«Қайрат» футбол клубының тарихи жеңісі

Былтыр өзінің 70 жылдығын атап өткен Алматының «Қайрат» футбол клубы – Қазақстан футболының тарихында ерекше орын алатын, елдегі ең танымал әрі табысты командалардың бірі.
«Қайрат» – КСРО чемпионатының Жоғарғы лигасына қатысқан алғашқы қазақстандық команда. Кеңес дәуірінде 24 маусым Жоғарғы лигада ойнап, 1988 жылы КСРО Федерация кубогының жеңімпазы атанды. Бұл – қазақстандық клубтар арасындағы ең жоғары нәтиже. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін, «Қайрат» 1992 жылы алғашқы Қазақстан чемпионаты мен кубогының жеңімпазы атанды.
Кейінгі жылдары клуб 10 рет Қазақстан Кубогын жеңіп алды. 2 мәрте Қазақстан чемпионы атанды. Ал кеше тағы бір тарихи жеңіске қол жеткізіп, жанкүйерлерін шексіз қуанышқа бөледі.
2025 жылы 26 тамызда Еуропаның ең беделді додасы УЕФА чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды. Алматылық команда өз шеберлігі мен жігерін айқын көрсете білді. Шешуші кездесу Алматының Орталық стадионында лық толы трибунада өтті. Атмосфера шегіне дейін шиеленісе түсті. Негізгі және қосымша уақыт 0:0 есебімен аяқталып, текетірестің тағдырын пенальти сериясы шешіп, Шотландияның әйгілі «Celtic» клубын «Қайрат» 3:2 есебімен ойсырата жеңді. Сөйтіп, «Қайрат» футбол клубы мен Қазақстан құрамасының қақпашысы Темірлан Анарбеков алматылық клубты УЕФА чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шығарып, жұлдызға айналды.
«Қайрат» командасының чемпиондар лигасына жолдама үшін Шотландияның әйгілі «Celtic» клубын пенальтимен жеңуі – бүкіл түркі дүниесінің жеңісі. Бұл – үлкен жетістік, ал чемпиондар лигасында түркі текті клубтарымыздың көбейіп келе жатқаны – біз үшін үлкен мақтаныш. Енді алғаш рет чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан «Қайратты» жеребе күтіп тұр.
Арнұр ТОЛЫБАЙ
ПІКІРЛЕР1