КЕЗЕҢДІК ПІКІРЛЕР ЗАМАНЫМЕН ҒАНА ҚЫЗЫҚТЫ
27.05.2016
3472
0

61769_1429065536___________Уақыт алға озған сайын дүние туралы түсінік те сан алуан күйге түсті. Әдебиет те, әдебиет туралы пайым да өзгерді. Негізгі мақсаты сол қалпында қалғанымен, сол мақсатқа жетудің тегі мен жолын әр заман өкілдері өздерінше ұсынды. Айтылған пікірлер мен ұстанымдардың бәрі ғылымның аясында еді. Сол аяда көзқарастардың да қайшылығы болатын. Зерттеп, ізденсеңіз, бәрінікі де үлкен бір шеңбердің ішіндегі шеңберлерге ұқсайтын. Олардың бір-біріне қосылмайтыны сияқты бәрін түсініп, түйсіну де заңдылыққа жатпайтын. Әдебиеттегі өзгерген, дамыған, жетілген ағымдардың бәрі –әлем әдебиетінің ортақ игілігі. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымының докторы Темірғали Есембековпен болған әңгімеміздің негізі осы төңіректе еді.


– Сыншылар талдаудың екі түрі бар дей­ді. Бірі – теориялық, екіншісі – практика­лық. Осы екі талдаудың қайсысы шығар­ма­ны жақсырақ ашады?

– Сыни мақаланың таза теориялық не­­­месе тек практикалық талдаулардан тұруы шарт емес. Мәселенің мәні басқада. Әде­­биет теориясы мен әдебиеттану бір-бі­­рі­не ықпалдас екі сала, бірақ мақсаты мен міндеттері бөлектеу. Теориялық зерт­теу­­­лер көбінесе кәсіби дайындығы бар ма­­­мандарға арналса, сыни мақаланың оқыр­­маны әр түрлі әлеуметтік топтардың өкіл­­дері болуы мүмкін. Сондықтан қо­лы­­­на қалам алған әрбір сыншы алдымен не туралы, кім үшін, неге, қалай жазамын деген сауалдар төңірегінде терең ойланып алғаны дұрыс. Әдеби мәтінді талдаудың ти­пологиялық, дискурстық, салыстырма­лы, поэтикалық, семантикалық, гер­ме­нев­­тикалық амал-тәсілдері бар. Опе­ра­тив­­­­­тілік, объективтік, әлеуметтік бел­­­­­­­­­­сенділік, коммуникативтік әлует сияқ­­­ты көсемсөз қағидаттарын да ескеру ке­рек-ақ. Әдеби сын да осындай негіздерге сүйенгені жөн шығар. Әрине, сыншы тұлғасы өзіндік тұрғысы мен ұстанымы тек субъективтік ынта-ықыластан тұр­май­­ды ғой. Топтан топысын ерекшелеу үшін ақылгөйсу, ділмәрсу, жеке пікірін оң­ды-солды тықпалай беру ешкімге абырой әперген емес. Оқырманымен ой бө­лісу­­ге, әңгіме-сұхбат құруға, авторға, мә­­тінге құрметпен қарауға шақыратын сын­ның орны бөлек. Сонымен бірге, дерек пен дәйекке сүйенген объективтік талдау­ды өзінің орынды субъективтік пі­кір­лерімен байытып отырып, әдеби туындыны жүйелі түрде талдау қажет. Мәтін төңі­регінде ауани ойларға орын беру, ав­тордың атына айтылған жөнді-жөнсіз мақ­тау мен даттауға әуестік абырой емес. Әде­би шығарманың тарихи-әлеуметтік, тұл­ғалық, шығармашылық тамырларын тап басып тану үшін талай болмысқа жү­гіну­ге тура келер, өйткені бүгінгі оқыр­ман­ның өресі биік, талғамы терең,  дайын­дығы  жоғары. Оқырманымен тең дә­режеде, тіпті кейде өзінен биік қоя оты­рып ой бөліскен сыншының еңбегі еш бол­майтынына мысал көп. Теориялық тың­ғылықты дайындық  дүдәмал пікірден, сыңаржақ тұжырымнан, екіұдай қоры­тын­дыдан сақтандырып тұратыны анық.

