«Махаббат пен ғадауат»

Көркем әдебиет — жас ұрпақтың рухани дамуына ықпал ететін қуатты тәрбие құралы. Оның ішіндегі бір саласы – поэзияның орны зор. Өлең арқылы адамның ойына, дүниетанымына, көзқарасына, сезіміне ықпал етіп, рухани құндылықтарды бойына сіңіреді. Әсіресе қазақ поэзиясында елге, жерге деген сүйіспеншілік, адамгершілік, еңбекқорлық, білімге ұмтылу, адамның бір-біріне деген қарым-қатынасы сияқты қасиеттер әсерлі суреттеліп, кең насихатталады. Міне, сондай өшпес өлең қалдырып, өлеңіне жазылған әндері арқылы жастың да, жасамыстың да жүрегінен орын тепкен қазақ әдебиеті мен өнерінің көрнекті өкіл ақын, сазгер, «Парасат» орденінің иегері Исраил Сапарбай.

Ақынның 85 жылдығына орай ОКЖ қарасты №20 кітапхана бөлімшесі ұйымдастырған кеш ЕТЭК оқу орнында өтті. Кешке басты спикер болған журналист, «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы филиалының директоры Меруерт Мәулетқызы іс-шараның алғашқы бөлімінде ақын шығармашылығындағы азаматтық үн, қоғам, болашақ алдындағы жауапкершілік пен адамгершілік мәселесін жастармен бірге талқылады. Ақынның «Махаббат пен ғадауат» кітабы арқылы мейірім, сүйіспеншілік, пейіл жайын сөз қылды. Ақын шығармашылығындағы айтар ойдың астарына үңіліп, өлең арқылы жастардың санасына ой салып, ағартушылық-демократтық сарында жазылған туындыларының алар орны зор екенін, әр сөзі ел болашағына, келер ұрпаққа негізделген ізгі ниетімен астасып жатқандығын жеткізді.
Кітапхана қызметкері Аяла ақын кітаптарына шолу жасап, таныстырып өтті.
Әдеби-сазды кештің екінші бөлімі оқу орны жастарының өнерімен жалғасты. Жас оқырмандар ақынның жүрекке жылы тиетін өлеңдерін мәнерлеп оқып, сөзіне жазылған әсерлі әндерді орындады. Әсіресе бірі ақын рөлінде, бірі журналист, бірі жас әдебиетші рөлінде болған сұхбат жанры ерекше әсер сыйлады. «Ақын қазіргі буынға не дер екен» деген сауалға ақын өлеңдерінен жауап табылды. Бұл көрініс көрермендерге ерекше рухани әсер сыйлап, поэзияға деген қызығушылықты арттырды.
Рухани кеш ретінде есте қалған іс-шараның басы-қасында ұйымдастырушы болып жүрген білім ошағының ұстазы Шынар Құстайқызы да кеш соңында сөз алып, поэзияның жастар санасын қалыптастырудағы рөлін ерекше бағалады. Жастардың шығармашылығына демеу болып, олардың рухани өсуіне жағдай жасайтын нағыз осындай ұлағатты ұстаздан саналы, парасатты шәкірт шығары ақиқат. Поэзия мен әннің тоғысқан кешінде жастар ақынға, ақын арқылы әдебиетке бір табан жақындай түсті десек артық айтқандығымыз емес.
М.Бөлек,
журналист

ПІКІРЛЕР1