БІР «ҚЫЗЫҚ»
05.05.2025
214
0

Осекеңнің (Оспанхан Әубәкіровтің) әдеби мұрасы бай екенін айттым да, жаздым да. Дос-жолдастарының жұмыла жәрдемдесуімен Осекеңнің төрт томдығы шыққанын (оны жобалаушы, діттеуші қаламдасы Ғаббас Қабышұлы болды), сол төрттомдықты әдебиет жанашыры Махаббат Бигелдиев өз қаражатына қайтадан бастырғанын білесіздер. Ғабекеңе, Мәкеңе алғысым шексіз!

 

Тағдыр соңында қалдырған соң, Осекеңнің мұрағатына ие болып, іздеп, жинастырып келемін. Қолжазба күйінде жатқандарын газет-журналдарға ұсынып жүрмін. Тиісті орындар, баспагерлер назар аударса, ықылас білдірсе, әлі де төрт том болар төл шығармалары, аyдармалары бар. Мұрағатында хаттар да баршылық. Өзінің жазғаны, өзгелердің жазғаны дегендей. Соларды шолып отырып, бір «қызықты» көрдім. Ғабекеңнің жасы елуге толғанда Осекеңнің әзіл өлеңмен құттықтағанын газеттен оқыған шығарсыздар, мен сол өлеңінің қолжазбасын тауып алып, бұл көлемі көптеу сияқтанды да, газеттегісімен салыстырсам, газетте – 10 жол, ал қолжазбада – 14 жол және қолжазбасындағы «Бастығың» Оспанхан деп қол қойғаны газетте жоқ, оның есесіне «Оспанханның толғауы» деген қосымша тақырып қойылыпты. Түпнұсқаның төрт жолын (3–7-тармақтарын) кім, неге қысқартты, қолын неге алып тастады, ол жағын білмеймін. Енді оқырмандарға, артық болмас деген оймен, өлеңінің түпнұсқасын жолдап отырмын.
Ой, «сұмдық-ай!» Ғаббас та
Келеді екен елуге!
Мұндай «уыз қыз жасқа».
Болмайды сені телуге!
Бос «бақырғыш» Қобыланды,
«Байшұбарлы» Алпамыс.
«Келдім, – десе, – елуге»,
Бола ма соған сенуге?!
Сен елуге келсең, келе бер,
Дегенменен түбінде
Жет Жамбылдың жасына, –
Осы түссін басыңа!
Ал енді сол 100-ге дейін
Басыңды сен қасыма!

«Бастығың» ОСПАНХАН
1985.
Дайындап ұсынған жары
Нұрсұлу Әубәкірова

Эпиграммалар

 (Әзілдер) 
Туысқанның түрі 
 Көзіне қарасаң  туысқан, 
Сөзіне қарасаң  ұғысқан. 
Жамандайды жетпегір, 
Бұрыла беріп бұрыштан. 
Ең қиын жау 
Жауға қылыш серместік, 
Бандыменен белдестік. 
Екеуі де түк емес, 
Ең қиын жау – жерлестік. 
Берекесіз балама 
Батысқа жіберсем үсіп қаласың, 
Шығысқа жіберсем күйіп қаласың. 
Ауылға барсаң ішіп қаласың, 
Не деген өзің күшік боласың!? 
Дүр қызға 
Сен керемет кезінде 
                       жақтырмадың,
Мен текемет кезімде 
таптырмадым. 
Жебір жерлеске 
Сені мақтап өсіріп едім, 
Өсірген сайын есіріп едің. 
Сен де тындың, мен де тыңдым, 
Маңдайға жазған кесірім едің.

Орын мен кісі
Бір орынға мың кісі,
Келіп-ақ жүр мінгісі.
Білмейміз соның ішінде,
Кім кісі емес, кім кісі?

Кеудесіз кеудеге
Секілді «Ақылы бар сан кісілік»,
Кеуде жүр кеудесімен нан пісіріп.
Бұл күні кеуде де жоқ, наны да жоқ,
«Бір жерде отыр», – дейді қарғыс ұрып.

Әжелерге
Әжелер, ескі көздер, абысындар,
Тентек ұл, шатақ қызды бағысындар.
Сендерге әлі күнге еркелейміз,
Немере-шөберені бағысыңдар!

Келіндерге
Айналайын шаруақор келін шырақ,
Келді малың маңырап, жемін сұрап.
Мал табылар, шырағым, жан табылмас,
Кемпір-шалды сыйлап жүр жөнін сұрап.

Құдашаларға
– Халқымыз ән шығарған құдашамыз,
«Құдаша аман ба?» – деп сұрасамыз.
«Оңаша, оңаша» деп әндетеміз,
Қайтеміз, бәрімізге ұнасаңыз.

Балдыздарға
– Әзілің удай ащы, қой демедім,
Мойныма мініп алған дөй «дөненім».
Ең қызығы: бетіме баяу қарап,
Шіркін, сенің үндемей «сөйлегенің!»

Құрдастарға
Сенің тілің – ішпеген боза бөтен,
«Киіз кітап» дегенің өзі-ақ екен.
Сайтан құрдас бол десе, болар едім,
Сенімен құрдас болу тозақ екен.

Құдағиларға
Шөлдесең, табылмаса, су да қиын,
Ұл беріп, қыз алысу бұ да қиын.
Екеуі егіздей боп бірге жүрсе,
Миығынан күлмей ме құдағиың.

Қыздарға
«Қыз кеткен соң ауылдан қызық кетер»,
Деген сөз қу жаныңды үзіп кетер.
«Бәріңе қамқор болсын» У.Умбетбай (Уайдин),
Қағазды жүрген жоқ қой сызып бекер.

Оспанхан ӘУБӘКІРОВ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір