АНАЛОГ ПА, ӘЛДЕ АНАЛЫҚ ПА?
16.04.2023
364
0

 Жақында бір ақсақал бас шаһарда тұратын ұлына барып қайтуды ұйғарыпты. Көп ұзамай артынып-тартынып қаладағы ұлының үйіне де жетеді. Үйге кіре сала алдынан шыққан немересі:
– Ата, мен супермін, супермін, – дейді.
Ақсақал:
– Балапаным олай айтуға болмайды. Су перісі несі? Су перісі Сүлеймен деген деп айтып үлгергенше екінші немересі:
– Ата мен де супермін, – демесі бар ма?
Ақсақал ұлына қарап:
– Мына кішкентайларға келін екеуіңнің үйреткендерің бе? Балаға көп көңіл бөлу керек, су перісі – Сүлейменге тіл тигізуге болмайды деп кейіген сыңай танытты.
Ақсақалдың ұлы:
– Ой әке, келініңіз күнімен Супер Маркетте. Ал мен болсам, Супервайзер болып істеймін. Таңның атысы, күннің батысы жұмыстамыз деп сөзін қысқа қайырды.
Мұны естіген ақсақал:
– О тоба! Барлықтарың су перісі болып кеткенсіңдер ме? Басқа жұмыс түрін тап­пағандай, – деп налыды.
Есіктен енді кірген әкесіне ес жиғызбастан ұлы:
– Әке, балаларды балабақшаға апарып, әрі қарай жұмысқа кетемін. Біз келгенше үйде теледидар көріп отыра беріңіз. «Суперменге қарсы Бэтмен» деген кино болып жатыр. Күшті кино.
Ақсақал:
– Не дейді? Су перісі – Сүлейменге қарсы шыққан, бетімен кеткен пәле туралы болса, ондай киноңды көрмей-ақ қояйын.
Ұлы:
– Бетімен кеткен емес, «Бэтмен» деген кино кейіпкері.
Ақсақал:
– Ондай киноңа рақмет! Мені мал базарына қалдырып кетші. Қала мен ауыл арасындағы малдың құнын салыстырып көрейін.
Ұлы :
– Жақсы әке, – деп екі кішкентайды жолдан балабақшаға қалдырып, әкесін қала шетіндегі мал базарына алып келді. Қарақұрым халық. Алушы да, сатушы да көп.
Ақсақал құс сататын қатарға келді. Ала шапанды ағайынның өкілі болуы керек, үлкен «қораз» сатып тұр. Қораз алыңыздар, қораз алыңыздар! Бұл қораздың аналогы ешқайда жоқ, – дейді айқайлап.
Мұны естіген ақсақал:
– Қалай аналығы жоқ. Бұның аналығы біздің ауылда толып жүр. Мен-ақ әкеліп берейін, – деп өзінің қырық тауығы жайлы айтты.
Әлгі саудагер:
– Ата қайдағы ауылды айтасыз, бұл қораздың аналогы дүниежүзінде жоқ, – деп, ары қарай саудадағы насихатын жалғастырды.
Ақсақал келесі қатарға келсе, бір бұқа тұр, сатушы да қазақ тіліне шорқақ екен.
– Бұқа алыңыздар, бұқа алыңыздар! Бұл бұқаның «аналогы» ешқай жерде жоқ, – деп ол да қақсай жөнелді. Ақсақал шыдамай:
– Әй, қарағым бұл бұқаның аналығы біздің ауылда табын-табын болып жүр, – деп осымен тұқымдас ауылындағы сиырларды меңзеді. Менің үйімде 10 аналық бар.
Саудагер:
– Мүмкін емес, – деді де ары қарай айқайын жалғастырды.
Қолын бір сілтеген ақсақал әрірек жылжыды.
Үймелеген жұрт. Жақындап келсе, қошқар екен. Сатушысы қошқардан да жуан, семіз екен.
Саудагер:
– Қошқар сатамын алыңыздар, алыңыздар ешқай жерде аналогы жоқ.
Жан дауысымен үздіксіз жар салуда. Қошқар алыңыздар, дүниежүзінде аналогы жоқ деген сөзін жүз қайталап тотықұстай тоқтамай сайрайды.
Ақсақал:
– Әй балам! Басқа жерді білмеймін, біздің ауылда дәл осы қошқардың аналығының саны мыңдап есептеледі, – дейді кейістік танытып.
Саудагер:
– Мүмкін емес. Бұл қошқардың аналогы сіздің ауыл түгілі дүниежүзінде кездеспейді, – деді де, қайталап дүр дауысымен дүниені дүрліктірді.
Ақсақал басын бір шайқап, әрі қарай жылжыды.
Тағы да құжынаған халық.
Сатылымда жирен айғыр екен.
Қасында өз тілінен өзге тілге басымдық бере сөйлеген бір дүбәра айғырды жарнамалауда.
– Айғыр сатамын, айғыр алыңдар! Аналогы ешқай жерде жоқ.
Ақсақал көз тоқтатып қараса, жаңағы жирен айғырдың бір үйірді басқаратын өзінің күрең айғырынан асып-тасып бара жатқан түгі жоқ екен.
Ақсақал тамағын бір кенеп:
– Балам-ау! Бұл айғырдың аналығы біздің ауылда үйір-үйірімен толып жүр. Ауылға кел, екі-үшеуін тегін берейін, – деді. Саңқылдаған саудагер ақсақалдың сөзін естімеді де.
Бәрінен көңілі қалған ақсақал базардың шыға берісіне қарай беттеді.
Ондағы ойы қаланың басқа жерлерін жаяу аралау. Әудем жерде іші автокөлікке толған бір ғимаратқа көзі түсті. Көліктер көз жауын алады.
Ал ғимарат маңдайшасында шет тілде жазу тұр. Есігінің алдында ғимаратқа келу­шілерге жөн сілтеуші бір қыз тұр.
Ақсақал жақын келіп:
– Қызым, маңдайшадағы жазуды оқып берші, – деп өтінді.
Қыз іркілместен:
– AMG (А- ЕМ- ЖИ), – дей салғаны.
Құлағының аздап кемістігі бар ақсақал дұрыс естімей қалдым ба деп күмәндәніп қайта сұрады.
Қыз:
–Ата, AMG. (А- ЕМ- ЖИ), – деді тағы да қайталап.
Ақсақал:
– Тәйт әрі, ұяттан безгендер, – деді де ширақ қимылдап ары қарай жылжыды. Көп ұзамай тағы бір жылтыраған ғимарат кездесті. Бұл ғимараттың маңдайшасына шоқша сақалды шалдың суреті бейнеленіп, ілінген екен. Бейне суреттің астында тағы да шет тілдегі үш әріпті жазу жазылған.
Ақсақал мынау бір қарияларға құрмет көрсететін орын шығар деген үмітпен ғимаратқа жақындады. Тура жаңағыдай есік алдында жөн сілтеуші бір қыз тұр. Таяу келген ақсақал қызға:
– Бұл жер қандай қызмет көрсетеді?
Қыз:
– Біздің компанияда өте дәмді тағамдар жасалады. Кіріп, тамақтаныңыз.
Ақсақал:
– Тамақтың аты қандай?
Қыз:
– KFC (Ки-Ви-Си), – деді бөгелместен.
Ақсақал:
– Сұмдық-ай! Ки дегенің мен Би дегенің жөн дейік. Енді соңғы Си аталатын буын сөзің буынсыз жерден пышақ салғандай, анайылау екен деп қызға ренішін білдірді. Қыз ақсақалдың сөзін құлағына да қыстырмады.
Ақсақал:
«Мына базардағылар малдың аналықтарының бәрін ертерек құртқан ғой. Енді аталықтарын сатып жатыр. Аналықты құртқан соң мал басы қалай өссін. Бәсе, теледидардан мал саны азайып барады деп дабыл қағатындары бекер емес екен. Дереу ауылға барып, төрт-түліктің аналығын қалаға жеткізіңдер деп азаматтарға айтайын деп», – күбірлеп бара жатты.
Бұл жазылған әзілдің де аналогы (аналог-ұқсас, тәріздес) дүниежүзінде кездесе қоймас, оқырман қауым.

Самат СЛЯМҒАЗИН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір