ЖАЗУШЫ БЕДЕЛІ АЛҒАН СЫЙЛЫҒЫНДА МА?
27.05.2016
1444
0

lori-0002542686-smallwww«Қазақ әдебиеті» газетін  көптен бері оқимын. Басылымның қолдан түспейтін кезінің  де, тек ақпарат беруден аса алмаған құлдилау кезінің де куәсі болдым десем, асыра айтқаным емес. Өйткені, саналы ғұмырымның қырық жылдан астамы аудандық, қалалық, облыстық газеттерде өтті. Редакцияларда бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редак­тордың орынбасары қызметтерін атқардым. Бірде үйде «Қазақ әдебиетін» оқып отырғанымды көрген бір үлкен кісі: «Бұл газетіңде қаламгерлердің бірін-бірі мақта­ғанынан басқа не бар осы» демесі бар ма? Шындығында да қазір газетте сондай материалдардың көбейіп бара жатқаны анық. Кейде өзіміз шығармасын оқу түгіл, атын естімеген жазу­шылар туралы көлдей-көлдей мақтау мақалаларын көріп те жүрміз. Көз жүгіртіп, шолып шыға  саламыз. Себебі, авторының ойынша одан мықты, одан дарынды ешкім жоқ сықылды. Бірақ құрғақ сөзден, сықпырта дәріптеуден аса алмайды.

Газеттің жуырдағы, мамырдың ал­тыншы жұлдызындағы санында жарияланған Әлібек Байболдың «Әдебиеттегі әділеттілік – сый­лық­та!» атты мақаласы менің ойымды дөп басқандай болды. Оқырман ре­тінде айтарым, соңғы жылдары  мем­лекеттік, «Алаш», тағы басқа то­лып жатқан сыйлықтарды алып жат­қандардың, өзге тілге аударылып жарық көрді деген мықты­лар­дың шығармаларын оқыған емес­пін, тіпті кейбірінің аты-жөнін ал­ғаш естігендеймін. Оқымайық де­мейміз, біріншіден, бұрынғыдай қолжетімді емес, екіншіден, басын оқып, аяғына жете алмай, тастай сал­ған «романның» сыйлық алға­нын білгенде, бәлкім, мен түсін­бе­ген шығармын деп, қайта үңілген кез­дерім  де болды. Бірақ шынды­ғын­да,  прозашылардан Әбдіжәміл Нұр­пейісовтің, Әбіш Кекілбайдың, Хамза Есенжановтың,Тахауи Ахта­нов­тың, Мұхтар Мағауиннің, Орал­­­хан Бөкейдің, Қалихан Ыс­қа­қовтың, Әкім Таразидың, Сайын Мұрат­бековтің, тағы басқа да жазу­шылардың шығарма­ларынан ке­зінде алған әсерімді, рухани ләз­затымды ала алмадым. Бірақ олар­дың қандай сыйлық алғанын, қан­дай марапаттың иегері екенін жөн­ді білмеймін. Ендеше, жазушы бе­делі алған сыйлығында емес, оқыр­ман жүрегіне жол табуында!

Темір МЫҢЖАС.
Ақтау қаласы.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір