Ғылымға көңіл бөлсеңіз…
28.07.2025
758
26

Алдан Сапарғалиев көпвекторлы магнит өрісін ашып, оған негізделген электродвигательдің зертханалық моделін тұңғыш жасаған ғалым. Қолында Американың, Еуропаның және Әлемдік патенттері бар профессор. Ол Қазақстанда кенжелеп қалған электроника саласын жандандыру мақсатында алғаш рет радиофизика және электроника мамандықтары бойынша оқу бағдарламасының мемлекеттік білім беру стандартын жасап, 1990 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, 2001 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Физикалық электроника», «Радиофизика және электроника» мамандықтары бойынша оқу процесін ұйымдастырып, елімізде электрониканың дамуына айтарлықтай үлес қосты. Бұрынғы КСРО Қорғаныс министрлігінің әскери мекемелеріне арналған жаңа электронды жүйелердің құпия әзірлемелеріне жетекшілік етті. 1989 жылы «Физикалық электроника, оның ішінде кванттық» мамандығы бойынша физика-математика ғылымдарының докторы атанды. Ғалым ашқан жаңалықтың қыр-сырын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

 Бұдан біржарым ғасыр бұрын ақын Абай атамыз:
Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл бөлсеңіз, – деп еді.
Абай сөзінің ақиқаттығын ғылымы дамыған Жапония дәлелдеп отыр. Қымбат түсті металы, көмірі, темірі не мұнай, газы жоқ Жапония ғылымның арқасында дүрілдеп өзгелерге үлгі боп тұр.
Қазақстан өнеркәсіп өнімдеріне деген қажеттілігінің 80 пайыздан астамын импорт есебінен қамтамасыз етеді, яғни аз өндіреді. Валютаның сыртқа шығуының негізгі арналарының бірі – Қазақстанда мүлдем өндірілмейтін электронды өнімдер мен электр машиналары. Қазіргі таңда еліміз үшін электронды өнімдер мен электр машиналар аса ділгір болып тұрған соң, осы жөнінде әңгіме қозғамақпын. Мұның қазіргідей аласапыран заманда еліміздің қорғанысы үшін де алар орны айрықша.
Талдаулар көрсеткендей, жеке мемлекеттің экономикалық деңгейі мен өркениеті дамуының күрт көтерілуі үшін екі құрамдас – практикада кеңінен қолданылатын тың революциялық ғылыми-техникалық идеялар мен әзірлемелер пайда болуы және оны дер кезінде мемлекеттік қолдауды қамтамасыз ету сәйкес келуі керек. Бұған айғаққа екі нақты мысалды қарастырайық.
Екінші дүниежүзілік соғыстың басында мемлекеттің қолдауымен, яғни мемлекеттік тапсырыстармен өнеркәсіптік электроника АҚШ-та әскери мақсатта қарқынды дамыды және нәтижесінде әлемге әйгілі Силикон алқабы құрылды. Силикон алқабы бүгінгі күнге дейін бүкіл әлем бойынша инновацияның негізгі орталығы.
Жер асты қазба байлығынан жұрдай Оңтүстік Кореяның экономикасы да тұрмыстық электроника өндірісін жедел өрістету негізінде қарқынды дамыды. Кезінде Оңтүстік Кореяның жаңа президенті генерал Пак Чон Хи өнеркәсіптік және экономикалық реформаларды бастаған болатын.
1983 жылы дербес компьютерлер өндірісі ашылды. 1991–1992 жылдары жеке мобильді құрылғылар мен қалта телефонның алғашқы өндірісін дамыту аяқталды. Соңында, 1999 жылы Forbes жаһандық тұтыну электроника өнеркәсібі Samsung Electronics компаниясына берілді. 2008 жылдың үшінші тоқсанында Samsung өзінің негізгі бәсекелесі Motorola-ны еуропалық нарықта басып озды, сондай-ақ Nokia-ны ығыстырып, АҚШ-та «ұялы» деп аталып жүрген қалта телефондарды сату бойынша бірінші орынға шықты.
Біз білетін электроника саласы бойынша Қазақстанда тап сол Оңтүстік Кореядағыдай бір емес, екі революциялық жаңалық бар. Біріншісі – көлем бойынша меншікті моментін 4 есеге дейін арттыруға мүмкіндік беретін электр двигательдері мен электр генераторларын енгізудің жаңа тұжырымдамалары және технологиялары. Екіншісі – ажырату (разрешение) қуаты қазіргіден екі еседен астам масс-спектрометр (масс-анализатор). Бұл жаңалыққа олардың қолында АҚШ пен Қазақстанның патенттері бар. Зертхана үлгілері (модельдері) үкімет қаражатына жасалып, есебі тапсырылған.
Бұл жетістік өз-өзінен пайда бола қалған жоқ. Соңғы 50 жылда әлемде осы ғылым салаларының дамуына Қаныш Сәтбаевтың шақыртуымен келген академик В.М.Кельманның шәкірттері – қазақстандық ғалымдар шешуші үлес қосты. В.М.Кельман мектебінің өкілдері орындаған жұмыстардың ішінде қазақ ғалымы Алдан Сапарғалиевтің 1989 жылы Харьковте қорғалған «Стационарлық электромагниттік өрістерде зарядталған бөлшектер ағындарының кеңістік және уақыт бойынша фокусталуының жалпы теориясы» деп аталатын докторлық диссертациясының орны ерекше. Бұл жұмыста корпускулярлық оптиканың (КО) статикалық электрлік және магниттік өрістерге арналған классикалық теорияларының орнына КO-ның Жаңа жалпы теориясы ұсынылған. Электр және магнит өрістеріндегі бөлшектер ағынын басқарудың жаңа жалпы теориясы ағынға айрықша әсер ететін ерекше нүктелердің 1-ші және 2-түрін ескере отырып әзірленген. Мұның маңыздылығын мынадан көруге болады, осы мәселемен әлемнің жетекші ғалымдары қарқынды жұмыс істеп (В.К.Сворикин – теледидардың атасы, Л.А.Арцимович – бұрынғы КСРО-да атом бомбасын жасаушы және т.б.), шешімін таппаған еді. Мұнымен айналысуларының себебі, бұл проблема шешілсе, ғылымның әр саласының дамуына айрықша ықпал ететіндігінде еді.

2017 жылы А.Сапарғалиев жасаған көпвекторлы магнит өрісіне негізделген электродвигательдің лабораториялық үлгісі

Қазақстанда профессор Алдан Сапарғалиевтің жетекшілігімен 1987–1990 жылдары әлемдегі бірінші RTOFMS (RTOFMS – бір рефлекторлық элект­ростатикалық өрісі бар ұшу уақытының масс-спектрометрі) әзірленіп, зертханалық үлгісі жасалды.Тәжірибелік зертханалық үлгідегі эксперименттер бұл жаңа құрылғының ажыратымдылығы бойынша – үш есе, ал жарық күші – сол кездегі белгілі TOFMS ShimadzuL AMS-50K қарағанда бірнеше ондаған есе жоғары екенін көрсетті
Тап осы тұста Қазақстанға «өтпелі кезең» тап болып, ғылымы дағдарысқа ұшырады. Өтпелі кезеңге байланысты сол кездегі Қазақстан билігі ғылыми-зерттеу мекемелерін мемлекеттік қаржыландырудан және ғылыми кадрлар даярлау құқығынан айырды. Соғыс кезінде ашылған Ұлттық Академияны жапты. Инновациялар мен ғылыми зерттеулердің нәтижелерін коммерцияландыруға бөлінген қаражат сыбайлас жемқорлық схемалары арқылы жұмсалды. Осының барлығының нәтижесінде: қабілетті ғалымдар Қазақстаннан кетуге мәжбүр болды; ғылымның көптеген маңызды салалары бойынша зерттеу, инновация, жас кадрлар дайндау процесстері тоқырады.
Сонымен қатар ең ауыр шығын – көреген Қаныш Сәтбаев ұйымдастырған, қалыптасуына көп жылдар қажет болған белгілі ғылыми мектептер (В.М.Кельман, М.И.Корсунскиaй, Л.М.Неменов, т.б. мектептері) жойылып, ғалымдар арасында ұрпақ алшақтығы пайда болды. Корпускулярлық оптиканың жалпы теориясының (КОЖТ) және қазақстандық ғалымдар әзірлеген әртүрлі физикалық электроника құрылғыларының үлгілері мен теориясының қызығын өзге елдер көріп, осының нәтижесінде соңғы 30 жылда дамыған елдерде жасалған бірегей физикалық электроника жүйелері пайда болды, медицинаның, биологияның дамуына жаңа серпін берді, олардың проблемаларын шешуге мүмкіндік жасады. Мысалы, америкалық аналитик химик Джон Беннетт Фенн – биологиялық макромолекулаларды зерттеудің масс-спектрометриялық әдісін, атап айтқанда, электроспрей әдісін жасағаны үшін 2002 жылы химия бойынша Нобель сыйлығын алды. Қазақстандық ғалымдардың ашқан жаңалықтары ол елдерде тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі, бактериологиялық, химиялық, жарылғыш, есірткі және басқа қауіптерді бақылау, қорғау, жүйелерін жетілдіруге есепсіз үлес қосты. Яғни жаңалық – біздікі, пайдасы оны іске асырған – өзге елдікі.
Жоғарыда аталған ғылыми мектептер жабылды, оның жетекшілері ғана емес, көптеген талантты шәкірттері жасап жатқан ғылыми жұмыстарын жалғастыру үшін амалсыздан мүмкіндігі мол шетелдерге кетті. Алайда, Қазақстанда қалған патриот ғалымдар да қарап отырған жоқ, бір кезде жүзеге асар деген үмітпен жұмыстарын жалғастыра берді. Мәселен, қазіргі дамыған елдердегі RTOFMS-тің заманауи түрлерінің бастапқы иесі қазақ ғалымы Алдан Сапарғалиев. Бұл патенттің негізгі элементтерін, физикалық электроника жүйелерін өндірушілер пайдалануда. Соңғы жеті жылда Қазақстан ғалымдары (авторлары А.Сапарғалиев, А.Жүнісбеков, А.Мит) жаңа заманауи теорияға сүйене отырып, физикалық электроника саласында да жаңа маңызды интеллектуалдық меншіктер (өнертабыстар) жасады.
Қазақ ғалымдары Алдан Сапарғалиев, Мұхтарбай Өтелбаев, Амангелді Жүнісбеков жасап жатқан дүниежүзіндегі ғылым мен техниканы дамытудың тағы бір маңызды бағыты – энергияның бір түрден екінші түрге өзгеруінің теориясы мен технологиясы. (Осы жерде оқырманға қосалқы ескерте кетерлік бір жайт: бұл іске жаңадан араласқан әйгілі академик-математик Мұхтарбай Өтелбаевтың есімі, оның қауымына тегіс мәлім). Бұл жаңа бағыт жаңа математикалық әдістерге, түсініктерге және технологияларға негізделген, мысалы, көп векторлы электромагниттік өрістер және олардың индуктивті қосылу мүмкіндігі; ортада бұзылу кезінде (мысалы, қозғағыштардың көмегімен) ағымдағы ортада (газ немесе сұйық ортада) пайда болатын күш векторларын қайта бөлу заңдылықтары, соның ішінде «ZV-тарту және көмекші бет» технологиялары бар. Осы жаңа әзірлемелердің энергетика, машина жасау, экология және климаттың жағдайы үшін қаншалықты революциялық маңызды екенін бағалау қиын. Бұл жұмыстар, атап айтқанда, келесі жетістіктерге әкеледі: газ және сұйық ортада объектілерді (атап айтқанда, көлік құралдарын) энергиялық тиімді жылжыту технологиялары; қуат тығыздығы бірнеше есе жоғары электр машиналарының жаңа түрін (электр генераторлары мен электр двигательдерін) пайдалану негізінде қазба отынынан жаңа энергия көздеріне жедел көшуге мүмкіндік береді. Мысалы, «ZV-тартқыш және көмекші бет» технологиялары қазіргі ортада қозғалатын объектілердің энергия тиімділігін оған жұмсалған энергияға қатысты 2 есеге түбегейлі арттыруға мүмкіндік береді. Алдан Сапарғалиев көп векторлы электромагниттік өрістер концепциясын және олардың индуктивті қосылу мүмкіндігін 2015 жылы патенттеді.
Бұл – аса ірі жаңалық! Мектеп оқулығынан білетініміздей, бұған дейін электр машиналары негізделген классикалық бір векторлы және толық қатарлы концепция және оны жүзеге асыру технологиялары пайда болып, Фарадей заманынан бері, яғни соңғы 180 жыл ішінде өзгеріссіз қалды. Көпвекторлы индукциялық ілінісу тұжырымдамасы белгілі аналогтермен салыстырғанда көптеген артықшылықтарға ие көпвекторлы магнит өрісіне негізделген электр машиналарының жаңа түрін жасауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда:
– көлемі бойынша үлестік шығыс қуаты 4 есеге дейін жоғары;
– қуат бойынша үлестік материал шығыны 2-ден 3 есеге төмен.
Көпвекторлы индукциялық қосылыс тұжырымдамасы және оның жоғарыда аталған мүмкіндіктері қазір бүкіл әлемде танылды. 2019 жылдың тамыз айында, яғни патент жарияланғаннан кейін төрт жыл өткен соң және қазақстандық ғалымдар көп векторлы электр машинасының бірінші эксперименттік зертханалық үлгісін жасаған соң 2 жылдан кейін Linear Labs (АҚШ) төрт векторлы «HET» электр қозғалтқышының үлгісін жасады («HET» – Hunstable Electric Turbine), ал ол патент қазақстандықтардан алынған. Linear Labs қазірдің өзінде америкалық инженер-механиктермен келісімшарт жасап, олар үшін «HET» электр двигательдерін қарқынды түрде әзірлеуді бастады. Бір өзі 70-тің үстінде Нобель сыйлығының иегерлерін шығарған атақты MIT (Массачусет технологиялық институты) бұған 2023 жылы ғана қол жеткізіп, ұшақтарға арналған көпвекторлы магнит өрісіне негізделген электродвигательдің зертханалық үлгісін жасап шығарды. Қазір MIT Америкадағы ұшақ өндірушілерімен келісімшарттар жасауда.
Сапарғалиев ойлап тапқан көпвекторлы магнит өрісіне негізделген электродвигателді америкалық ғалымдар неге ұшақтарға пайдалануға құмар?
Мұның себебі бұл двигательдер қазіргі қолданыстағы двигательдерге қарағанда, 4 есеге дейін жеңіл. Салыстырмалы түрде алғанда, қазіргі 100 кг двигателдің қуатын 25 кг жаңа двигатель бере алады және көлемі кішірейген сайын пайдалы әсер кофициенті (ПӘК) арта береді. Бұл артықшылықтар қазіргі негізгі соғыс қаруы дрондар мен ұшқышсыз ұшақтар үшін аса пайдалы екенін оқырмандарымыздың іші сезіп отырғанына еш күмәніміз жоқ. Әлбетте, мұны америкалық ғалымдар да жақсы пайдаланып отыр.
Кеңес өкіметі кезінде А.Сапарғалиев бұрынғы КСРО-ның электроника саласы бойынша жабық әскери жұмыстарының жетекшісі болды. Сол кезде корпускулярлық оптиканың жалпы теориясын жасаған, 1-ші және 2-ерекше нүктелердің мәселесін шешкен Сапарғалиев электронды зеңбіректің жетілген түрін ұсынып, патент алған еді. Оқырмандардың есіне сала кетейік, электронды зеңбірек – атом бомбасынан кейінгі екінші қару. Қытай мен Америкада ғана бар. Мұндағы басты проблема – көлемі аса үлкен, салмағы жүздеген тонна электрогенератордың керектігі. Байқап отырсаңыз, отырғандарыңыздай, Сапарғалиев патентінің Америкада расталуы – ол генератордың көлемін, тиісінше салмағын 4 есеге дейін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Бұл жерде айтайық дегеніміз, орнымен пайдаланса профессор Сапарғалиевтің еңбектері еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға да керек-ақ.
Енді әскери қару-жарақ туралы айтуды қоя тұрып, қайтадан айтып жатқан негізгі тақырыбымызға көшейік. Осы жерде мынаған назар аудару керек, америкалық HET, MIT технологиялары Алдан Сапарғалиев ойлап тапқан ондаған көпвекторлы электромагниттік ілінісу технологияларының бір нұсқасы ғана деуге болады.
Қазіргі бір векторлы электр машиналарының көлемі зор, мысалы, қуаты 7 МВт болатын белгілі электр генераторлары бар қолданыстағы гидравликалық қондырғылардың салмағы 10 тоннадан астам. Қымбат электр көліктеріне арналған электр двигательдер 5-тен 26 мың АҚШ долларына дейінгі бағамен сатылады. Көп векторлы магнит өрісіне негізделген электр машиналарында қажетті жоғары айналу моменті мен жоғары тиімділікке қол жеткізу үшін қымбат сирек жер элементтері және өте жоғары электр тоғының қуаты бар тұрақты магниттерді пайдаланудың қажеті жоқ. Бұл одан әрі энергетика мен машина жасаудың барлық салаларында зиянды, энергияны көп қажет ететін, ауыр іштен жанатын двигательдердің орнына көп векторлы электр машиналарын кеңінен енгізуге әкеледі.
Энергетика мен машина жасаудың салаларында әртүрлі жаңартылатын энергия көздерінің энергиясын электр энергиясына түрлендіруге негізделген жоғары, зиянсыз технологияларға көшудің аса маңызды мәселелері бар және оларды шешуге үлкен интеллектуалдық және қаржылық ресурстар шоғырланған. Мәселен, Еуроодақ 2035 жылға дейін табиғатқа өте зиянды қазіргі іштен жану двигательдерінен мүлде қол үзбек. Осы орайда көпвекторлы магнит өрісіне негізделген двигательдер мен генераторлар басты рөл атқарары сөзсіз.
МАСС-Спектрометрия: жетістіктері мен болашағы. Соңғы 100 жылда әлемде қол жеткізілген ғылыми-техникалық прогресс көбіне корпускулярлық оптиканың (КО) теориясы мен физикалық электроника құралдарының жетістіктерімен байланысты. Себебі қазіргі уақытта зарядталған бөлшектердің ағындары барлық дерлік салаларда қолданылады және олардың көмегімен шешілетін мәселелер шеңбері үздіксіз кеңеюде.
Бүгінгі таңда масс-спектрометрия орын таппайтын адам қызметінің саласын елестету қиын. Көпшілікке белгілі болған кейбірін жай ғана тізбелеумен шектелейік: фармацевтика; тамақ өнеркәсібі; жартылай өткізгіш өнеркәсібі және микротехнология (компьютерлерге, смартфондарға, телефондарға және т.б. интегралдық схемаларды, чиптерді өндіру); криминология; қоршаған ортаны бақылау; жаңа материалдарды өндіру; медицина және токсикология; биология; допингтік бақылау; есірткі және алкогольдік сусындарды бақылау; геохронология; археология; атом өнеркәсібі және энергетика; металлургия т.б.


Масс-спектрометрдің (MС) ғылыми-зерттеу құралдары түрінде пайдалану мәселесіне келсек, бастапқы кезеңінде MС-дің қарапайым түрі – масс-спектрографтар түрінде орындалды, онда иондарды массасы мен зарядының қатынасы бойынша бөлу үшін пайдаланылды. Содан бері МС-ның 6 түрі пайда болды және олардың сезімталдық, жазылған массалар диапазоны (бір импульс­тік талдау циклімен), динамикалық диапазон, ажыратымдылық, өнімділік (сканерлеу жылдамдығы) сияқты негізгі сипаттамалары бірнеше жүз рет өсті.
Масс-спектрометрді пайдаланып Дж Томсон 1906 жылғы физика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты атанды. Томсонның иондық сәулелерді талдау үшін жасалған зерттеуінің қорытындылары біздің материяның құрылымы туралы көзқарастарымызды дамытуда өте маңызды рөл атқарды. МС көмегімен неон изотоптары 1912 жылы ашылды. Ғалым осылайша тұрақты изотоптардың бар екенін дәлелдеді. Фрэнсис Уильям Астон 1919 жылы жаңа MС жасады. Астонға оның көмегімен көптеген радиоактивті емес элементтердің изотоптарын ашқаны және бүтін сандар ережесін құрастырғаны үшін 1922 жылы химия бойынша Нобель сыйлығы берілді. 1950 және 1960 жылдары Вольфганг Поль квадрупольды массалық анализаторды және төрт полюсті ион тұзағын жасады. Қазіргі уақытта төрт полюсті ион тұзақтары әлемдегі ең көп тараған масс-пектрометрлер болып табылады, ал Вольфганг Поль өзінің инновациялық жұмысы үшін 1989 жылы физика бойынша Нобель сыйлығын алды. Сондай-ақ 2002 жылы химия бойынша Нобель сыйлығын алған жапон ғалымы Коичи Танака өз жетістіктерінің МС-сіз мүмкін болмайтынын атап өтті.Нарықтағы қол жетімді MС түрлерінің ішінде 2005 жылдан бері коммерциялық түрде шығарылып жатқан, А.Макаровтың ультра жоғары ажыратымдылыққа ие, көлемі шағын МС-ін атап өткен жөн болар.
Ғалымдардың болжамы бойынша, ХХІ ғасырда адамзаттың негізгі күш-жігері биология, медицина және жаңа материалдар технологиясын дамытуға бағытталады. Біз білетіндей, биология және оған байланысты медицина ғылым ретінде салыстырмалы түрде нашар дамыған. Мысалы, физикамен салыстырғанда биологияның іргелі заңдары әлі дамымаған. Адамзаттың биология және медицина салаларындағы білімін одан әрі дамыту үшін, зерттеу құралдарын шұғыл жетілдіру қажет. Осы аспектідегі перспективті құралдардың бірі ұшу уақытының масс-спектрометрі (TOFMS) болып табылады, өйткені TOFMS жылдамдығы (секундына 40 000 массалық спектрлерді жазуға қабілетті) және жазылған массалар диапазоны бойынша масс-спектрометрлердің басқа түрлерінен 100 есе артық. Сондай-ақ төмендегі көрсеткіштері бойыншаTOFMS ең жақсы өнімділікке ие:
— салыстырмалы түрде құны төмен;
— салыстырмалы түрде шағын өлшемдер;
— құрлысының қарапайымдылығы мен күтімінің жеңілдігі;
— сыртқы экстремалды жағдайларға төзімділігі.
Алайда TOFMS-ді кеңінен пайдаланып ғылым мен техниканың дамуына жаңа серпін беру үшін бүгінгі таңда төмендегі 3 мәселені шешу керек.
Біріншіден, ажыратқыштықты бірнеше есе арттыру қажет, бұл қазіргі уақытта төмен (45300).
Екіншіден, үлгідегі заттардың концентрациясын талдау үшін TOFMS-дің кез келген заманауи МС сияқты, жарық күші төмен. Бұл, әсіресе портативті TOFMS-де. Олардың жарық күшін арт­тыру үшін принципті жаңа тұжырымдамалар қажет.
Үшіншіден, барлық процестер уақытқа байланысты дамиды, сонымен қатар зерттелетін объектінің көлемінде оның айналасындағы кеңістіктің өзгеруімен (процестің салдары кеңістікте таралады), атап айтқанда, заттар мен тірі объектілердегі процестерді, әсіресе жылдам процестерді дұрыс бақылау және басқару қажет. Ол үшін спектрометрдің бір арнасының әртүрлі нүктелеріндегі өзгерістерді бір уақытта бақылау (процестің жүру барысын анықтау) қажет.
Жер планетасының үлкен және маңызды құрамдас бөлігі органикалық заттардың аумағына кең түрде енуі үшін ең кемі 100 000-нан астам ультра жоғары ажыратымдылықтағы TOFMS қажет. Қазіргі уақытта нарықта белгілісі ең жоғарғы ажыратылымдыққа ие MR TOFMS «Pegasus GC-HRT» (LECO корпорациясы, АҚШ) ажыратымдылығы 45 300, яғни төменгі шектен 2 есе аз. Мұның өзі 1992 жылы қазақстандық ғалым Е.М.Якушев ұсынған технологияға негізделген.
А. Сапарғалиев ұсынып отырған жаңа тұжырымдамалар мен оларды енгізу технологиялары жоғарыда аталған барлық мәселелерді шешуге және TOFMS-дің жаңа түрлерін әзірлеуге және жасауға мүмкіндік береді:
— 150 000 ультра жоғары айырғыштыққа ие шағын TOFMS, яғни белгіліге қарағанда айырғыштығы 3 еседен астам;
— диафрагма – белгіліге қарағанда 2–7 есе көп;
— көп жолдылық – анализатордың бір арнасындағы бірнеше ондаған жолға де­йін, яғни талдау бір өрісте жүргізіледі, мысалы, бір иондық айнадан шағылысады. Профессордың қолында Американың, Еуропаның және әлемдік патенттері бар.
Жаңа типті ТОFМS-тің мұндай көрсеткіштері биология, медицина, адам қауіпсіздігі жүйесін, технологиялық процестерді бақылау мен басқаруды дамытудың жаңа кезеңін қамтамасыз етеді. Айттық, қазіргі қол жеткен ажыратқыштық – 45 300. Бұл органикалық емес заттарды ғана зерттеуге жарайды. Айырғыштығы 100 000-ға жететін МС жасалған күні органикалық заттарды,тірі организмді зерттеуге үлкен мүмкіндік туады, яғни алдымен медицинада зор төңкеріс болады. Биологияның жаңа заңдары ашылады. Елдің қорғаныс қабілетін арттыруға үлкен үлес қосылады. Профессордың айтуына қарағанда, TOFMS масс-спектрометрдің айырғыштығын 500 000-ға жеткізуге болады. Яғни он есе арттыруға! Бұл енді, адам айтса сенгісіз жағдай! Бірақ ақиқат!
Академик В.М.Кельман мектебінің өкілдері Е.М. Якушев пен А.Сапарғалиев жоғарыда аталған басым ғылыми әзірлемелерді жүзеге асыруда көшбасшы болды, олар жаңа математикалық әдісті жасағаны және физикалық электрониканың КO-құрылғыларының жаңа буынының қалыптасуы мен дамуына іргелі үлестері мен осы әдіс негізінде корпускулярлық оптиканың жалпы теориясын жасағаны үшін физика бойынша Нобель сыйлығына ұсынылуға лайықты. Жоғарыда айтқанымыздай, негізі бұлар Нобельді баяғыда – электронды линзаның жарық күшін ондаған есе ұлғайтқанда алуы керек еді. Кеңес дәуірі тұсында әскери жабық жұмыста отырған Сапарғалиевте бұған мүмкіндік болмады.
Ғалымның жоғарыда аталған жетістіктерін қазақстандық қана емес, америкалық, әлемдік паттентерде қолдап, мақұлдаған әлемнің жетекші сарапшылары тарапынан жоғары бағаланған, мысалы, АҚШ жетекші сарапшылары: 1. Кохей Арай, Бағдарлама төрағасы / Future Technologies Conference — FTC; 2. World Journal of Social Science, Sciedu Press; 3. Проф. Ю Сяо Ян соңғы бірнеше онжылдықта өз салаларындағы ең маңызды жетістіктер деп санайды.
Қазақ ғалымы Алдан Сапарғалиевтің бұл жаңалықтарын ғылыми-техникалық прогреске және экономиканы өрістетуге пайдалануды қазір Қазақстаннан басқа барлық дамыған елдер қолға алуда.

Жұманазар АСАН,
филология ғылымдарының докторы

ПІКІРЛЕР26
Қонақ 02.08.2025 | 18:55

Әлемдік т деңгейдегі жаңалық ашқан ғалым А.Сапарғалиевтың еңбегіне жағдай жасалуы керек!

Қонақ 02.08.2025 | 23:08

Алдан ағаның «миын» шетел пайдаланып жатыр…

Қонақ 03.08.2025 | 10:21

Қазақ арасында дарынды азаматтар көпқой оған мән еріп өндіріске енгіссе ,ол арманғой , осындай ашылған ғылыми білімдерді шет ел пайдаланып өз өндірістеріне іске қосып жатқандары аз емес.
Өкінішті…

Қонақ 04.08.2025 | 06:36

Елдің тағдырын шешетін жаңалық қой, бірақ коррупция жайлаған елде іске асуы екіталай боп тұр.

Қонақ 04.08.2025 | 06:41

Көлденеңнен қосылған біреу емес, нағыз маманы, ғылым докторы, профессор ашқан жаңалық жүзеге аспай тұрған соң, басқаға не жорық.

Қонақ 04.08.2025 | 06:43

Коррупция жайлаған елден не үміт, не қайыр? Біздікі де бір дала айтылған сөзбен тең.

Қонақ 04.08.2025 | 07:20

Қазақ той қуып кетті. Одан қалды әнші мен спортшыны қызықтаудан аса алмай қалды. Мемлекеттің экономикасын көтеріп, абыройын асыратын ғылым. Біз осыған көңіл бөлуіміз керек. Алдан Сапарғалиев ашқан ғылымдағы зор жаңалықты мемлекетіміз қолдауы тиіс. Қазақ жұртын көгертіп көктетін осындай ғалымдар. Өкінішке қарай, тек біреудің тұмсығын бұзған боксерді, қақалып-шашалған әншіні мақтан тұтудан, көшедегі бордерларды жыл сайын ауыстырудан аса алмай қалдық. Сана осындай деңгейге құлдырап кетті. Әлі де кеш емес, ғалым А. Сапарғалиевтың ашқан жаңалығын өндіріске енгізу керек. Және еңбегін бағалап, Қазақ мемлекетінің ең жоғарғы марапаты берілгені дұрыс. Мұндай дарынды адамдар жүз жылда, тіпті мың жылда бір рет келеді. Бардың қадірін білгег жөн.

Қонақ 04.08.2025 | 14:01

Мақаланы екі рет оқып шықтым. Талантты адамға билік неге көңіл бөлмей отыр түсінсем бұйырмасын

Қонақ 04.08.2025 | 14:41

Әлем мойындаған әйгілі ғалым, жерлесіміз профессор Алдан Сапарғалиевтің ашқан ғылыми жаңалықтарын ғылымы дамыған елдердің қай — қайсысы да өндіріске енгізіп, игілігін көре бастады. Мақала авторы Ж. Асан мырза көпшілікке арнап, ғылыми — танымдық сипатта терең де жүйелі етіп, сауатты таныстырғаны тәнті етті. Біздің талантты ғалымдарымыз Қазақстанның тарапынан мән берілмей, қолдау таппағандықтан, ашқан ғылыми жаңалықтарын шет елдерге сатуға немесе сол елдерге көшуге мәжбүр. Біздің ұстазы мыз Алдан Сапарғалиев те осы салаға саналы өмірін арнап келе жатқан санаулы мамандардың бірегейі. Бұл ғалымның қазір жасы сексеннен асқанын айтсақ, әлемдік ғылымдағы теңдессіз жаңалықтарын жүзеге асыруға мемлекеттік тұрғыдан үлкен қолдау керек. Өкінішке қарай, біздің биліктегі қалыптасқан қасаң қағидалар әлі күнге дейін мызғымастан жол бермей келе жатқаны өкінішті. Жаңалықты біз ашып, оның игіліктерін өзге елдер көретіні жанымызға аяздай батады. Ең болмаса осы Мақала мен жазбаларды оқып, тиісті орындарға қозғау салатын азаматтар болса, қане. Бұл жаңалықтар жүзеге асса, еліміздің қорғаныс саласына, медицина саласына түбегейлі өзгерістер болып, ел қазынасына қисапсыз қаржылар құйылар еді.

Қонақ 04.08.2025 | 14:54

Макала оте жаксы,коп магналы , физика нын,электроника нын салаларын камтыган букил алемде гасырлар бойы.

Солармен сапаргалиевтын гылыми жумыстарынын денгейи салыстырылады.
Казирги заманга тиимдилиги келтириледи.

Сапаргалиевтын талай гылыми проектлерин «билим Жане гылым» министрлигинде отырган шенеуниктер Оз аттарына пайдаданып,»технопарк садып»,марапаттар алган.
Ол 2000 жылдан бастап,канща министр болды,бари тек Оз пайдасын ойлайды.

Енди казир заман озгерип келеди гой,мумкин биздин лауазымды азаматтарымыздын оянатын уакыты келген шыгар!

Ел муддесин,мемлекеттин алемдеги орнын ,озинин омирдеги максатын-ойлайтынуакыт келди!

Қонақ 04.08.2025 | 16:37

Алдан Сапарғалиевтің ғылыми жаңалықтары – әлемдік деңгейде құнды жетістіктер. Оларды отандық қолдаумен іске асыру – ғылым мен өндірісті ілгерілетудің нақты жолы.

Қонақ 04.08.2025 | 18:07

Бізде, Қазақстанда жерасты қазба байлықтарымыз дүниежүзіне кетіп жатыр, жә, оның орны толар. Сонымен бірге «ақыл-ой» да, яғни, баға жетпес қазына жер жаһанға тарап, өзге елдердің мүддесіне қызмет етуде. Алдан Сапарғалиев сияқты озық ойлы «өнімдерді» елімізде пайдалана алмасақ оның орнын немен толтырамыз? Осы күнге дейін біреудің қаңсығын таңсық көреееп жүрміз. Әлде «шамның жарығы түбіне түспейдінің» кері ме? Жоқ, олай да емес, құзырлы орталық органдардағы жауапты адамдардың өресі солай болып тұр!

Қонақ 04.08.2025 | 18:14

Алдан Сапарғалиевтың ғылыми жаңалықтарын бүкіл әлем пайдаланып жатыр екен ғой. Ол деген өте жоғары деңгейдегі қүнды жетістіктер екенінің көрсеткіші. Еңбегі бағаланып, Нобель сыйлығын беру керек деген үсынысқа қосыламыз..Енді өз отанымызда да осы жетістіктер іске асырылса, ғылымымыз бен өндірісімізді де ілгерілер еді.

Қонақ 05.08.2025 | 07:16

Мақаланы қызығып оқып шықтым. Ж. Асан авторына алғысым шексіз .Қандай керемет, өте маңызды ғылыми еңбектер!!! Ағамыз А. Сапарғалиев тың еңбектері елімізде де, бүкіл әлемде де қазақ тарихымыздың көмескі беттеріне сәуле түсіретін дәлелді деректер мен оқиғаларға бай болуымен құнды. Біздің еліміздің бастықтары тек ұрлауға, пайдалануға жол беріп отырғанына түсінбеймін, болашағымыз — белгісіз.А.Сапарғалиев — Қ.Р.ның еңбек сіңірген ғылыми қайраткері!!!Назарлаусыз қалдырмау керек.А.Сапарғалиевтың ашқан ғылыми жаңалықтарын қолдап, отандық, қоғамдық қолдаумен іске асыру керек. Ағамыз А.Сапарғалиеатың еңбектерін бағалап Нобель сыйлығын беру керек.

Қонақ 05.08.2025 | 16:17

Алдан Сапарғалиев — қазақ ұлтының маңдайына берген БАҚ! Осындай ұланғайыр заманауи технологияға қатысты жаңалық ашу — талғамды білім мен ұшан теңіз еңбектің жемісі десек қателеспейміз! Ғалымның еңбегі әлемдік деңгейде бағалануы тиіс. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, ғвлымдағы ғалымның мектебін қалымтастыруға мүмкіндік жасалса дейміз! Физика, математика саласының ғылым мен технологияның дамуына негіз болатын ғылым деп білсек, ғалымның қосқан үлесі зор.

Қонақ 05.08.2025 | 20:31

Ғылым – өркениетті ел іргетасының ажырамас бір элементі іспеттес. Ғалым – адам баласын, қоғамды, елді өркениеттің шыңыға қарай үнемі сүйреп жүретін қаһарман. Ғалым болашақта орын алуы мүмкін жаһандық прогрессті болжай алады. Алдан Сапарғалиев ағамыз – новатор-ғалым. Оның ғылым саласында ашқан инновациялық жаңалықтары әлемдік ғылыми элитаның арасында құрметке ие. Ғалым ағамыздың еңбегі ескеріліп, тиісті деңгейде қолдау көрсетіледі деген ниеттеміз!

Қонақ 05.08.2025 | 23:48

Казакстандык онеркасыптындамуына кажетты онымдердын сырттан акелынуы елымыздын экономикасына улкен асерын тигзуде. Заман талабына саи электроды онымдер мен электр машиналарынын багаларынынын кол жетымды болмауы елымыздын алауметтык саласына да асерын тигзуде. Мемлекетымыздын дамуы ушын тын гылми техникалык идеялармен колданыска енгызудын нускаулыктары болуы шарт осы ораида Отандык галым Алдан Сапаргалиевтын енбектерындегы деректерды таптырмас кунды деп аитар едым Мемлекет тарапынан колдау корсетылып онеркасыптын дамуына ыкпал етылсе Нур устынде Нур болар еды Маман даярлау киындык тугызбаиды деп оилаимын Себебы Физикалык электроника. Радиофизика Жане электроника маандыктары боиынша алдынгы катарлы Жогаргы оку орындарында Алдан Сапаргалиевтын даиындаган мемкеттык былым беру стандарты боиынша оку процессы уиымдастырылып мамандар даиындалуда сонымен Катар макала авторы галымнын енбектерыне толык талдаулар мен мысалдар зерттеулер жургызылгенын газеты жазган. Елымыздын болашагы ушын игы бастамага Улт жанашырлары колдау корсетеды деген сенымдемын. Пыкыр калдырушы енбек ардагеры зеинеткер Шерипов Закария.

Қонақ 06.08.2025 | 09:00

Алдан Сапарғалиев ағамыздың еңбектерімен 2016–2017 жылдардан бері таныспын. Елімізде өткен ЭКСПО-ға ұсынған жобаларынан да хабардармын. Әрине, оның экологияға және елдің қорғаныс қабілетін арттыруға қосатын үлесі зор. Бұл – күн тәртібіндегі өзекті мәселе деп білемін.
Өзі білмегенін мойындамайтын, ақылға құлақ аспайтын жоғарғы билікте отырған аға-інілерімізге қайран қаламын. Кейбір әрекеттерін әбес қылық деп бағалаймын. «Ғылым – ақылмен игерілген білім». Оған қолдау көрсету – әрбір қазақстандық, әрбір қазақ азаматының парызы екенін ұмытпауымыз керек.

Қонақ 06.08.2025 | 15:18

Мелекетімізге тигізер пайдасы мол жаңалық! Тамаша!!!

Қонақ 06.08.2025 | 15:23

Ғылыми мақала физика саласындағы өзекті мәселелердің біріне арналған және зерттеу нәтижелері терең талдаумен ерекшеленеді. Жұманазар Асанов ағай жан-жақты аша білген керемет!

Қонақ 06.08.2025 | 16:29

Керемет жазылған жан жақты бұл жаңалықтарды енгізссе қазақ халқына адам баласына көп жақсылық болады

Қонақ 06.08.2025 | 17:43

Алдан Сапарғалиев — қазақ тарих ғылымының көрнекті өкілі
Алдан Сапарғалиев — қазақ тарих ғылымының дамуына зор үлес қосқан белгілі ғалым. Ол әсіресе қазақ құқықтық дәстүрі мен хандық дәуірдің тарихын зерттеуде үлкен еңбек сіңірді. Оның еңбектері қазақ мемлекетінің қалыптасуы, хандардың билік жүйесі, құқықтық нормалар туралы нақты әрі ғылыми дәлелдерге негізделген.
Сапарғалиевтің ерекшелігі — тарихты терең құқықтық тұрғыдан зерттеуі. Ол қазақ даласындағы билік құрылымдарын, заң жүйелерін (мысалы, Жеті Жарғыны) саралап, қазіргі құқықтық ойға әсер еткен тарихи сабақтастықты көрсете білді.
Оның жазған ғылыми еңбектері мен зерттеулері тек тарихшылар үшін емес, заңгерлер мен саясаттанушылар үшін де құнды.
Алдан Сапарғалиев — өзінің білімімен, зерттеушілік шеберлігімен және ғылымға деген адалдығымен ел есінде қалған тұлға. Оның еңбектері жас ұрпақ үшін үлкен рухани, ғылыми мұра болып қала береді.

Қонақ 06.08.2025 | 17:44

Алдан Сапарғалиев — қазақ тарих ғылымының көрнекті өкілі
Ол— қазақ тарих ғылымының дамуына зор үлес қосқан белгілі ғалым. Ол әсіресе қазақ құқықтық дәстүрі мен хандық дәуірдің тарихын зерттеуде үлкен еңбек сіңірді. Оның еңбектері қазақ мемлекетінің қалыптасуы, хандардың билік жүйесі, құқықтық нормалар туралы нақты әрі ғылыми дәлелдерге негізделген.
Сапарғалиевтің ерекшелігі — тарихты терең құқықтық тұрғыдан зерттеуі. Ол қазақ даласындағы билік құрылымдарын, заң жүйелерін (мысалы, Жеті Жарғыны) саралап, қазіргі құқықтық ойға әсер еткен тарихи сабақтастықты көрсете білді.
Оның жазған ғылыми еңбектері мен зерттеулері тек тарихшылар үшін емес, заңгерлер мен саясаттанушылар үшін де құнды.
Алдан Сапарғалиев — өзінің білімімен, зерттеушілік шеберлігімен және ғылымға деген адалдығымен ел есінде қалған тұлға. Оның еңбектері жас ұрпақ үшін үлкен рухани, ғылыми мұра болып қала береді.

Қонақ 08.08.2025 | 11:56

Елдің экономикасын көтеретін жаңалық

Қонақ 08.08.2025 | 19:31

Осындай керемет білімді ағаларымызға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе ,еліміздің дамуына үлкен әсер етеді деп ойлаймын

Қонақ 30.08.2025 | 11:17

Мұндай ғалымның білімін, ғылыми жетістігін мемлекеттің мүддесіне, әсіресе әскери мақсатта пайдаланса, қорғаныс саласы нығаяр еді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір