АБАЙДЫҢ АУДАРМАЛАРЫ
01.08.2025
489
0

Абайдың кіндік қаны тамған жер – Сыртқасқабұлақ

        Алғаш ауыз әдебиетінен, сонан соң Шығыс және Батыс ақын-жазушыларының шығармаларынан нәр алған Абайдың қазақ әдебиеті мен Шығыс, Батыс әдебиетінің арасында алтын көпір болғаны рас.
      Абай Пушкиннің «Евгений Онегин» романынан үзінді («Онегиннің сипаты», «Татьянаның Онегинге жазған хаты», «Онегиннің Татьянаға жауабы», «Онегиннің сөзі», «Онегиннің Татьянаға жазған хаты», «Татьяна сөзі», «Ленский сөзінен», «Онегиннің өлердегі сөзі»), Крыловтың : «Емен мен шілік», «Қазаға ұрынған қара шекпен», «Жарлы бай», «Есек пен бұлбұл», «Қарға мен бүркіт», «Шегіртке мен құмырсқа», «Әншілер», «Ала қойлар», «Қарға мен түлкі», «Жұрт біледі, күледі…», «Қарға мен түлкі» «Боқтықта талтаңдап…», «Бақа мен өгіз», «Піл мен қанден», «Есек» мысалдарын аударды. Сонымен бірге орыстың белгілі ақыны Лермонтовтың «Тұтқындағы батыр», «Рақат, мені тастап, қоймадың тыныш», «Өзіңе сенбе, жас ойшыл»,»Ал, сене­йін, сене­йін», Дж.Байрон
М.Ю.Лермонтовтың «Көңілім менің қараңғы», И.В.Гете-Лермонтовтың «Қараңғы түнде тау қалғып», И.А.Буниннің» Қорқытпа мені дауылдан»,
А.Мицкевичтің «Дүрілдеген нажағай» ат­ты өлеңдерін қазақ тіліне тәржімалап, орыс әдебиетінің інжу-маржандарын қазақ азамат­тарына таныстырды.
Қазақ әдебиетінде әдеби шығармаларды аудару дәстүрі сонау Алтын Орда (қыпшақ) дәуірінен тамыр тартады. ХІV-ғасырдың орта кезінде өмір сүрген белгілі ақын Құтыб әзірбайжан халқының кемеңгер ойшылы, ұлы ақыны Ілияс Жүсіпұлы Низамидің «Хұсрау мен Шырын» ат­ты дастанын аударды. Алтын Орда әдебиетінің ХІV-ғасырдағы көрнекті өкілі Сайф Сарай парсы-тәжік әдебиетінің классигі Сағди Ширазидің «Гүлстан» ат­ты дастанын түркі тіліне аударып, дастанның атын «Түркі тіліндегі Гүлстан» деп қойды. Абай ежелден келе жатқан осы аударма дәстүрін өзі өмір сүрген дәуірде аса білімділікпен жалғастыра білді. Абай орыс әдебиетінен, Лермонтов арқылы неміс әдебиетінен нәр алды. Орыс, неміс әдебиетін қазақ халқына насихат­тады.
      Абайдың аудармалары туралы профессор З. Ахметов былай деп жазады: «Абайдың аудармалары жайлы сөз қозғағанда, ең алдымен анықтап алуға тиісті мәселе мынау. Оларды саралап, жіктеп, орыс классиктерінен аударма және белгілі шығарманың сарынымен жазылған төл шығарма деп екі топқа бөліп қарастыру қажет. Өйткені аударма деп аталып, аударма саналып жүрген бірталай өлеңдері, әрине, осы сөздің бүгінгі қалыптасқан, қолданылып жүрген тура мағынасындағы аударма емес. Олар небір белгілі шығармамен сарындас келетін, жарыса жазылған көп дегенде жартылай тәржімаланған, түгелдей алғанда өзіндік төл тума шығармалар. Абайдың орыс классигінің өлеңін қызықтап, жарыса жазып, өзінің ой-сезімін, өз көңілінің күйін толғап, еркін кететіні, сөйтіп, қазақ тілінде тың, төл шығарма тудыратыны оның ақындық шабытының қуат­тылығының бір көрінісі деп қараған жөн. Ал ақын толғауы түскен өлеңді дәл аударуды мақсат еткенде орысша айтылған ойды қазақша жеткізудегі асқан шеберлігімен және таңғалдырады…»
      Шынында, Абайдың аудармалары түсініп, бар ынтасын салып оқыған адамға өзінің төлтума шығармасындай әсер қалдырады. Бар ынтасымен, жан-тәнімен беріліп, жүрегінің төрінен орын бере отырып, аударған өлеңі өзін де, өзгені де рақат сезімге бөлейді. Оның аударма саласында батыл қадам жасап, анау-мынау емес, орыс классиктерінің шығармаларын аударуы да әдебиет­ті зерт­теп жүрген ғалымдарды таңдандырып отыр. Мұның өзі Абайдың тегін адам еместігін дәлелдейді.
      Профессор А.Ісмақова Абайдың аудармалары жөнінде: «Абайдың аудармалары да деколоциялық ұстанымда іске асқан. Пушкиннің «Евгений Онегин» романының толық мазмұнын емес, үзіндісін қаперге алуы сондықтан. Абай өз аудармасына сазды әуен қосып, мәтінге жан беріп тірілт­ті, Онегиннің сөзіне қазақи ортаның көңіл күйі мен сезімін қосты» – деп жазды.
      З. Ахметов Абай шығарған Татьяна жыры мен Татьяна әні туралы былай деп жазады: «Абай шығарған Татьяна жыры, Татьяна әні бар деп мақтаныш етеміз. Мұның өзі екі өлең. Бірі – «Амал жоқ-қайт­тім білдірмей» деп басталатын жас Татьянаның Онегинге ғашықтық сезімін білдіріп жазған хаты. Екіншісі – «Тәңірі қосқан жар едің сен» дейтін ке­йінірек Онегин Татьяна күйеуге шыққаннан соң кез­десіп, жоғалтқан махаббатын қайта таппақ ниетімен өзі хат жазғанда, Татьянаның оған айт­қан жауап сөзі. Өнер сүйетін қазақ баласында осы екі өлеңді білмейтін, әнге салып айтпайтын адам кемде-кем десек, артық айт­қан бола қоймас
      Абай Татьяна мен Онегиннің арасындағы махаббат­ты жырлайтын өлеңдерді аударғанда сөз жоқ, осындай махаббат­ты өз басынан өткізгендей шексіз өмірге құмарлықпен аударады. Назым сөзді ширатпа шумақпен көркем жеткізе алған ақын осы аудармасы арқылы орыс әдебиетінің көрнекті ақынын қазақ халқына жақындата түседі, орыс поэзиясын жеріне жеткізе қазақша сөйлетіп, ғашық жастарды махаббат мұхитына алып шығады.
       З.Ахметов былай деп жазады: «Лермонтовтан аударған «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Рақат, мені тастап қоймадың тыныш», «Күнді уақыт итеріп», «Менің сырым, жігіт­тер, емес оңай», «Жалғыз жалау жалтылдап», «Ал сене­йін, сене­йін» секілді өлеңдерінде Абай олардың мазмұн-мағынасын қазақша мейлінше дәл түсіре отырып, өз ой-толғанысын, өз жүрегінің тебіренісін де анық жеткізетінін байқаймыз. Қазақ тілінде Лермонтов қанша аударылса да, осы жалын атқан дарыны бар жас ақынның өршіл қиял, қуат­ты оймен суарылған өлеңдерін Абайша сөйлеткен адамды таба қою қиын-ақ болар. Лермонтовтың өмірге үлкен оптимистік сеніммен қарайтынын, жабырқаған көңілін сергітуге ұмтылатынын айқын аңғартатын өлеңдерінің бірі «Молитва» болса, Абайдың оны «Дұға» (Өмірде ойға түсіп кем-кетігін»), «Қасиет­ті дұға» («Өмірден соққы жесем, жазығым жоқ») деп екі рет бірінен-бірін асыра ерекше құштарлықпен тәржімалағаны тегін болмаса керек…»
     «Яш Түркістан» жорналының жа­уапты хатшысы Тахир Шағатай «Түркістанның ұлы ақыны – Абай Құнанбайұлы» деп аталатын мақаласында Абайдың орыс әдебиетінің алыптары Пушкин мен Лермонтов шығармаларын қазақ тіліне аударудағы еңбегі туралы: «Абай орыс әдебиеті және сол арқылы Еуропа әдебиетін жетік білетін…Орыс зерт­теуші ғалымдары Абайды орыс әдебиетінің алыптары Пушкин мен Лермонтовты оқып, олардың шығармаларымен жақын таныс болған деп жазады. Ал большевиктер оны «дала аристократы» ретінде қарап, «феодализм мен байшылдықтың жыршысы, ұлтшыл» деп қаралауда» деп жазды
М.Әуезов Абайдың аудармашылық таланты туралы: «…Лермонтовтай ақындардың өлеңдерін қазақша аударса, сол сөздерді құр ғана сыртқы келісімен сүйгендіктен аудармайды. Барлығында өз жүрегіне түсінікті, өз халіне жанасатын, өз қиялына дәл келетін ерекше жақындығы болғандықтан аударады. Өзі шығаратын өлеңдермен қатар, аудармалар ақынның өз жүрегінен толқып шыққан қайғылы шердің де айнасы, толас тынысы сияқты болады…» деп жазды
Шындыққа бас иер болсақ, Абай қазақ әдебиетіндегі аударма жанрында да жаңалық ашты. Бұл жоғарыда ғалым ағамыз Зәкидің айтып отырған Лермонтовтың «Молитвасы». Бір өлеңді екі өлең етіп аударған, екі түрлі нақышпен аударған.
Профессор Әнуар Тарақов М. Ю. Лермонтовтың «Желкен» («Парус») өлеңін аударғандағы Абайдың шеберлігі туралы былай дейді:
«Белеет парус одинокой,
В тумане моря голубом!..
Что ищет он в стране далекой?
Что кинул он в краю родном…
Абай желкенді «жалау» деп алған. Бірінші шумақты салыстыра талдайық.
Жалғыз жалау жалтылдап,
Тұманды теңіз өрінде.
Жат жерде жүр не тыңдап?
Несі бар туған жерінде?
       Лермонтов лирикасында ақ желкен алыстан, тұман арасынан ағараңдап, әзер көрінеді. Тулаған толқыны буырқана соққан асау теңіздің өр мінезі көз алдыға келеді. Ақын оған бізді жақындата түседі. Бір сәт ақ желкенді қайықта жүзіп бара жатқандай күй кешесіз. Ақын осынау әдемі көріністі көзге елестетіп қана қоймай, соған қатысып жүргендей сезімге бөлейді. Уақыт пен кеңістікті теңіз табиғатымен астастыра көркемдікпен бейнелеп, оқырманды қызықтыра тартады. Тұманды көгілдір теңізде ағараңдап, анда-санда бір көрінген жалғыз желкен көзге елестейді. Теңіз көрмеген балалар оны сол кез­дегі сурет­терден, кинолардан елестете еске түсіргенбіз…»
       Теңіз өмірінен хабарсыз, ұлан-ғайыр далада өмір сүріп, биік таулардың қойнауында балалық-жастық шағын өткізген Абайдың теңізде жүзген ақ желкенді кемені жырлауында да біз білмейтін ғажайып құпия, өлеңге деген құштарлық сезіледі. Абай өлеңге құмартқан жастарды орыс ақынымен таныстырғысы келді.
Профессор Ә. Тарақов одан әрі өз ойын былай деп өрбітеді:
Играют волны-ветер свищет,
И мачта гнется и скрыпит …
Увы! Он счастия не ищет,
И не от счастия бежит.
Абай аудармасы:
Ойнақтап толқын, жел гулеп,
Майысар діңгек сықырлап.
Ол жүрген жоқ бақ іздеп,
Қашпайды бақтан бойды ұрлап.
       Абайдың аудармашылық шеберлігі керемет. Шумақ ұйқасы да, ойы да шымыр. Тәржімасы түп нұсқамен теңдес. Аударма тілінде ой да, мағына да, тіл көркемдігі де сурет­теу шеберлігінде өзара үйлесіп, үндесуін балама десек, сол баламаның жарқын үлгісі. Лермонтов желкенін жел керген кеменің мачтасын, діңгегін алса, Абай оны тіршілік діңгегіне теліген. Лермонтовта асау теңіздің толқын ойнап, толқып, буырқанған сәті сурет­телген. Абайда да солай. Лермонтовта жел ызылдап уілдеп, ысқыра соғып тұрса, Абай «гуілдеп» деп бір ғана сөзбен бере қойған.Теңіз саяхаты туралы кино көрсеңіз, қат­ты дауыл кезінде кемені ары-бері шайқалтып теңселтіп, мачта-діңгекті сықырлатып, түбірімен қопарардай, кемені аунатып тастардай көрінеді…»
      Абай Лермонтовтың «Желкенін» қазақшаға аудармастан бұрын теңізде ақ желкенді кемеде жүзіп, қат­ты соққан дауылдың ортасында таудай-таудай толқындарға қарсы жүзген кеменің ішінде сықырлаған мачта-діңгектің жанында тұрып кемені қақпақыл қылған дауылды толқындардың аспанға шапшығанын көрген жоқ, бірақ Абай теңіздегі толқындармен алысқан адамдар туралы әдебиет­терді оқымауы мүмкін емес қой.
       Қалай, десек те, Абай аударған шығармалар қазақ оқырмандарының жүрегінен орын алып, Шығыс пен Батысты қазақ ортасына жақындатқаны рас. Олай болса Ұлы Абайды қазақ әдебиетіндегі аударма саласына қомақты үлес қосты деп айта аламыз.

 

 

Меңдібай Әбілұлы,
филология ғылымдарының кандидаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір