Нұрлы тұлғалар қатарында
28.10.2025
157
0

Өнерді мұрат тұта отырып бар болмысын, бүкіл саналы ғұмырын, шын мәнісінде, ұлтына қалтқысыз қызмет етуге арнап өткен тұлғалар болады. Солардың бірі – Таласбек Әсемқұлов. Өнерді өзінің дара жолы етіп таңдаған тұлға. Жазушы, сыншы, кинодраматург, мәдениеттанушы, аудармашы, өнертанушы, күйші-домбырашы, ұлттық өнердің тамыршысы, ойшыл, асқан білімдар. Тәуелсіз еліміздің, мемлекетіміздің рухани байлығы.

Әлімсақтан белгілі: ұлтты, этносты өзгеден ерек танытатын – мәдениеті, оның ішінде өнері, салт-дәстүрі. Осы арқылы ұлттың дүниетанымы, өмірсезімі, болмысы танылады. Т.Әсемқұловтың әдебиет, музыка, бейнелеу, кино, дәстүрлі өнер, тарих, этнография, мифология салаларындағы шығармалары, яғни жан-жақты да көп қырлы шығармашылығы – ұлттың өзін-өзі жете тануына, терең зерделеуіне, рухани түлеуіне бастайды. Өнерді, мәдениетті және осылар арқылы қоғамда да өтіп жатқан үдерістерді түсініп-пайымдау­ға үлкен үлес қосады.
Т.Әсемқұлов – ұлттық бастаудан қанып ішкен, дәстүрдің өзінен шыққан, сондықтан да ой жүлгесі орнықты, тілі бай да көркем, қоғамы мен уақытына сергек суреткер. Оның 80-жылдардағы алғашқы әңгіме-повестерінен бастап, жаңа ғасырда жазылған, негізгі кейіпкерлері Сабыт күйші мен немересі Әжігерей болып келетін «Талтүс» повесі, өкінішке қарай, аяқталмаған «Тәттімбет сері» романы, «Біржан сал», «Тұмар падиша», «Құнан­бай», «Көкбалақтың өлімі» т.б. киноромандары бүгінгі қазақ прозасының өзіндік бір ерекше жүлгесін танытады.
Жазушының «Талтүс» повесі – өмірбаяндық негізі бар көркем шығарма. Өнер туралы, өнер адамы, оның қалыптасуы, дәстүрдің атадан балаға мирас болуы туралы шығарма. Тарихқа көз салсақ, әлем әдебие­тінде, оның ішінде қазақ әдебиетінде де таза өнер, өнер адамы  туралы шығармалар баршылық. Ал күй  мен күйші құдіреті туралы шығармалар, әрине, тек қазақ әдебиетінде бар. Дей тұрғанда күй мен күйші туралы оқиғаларға орай шығатын шығармаларды айтпағанда, негізгі сүйегіне айналатындары  санаулы.   Мұндайда еске бірден І.Жансүгіров поэмалары, Т.Әлімқұловтың әңгімелері мен повестері ойға оралады, Ж.Нәжімеденов романдары еске түседі. Біз бұл ретте күй құдіреті мен сол құдіретті тудырушы күйші,  жеткізуші  домбырашының  жан дүниесіне үңіліп, екі ішек домбыраның, одан шығар  құдіретті  күй толғаудың  философиясы мен эстетикасын, жеке өнер адамының мұраты  арқылы  халық болмыс бітімін ашуға ұмтылған  суреткерлер туралы айтып отырмыз. Ілиястың Молықбай шалы, Тәкеннің Тәтекең –  Тәттімбеті, Ықыласы сияқты бейнелерді айтып отырмыз. 

Таласбектің романы әдебиетіміздегі осы дәстүрді әдемі жалғастыратын, оны өз қырынан, өз тарихымен жалғастырған дәстүрлі роман. Шығарма идеясы мен материалы, әрине, дәстүрлі роман формасына сұранып тұр. Автор, енді бір есептен, халық ауыз әдебиеті, яғни қазақтың классикалық әдебие­тінің шеңбер қағидатын (әңгімеден әңгіме туындайтын) шебер пайдалана отырып, арғы-бергі тарихты да қамтитын тұстары бар. Осыдан да келіп романда қазақтың ХХ ғасырдағы, әрауық ХІХ ғасырдағы да тарихы жүйеленіп шығады.  Бұл екі ғасыр –  бүкіл бір халықтың, яғни қазақтың тұрмыс-салтын түбегейлі өзгерткен ғасыр. Мұны таратсаңыз – халыққа үлкен сын болған екі ғасыр. Бұл сынға төтеп бергендер беріп, бере алмағандар қасіретін шегіп күн кешкен. Шығарма подтекстінен  қазақтың осы трагедиясын  оқып отырасыз. 
Романда ірі, кесек мінездер, нағыз қазақтар бейнелері бар: Сабыт ақсақал, Ахметжан, Шерім, Сәруар тағы да басқа. Шығарманың этикалық пафосы мықты.  Бұл ретте, әрине, ең алдымен Сабыт ақсақал бейнесін айтамыз. Нендей қиындық пен азапта да Тәңірі жаратқанға ғана арқа сүйеген, сабырынан айырылмайтын Сабыт  халық даналығының символындай. Сонымен бірге оны көп қазақтан  ерекшелейтін – өнері. Ата балаға мұра етіп қалдырар өнер, қасиетті өнері. 
Романда өнердің  нұрлы кеңістігі бар, тазалық бар. Хас өнердің бір аты – тазалық, мүмкін, содан.  Хас домбырашы,  хас қазақ, әңгімесіне қарағанда, Тәттімбет мектебін көрген  Сабыттың  немересі Әжігерейді саналы түрде өз өнерінің мұрагері етіп  тәрбие­леу тәлім-тәжірибесі  ұлттық тәлім-тәрбие мектебімен үндес жатыр. Ықылас, Сүгірлердің, Әйкен домбырашының  өнері кейінге қалай жеткені туралы ауызекі әңгімелерден естігеніміз бар, ал шамалап байқағанда, Сабыт ақсақал Сүгірлермен замандас  деуге боларлықтай. 
Сабыт ақсақал – жинақтық бейне. Мақсатты тірлік кешкен тұлға. Өнер алдындағы орасан жауапкершілікті, өнерді кие тұтқан.  Оның таутұлғалана түсері осыдан. Ол – домбыра, қобыз, халық өнері  атаулы этнография ғана болып, экзотика  болып, «қадірі кеткен» кеңестік идеология тұсында, бұлақ көзіндей болған мықтылардың типтік бейнесі. Осы ретте Асқар Сүлейменовтің: «Самое жуткое, что совершила культурная революция, в советско-китайском варианте, это то, что  искусство – как ширпотреб стало объектом продовольственного магазина» деген пікірі еске түседі.  Ал кейіпкерін типтік бейне деңгейіне көтеру – жазушы шеберлігінің бір көрсеткіші. 
Өнер жолы – азапты жол деп жатады, бұған келісу қиын. Өнер азаптан тумайды, өнер құштарлықтан, тазалықтан туады. Ал азап дегенде, шамасы, өнердің адамды өзіне  біржола берілуді «талап етері», басыбүтін  қызмет еткізу құдіреті айтылар болса керек.  Романның өмірлік-оқиғалық желісі  Әжігерей, оның   балалық шағын баяндау арқылы өрбіп отырады. Жалғыз бала, апасының қатыгездігінен де қамкөңіл баланың жұбанышын домбырадан табуы, көңіл күйді домбырамен толғауы, кейін өсе келе, тоқи келе шеберлік қырларына үңіле бастауы (Сәруар мен атасының, Ғазиз бен атасының айырмашылығын тануы, Шерімнің әнін өзінше талдауы т.б.),  алғашқы сезімі, қысқасы, бала, бозбала болып ер жеткенге дейінгі  рухани тәжірибесі көркем баяндалатын «Талтүс» бүгінгі қазақ әдебиетінде онша көп ашылмаған, өте мәйекті тақырыпты арқау еткен және үдесінен шыққан. Ұлттық өнердің сандығын ашып, «біздерде мынадай болған» деп, әр түрін әр қырынан жеріне жеткізе көркем бейнелеуімен де бағалы, толыққанды.
***
Бір есептен шығармадағы Әжігерейдің прототипі – өзі дәулескер домбырашы, қазақ әні мен күйінің білгірі,   дәстүрлі өнер тәжірибесі мен теориясын тел алып жүрген өнер иесі Т.Әсемқұловтың шығармашылығының үлкен бір саласы – өнертанушылық зерттеулері. Бұл зерттеулері дәстүрлі өнер, қазақ ән-күйінің  көмескілене бастаған ұғым-танымдарын жарқырата өмірге оралтады, оқырман-тыңдарманын ұлттық қағыс, ырғақ, бояу-реңктерге  оралтады. Бұл  тұста жалпы Таласбектің жадында сақтай білу феномені ерекше болғанын айту керек. Ол жазба әдебиеттің көрнекті өкілі бола тұра қазақтың ауызекі әңгіме дәстүрін қатты ұстанғаны, құймақұлақтығы шығармашылығында үлкен нәтиже берді. Байжұма күйлерін бүгінге жеткізген, байырғы музыкалық терминологияны жаңғыртқан оның бұл саладағы орасан еңбегі дәстүрлі өнердің зерттеушісі ғана емес, тікелей мұрагері-жалғасы болуымен де қымбат. 
Жалпы, Таласбек өмір-тіршілікті тым жақсы білген, өмірлік те, өнерлік те білімі мен тәжірибесі мол жазушы болғандықтан да  шығармаларының барлығында дерлік оқырмандары үшін  бейтаныс кеңістіктер ашылады.  Бұл кеңістіктер, әсіресе тарих, этнография, мифология салаларындағы еңбектерінде  ауқымдана түседі. Оны өз ұлтының тағдырын әлемдік өркениетпен бір аяда қарастыра отырып, ұлттық бейресми тарихымыздағы көптеген ақтаңдақтарды ашқан, баламалы нұсқалар ұсынған  үлкен тарихшы деуге болады. Жазушының көркем шығармаларын былай қойғанда, әлемдік өркениеттер туралы эсселері;  әлемдік тарихтан жазған – Мысыр пирамидалары, Тамплиерлер туралы, Бабылдың күйреуі туралы, Сион пайғамбарларының протоколдары; Томирис – Тұмар падиша туралы,  сақтар мен парсылар, қаңлылар тарихы туралы;  Қондыгер, Кет-Бұға, Шыңғыс хан туралы, сондай-ақ қазақ бастан кешкен небір нәубеттердің – ашаршылық пен соғыстардың түп тарихы туралы, тағы да басқа көптеген  мақала, зерттеу, эсселері жалпы қазақ  тарихында алғаш рет соны қырынан қозғалып, жазылған тақырыптар.  Жазушының прозасында,  көркем эсселерінде  кейінгі қазақ тарихы – Абылай хан, Құнанбай, Абай, Біржан, Тәттімбет, Сүгір, Байжігіт тағы да басқа көптеген өнерпаздар тұлғаланып шықты.
Т.Әсемқұловтың сценарийлері негізінде режиссер Д.Жолжақсынов түсірген «Біржан сал» қазақтың өзін өзімен табыстырған, ұмыт болып бара жатқан жадын оятып, халық ретіндегі мәртебе мақтанышын танытатын, ал  «Құнанбай» ұлттық  тарихтағы тұлғаның орны мен рөлін жаңаша зерделеген көркем фильм болып, ұлттық киномызға олжа салды  (Таласбек:  «Тұмар падиша» сценарийі бойынша голливудтық «Александр», «Гладиатор»  сияқты  фильм түсірілсе, шіркін!..» – деп армандайтын). 
*  *  *
Қай тақырыпта, қай салада жазса да тізгін бермес тұлпардай жүйткіген Таласбектің жазуындағы тағы бір ерекшелігі – айтар ойын балаға да, данаға да түсінікті қарпайым тілмен жеткізетінінде. Нұрлы білімімен қатар заманға сай ойшылдығында, бүгінгі заманның мәдени-рухани ахуалын зерделей,  конструкциялай білетін жаңашылдығында, яғни  жаңа мағыналар тудыра алғандығында.  Сондықтан да оның  жазғандары – ыждағатпен оқыған жанға пайдалы білім көзі.
Сергек жанды суреткер үшін өмірдің барлық сәті қымбат, барлық құбылысы ардақты болды. Кез келген құбылыстың мәнін айыра білетін ол  өмірді, адамдарды сүйді. Сондықтан да  адамның қадірін, жақсының қадірін, ұстаздың қадірін, ағаның қадірін, достың қадірін, жардың және перзенттің қадірін білді.  Кім-кіммен де  өз білім, парасат-пайымына сай сөйлесіп, пікірлескен Т.Әсемқұловтың сұхбаттары да ойға дертіп тұрады. Туған халқының жақсысына сүйініп, жаманына күйініп, мүмкін кейде ащылау да айтқан, жазған  тұстары бар, бірақ  бұл өмірдегі  және өнердегі биік өлшемдерге деген адалдығынан туындады. 
Жалпы, шығармашылығында  ғылыми негізділік және еркін сұхбаттастық қатар өріліп отыратын  Таласбектің  жаны жақсыға сергек болды, талантты  тез танып, рухани қолдау көрсетуге келгенде алдына жан салмады. Оның Мейірханмен (Ақдәулетұлы) бірігіп сонау Маңғыстауда бір өзі бір институт болып өз бетінше жұмыс жасап, қазақ мифологиясын мүлдем жаңа сапалық биікке көтерген Серікбол Қондыбайды танып, оған билік тарапынан көмек  көрсетілуіне қозғау салуы;  өз тарапынан да рухани қолдау көрсетуі – осының бір анық көрінісі. Ол мына заманда білімді, білікті жандарды туысындай көрді, талантты жастарды қатты қолдады, олар туралы қуанып жазды. Менменшілдікті, көлгірлік пен жалған көшбасшылықты,  қалың оқырманға арзан алданыш – қызыл сөзді сапырған өтірік білімсінуді суқаны сүймеді…  
Таласбектің  өзі «ұлы ұстазым» деп таныған, қазақ руханиятының көрнекті тұлғасы, асқан білімдарлығы, терең парасаты, ұлтжандылығымен  халқына қалтқысыз қызмет етіп өткен Асқар Сүлейменов туралы кезінде  «Алматы ақшамы» газетінің бірнеше санында жарияланып, оқырмандардың үлкен резонансын тудырған «Кемеңгер өмірінен бір үзік сыр» атты төрт эссесінде  – өнерде, өнермен өмір кешу салты, таным-талғам, дәстүр және жаңашылдық, этика мен эстетика жазықтықтарында ой толғайды. Бұл – асқартанудың  ерекше бір үлгісі және жалпы қазақ әдебиетінде тап мұндай формада жазылған эссе,  осынша демократиялық та элитарлық деңгейде талданған суреткер болмаған шығар. Сонымен қатар бұл аса көркем эсселер – Таласбектің ұстазына деген ерекше сағыныш-ілтипаты ғана емес, өзінің кейінгі ұрпаққа айтып кеткен өсиеті де сияқты сезіледі.  
Осы эссесінде Таласбек: «…Асқар Сүлейменовтің жазба мұрасынан, ауызша айт­қандарынан сіз ешқашан да радикалдық, диссиденттік ой-пікір ұшырастыра алмайсыз. Оның жалғыз ғана елеусіз қаруы – өнер туралы, жалпы мәдениет туралы бейтарап, бейбіт пікірі еді. Бірақ бұл мәселенің сырт көрінісі ғана еді. Ойлы, ақылды пікір адамның ішкі дүниесін жаңғыртады, атадан балаға мұра болып ауысқан жалған идеалдардан, жасанды құндылықтардан арылтады. Ал ұрпақ рухани құлдықтан құтылғанда, саяси күрестің керегі де болмай қалады. Сіз мақсатыңызға жеттіңіз. Баяғы аталарымыздай алмас қылышпен емес, сертке берік қалам және ала қағазбен…» дейді.  Бұл тұжырымдар оның өзінің шығармашылығына да бек қатысты. Өз  ғұмырында көп нәрсе тындырған, атап айтарлығы – ХХІ ғасыр басында жас буынның бейресми көшбасшысы болған әмбебап суреткер 
Т.Әсемқұлов  ендігі жерде  «адамзаттың рухани байлығын еселеп өсіретін нұрлы тұлғалардың қатарында» тұр. Оның мол рухани мұрасын «ұлтым» деген ақжолтай жас ұрпақ оқып-зерттеп, сусындай береріне күмән жоқ. 
Әлия БӨПЕЖАНОВА
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір