Айтматов және БҮРКІТ
22.05.2023
434
0

Хас қаламгер Шыңғыс Төреқұлұлын «Адамзаттың Айтматовы» деп әйгілеген қазақ жазушылары екен. Шығармалары адамзатқа ортақ болып кеткен Шыңғыс Айтматов қазақтың бір туғаны болып өмір сүрді. Алаш жұрты осы күндері Шықаңның 95 деген торқалы жасын атап өтіп жатыр.
Біз газетіміздің №10-11 санында ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы, Қырғыз Республикасының бұрынғы мәдениет министрі, Қырғызстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Сұлтан Раевтың «Ыйык» атты естелік-эссесін жариялаған едік. Эссенің жалғасын оқи отырыңыздар.
Редакция

Шыңғыс Төреқұлұлы (Европадан) жаңа ғана елшілік қызметінен Бішкекке келген кезі…
Бір-екі күн ғана болған шығар…
Кабинеттің есігін ашып, хатшы қызым кіріп келді. Қобалжулы. Демін ішіне жұта алмай сасқалақтап тұр.
– Сұлтан Әкімұлы, Шыңғыс Айт­матов келді… Қабылдау бөлмеде отыр, – деді.
Хатшы қызымның кейпі маған өтті де, орнымнан атып тұрып есікті ашсам, қабылдау бөлмемде Шыңғыс Айтматов отыр екен. Бір жағы ұлы адамның қабылдау бөлмемде күтіп тұрып қалғанынан ыңғайсыздана түстім. Кейін хатшы қызымнан сұрадым:
– Шыңғыс ағайды күттіріп қоймай, кіргізбедің бе? – деп. Сөйтсем Шықаң: «Іште отырған кісіні алаңдатып қоймайын, алдымен сен кіріп айтып шық, қызым», – деген екен.
Шықаңмен жылы ұшырасып кабинетке кірдік. Ұлы жазушы алдымен қал-ахуал сұрасып, қабырғада ілулі тұрған суретін көріп: «Бұл жас кезімдегі суретім ғой», – деді.
– Сыртқы Істер министрлігіне келе жатқан бетім еді. Жолай кіріп-шығайын деп ойладым, – деді Шықаң.
Шықаңның Еуропадан келген кезі болатын. Ара-тұра сырттай көріп жүретінмін.
– Айтпақшы, романыңды («Жанжаза») оқып, аяқтап қалдым. Көптен бері қол босамай жүр еді. Сенен де ұят болды. Жазушының тірлігін білесің ғой, – деген Шықаң шайынан бір ұрт­тап қойды.
Ол кісіге романымның қолжазбасын бергеніме де екі жылдай уақыт өткен. Содан бері еш хабарсыз еді.
– Жақында оқып бітем. Жаман шығарма емес. Жазу үшін, оның өтімділігі үшін финал жақсы болуы керек, – деп бір қойды Шықаң.
Бір қарағанда ол кісі шаршаңқы көрінді. Әлде қызметтен кеткеніне ренжи ме екен деп ойладым. Бірақ анық-қанығын сұрауға дәтім бармады.
2004 жылы осы турасында бір кісіге сұрақ қойғаным бар. Бірақ оған мардымды жауап ала алмағам.
Сол жолы Шықаңның өзімен біраз әңгімелестік. Бір кезде ол:
– Жақсы, елді күткізбейік. Қазір мен министрге кірейін. Қабылдау бөлмеңде күтіп отырған кісі көп сияқты, – деп сыртқа бет алды.
Шықаңның Еуропада жасап жатқан жұмысы көп еді, әлі де біраз игілікті істің басын қайыратыны бесенеден белгілі-тұғын, неге жылы орнынан қозғап, жұмыстан шығарғанын түсіне алмай дал болып жүргем. Шықаңның Еуропадағы беделін көзімізбен де көргенбіз.
Шықаң маған шаршаңқы көрінді. Бәлкім, ол қызметінен кеткеннен кейін де маған солай көрінген болар… Оның айналасы, көңіл күйі, ішкі дүниесі маңдайынан көрініп тұрды. Неге екенін қайдам, Шықаңның шекесі сыз тартып тұрды. Сондықтан ба елшілік қызметі жайлы бірдеңе деуге дәтім бармады.
2004 жылғы сұхбатымызда ол кісіге бір сауал қойдым, кейін ол сұхбат жарық көрді (ел ішін елең еткізген әлгі сұхбатымыз Шықаңның 8 томдық кітабына да енген-ді). Сонда ұлы жазушының жауабы былай болған еді: «Біз дүниенің қай түкпірінде жүрсек те, бәрібір уақыт өте-келе өзіміздің туып-өскен жерімізге ораламыз… «Кіндік қаны тамған жер» деп босқа айтылмаған шығар… Сол кіндік қанымыз тамған жер әрқашан ой-санамда жүреді».
Айтматовтың осы сөзі үнемі ойымда жүретіндіктен, көкейімде көлденең тұрған сұрақты қоя алмадым.
Шықаңмен біз көп сұхбаттастық. Бір кезде ол: «Жарайды, мәдениет министрі, мен барайын. Сыртта мені кісілер күтіп қалған сияқты… оларды енді көп күттірмейін», – деді орнынан тұрып жатып. Соңында Шықаң: «Басқа сөз жоқ па? Бәрін де айтқан сияқтымыз», – деді. «Басқа сөз» дегеннің төркінін екі күннен кейін білдім. Шықаң менен шығып СІМ-ге барғанда ТҮРКСОЙ-ға бас хатшылық жөнінде айтқан екен. Бірақ бұл «сөз» маған тіпті ертеректе жеткен еді.
Шықаңды сыртқа шығарып салдым. Шындығында, әлі қабылдауымда бес-алты кісі күтіп қалыпты. Айтматов бәрімен амандасты. Екеуміз сыртқа беттедік.
Шықаңды Мәдениет министрінің ғимаратынан Чүй даңғылына дейін шығарып салдым. «Машинамен қалаған жеріңізге жеткізіп қояйық», – десек те көнбеді, «Жаяу жүргенді сағанып қалыппын», – деп. Бұл қысқа сөзде қаншалықты ұлы мағына барын кейіннен білдім. Адам туған жердің қасиетін табанымен сезеді емес пе?
Шықаңмен осыншалық арғы-бергіні айтып, әңгіме қызығына беріліп кетіппіз. Айтарым, көптен бері көкірегімде жүрген сұрағым бар еді, соның уақыты енді келгендей…
– Сізден көптен бері бір сұрақтың жауабын естісем деген едім, – дедім.
Шықаң тоқтай қалып: – «Сұра», – деді.
– Газеттен, аннан-мыннан жазғандарды оқисыз ба?
Шықаң бұл сұрағыма езу тартып күліп алды да:
– Оқымасам да таныстарым анда-санда айтып келеді, – деді.
Сөз арнасы осы кездегі Шықаңды жала жауып қаралаған мақалалар жайында өрби бастаған-ды. Кейбір жазушылар, газеттер, «сарыуыз» «балапандар» Шықаңның «Жәмиласынан» бастап, жеке басына дейін сөз етіп, ұлы адамның атына көлеңке түсірудің кербаққан айла-амалы жүріп жатты. «Соларға сөз беріп қоясыз ба, бұл барып тұрған жала ғой!» – дедім де, Шықаңның күрсінгенін естіп, ойланбай қойған сауалым үшін жерге кіріп кете жаздадым. Әттең қара жер жарылып кетпеді. Шықаң маған жалт қарады да, тоқтай қалып, момақан қоңыр пішінде тұрып айтты, ол сөзі қазір де жадымда жаңғырады.
– Сұлтан, айтшы, мен сонау биікте самғап ұшып жүрген бүркіт болсам, бақ-бақ етіп шулап, балшық-саздан басқа ештеңені көрмеген бақаларға бас ауыртсам, олардың деңгейіне түспеймін бе? Шындығында бүркіттің самғап ұшқанын, бақаның бақылдағанын Жаратқан қапысыз біліп тұрады. Шындық кімде екенін… Жаратқан білген. Шындықты… онымен таласуға болмайды, – деді.
Қойған сұрағыма қызарып кеттім. Бірақ Шықаңның бұл жауабы өміріме сабақ болды… Осы жауапты есту үшін де бұл сұрақты қоюым керек пе еді деп кейін ойландым.
Шықаң: «Енді сен қал, мен жолымды жалғастыра берейін», – деп ары қарай жол тартты…
Соңынан қарап тұрдым, оның қарасы көкжиекке сіңгендей бірте-бірте көрінбей бара жатты…
Осы қараңызға бәріміз бүгін зар болып жүрміз, аға-ау! 

Айтматов және сезім

2004 жыл.
Шыңғыс Төреқұлұлымен келісіп, кешкісін Ала-Арчадағы үйіне бармақ болдым. Көптен бері Шықаңмен әдебиет, руханият, саясат, тіл, шығармашылық жөнінде әңгімелесіп жүргенбіз. Бірақ шет жерде елшілік қызметте атқаратын, аз ғана уақытқа келген Шықаңмен кездесіп, сөйлесу де оңай іс емес еді. Құдай жарылқап, таңертең өзі телефон шалып: «Кешкісін келіп кет», – деп сөзін қысқа қайырды. Бұл сөзді естігелі бері маған сол күн, Шықаң жазғандай, «Кылым карытар бир күн» – «Ғасырдан да ұзақ күн» болып кетті. Шыдамсыздана күттім. Түс ауып, кеш батып болмайды. Күннің көзін бағып, барлап-ақ жатырмын. «Екі істен бір іс» дегендей, ұлы адаммен емен-жарқын сұхбаттасудың мүмкіндігі келіп тұрғанын сеземін. Егер кездесе қалсам, мақұл көрсе, бір топ сұрауларыма жауап алсам екен деп те ойлап жүргем. Ол кезде «Азаттық» радио­сында істеп жүрген шағым, егер ол кісі сұхбат бере қалса, радиоға да табылған олжа емес пе. Шықаң да оңды-солды сұхбат бере бермейді. Ол жағы да бар…
Сол күні: «Бүгін Шықаңа барамын, үйге келіп кет» деген еді», – деп айта салмаймын ба менімен бірге істейтін Жарқын Темірбаева әпкеме (Жаны жаннатта болсын, ол әпкей де өткен жылы о дүниелік болып кетті. Ақкөңіл, жаны таза жан еді). «Шықаңа барамын» дегенді қайдан ғана айтып едім. «Мен де сенімен бірге барайыншы», – деп Жарқын әпке кенедей жабыса кетті. Мұндай кезде әпкеге бірдеңе түсіндіру қиын. Ол кісі айтпайды, айтса қоймайды. Ақыры жарайды дедім. Жарқын әпкенің мінезі сондай, ортаға сурылып шығып сұрақ қойды ма, ол сұрағына жауап алмай тыным таппайды. Соны білетін мен оған бір шартпен ғана «жарайды» дедім. «Сұрақты мен қоямын, сіз микрафонды ғана ұстап тұрасыз, үндемейсіз», – дедім. Оған әпке қуана келісті. Қайткенде Шықаңмен кездессем болды дегендей, менің қойған «шартыма» келісе кетті.
Кешкісін Ала-Арчадағы Шықаңның үйінің алдында жолығатын болдық. Кешкі сағат жетіде мен келдім. Уәделескендей. Жарқын әпке әлі жоқ. Біраз күте тұрайын деп, жиырма минуттай күтіп қалдым. Асып-сасып Жарқын әпке де келіп жетті. Жалғыз келмей, қасына кіші қызын да ертіп алыпты, жарықтық әпкей. «Немене.., қызыңызды әкелмей-ақ қоймадыңыз ба?» – деймін. Жарқын әпке жұлып алғандай етіп: «Шыңғыстан қызыма бата алып берейін», – деді де, менің сөзімді айтқызбай қойды.
Үшеуміз Шықаңның үйіне кірдік. Шықаң: «Кел, Сұлтан, қалайсың, мына қарындасымды танымайды екенмін», – деп қалды. Мен таныстырдым. «Жарқын Темірбаева, «Азаттықта» бірге істейміз» дедім. Әпкенің қызына бір қарап алды да: «Бұл періште қыз сенің қызың ба?» – деді Шықаң. «Жоқ, Шыңғыс ағай, бұл менің қызым, сізбен кездесуге бара жатырмын десем, мен де барамын деп еріп алды», – деді Жарқын әпке ыңғайсызданып. Мен әпкеге бір қарап қойдым. Менің көзқарасымнан: «Жыра тартмай адатыңызды баштадыңызбы?» дегенді байқап үлгерген Жарқын әпкем үнсіз қалды. Арадағы ыңғайсыздықты Шықаң: «Бала періште ғой», – деген сөзбен жадыратып, жаймашуақтап жіберді. Бұл сөзді естігенде Жарқын әпке де ашыла түсіп: «Шыңғыс ағай, сізден бата алып берсем, өмір бойы ұмытпай жүрер еді», – деп батылдана сөйлеп шыға келді.
Сөйтіп, түннің бір уағына дейін әңгімелесіп отырдық. Шықаң үйге киетін кең халатпен жүр екен. Менің қойған сұрақтарыма да жауап берді. Айтматовпен біз сонда қазіргі жағдай, жаһандану, әдебиет, рухани байлық, иман, билік, генийлік пен тирандық… туралы сөйлестік. (Кейін ол менің «Сүйүүдөн аалам жаралган, сүйүүнүн өзү түбөлүк» деген тақырыппен Шықаңның 7 томдығына сұхбат ретінде енді).
Ұлы қаламгермен қатар отырып, бірге шай да іштік, дәм де таттық. Сағат 12-ден асып кетті. Жарқын әпке: «Шыңғыс ағай, сізбен суретке түсіп алсақ болады ма?» – деп сұрады. «Суретке халатпен түсуге болмайды ғой, киініп шығайын», – деді Шықаң. Біздің «осылай да болады» дегенімізге қарамай, түпкі бөлмеге кіріп кетті. Мен болсам Жарқын әпкеге сағатты көрсетіп, «уақыт қанша болды? Суретке басқа күні де түсер едіңіз ғой?» деп қалдым. Шықаң кәстөм-шалбар киіп, галстук тағып шықты. Бәріміз суретке түстік. Бір кезде әпкей қызына бата сұрады. Шықаң бата берді. Енді бәрі бітейін деген кезде, баяғы Жарқын әпкем: «Бір сұрақ қойсам бола ма?» – деді. «Қой-қоя бер…» – деді Шықаң.
«Шыңғыс ағай, сіз өміріңізде Бибісарадай ешбір әйелді сүймесеңіз керек!» – деп тосыннан сұрақ қойды. Соны естіген Шықаң үстелге отыра кетті, мен тұрмын көшкен жардай болып, не дерімді білмей.
Ана жақтағы бөлмеде жеңгеміз жатыр.
Шықаң ошарылып отырған қалпы, «Үуһ!..» деп терең күрсініп алды да, «Ол солай…» деп қысқа ғана қайырды.
Шықаңның күрсінісінен жанар таудай болған күшін де, құсасын да, мұңын да, бақытын да, арманын да, қайғысын да, қуанышын да сездім.
Сол сезім менің түпсанама жетіп, әсер еткендей болды, өйткені лишь память, нас вернёт туда, где мы любили, тех людей, кого забрали небеса…(тек жадымыз ғана бізді аспан әлеміне аттанып кеткен жарқын жандармен қауыштырады).
Бұл күрсініс құлағымнан өмір бойы кетпей жүретін шығар…
Себебі ол адамзаттық ұлы сезімнің күрсінісі еді. 

Сұлтан Раев

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір