ДАРЫНДЫ ШӘКІРТТЕР ТАБЫСЫ
Астанада өткен жаратылыстану-математикалық пәндер бойынша ғылыми жобалардың республикалық байқауының қорытындысында Қарағанды облысының оқушылары 10 медаль жеңіп алды, оның төртеуі – алтын.
Еліміздің өңірлерінен 623 оқушы қатысқан байқау қорытындысына 10 секция бойынша 463 жоба ұсынылды. Жұмыстар халықаралық талаптарға сай бағаланды.
«Сарыарқа дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығының мәліметіне сәйкес, Қарағанды облысынан финалға 13 оқушы қатысып, 10 жоба шыққан. Соның ішінде жел энергиясын пайдалану арқылы зымыранға арналған аэродинамикалық қону платформасы жобасын ұсынған Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушылары Әнуар Әбдіраззақ пен Ислам Қанағатов алтын медальға ие болды. Жоба жетекшілері – физика пәнінің мұғалімі Айнұр Мұсабекова мен информатика пәнінің мұғалімі Жарқын Әбдікәрімов.

«Жас зерттеушілер аэродинамика заңдарын, ауа ағындарының қозғалысын, жел күшінің әсерін және энергияны қайта бөлу мүмкіндіктерін зерттеп, қорытындыларын тәжірибелік модель арқылы дәлелдеді. Шешім отын шығынын азайтуға, қауіпсіз қонуды қамтамасыз етуге және экологиялық тиімділікті арттыруға бағытталған, – деді Жамбыл атындағы ММЛИ директорының орынбасары Арай Қалықова. – Бұл жеңіс – бүкіл ұжымның жетістігі әрі жүйелі еңбектің және ғылымға деген қызығушылықтың нәтижесі».
Сондай-ақ ақпараттық технологиялар лицейінің 9-сынып оқушысы Иван Сон бионика қағидаттарына негізделген роботтандырылған қол жобасы үшін бірінші орын, алтын медаль иеленді. «Манипулятор жобасын былтырғы көктемде бастаған едім, республикалық байқауға дейін нұсқасын жетілдірдім. Бионикалық роботтардың мүмкіндіктері кең, олар өнеркәсіпте де, медицинада да қолданылады. Ерекшелігі – ұстауға ыңғайлығында. Жүлделі орыннан үміттендім, жеңімпаз атанған сәт, әрине, ерекше толқыныс сыйлады», – дейді ол.
– Иван робот техникасымен бірнеше жылдан бері айналысады, бұл – оның алғашқы марапаты емес, – деді жаттықтырушысы әрі ұстазы Қайрат Исмаилов.
Математика секциясы бойынша алтын медальді Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Даниал Орысхан жеңіп алды. IT лицейінің оқушылары Ясмин және Айлин Сейфуллиналар «Информатика» секциясында күміс медальдарға ие болды. Ясмин сонымен қатар Narxoz University оқу грантын иеленді. Ал «Дарын» ММЛИ оқушылары Нұрасыл Мереке, Риза Ахметова және Тілек Амангелді, сондай-ақ Балқаш қаласы Абай атындағы №2 мектеп-лицейінің оқушысы Тұмар Ерболқызы қола жүлдегерлер атанды.
Айта кетейік, үздік жобалар мамыр айында АҚШ-тың Финикс қаласында өтетін Regeneron ISEF 2026 халықаралық ғылыми-техникалық көрмесіне қатысады.