ТІЛІМ ҚЫШЫП БАРАДЫ…
03.06.2016
3198
0

КарикатураТасқараңғыда Қожанәсірдің үйіне ұрылар түсіпті. Бір бұрыштан тұрып алған Қожекең бағалы деген заттарын тасып әкетуге өзі көмектесіп жүр дейді. Ұрылар: «Кімсің өзің? Мұның не?» десе: алатындарыңды тезірек алып, жарық түсіп кетпей тез кетсін деп «көмектесіп» жатқаным ғой, – деп ұрыларға «жанашырлық» танытыпты. Сол айтқандайын, жиынды тезірек бітіруге біз де қолғабысымызды тигізіп, сөзімізді қысқа қайырайық.


Еркін ЖАППАСҰЛЫ

Әдетте, «күлкі – адам өмірін ұзар­тады» деп жатады. Сол «адам өмірін ұзар­татындар» не тындырып жатыр екен? Сатира ақсақалы Үмбетбай Уайдин ағамыз «Әдеп әлемі және журналис­тика» деген кітабын алдыма әкеп тастады. Үмбетбай аға жүрген жерде инабат иі­рімдері қоса игерілетінін ұмытпауға тиіс­тіміз. Автор «Жоғалған мұрын» деген әңгімесінде тө­бе­лесіп, мұрыннан айы­рылған бейбақты былайша сөзге тар­тады.

– «Содан «сенің мына кавказ мұры­ның нағашыларыңа тартпаған, біздің жақ­та мұн­дай мұрын бұрын-соңды бол­ма­ған. Мен мұны ықшамдап әкеле­мін» деп алып кеткен, содан жоқ…».

– «Жаман айтпай жақсы жоқ», мұрын жөн­деу жұмысы кезінде қайтыс болып кетсе, қалай болады?».

– «Сотқа берем, ш-шең!».

Кейіпкерді қай өңірден, кім екенін таныстырып жатудың қа­жеті жоқ. Те­гін күлкі сыйлап, бір «жасатып» тастайды. «Әл­жуаз» сықағында немере­сіне «боксер қызға жолама» деп ақыл айтса, «Тұ­тық­пасын» оқып, күлкіден тұтығып қа­ла­сың.

Келесі кітап – белгілі фельетоншы Ке­мелбек Шаматайдың «Жүз бір жү­гер­мегі». Алғашқы бетін ашқаннан-ақ екі езуіңіз екі құлағыңызға жүгіре жө­не­леді. Әрі жүгермектері де әр түрлі әкелерден «пайда болғандай» бір-бір­леріне ұқса­майды. Формалары да әр басқа. Ретіне қарай автор кейіпкерлерін өлеңмен де, про­замен де түйреп тастай береді. «СЖФ-дағы триосында» ішіп-жеуге әб­ден құныққандарды былайша сілейтіп са­лады:

« – Сұрасаң, менің жөнім – Айтжанова,

– Сізге сай деп мені ешкім айтпады ма?

– Екеуің – Денисова, Айтжанова,

Бухпын ғой мен де кірдім сайттарыңа!

– Түгенде түсетұғын пайданы да,

– Есіңнен шығарма тек айланы да!

– «Бух, ал тұр!» Абкеева мен боламын,

Трио боп тұрайын қай жағыңа?» –

деген ым-жымы бір үшеудің енді қа­йыр­­масын тыңдап көріңіз:

«Бір табыстан кемірген,

Арам аспен семірген.

Кәне, кім бар озатын

Біз сияқты жебірден?!», –

деп «шалқалайды».

Ұсталғаннан кейінгі, қолдарына кісен түскеннен кейінгі әндері, әрине, өзгеше «шырқалатыны» даусыз.

Енді «Мұрындары бет болған» 101-ші жүгермегіне назар ауда­райық. Кейіп­керлердің екеуі де ше­неунік. Бірі – Атырау облысы, Жы­лыой аудандық Ішкі істер де­партаменті бастығының бірінші орынбасары, подполковник болса, екіншісі сол бастықтың  қызмет­тік іс жөніндегі капитан шенді орынбасары. Екеуі ымдасып, жымдасып кет­кендері сондай, олардың қанша қыл­ғытқан­дарын тексерушілердің өз­дері де анықтай алмайды. « – Әй, әттең-ай, ә…» деп өкінеді автор. Осындай 101 қыл­мыс­керді қолымен ұстап, қор­жы­ны­мызға әкеліп салып берген Кемелбек Шама­тайға біз де 101 алғыс жолдадық.

Тұрлыхан Кәрім «Тілімнің тікені бар» дейді. «Көршінің көк трикосы», «Се­риалдан соңғы «соғыс», «Шал өлген­ше шыдай тұр», тағы басқа да төлтума­лары сәтті қию­ласқан. Сериалдан  соңғы «соғы­сына» құлақ түрелік.

«Сериал тура басталар кезде күйеуің кердеңдей «Камриіне» мініп қай жаққа кетеді осы?» …Менің  мисыз басыма енді жетті. Мен аузымды аңқайтып сериал «тамашалап» отырғанда ол келіншектер­мен өз «сериалын» жасап жатады екен ғой…

Түркі ағайындардың кинолары да бітер, шыдаңыздар,  ағайындар!  Тұрлы­хан Кәрімнің Қатыргүл, Асубай, Сәтіш сынды кейіпкерлері де тыныш жүр­мейді. Олардың «не бүлдіріп»  жүрген­де­рін оқысаңыз білесіз.

Күнделікті баспасөзге көз жүгірт­сеңіз, Алматыдағы Мыңбай Рәш, Ғаб­бас Қабышұлы, Үмбетбай Уайдин ағалар бастаған, Доқтырхан Тұрлыбек, Толымбек Әлімбек, Еркін Жаппасұлы, Ермахан Шайхы қостаған сықақшылар күлкі ауылын кезіп жүр. Тыңдарман­дары да, оқырмандары да баршылық. Әсіресе, Мыңбай ағаның баспасөздерде жа­рия­­лан­ған фельетондары мен халы­­қ­а­ралық саяси памфлеттері күлкі сүйер қауымды қайталап оқуға ын­тық­тыру­да.

Ал оңтүстіктегі Мұхтар Шерімнің күлкі майданындағы «соққысы» қатты. Ол кейіпкерлерін бірден «ногдауын» түсіреді. Әрі қай кейіпкерін болса да дәл уақытында, тура талмауры жерінен со­ғады. Айтбай Тәсіл де өзекті мәселе­лер­ге бет бұрған. Қа­шан да қаламы қолында, найза, семсері жанында.

Тыныш жатпайтындардың қата­рында қызылордалық Елтай Нұрмахан мен Орынбасар Әлжік те, астаналық Кө­пен мен Берік Садыр да бар. Шы­ғыс­тағы Аймұхамбет Бейсенбек пен  Құрман Малдыбаевтың күлкісі тым ащы. Ай­мұхамбет Бейсенбектің  өткен­дегі «Жері» жеті мың сатира жауынгерін бірден кө­терді.

Көпен де соңғы жылдары «Көрмейін десем, көзім бар», «Батпанқұйрық», «Сөй­ле десең, сөйлейін», «Шәмшінің ән­дері мен әзілдері» атты кітаптарын шы­ғарып, таратумен бірге  Ақтөбеде бас­тап, 2002 жылдан бері «тұралап» қал­ған «Ақтөбе айтқыштары» әзіл-сықақ театрын қайта «тірілтті». Облыс әкімі Бер­ді­бек Сапарбаевтың қолдауымен «басын көтерген» Ақтөбедегі жетінші фестивалге биыл республика бойынша 14 әзіл-сықақ театры қатыспақ.

Қазір газет-журналдардың әзіл-сы­қақ беттерінен кейінгі сатираның ең үлкен «соғыс» майданы – республи­ка­лық «Айқын» газетінің қолтығын­дағы «Ара» – сегіз беттік қосымшасы. Кезін­дегі «Ара – Шмель» болған «Араны» қай­сыбір зерттеушісымақтар «үш өліп, үш тірілген» деп жүр. Олары – рас. Алғашқы «Ара – Шмель» қызметкерлері келе жатыр дегенде сол кездегі қы­лышынан қан сорғалаған облыстық партия комитетінің хатшылары, об­лыс­тық атқару комитетінің төрағалары дүр сілкініп, министр атаулыларыңыз да қатты қозғалақтайтын. Өйткені, «Араға» кейіпкер болдыңыз дегеніңіз – жылы орын, биік мансаптан айрыл­дыңыз деген сөз еді ғой. Оспанхан Әубәкіров мар­құм «Ара», «Араның» шаққан жері жара» дегенді соған сүйе­ніп айтқан. Ол «Ара» Кеңес одағымен бірге келмеске кеткен.

Екінші «Ара» журналы жоғарыдағы шенеуніктермен сұхбат жүргізіп, қал­талылар мен бизнестегілерді эпиграммалар арқылы марапаттап, мал табатын, күнкөрістің қамын күйттеген бал арасы болды. Ал қазіргі «Айқын» га­зе­­тінің қолтығына тығылған «Араның» сұр­қы да, сиқы да бөлек. Бұл «Ара» «Жаз өмі­рін, мәз өмірін қысқартып», басынан бағы тайғандарды жата қап тепкілейтін, яғни «жы­ғылған үстіне жұдырық» жұм­сағыш «Ара». Теңгені вагонымен, доллар, евроларды машина, банктарымен қоса жеп-жеп алып, сақалын си­па­тқан­дарды тамсана, таңдай қаға «жарнала­ғыш» «Ара». Бұл «Араны» қай­сыбір «біл­гіш­тер» Нұр-Отанның кіндігінен та­раған екен деп жүр.

Күлкі әлеміндегі тағы бір дүбірлі той – сексеннің сеңгіріндегі сықақ­шылар Ғаб­бас Қабышұлы мен Үмбетбай Уай­дин­нің кітаптарының түркі ағ­айын­дар­дың тілінде жарық көріп, түркі дүниесі оқырмандарының кө­зайы­мына айналуы. Ағайындардың шы­ғар­машылы­ғыңыз бен кітапта­рыңызға қоса тапсырар медаль мен ордендері де, тіпті, кісі қы­зығарлықтай.

Осы тұста «Қырық құраумен» қолға түскен «Мерей» баспасынан жарық көр­ген  Ғадылбек Темірғалиұлының «Мұ­рын мен көзілдірік» айтысы сахнаға сұранып тұрғанын байқап қалдық.

Мұрын:

– Ой, жамағат, ерек бір ғажап болды,

Қос әйнегің келгелі аз-ақ болды.

Жалт-жұлт етіп үстіме мініп алып,

Кеңірсікті қысқартып қажап болды, –

десе, Көзілдірік:

– Мұреке, маған мінді артасың ғой,

Пыш-пыш етіп қиялға батасың ғой.

Қос жанарды қорғауға келген едім,

Көпшік болып астымда жатасың ғой, –

дейді. Мінеки, сатираға тағы бір ақын кел­ді. Күле жүріп, қуануды да ұмыт­пайық, ағайын!..

Жалпы, сатира ау­ы­лын­­­дағылар тыныш жат­қан жоқ. Бұл күндері сықақ­шы­лар «сен тимесең, мен тимен, бады­раң көз» деп отыра бермейді. Сол «бадыраң көздерді» өздері іздеп барып, сөз-сем­серлері­мен, найза-қалам­да­рымен сай­қы­мазақ етіп, күлкі көрігін қыздыруға дайын жүреді!

Өйткені сықақшыларымыздың да тіл­дері «қышып» жүр ғой…

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір