Қаламгердің қос еңбегі шықты

Биыл туғанына 85 жыл толған журналист, жазушы, ақын Орысбай Әбділдаұлының «Жамбыл» баспасынан шыққан «Ақ баталар» және «Жырұйық» атты кітаптары – рухани жаңғыру жолында тәуелсіз елдің төрт құбыласы түгел тұруында бүкіл қазақ жұртшылығы нар тәуекелмен жұмылып жатқан ұрымтал тұста ұлттық қайрат-жігер жарқылы жауһар жырлар арқалаған жинақтар. Орысбай Әбділдаұлы – прозалық және поэзиялық шығармалармен бірге қазақы ұлттық дәстүр, жол-жоралғы, салт-саналық үрдістерді жас ұрпақ көкірегіне қонақтату жолында да қомақты үлес қосқан ақын. «Ақ баталар» кітабында әлеуметке ұсынылып отырған қысқа да, нұсқа баталар тұнбасы жоғарыдағы сөзіміздің нақты дәлелі іспетті. Ақ бата шарапаты тие берсін, ағайын!
Ал «Жырұйық» кітабында ұлттық үрдіс, қазақтың қансіңді қасиеттері атойлап тұрған сан түрлі тақырыптарға бойлататын қалам иесінің кезекті жыр жинағы поэзияның парқын түсінетіндерге арналған. Тарлан ақынның өмірден түйген тәжірибесі мол екенін айғақтайтын мәйекті туындылар оқырманды бей-жай қалдырмайды деген ойдамыз.
