АБАЙДЫҢ КӨШІРМЕ ҚОЛЖАЗБАЛАРЫ
01.08.2025
157
0

     

С. Айтбаев, Абай. 1994

Абайдың әдеби мұрасын зерт­теу бағытында шығарма текстологиясының ғылыми-дерекнамалық негіздері өзектілігін жойған жоқ. Абай өлеңдерінің сақталу, жиналу, баспа жүзін көру үдерісінде көшірме қолжазбалар мәтіндік тұғыр болды.

       Нақтылы бір мәнде ақынның өз қолымен жазғаны сақталмағандықтан (қилы саяси қысталаңда қасақана жойылу ықтималдығы да бар. – Қ.М.), көшірме өлең нұсқалары жазылу мерзіміне, мәтіндік тұрғыдан мейлінше бастапқы қалпында сақталуы (яғни Абайдың көзі тірісінде хатқа түсуі. – Қ.М.) бойынша түпнұсқалық мән басымдылығында қабылданып келеді. Ұзақ жылдар бойы кезінде Абайдың өзі өлеңдерін көшіріп отыруды қалап тапсырған Мүрсейіт Бікіұлының 5 қолжазба дәптерінің Мұхтар Әуезов түпнұсқа ретінде бағалаған 1905 (1906), 1907, 1910 жылғы көшірмелері ғылыми айналымда болды.
      Ке­йінгі кезеңдегі Абай шығармаларының әр жылдағы басылымдарын, Абай өлеңдерінің ақынның өзі қатысып отырып әзірлеуі ықтимал көшірме нұсқаларын сая­си қыспақтан арылған уақыт­тың таным кеңістігіне сай арнайы шығару бағытында ауқымды мәтінтанымдық зерт­теулер жүргізіліп, бұл абайтану тарихында кенжелеп келе жатқан текстологиялық зерт­теулер бойынша жаңа бағыт түзуге мүмкіндік берді. Осы рет­те Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты шығарған көптомдық толық академиялық шығармалар жинағы («Жазушы» баспасы, 2020, 1, 2, 3-том) мен ҚР МОМ ұжымы әзірлеген екі том еңбектің нәтижесін атап айтуға болады.
      Көптомдықта Абай өлеңдерінің Мүрсейіт көшірмелерінің 1907 жылғы нұсқасы мен 1909 жылғы тұңғыш жинағы алғаш рет толық нұсқасында қазіргі кирилл жазуына түсіріліп, ақын мұрасының 1933, 1939–1940, 1945, 1954, 1957, 1961, 1977, 1995 жылдардағы толық басылымдарымен арнайы салыстырылды, мәтіндік-мағыналық саралаулар жүргізілді.
      М.Әуезов атындағы ӘӨИ қолжазба орталығында сақтаулы Абай өлеңдерінің әр жылдардағы көшірме нұсқаларына (жекелеген көшірме қолжазбалардың фотокөшірмелері де бар. – Қ.М.) жазутанушы маман, белгілі шығыстанушы ғалым Төреәлі Қыдыр ғылыми сипат­тама жазды.
      «Абайдың өмірбаяны мен шығармашылығы туралы түпнұсқа қолжазбалар» (Қазақ­стан Республикасы мемлекет­тік орталық музейі қорынан. Ғылыми-инвентарлық каталог, 1, 2-томдар. – Алматы: Интеллсервис, 2020) ат­ты жинақтарда Мүрсейіт Бікіұлының жылы белгісіз, айналымға түсе қоймаған бір көшірмесі, Шәкәрім Құдайбердіұлының, Тұрағұл Абайұлының көшірме қолжазбалары берілген.
       Ендігі кезекте қолжазба нұсқасында айналымға түсу ықтималдығы ұзақ жылдар бойы тежеліп келген осы нұсқалар текстологиялық зерт­теулер айналымына толық тартылуы тиіс. Сонымен бірге бітпейтін дауы көп текстологияның мүддесінде абайтануда айтылғанымен, арнайы мәтіндік салыстыру, саралаулар толық жасалмаған жеке қолжазба нұсқалар; Абайдың өз уақытында жарық көрген басылымдарда шыққан өлең мәтіндері әлі де бар. Абай шығармаларының қолжазба нұсқалары бойынша зерт­теу жұмыстарын жүргізу абайтануда арнайы ғылыми бағыт түзген сала десек те, түбегейлі бірізді мәтіннамалық негізде әлде де мақсат­ты жұмыстар күн тәртібінде тұр.
        Абай өлеңдері Мұхтар Әуезов деректері бойынша 1896 жылдан бастап арнайы көшіріліп, жиналған. 1897 жылы Санкт-Петербургтегі Орыс Географиялық қоғамының қорына түсіп, баспаға әзірленіп, оң пікірмен мақұлданғанымен, жарыққа шықпаған өлең қолжазбасы туралы нақты деректер бар. Осы шаруаға Абай елімен араласып тұрған, өз уақытындағы озық ойлы адамның бірі Сәдуақас Шорманов қолжазбасының қаншалықты қатыстылығы әлі де беймәлім.
Абай шығармаларының түпнұсқа мәнді көшірмелері саналып отырған (М.Әуезов) Мүрсейіт Бікіұлының 1905 (1906), 1907, 1910 жылдардағы қолжазба жинақтарының ілгергі уақыт­та хатқа түскендігі бұл қолжазбаға белгілі бір мәнде түпнұсқалық мәртебе беретіндігі тұрғысында арнайы мәтіндік сараптама жасау өзекті.
        Абай Құнанбайұлы шығармаларының өз қолымен жазылған түпнұсқа мәтіндері мұраны ауызша сақтаудың кең таралған дәстүрлі негіздерінде; қилы ырықтан тыс идеологиялық бақылау, басқа да себептерден сақталмағандықтан, ақын мұрасын иге­руде 1896 жылдан бастап арнайы көшірілген қолжазба нұсқалардың маңызы зор.
        Осы бағыт­та Абай өлеңдерін ақынмен ілгеріден таныс, жақсы білетін, сыйласқан, сол уақыт­тағы көзі ашық, қолы ұзын ел азаматының бірі Сәдуақас Шормановтың 1897 жылы Орыс Географиялық қоғамына баспадан шығаруға әзірлеп өткізгенін академик Әлкей Марғұлан алғаш жария еткен. Абайдың 17 өлеңі жазылған қолжазбаның ақын мұрасын текстологиялық зерт­теулерге тартуда ара-тұра аталғаны болмаса, арнайы қарастырылмағандығы Абай текстологиясындағы жеке сөз, ұғым атауларының жазылуы; тыныс белгілерінің қойылуы тұрғысында бүгінге де­йін күн тәртібінен түспеген мәтінтанымның өзекті ғылыми міндет­тері саналып, осы бағыт­та мақсат­ты салыстыру, саралау жүргізудің қажет­тігін көрсетеді.
        Сәдуақас Шорманов қолжазбасы Абай өлеңдерінің хатқа түсіріліп жеткен алғашқы мәтіндік нұсқалары болуымен маңызды. Бұл тұрғыда осы қолжазба абайтануда арнайы зерт­теуден қағаберіс, қалыс қалып келді.
        Абайдың әр сөзінің уақыт көшінде дұрыс жазылу, дұрыс танып оқу, идеологияға бұру, кез­дейсоқ жаңсақтық т.б. қилы ішкі, тысқы себептерден өзгеріске түсу; нақты бір сөздің мән-мәтіндік функциясының құбылмалылық еркіндігі Сәдуақас Шорманов қолжазбасы бо­йынша арнайы жұмыста да мұқият назарға алынуы тиіс.
        Абайдың әдеби мұрасын текстологиялық тұрғыдан зерт­теуді дамыта жетілдіру өзектілігі нақтылы мәтіндік нұсқа – көшірме қолжазбалар, жеке жинақтардағы қалпы бойынша арнайы зерделену арқылы көрініс табады. Абай Құнанбайұлы ғұмыр кешкен тарихи ортада сөз өнері, негізінен, ауызша тарау дәстүрінде сақталды. Абайдың өз шығармаларын арнайы көшіртіп, баспаға беруді ойластырған уақыты деректерде 1896 жылмен көрсетіледі.
        Сәдуақас Шормановтың қолжазбасындағы 17 өлеңнің барлығында дерлік басқа қолжазба, басылымдардағы сөз нұсқаларынан айырмашылықтары аз емес. Салыстыру негізінде айқындалған өзгерістер бойынша абайтанудың текстологиялық зерт­теулер тарихы, тәжірибесі ескеріле отырып пайымдаулар, болжамдар, қорытулар жасалып отырды. Ендігі кезекте Сәдуақас Шорманов нұсқасындағы Абай өлеңдерінің басқа қолжазба, жинақтармен салыстырғандағы айырмашылықтарын текстологиялық, ғылыми негізде талқылаймыз.
          Шығыстанушы ғалым, жазутанушы маман Т.Қыдыр Сәдуақас Шорманов қолжазбасын арнайы тұтас қазіргі жазуға түсіріп, қысқаша сипат­тама жасады. «Мәтіннің орналасуы: Көшірме кәсіби тұрғыда жасалған. Әр бет­тің соңында келесі бәйіт­тің бастапқы сөзі жазылған. Дәстүрлі қолжазба дайындау қағидалары қатаң сақталған. Мәтіндердің орналасуы дәстүрлі манзумалар (диуан, баяз) үлгілеріне ұқсайды. Сондықтан да өлең жолдары бәйіт-бәйіт болып, мәснәуи қалыбымен өрілген (9 бәйіт, 18 жол). Ал кейбір өлеңдер бәйіт­тік үлгіде, ғазал формасымен жазылған (20 бәйіт, 40 жол). Хат­тат­тық жазу мәнері ХVІІ–ХІХ ғғ. қолжазбаларға өте ұқсас» (Абай, 3-том, 2020: 20).
          Абай өлеңдерін, қазақ ақындарының шығармаларын Сәдуақас Шорманов баспаға өткізу үшін әзірлеген. «Сәдуақас Мұсаұлы Шорманов (1849–1927) – Абай шығармаларын баспадан бастырып шығарғандардың бірі. Санкт-Петербургке қазақ әдебиетінің көптеген нұсқасын алып барған. Олардың ішінде Абай өлеңдері мен Мәшһүр-Жүсіп Көпеев жырлары да болған» (Абай энциклопедиясы, 1995: 501).
         Абай энциклопедиясында берілген анықтама авторы М.Бейсенбаев С.Шорманов Абай шығармаларын баспадан шығарған дейді. Абайтануда Сәдуақас Шормановтың Абай өлеңдерін шығарғаны туралы нақты дерек айтылмайды. Бұл тұрғыда 1897 жылы шыққан, Абай өлеңдері берілген (Субханбердина, 1971: 36–44), бірде «Князь бенен Зағифа», бірде «Хикая Зағифа» аталып жүрген жинақты құрастыруына қатысты зерт­теулер жоқтың қасы. Баянауыл жағының бір адамы деген ақпарат бойынша іздестіру қажет. Осы құрастырушы Сәдуақас Шорманов болуы да мүмкін. Қолжазба жинақтың аннотациясы іспет­ті сөз басында құрастырушы осы жұмыс нендей себептен қолға алынғанын ұғындырып өтеді. «Мына пақырдан кейбір қазақ бауырларымыз өтініп айт­ты: «Қазақ тілінде болып айтылған мақал, бәйіт­тер, мәсрийә (жоқтау), атақты адамдар туралы (айтылғандарды) жиып, жинақ жасасақ. Жарыққа шықса, біздің шығармаларымыз да зая кетпестен, майданға түссе, пайда болмаса, зияны болмас еді», – деген өтініштеріне орай бірнешеуін жиып, басқаларға басшы болсын деген үмітпен осы кітапшаға «Басшы» деп ат қойдым. Әмин. Әр бәйіт­тің соңына кімнің жазғаны белгілі болуы үшін айтушылардың ат­тарын да бір-екі әріппен ишара ет­тім. Сәдуақас Мұсаұлы Шорманов, 1897» (Абай, 3-том, 2020: 21).
         Қолжазба жинақтың профессор П.И.Мелиоранскийге тапсырылғаннан ке­йін баспа жүзін көруге оң пікір айтылғанымен, сол қалпынша жинақ болып шықпау себебі әлі де арнайы зерт­теуді қажет етеді. Ке­йінде А.Н.Самойлович архивіне түскен бұл қолжазба жинақта Абайдың «Жігіт­тер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Талай сөз мұнан бұрын көп айт­қанмын», «Өлеңді мен айт­паймын ермек үшін», «Ұрлық, қулық, сұмдықпен мал табылмас», «Ішім өлген, сыртым сау», «Қажымас дос халықта жоқ», «Бойы бұлғаң», «Бүркітші күз болғанда шығады аңға», «Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан», «Қараша, желді тоқсан сол бір-екі ай», «Жазғытұры қалмайды қыстың сызы» деген атаулармен 17 өлеңі берілген. Осы 17 өлеңді Абай мұрасының 1907 жылғы Мүрсейіт көшірмесіндегі, 1909 жылғы тұңғыш жинағы мен ке­йінгі жылдардағы басылымдармен салыстырып қарағанда, Сәдуақас Шорманов қолжазбасында бір өлең болып берілген жеке туындының ке­йінгі жинақтарда екі немесе үш өлең есебінде бөлініп алынғандығы, енді бір өлеңдердің көлем айырмасы көрінді.
         С.Шорманов көшірме жинақта айт­қанындай, шығармаларының баспадан шығуын қалаған адамның бірі Абайдың өзі болуы да әбден ықтимал.
Абайтанушы, белгілі текстолог Қайым Мұхамедханұлы Санкт-Петербургте 1909 жылы Абайдың тұңғыш жинағын баспадан шығарушы Исмаил Бороганский өміріне қатысты зерт­теулерінде түркі халықтары әдебиетін насихат­тау мұратында жеке баспахана құрған бұл адамның «Тәржіман» газеті арқылы кітап шығарам деушілер үшін жарнама мәнді ақпарат бергенін, бұл хабарды Абайдың да оқып-біліп, сол бойынша өз жинағын баспаға даярлау қамын жасағандығы туралы да айт­қан (Мұхамедханұлы Қ. 10 томдық шығармалар жинағы. 4-т. 2012: 140).
       Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасы мәтіндік тұрғыда ауызша тарау, ауызша сақталу басымдығында; қолжазба нұсқалардың ескі араб графикасында хатқа түсуінде, қайта көшіруде қадимше жазудың күрделігінде, жазу тәртібін сақтайтын сауат­ты көшіруші хаткердің тапшылығында; ке­йінде латынға ауысып, одан кирилл жазуына түсуінде; баспа барысындағы түзетулер жаңсақтығында; идеологиялық талапта түзетулер жасалуында; бір сөздің әр қолжазба, әр кітапта, тіптен бір адамның қолымен жазылған мәтіннің өзі қайта көшірілгенде қилы себептен кейде жымы білінбей кірігіп кететін бөтен сөзбен берілу сынды т.б. елеулі өзгерістерге түсті.
       Салыстыру: «Сұхбат» атауымен берілген бірінші өлең С.Шорманов қолжазбасы мен М.Бікіұлының 1907 жылғы көшірме қолжазбасында, 1909 жылғы жинақта:

Сәдуақас Шорманов қолжазбасында үшінші тұрған өлең «Кәсіп» деп аталған. Ал 1907 жылғы қолжазба мен 1909 жылғы жинақта бұл өлеңнің
С.Шорманов қолжазбасындағы мәтіні елеулі өзгеріспен, «Аш қарын жұбана ма, майлы ас жемей?» деген атаумен берілген. 1897 жылғы С.Шорманов қолжазбасында 4 тармақ болып келген 10 шумақ өлең 1907 жылғы қолжазбада әр шумақтың бірінші тармағы ілгері озып, аралары бөлінбеген тұтастықта келген. 1909 жылғы кітапта шумаққа бөлінбеген 40 тармақ болып тұр. 1897 жылғы С. Шорманов қолжазбасымен, негізінен, бірдей келген 1907 жылғы қолжазба, 1909 жылғы жинақ мәтіндерінде елеулі құрылымдық айырма бар.
        «Кәсіп» атауымен берілген 1897 жылғы қолжазбадағы 1-шумақ (4 тармақ) 1907 жылғы нұсқасында 7-шумақ, 1909 жылғы жинақта 25–28-тармақтар болып тұр. 1897 жылғы қолжазбадағы 2-шумақ 1907 жылғы көшірмеде 6-шумақ. 1909 жылғы кітапта 21-тармақ. Әрі қарай да құрылымдық рет­тегі шумақ, тармақ мәтіндерінің 1897 жылғы жинақтағы рет тәртібі аталған 1907, 1909 жылғы ретінен басқаша болып келіп отырған.
        Жеке сөздің жазылуында да айқын айырмалар кез­деседі. Мәселен, жеке тармақтар: 1897 жылғы нұсқада «Ұрлық, сұмдық, қулықпен мал табылмас» (1-ш. 1-т.).
1907 ж. – «Қулық, сұмдық, ұрлықпен мал жиылмас» (7-ш. 1-т.).
1909 ж. – осылай (25-т.).
1897 ж. 1-ш. 3-т. – «Зиян шекпей қалмассың ондай істен».
1907 ж. 7-ш. 3-т. – «Зиян шекпей қалмайсың ондай істен».
1909 ж. – 27-т. – осылай.
1897 жылғы қолжазбада 1907, 1909 жылдарда өлең атауы болып келген «Аш қарын жұбана ма, майлы ас жемей?» 7-шумақтың 1-тармағында тұр. 1907, 1909 жылдардағы нұсқаларында, негізінен, бір қалыпта берілген бұл өлеңнің 1897 жылғы жазылуы, салыстыруда анықталған жеке сөздердің ке­йінгі жазылуында өзгеріп отыруында Сәдуақас Шорманов нұсқасы қисынды көрінді.
     «Кәсіп» атауымен берілген өлеңде жүйелі сабақтастықта айтылған негізгі ой, мінеу мен сынның қисындылығы басым көрінеді. Әрине, негізгі мазмұн үш нұсқада да сақталған. Алайда С.Шорманов нұсқасы Абайдың көзі тірісінде хатқа түскенін, тіпті өз қолымен жазылған нұсқадан көшірілу ықтималдығын болжап, ескергенде осы нұсқасындағы мәтін түпнұсқалық құққа әлдеқайда қақылы деуімізге болады. Осы ой С.Шорманов қолжазбасындағы өлең мәтіндерінің қай-қайсысына да қатысты.
      Абай сөздерінің түпнұсқалығын салыстыра зерт­теулерде нақтылау жайы қозғалған бұл мақалада «Қансонарда шығады бүркітші аңға» өлеңінің мәтіндік құбылулары да арнайы қарастырылады.
      «Қансонарда бүркітші шығады аңғаның» әр жылғы басылымдағы сөздерінің қалай орналасуы керек екені туралы ортақ шешімге келген жөн, өйткені кей жолдар сөзі әр басылымдарда әртүрлі.
1897 жылғы басылымда:
Көріп тұра қалады сонда түлкі,
Құтылмасын білген соң құр қашқанға.
Керіліп көпке қарай секіреді,
Аспаннан қыран қымдап құйылғанда,
1905 жылғы қолжазбада, 1909, 1957 жылғы басылымдарда:
Көре тұра қалады қашқан түлкі,
Құтылмасын білген соң құр қашқанға.
Аузын ышп, қоқақтап, тісін қайрап,
О да талас қылады шыбын жанға
(Қазақ фольклоры мен әдебиет шығармаларының текстологиялық зерт­телуі., 1983: 210).
Осы көріп, көре сөздері енді бір нұсқада, болжамдарда кері, кере болып та жазылған (Мұхамедханұлы Қ., 1959:).
      Өлең әр жылдарда текстологиялық тұрғыдан қарастырылғанда С.Шорманов қолжазбасымен салыстыру жасалған жоқ. Ол қолжазбада «Бүркітші» аталған өлеңде «қансонарда» сөзі жоқ. «Бүркітші күз болғанда шығады аңға» деп басталған. 1897 жылы бұл өлең 38 тармақ болып жазылған.
1907 жылғы Мүрсейіт Бікіұлының қолжазба көшірмесінде – 58 тармақ.
1909 жылғы тұңғыш жинақта – 58 тармақ.
Өлеңдегі 2-тармақ 1897 жылы – «Таудан түлкі табылар аулағанға».
1907 ж. – «Тастан түлкі жолығар аңдығанға».
1909 ж. – «Тастан түлкі табылар аңдығанға».
3-тармақ 1897 жылы – «Ыңғайлы ат, ықшам киім, ит пен жігіт».
1907, 1909 жж. – «Жақсы ат пен тату жолдас – бір ғанибет».
4-тармақ 1897 ж. – «Осындай болу керек аңшы адамға».
1907 ж. – «Ықшам киім ыңғайлы аңшы адамға».
1909 ж. – «Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға».
        Әрі қарай өлең 1897 жылғы С.Шорманов қолжазба жинағында мазмұндық желісі бір болғанымен, айтылу, баяндалуында 1907, 1909 жылдары жазылған мәтіндік нұсқалардан мүлде бөлек деу­ге болады. Бұл тұрғыда 1907 жылғы қолжазбада, 1909 жылғы жинақта бір ғана сөз айырмашылығымен, негізінен, бірдей келетін «Күйеді ер, қалыңдығы сұлу келіп (болып), / Бейне ұқсар тар төсекте жолдасқанға» тармақтары С.Шормановта «Байы жаман, қатыны сұлу болып, / Ұқсайды ол екеуі қосылғанда» деп берілген (Шорманов, 1897: 9). Бұл нұсқада 1907, 1909 жылдарғы, ке­йінгі Абай жинақтарындағы аса образды, айшықты, контрасты оралымдар мәтіндік көп түйткілсіз, ықшам, жинақы берілген.
       1897 жылғы қолжазба жинақта Абайдың «Күз» өлеңі «Жыл фасылы» атауымен берілген. 1897 жылғы қолжазбада 1-ш. 4-т. – «Ат ойнап, құлын қашқан, тай жарысқан». 1907, 1909 жж. – «Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан». Бұл тармақ 1897 жылғы нұсқасында жатық көрінеді. «Бие қашқан» тіркесінде екі мағына бар. Көрініс туғыза баяндалған өлеңде биенің жай-жапсары емес, құлынның ойнақтап қашқаны көзге «көрініп» тұр.
2-ш. 2-т. 1897 жылы – «Жастар ойнап, жүгірмес бала шулай».
1907, 1909 жж. – «Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай».
«Жастар күлмес» деу қисынға келмей тұр (1907, 1909 жж.).
Бұл өлең бойынша мәтіндік салыстырулар да бірнеше айырма барын көрсет­ті.
С.Шорманов қолжазбасындағы 17 өлеңнің мәтіндік нұсқасын 1907, 1909 жылдарғы нұсқалармен арнайы салыстыру жасалды. Абай шығармаларының толық академиялық басылымында «Жазғытұры» өлеңін жолма-жол салыстыру бойынша нақты сөз өзгерістеріне мән беруде
С.Шорманов қолжазбасы алғаш рет мәтінтанымдық айналымға тартылды (Абай, 1-т., 2020:). С.Шорманов қолжазбасын текс­тологиялық тұрғыдан арнайы қарастыру Абай мұрасының барша мәтінтанымдық тұғыр, өзекті текстологиялық зерт­теу бағыт­тарымен сабақтастықта жасалады.
       Абай өлеңдері мен қара сөздерінің текстологиялық түйткілдерінің басым көпшілігі қазақ жазуының айналасы 30 жылдай уақыт ішінде 3-4 қайтара қаріп ауыстыруынан туындады. Ұзақ жылдар бойы ескі жазуды дұрыс аударып оқудың, жаңа қаріпке түсірудің машақаты сақталып келеді. Келесі текстологиялық келеңсіздік кеңестік кезең идеологиясының талаптарынан туындаған «жағымсыз» сөзді қысқарту, өзгертіп, басқа сөзбен мақсат­ты түрде алмастырудан өрістеді. Техникалық жаңсақтық, баспагердің сөз түзеу «еркіндігі» де текстологиядағы өзіндік факторлар.
       С.Шорманов қолжазбасын арнайы зерт­теу осы мәселелердің тұрақты текс­тологиялық бұзылуларға себепші екенін айқындай түсті. Сонымен бірге ілгеріде кең қамтылып, пайымдалу тұрғысында асығыс, үстірт, тіптен қараусыз қалған жеке сөз қолданысы фактілерінің өзгеру факторлары айқындала түсті. Абайдың бір сөзі, бір өлеңі тұрғысында жазылған арнайы мақалалар негізінде қолжазба құрастырушының ғұмырбаяндық деректері, қолжазбаның жинақталу, сақталу бағытында тың пайымдау, жаңа мағлұмат­тар жүйесі де нақтылана түсті. С.Шорманов қолжазбасы бойынша жұмыс жүргізу Абай текстологиясын әр сөзге бірнеше ұстанымда тоқталу мүмкіндігінде жаңа пайымдаулармен толыға түседі.
      Хакім Абайдың астарлы ұғымдары, айналымға тартқан жаңа сөздері, сөз тіркестері, тұтас образды поэтикалық жүйесі мәтіндік тұғырға әрдайым басымдық береді. Түпнұсқа мәртебесіндегі сөз ғана – шын (Seisenbieva, Begmanova, Aitova, Тulebaeva, Madibaeva). Сол сөздің ғана бойы озық. Анық Абай сөзі. Осы бағыт­та Абайдың замандасы, жақын араласқан жандардың бірі болған, өз уақытындағы белгілі тұлға Сәдуақас Шормановтың қолжазбасына айрықша ден қойған жөн.

Қ.Қ. МӘДІБАЕВА,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және
өнер институтының

бас ғылыми қызметкері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір