауапкершілік артып, онымен ерінбей жұмыс жасағанын бөліп айтқан орынды. Өйткені қойылымның көркемдік сапасына Меңтайды ойнайтын актрисаның жас мөлшері ерекше ықпал етеді. Бұл қойылымның лирикалық бояуының қанықтығына С.Солтанбектің уыздай жастығы, дене бітімінің тартымдылығы, көз тартарлық көркінің болуы айрықша әсер етті.
Алғашқы сахнадан бастап рөлдің тінін дұрыс тапқан С.Солтанбек жас аруды жұмсақ мінезді, асқан сезімтал, нәзік әрі инабатты етіп кескіндеді. Оның Меңтайы балалық тазалығымен, қазақ аруына тән биязылығымен баурайды. Ол бойжеткеннің Ерболға деген ғашықтық сезімін оғана ұрлана қарап, көзін төмен қарату арқылы немесе оны көрген кезде жүзі жайнап күлімдеумен көрсетті. Ал Тұмажанның алдауына түсіп, күйзеліске ұшыраған қыздың Ерболға айтатын сөздерінен ана сүтімен бойына сіңген тәрбиесін байқатты.
Режиссерлік шешімде Меңтайдың сыртқы киімдері басқа қыздардан ерекшеленген. Бастапқы сахналарда оның киімі ақшыл түсті болса, ал Тұмажанмен кездескеннен кейін сұр түске өзгеруі, оның жан дүниесіндегі құбылыстардың терең ашылуына әсерін тигізді. Түйіндеп айтқанда, Меңтай рөлі С.Солтанбектің үлкен сахнада серіктестермен еркін әрекет жасап, бейне жасауға қарым-қабілетінің мол екенін көрсетіп берді.
Ерболға мүлдем қарама-қарсы кейіпкер Тұмажан бейнесін бұған дейін театр репертуарының көркіне айналған Н.В.Гогольдің «Ревизорында» (реж. Д.Құнанбайқызы) – Бобчинский, Цагерилдің «Ханумасында» (реж. Г.Миргалиева) – Акоп, А.Н.Островскийдің «Найзағайында» (реж. Д.Құнанбайқызы) – Кулигин сынды т.б. бейнелермен көрермен есінде қалған Жантілеу Бахтияров сомдады. Оның Тұмажаны Ерболмен алғаш кездесіп, Меңтайдың мекенжайын сұрайтын сахнадан-ақ көрермен күдігін тудырады. Актер бетперде киіп ойнағандықтан өз кейіпкерінің алақ-жұлақ етіп, жан-жаққа сезіктеніп қарауы арқылы тұрақсыз адамның қимылын келтірді. Ал Ерболмен екінші рет жолыққанда Тұмажанның рухани пасықтығы мен қулығы, жекебасының қамын ғана ойлайтын өзімшілдігі мен нәпсіқұмарлығы шынайы ашылды. Меңтаймен өткізген үш күні мен үш түнін аузынан суы құрып айтатын сахнада актер Тұмажанның надандығын, тексіздігін, қуыс кеуде мақтаншақтығын айнытпай кескіндеді. Әсіресе қыздар туралы ойын білдіретін монологінде темір төсектің басын қос қолымен ұстап, құшырлана рақаттануы, сол күндерін қайта басынан өткізгендей әсер тудырады. Режиссер тарапынан табылған әрекетті актер өз тарапынан жандандырып Тұмажанның рухани жұтаңдығын, моральдық азғындығын тереңдете түсті. Ол кейіпкердің арсыздығын беруде әр сөзін салмақтап айтып, тамағын қырнап шыққан сұрқия күлкімен жеткізді. Тұмажан бейнесі адамның жүйкесін тітіркендіріп, жеккөрінішті сезімді оятады, яғни бұл – актердің өз рөлін жоғары деңгейде орындай алғанының белгісі. Бірақ Ж.Бахтияровтың бетпердемен ойнауы, жоғарыда айтқанымыздай оның жүзіндегі сан алуан эмоциялық құбылыстардың көрінуіне бөгет болды.
Спектакльде ұл мен қыздың әдебіне қатысты айтылған авторлық ойларды режиссер бүгінгі күнмен өзектестіре алған. Мәселен, студенттер бас қосатын сахнада Меңтай анасынан жазып алған нақыл сөздерді аса ибалы қалыпта оқып береді. Айталық, «Ешқашан ешкімді жамандама. Ең жаман деген адамның да өз жақсылығы болады», «Ешкіммен барқылдап ұрсыспа, бағаңды жоясың», «Қарқылдап күлу, тарқылдап сөйлеу дарақылық белгісі», – деген сөздер көрерменге үлкен ой тастайды. Шынымен де, халқымыздың ғасырлар бойы өзектілігін жоғалтпаған моральдық-этикалық дәстүрлерін қазіргі кезде де жастардың бойына сіңіру қажеттігі спектакльдің негізгі идеясына айналған.
Қойылымның жанрлық сипатына, қарқын-ырғағына екпін беретін көпшілік сахналардың кейбір тұстарын сәл қысқартуға болады. Нақтылап айтқанда, студенттердің емтихан тапсыратын сахнасы тым созылып кеткен. Сол сияқты Ербол мен Тана екеуінің оңаша үйде жолығатын көрінісі де ұзақ болып, қойылым екпінін төмендетіп жіберді. Тіпті бұл сахнаны мүлде алып тастаса да, спектакльдің көркемдік көрігіне нұқсан келмейді.
Спектакльдің музыкалық партитурасын түзген Рафхат Ізденнің әсерлі музыкасы кейіпкерлердің махаббаты мен жан толқыныстарын беруге айрықша көмектесті.
Режиссер мен суретші Нысанғали Қаниев қойылымның сезімдік қуатын күшейту үшін айналмалы сахнаны оңтайлы қолданған. Сахна ортасында тұрған темір сырғанақ оқиға барысында әртүрлі қызмет атқарды. Мысалы, Ербол ұйықтап жатқан Меңтайдың сұлулығына тәнті болып «Қызыл көрпеге» қарап тұрып қалатын тұста, темір сырғанақ төсекке айналады. Бұл тұста режиссер жарық көмегімен (жарық қоюшы Назым Утесинова) Меңтайдың сұлулығына назар аудартады. Толқындалып, жиырылған көрпе астындағы арудың әрбір қимылы эстетикалық әдемі әсер қалдырады. Ал Тұмажанның Меңтаймен оңаша қалатын сахнасында темір сырғанақ бөлмеге айналады. Өзі қаламаған жігіт құшағында қиналған қыздың қарсылығы түрлі-түсті жарықпен беріліп, Тұмажанның арам пиғылының жүзеге асқаны мәлім болады. Е.Кәрібаев жарықпен ұтымды жұмыс жасау арқылы қойылымның бейнелік тартымдылығын күшейткен.
Режиссердің хореограф Айгерім Махуовамен және грим суретшісі Жанар Алтыбаеваман, костюм суретшісі Мадина Қосмағанбетовамен, дыбыс операторы Нурполат Суйеубаевпен бірлескен жұмысы нәтижелі болды.
Қорыта айтқанда, аталмыш премьера театр ұжымының ұлттық туындыларды еркін игере алатын қарым-қабілетін танытып, шығармашылық ізденістерінің дұрыс бағытта екендігін көрсетті. Біз ұжымның жаңа премьерасына сәттілік тілейміз!
Бақыт Нұрпейіс,
өнертану докторы,
Темірбек Жүргенов атындағы
ҚҰӨА-ның профессоры