Жүргенов академиясы үздік шықты
02.09.2025
307
0

Жақында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бастамасымен және Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұйымдастыруымен ІІІ Халықаралық «ТҮРКІ ДҮНИЕСІ» студенттік театрлар фестивалі болып өтті. Мұнда Әзербайжан, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Өзбек­стан, Түркия және Түрікменстаннан келген студенттік театрлар өнер көрсетті.

Айта кететін жайт, биыл үшінші мәрте өткізіліп отырған бұл студенттік фестиваль осыған дейін Өзбекстанның астанасы Ташкент шаһарында және Әзербайжанның Баку қаласында сәтті өткен болатын.
Еларалық бірлескен жобаның ашылуында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Арман Жүдебаев фестиваль қонақтары мен қатысушыларына «Қазақ еліне қош келдіңіздер!» дей отырып, өнер бәйгесіне сәттілік тіледі. Осыдан кейін, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев сөз алып, аталмыш шараның түбі бір түркітілдес халықтардың мәдениеті мен өнерін дамытуда аса маңызды құралы екенін атап өтті.
Түркітілдес халықтар арасындағы мәдени байланыстарды нығайту, студенттік театр шығармашылығын дамыту және кәсіби диалог алаңын құруға бағытталған бұл фестиваль өзінің діттеген мақсатына жетіп, жоғары деңгейді өтті. Өнер мерекесі аясында Түркі әлемі елдері студенттері жасаған спектакльдердің көрсетілімдері, шетелдік және отандық театр өнерінің жетекші қайраткерлерінің шеберлік сыныптары, тәжірибе алмасуға және қатысушылардың таланттарын көрсетуге мүмкіндік беретін шығармашылық кездесулер мен талқылаулар, жаңа пьесалардың оқылымы, көркемөнер көрмелері ұйымдастырылды. Сонымен қатар осы күндері ТҮРКСОЙ-ге мүше елдердің шығармашылық жоғары оқу орындары қауымдастығының кезекті отырысы өткізіліп, өзара ынтымақтастық меморандумдарына қол қойылды.
Үш күнге созылған фестиваль қызықты әрі тартысты өтті. Сан алуан жанрдағы қойылымдар, шеберлік сыныптары қатысушылар мен көрермендерді ыстық әсерге бөледі.
Сонымен, фестивальдың қазылар алқасының шешімімен Бас жүлде – «Үздік спектакль» аталымы – Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «ҚОБЫЛАНДЫ» спектакліне берілді (курс жетекшілері – Қазақстанның халық артисі Дулыға Ақмолда, Дина Жұмабай). «Үздік актерлік ансамбль» аталымы – Өзбекстанның мемелкеттік мәдениет және өнер институтының «ХАЛАЛА» спектакліне бұйырды (курс жетекшілері – Надира Махмудова, Собиров Джамшид). «Үздік пластикалық бейне жасағаны үшін» аталымы – Б.Бейшеналиева атындағы Қырғыз ұлттық мәдениет және өнер университетінің «Кашаба» спектакліне (курс жетекшілері – Қырғыз Республикасының халық артисі Мурат Мамбетов, оқытушы – Жанылай Исакова) берілді. «Үздік ер адам рөлі» аталымында – Әзербайжан мемлекеттік мәдениет және өнер университеті «Дуалы түнгі думан» спектаклінде Филострат рөлі үшін Рахиб Аллахгулиев (курс жетекшісі – оқытушы Микайл Микайлов) және «Үздік әйел адам рөлі» аталымында – Түркімен мемлекеттік мәдениет институтының «Ананың әмірі» спектакліндегі «Ана» рөлі үшін Айна Джумаева (курс жетекшісі – оқытушы Аймәммет Ишанкулыев) үздік деп танылды. «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» аталымы – «Манас» қырғыз-түрік университетінің «Қорқыт ата» спектакліне (курс жетекшілері – Гулмира Тыналиева, Адыл Болорбекулы) берілді.
Халықаралық «ТҮРКІ ДҮНИЕСІ» студенттік театрлар фестивалының жалауы келесі – 2026 жылы Түркия мемлекетінің Измир қаласында желбірейді деп жоспарлануда.
Бас жүлде – «Үздік спектакль» аталымын жеңіп алған Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұжымын шын жүректен құттықтаймыз! Бұл жеңіс тағы бір мәрте қазақ театр өнерінің беделін асқақтатып, дүйім түркі дүниесінің алдында биік деңгейін дәлелдеп берді.

Меруерт Жақсылықова,
театртанушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір