«ӘЙ, ДҮНИЕ-АЙ» – ӘДЕБИЕТТІҢ ТАБЫСЫ
03.06.2016
1564
0

Кәдірбек СегізбайКәдірбек СЕГІЗБАЙ,
жазушы

Одаққа қырық жыл мүше болсам да, бүгін алғаш рет мінбеге шығып тұрмын. Құттықтап қоюларыңызға болады. Барлық шығармаларды оқып жату мүмкін емес қазір. Ақпарат тасқыны көп, газет-журналдар бар, оның ішіне таңдап-талдап, өзіңе ұнаған адамдарды ғана оқитын заман туды. Қазір кітаптар шығып жатса да оның бәрін алатын да мүмкіндік жоқ. Баяғы кезде қойшылар қонышына тығып жүріп оқушы еді кітапты. Қазір ауылға жетпейді. Ауылды қойып, қаладағы зиялы қауымның өзі кітап оқымайды. Кітапты көбейтудің жолы әрбір отырыс сайын айтылады, тыңдап отырамыз, айтпасақ та. Кітап көбею үшін, жазушылар көбірек жазу үшін қаламақы керек. Ол жыл сайын айтылады, министрлер уәде берді. Бірақ одан ештеңе шыққан жоқ. Кітаптың таралымы көбейгенмен, бағасы төмен түспейді. Ол мына нарықтың заңы емес, бұрыннан келе жатқан әр дүниенің шығыны болады. Сол шығын азайған да ғана кітап арзан болады. Баспагер ретінде айтып отырмын. «Атамұраның» өзінде 17-18 кітап дүкені бар екен еліміздің әр түк­пірінде. Солар арқылы ма, басқа да дүкендер арқылы ма, кітап таратудың жолын  қарастырса деп ойлаймын.

Нұрдәулеттің салиқалы баяндамасында біраз нәрселер айтылды. Екінші, поэ­зия жөнінде ініміз оттан көйлек киіп тұрып айтты. Сын түзелмей, мін түзел­мейді деген. Қалай болғанда да, сынның қажеттігі рас, біз енді осындай жиында бір-бірімізді сынап-мінеп алмасақ, тағы да бола бермейтін шығар. Жазушының бір салаға мамандануы деген бар. Ж.Қайраңбай дейтін азаматтың «Күрең жорға», «Тұлпарлар» деген  екі кітабы қатар жарыққа шықты. Жалпы, Жұмабай туралы еш жерде жазылған да емес, айтылған да емес.  Тек қана жылқы туралы жазады. Тағы да басқа шығармаларын қарап шықтым, өте жақсы, қай шығармасы болса да. Тұрдақын Жексенбайдың саятшылық жөнінде, табиғат тамашалары жөнінде қалам тербеп жүргені сияқты бір салаға ғана мамандану  жазушының бір жетістігі деп ойлаймын. Ал енді, жаңа айттым ғой, көп оқуға мүмкіндік жоқ деп, бірақ ішінен іріктеп-сұрыптап алған бұрыннан келе жетқан осы жақсы жазады-ау дейтін Қабдеш ағамыздан бастаған, Әлібек Асқаров, Рахымжан Отарбаев, Несіп­бек Дәутаев сияқты жазушылардың шығармалары жарыққа шықса, қалдырмай оқи­мыз. Өткен жылы өмірден өткен  Дидахмет марқұмның «Кеш» дейтін әңгімесін оқып шықтым. Қазақ баяғыда айтқан: «Құралай бастаған құс оңбайды, қатын бастаған көш оңбайды» деп, сол әңгіменің негізгі кейіпкері – күйеуін билеп алған әйел. Балаларын орыс мектебіне берген. Сосын ұлы Мәскеуге кетеді де, қызы негрге тұрмысқа шығады. Ақырында күйеуі өлгеннен кейін әйелі жалғыз қалады. Осындай қазақтың трагедиясы. Осы сияқты әңгімелер көбейе берсе деп ойлаймын. Сол секілді, Асқар Алтайдың «Сират» дейтін романы шықты. «Сират» деген сөзді ешбір сөздіктен таппадым. Шамасы, осы өмірдің өтпелі кезеңіне теңеу ғой деп ойладым. «Сиратта» қытайдың қысымы, орыстың отаршылдығы шекара­лық аудандарда тұрған азаматтардың өмірі, жер, су атаулары тарихи дерекпен, дәлдікпен жазылған. Осы туралы былтыр да, биыл да айтылған жоқ.  Сондай-ақ, Бексұлтанның «Әй, дүние-ай» деген романы. Бұл жалғыз Бексұлтанның ғана емес, бүкіл әдебиеттің табысы деп ойлаймын. Бұл Бексұлтан пысықтау жігіт. Бі­раз журналдарға шығарды. Бірақ баяндамаға ілінбей қалды. Мұнда да тек ұлт-азаттық көтеріліс ғана емес, қазақтың қасіреті айтылады. Бұл ро­манның ең үлкен жетістігі – қазақтың қаһармандығын емес, әлжуаздығын сөз еткені.

ПІКІР ҚОСУ