Әдеби сын – ғылыми және көркемдік ой­лаудың синтезі. Бұған сыншының шы­ғармашылық көкейкөзі қосылады. Өйт­кені, ол әрбір елеулі шығарманың автордан оқырманға тартатын жолындағы ақ­па­рат каналы, көпір, делдал. Сыншы ма­қаласы авторға да, оқырманға да арна­ла­ды. Автор үшін өз шығармасының қа­был­дануы мен танылуы маңызды болса, ал оқырман әдеби ағымдағы құбылыс­тар­дан хабардар болып отырмақ.

– Қазіргі қазақ әдебиетінде теория мә­се­лесі қаншалықты өзекті. Студенттер те­риялық білімді кімнен үйреніп жатыр?

– Әдебиеттанудың негізгі сала­лары­ның бірі – әдебиет теориясы екенін білсек те, оны дамытуға жеткілікті көңіл бөлмей жүр­геніміз қынжылтады. Арнайы  дайын­дық­ты, ауқымды кәсіби біліктілікті қа­жет ететін аталмыш саланың мамандарын дайындауда назар аударатын мәселелер баршылық. Филология факультеттерінде «Әдебиеттануға кіріспе» және «Әдебиет теориясы» пәндеріне бөлінетін оқу сағат­та­ры­ның саны жеткіліксіз. Бағдар­ла­ма­лары жетілдіруді қажет етіп отыр, жаңа үл­гідегі, заманауи талаптарға жауап бере­тін оқу құралдарын дайындау да кезек күттірмейтін мәселелер қатарында. Қа­зақ­станда «әдебиет теориясы» мамандарын арнайы дайындайтын оқу орны жоқ, себебі, бұл сала мамандық ретінде реестрге енгізілмеген. Тек қана магистратурада «әдебиеттану» деген мамандық бар, оған бөлінетін грант саны мардымсыз. Со­нымен қатар, елімізде бірде-бір арнайы «әдебиет теориясы мен әдіснамасы» деген кафедра жоқ. Әрқилы оңтайландырулар нәтижесінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлт­тық университетіндегі осындай ка­фед­ра және М.Әуезов атындағы Әдебиет жә­не өнер институтындағы бөлім қыс­қарып кеткен. Арнайы Ғылыми ор­та­лық­тар­ды қайта жасақтап, оларды әдебиет тео­риясының зәру мәселелерін шешуге жұмылдырудың амалдары көп қой. Қо­ғам­­дық газет-журналдар теориялық ма­қа­­лаларды басуға құлықсыз, сондық­тан әде­би журналдардың «әдебиет теориясы мә­селелері» деген айдар ашылса деп ой­лай­мын. Сонымен қатар, арнайы ғылыми конференциялар ұйымдастыру, әдебиет теориясы пәнінің оқытушыларының бі­лік­тілігін арттыру жұмысын жандандыру қажет. Түйіп айтсақ, аталмыш ұйым­дас­тыру шараларына қоса докторантура ма­мандықтарының тізіміне «әдебиет тео­рия­сын» арнайы түрде енгізген қисынды. Тео­риялық зерттеулерге құлшыныс аздау, та­лапкерлер көбіне жалпы филологиялық тақырыптарды таңдайды. Оның себептері тереңде. Кем дегенде екі жарым мың жыл­ға жуық тарихы бар бұл саланы мең­герудің қиыншылығы жетерлік. Платон, Аристотель, Гераклиттен басталған клас­си­калық филология негіздерін, орта ға­сыр ойшылдарының теориялық зерт­теу­лерін, жаңа заман ғылымындағы тео­­­риялық ой-пікірлерді жүйелі игеру көп уақытты, ерік-жігерді, ыждаһаттылықты талап ете­ті­ні анық. Яғни бакалавриат-ма­гис­трату­ра-докторантурада үздіксіз дайын­дықтан өту әдебиет теориясының білікті маман­да­рын дайындауға мүмкіндік берер. Заманауи оқулықтар мен оқу құралдарын дайын­дауға конкурс жариялаған дұрыс бо­лар еді. Еліміздегі оку орындарында бі­рер оқу құралдары ғана қолданылып жүр. Олар өткен ғасырдың 70-80 жылдары жа­зылған, ертеректе өзін ақтаған басы­лым­дар. Көршілес Ресейде соңғы 20 жыл­да бір-бірін қайталамайтын ондаған оқу­лықтар мен оқу құралдары жарық көр­ген, оларды «Академия» орталық са­рап­тамадан өткізіп, арнайы серия етіп ба­сып шығаруда. Осындай үрдіс бізге де тиімді болар еді. Глоссарийлер, прак­тикум­дар, сөздіктер, соны әдіс­темелік құралдар дайындаудың мезгілі же­­т­кендей.

– Жалпы, теорияның  ескі, жаңасы бола ма?

– Сөз өнеріне қатысты теорияларды жал­­пы, жеке және арнайы деп бөлу қа­лып­тасқан. Өнер атаулыға ортақ сипат­тар­ды, көркем әдебиеттің тарихи дамуы­ның үдерісін, көркем мазмұн мен пішіннің байланыстарын, әдеби танымның сипаттарын, коркем әдебиеттің рухани дүние­нің ерекше түрі екендігін ауқымды мате­риал­дар негізінде зерттеген еңбектер құ­­нын жойған жоқ. Ерекше өнер түрі ре­тінде оның қай қоғамда болсын өмір сүруін қамтамасыз етіп келе жатқан си­нер­гетикалық заңдары бар, әрбір әдеби орта, шығармашылық тұлға оларды мойындайды. Сонымен қатар, әдебиетке әсер ете алатын белсенді ішкі және сыртқы факторлар бар. Әрбір қоғамдық формация, әлеуметтік құрылым сөз өнерінің тәр­биелік, тағылымдық, комму­ни­ка­тив­тік, компенсаторлық әлеуетін пайдалануға ты­рысатыны жасырын емес. Белгілі бір топ, тап, саяси күштердің өз мүддесіне сай әдебиет жасау үшін ойлап тапқан тео­риясымақтары бар, олар тек бір шек­теулі кезеңнің, санаулы шығарманың шеңбе­рінде ғана қолданылады. Ғылыми ой­дың дамуы объективтік негіздерге сүйенеді, ал әрқилы даурықпа саяси мақ­сат-мүддеге қызмет ету үшін қолданылған көзқарас­тарды сын көзімен бағалап отыр­ған орынды. Бірақ оларды мансұқтағаннан гөрі, пайда болуының себептері мен ал­ғы­­шарттарын, салдарларын тиянақты бі­ліп отырған орта ұтылмас. Соцреа­лизм­нің методологиялық негіздерінің қа­лып­тасу тарихын жақсы білген адам «Абай жолы», «Қан мен тер», «Көшпенділер» сияқты шығармалардың сол кезеңде қалай жазылғанының себептерін талдай ала­ды. Жекелеген теориялық тұ­жы­рым­дарға қатысты әр кезеңде әрқилы бағалар беріледі, бірақ осы кереғарлықты түсіну нақты талдау мен жүйелі зерттеу негізінде жасалғаны орынды болмақ. Өткен та­ри­хи-әдеби сабақ пен нақты тәжірибеге жү­гінгенде тиімді шешім шығар. Әр шы­ғар­маның бойында оны түсіну мен тану­дың ереже-қисындары, амал-тәсілдері бір­ге өмір сүре береді деген пікірге де ой­ла­на қараған жөн болар. Өзінің құн­дылығы ескірген әдеби туындылар негі­зін­де туған теориялар да ескіреді-мыс ат­ты пікірлерге қосыла салу қиын. Өше жаз­дап барып қайта жаңғырған, тез жетіл­ген, әмбебап сапаға жеткен теорияларды қайда қоясыз. Өткенге түсіністік­пен, құр­метпен қарау теориялык өсіп-жетілудің алғы­шарттары екенін ұмыт­пайық. Идеалистер мен формалис­тер арасындағы дау-дамайдың жуық арада біте қоймасы белгілі. Сөз өнерінің табиғатынан туындайтын ғылыми заң­ды­лықтар айналымда жүре берер, ал әр­қилы кезеңдік, саяси, дарашыл пікірлер заманымен ғана қы­зық­ты болып қала­тындай.

– Соңғы жылдары әбден мода болған, әрі мезі болған тақырып – модернизм, постмодернизм. Осы екі ағымның айырма­шы­лы­ғы не? Және оны шығармадан қалай бай­қауға болады.

– Модернизм – ХІХ ғасыр аяғында бас­­­талып, ХХ ғасыр басында қалыптасқан көркемдік-эстетикалық концепция. Мазмұны күрделі, мағынасы көп қабатты, қызметі сан алуан. Сол кезде ХІХ ғасыр әдебиеті қалыптастырған либералдық-гу­­манистік көзқарас әлеуметтік сергел­дең­­ге түсті. Қоғам мен өмірде болып жат­­қан өзгерістерді бұрынғы реалистік бая­н­­даумен, қасаңдау сюжеттермен, ақыл­­гөй автор көзімен бейнелеу қиын бол­ды. Сонымен қатар, қоғам тек үздіксіз ілгерілеп дами береді деген позитивтік дүниетаным тоқырауға ұшырай бастады. Енді қоғамдық сананы тек тарихи-мәдени идея, әлеуметтік нормалар, мораль қажет бағытқа бастап отырады деген сенім жоғалған еді. Адамды билеп-төстейтін жасырын тылсым күштер, оны түсініп болмайтын іс-әрекетке итермелейтін құпия негіздердің бар екенін тәжірибе жүзінде дәлелдеп берген басқа ғылымдар ұсынған идеяларға сөз өнері де назар аударған. Сана, түпсана, көкейкоз, ішкі «Мен», ұжымдық сана көріністері, хайуан­дық кезең қалдықтары сияқты не­гіздер көркем адамтануда да қолданыла бас­таған еді. П.Верлен, А.Рембо, Ш.Бод­лер сияқты қоғамнан «қарғыс» естіген қаламгерлер адам жанының қалтарыс­тары­на үңілді, оның қисынсыз, түсініксіз іс-әрекеттерінің себебін сырттан емес, ішкі дүниесінен іздеді. Олар өзіне дейінгі әдебиетті қатаң сынап, өнердің пәлса­па­лық негіздерін қайта құруға үндеді, бұл көз­қарас әдеби ортада кең қолдау тапты. Нәтижесінде символизм, импрессионизм, кубизм, футуризм, имажизм сияқ­ты әдеби ағымдар мен мектептер қалып­тас­қаны тарихтан белгілі. Олардын бәрін біріктірген ортақ идея мынадай еді: ол – өткенді құрдымға жіберу арқылы жаңа та­рихи өзгерістерге апаратын тәжірибе алаңын жасақтау болатын. Бұған сол ке­зеңде Европа елдерінде белең алған та­ри­хи-әлеуметтік дағдарыстар мен тоқы­рау­лар да өз үлесін қосқаны анық. Мо­дер­нистер нақты өмірлік құбылыстар мен оқиғаларды бейнелеу арқылы адамды танып бейнелеуге күмәнмен қарады, өмірлік шын­дық­ты елемеді. Олардың орнына қиялдан ту­ған шартты суреттерді ұсынды. Адами бол­мысты тек алогизм, түпсанадағы жа­сы­рын билеу орталықтары, санадағы де­­фор­мация, жалған мағына тудыру­шы­лық арқылы танып білуге ұмтылды. Аме­рика психологі У.Джеймс, француз ға­лымы А.Бергсон, З.Фрейд пен К.Юнг­тың ең­бектеріндегі теориялық негіздерге сүйен­ді. Адамнын ерік-жігерін, ой-сезі­мін, ниетін бақылап-басқарып тұратын, оны ырқына көндіретін, дегенін істететін жасырын күштер, құпия ақпарат, танылмайтын сырлар адамның ішкі әлемінде ылғи өмір сүретініне сенім артты, енді бұ­рынғы қалыптасқан қоғамдық ой, мораль, рухани құндылықтар қауқарсыз деп са­налды. Адам санасындағы либидо, ку­мир, авторитет, нарциссизм, эдип ком­п­лек­сі, зомби, нирвана, суггестивтілік сияқ­ты құбылыстар оқиға арқауына ай­на­лып, болмыс – абсурд пен хаостың ме­кеніне айналды. Ал қоғамдық тәртіпке, әлеуметтік заңға бағынган ескінің адамы енді рухани, моральдық жансынуларға ұшырайды екен, өйткені бұл социум ир­рационалдыққа, бейсаналылыққа, ес­сіздікке, шешуі жоқ жұмбақтарға, түсі­нік­сіз сырларға толы. Өмір мен өлім жайын­дағы классикалық көзқарастар ма­заққа ұшырады.

Постмодернистік теорияларды Ж. Лио­тар, И. Хассан мен Ф. Джеймсон, Д. Бой­лер, Дж. Лодж және Д. Фоккема, Т.Дан сияқты америкалықтар мен европалықтар ұсын­ған. Олар постмодернистік менталитет қана заманауи тауқыметтерді бейнелей алатынын дәлелдеуге тырысқан болатын, алайда көбі Р. Барттың, Ж. Дерриданың, М. Фуконың пікірлерін дамытумен болды. У. Эко мен Д. Лодж постмодернизмнің пай­да болуын мәдени кезеңдер ауысуда пай­да болатын заңды құбылыс деп есептеген. Бір мәдени парадигма «сынып», оның бөлшектерінің жиынтығы басқаша дамуға негіз болады-мыс. Постмодернис­тер баяндау техникасына ерекше мән берді, әртүрлі қитұрқылықтар қолдануға әуес болып, автор мен кейіпкердің рөлін төмендетті. Осының арқасында, олардың ойынша, көркем мәтінде фрагменттік дис­курстің мәні артады-мыс. Бастысы, пос­тмодернистік бағыттағы қаламгерлер белгілі амал-әдістерді «жалаңаштауға», оқиғаларды «шешіндіруге» құмар болып, олар әдеби шығармашылықты тек субъек­тивтіліктен, шарттылықтардан тұрады деп есептеген. Ақын-жазушы еңбегін ба­ғалауда олардың «жазу беделі» маңызды еді, өйткені осы негіздің ғана танымдық сипаты мол екен. Дәстүрді мойындамау, беделдерді мазақ қылу, өмірді фарс пен иро­нияға, жалғыздық пен жатсынуға, нев­­­ротик персонаждарға толы болмыс ретінде бейнелерге тырысу – аталмыш ба­ғыт өкілдері үшін ортақ белгілер. Мұн­дай мәтіндерде әдебиетші-функционал, райтер, текстер, мәтінші, културал, орын­­даушы, кәсіпкер, ұжымдық авторлар пайда болды. Әрине, әлем әдебие­тін­дегі ізденістерге сергек қараған қазақ ақын-жазушыларының модернистік және пос­тмодернистік үрдістерге өз көз­қа­рас­тары болған, кейде аздаған ауыс-түйіс, бейім­деу, репродуктивтік сәттер байқа­латынын зерт­теушілер айтқан. С.Санбаев, О.Бө­кеев, Т.Әбдіков, А.Жақсылықов, Р. Сей­сен­баев және тағы басқа қаламгерлер туын­дыларында мифологемаларды көп­теп қолдану байқалса, Д.Амантай «Түнгі жарық» романында «өлген авторды», А.Ке­мелбаева «Мұнара» әңгімесінде ав­тор­ды кітаптар теңізін кезіп жүрген дә­руіш етіп бейнелейді. Дәстүрлі автор­дың орнын скриптор, актор,актант, симулякр, бенефицарий, ауктор, нарратор, регистратор, атаусыз адамдар басқанына да куә болып жүрміз. Қазіргі кездегі ақын­­дар­да нарциссизмге мән беру, жал­ғыз­­дық­ты жарнамалау, «өзгенің» көзімен, «бөг­денің» сөзімен мағына үстемелеуге тырысу, мифодизайнға әуестену, ма­нипуляцияға бой ұру, трикстер кейіпкерді суреттеу, авторлық масканы кию, әдеби ертегіге, гиперақпараттылыққа, әдеби ойынға әуестік белгілері байқалатындай. Ал психоанализге сүйену жас жазушыларда жиі көрінетін жайттар, тіпті кейде шизоанализге бару да көрініс береді.

Модернизмге тән нақты ортаны адам­ға жау санау, әлеуметтік және рухани дағ­дарыстан қашу, қоғамның қатігез заң­дарының алдындағы пенденің мүсә­пір­лі­гін көрсету, басқа бір ауани әлем іздеу, өмір­дің болмысын танудан бас тарту, ай­тылмайтын ақиқаттарды дәріптеу, ерекше сезімталдықты әспеттеу, мистикалық мазмұнға ұмтылу, ассоциациялар мен аллюзияларға толы елес әлем, шартты дү­ниеге басты орын беру сияқты үрдістер мен амал-тәсілдерді біле жүргеннің ар­тықтығы жоқ. Авторлық эпатаж, өзін-өзі жоққа шығару, пішін маңайындағы қи­сынсыз, парықсыз тәжірибелер ешбір су­реткерді өрге шығарған емес. Модернис­тер «ұсынған «метафоралар диалогы», «сезімдік кентаврлар», «коннотациялар», «сезім мәтіні» ойлана қарауды қажет ете­ді. Ал әртүрлі инсайттар (жарқ ету) мен клайп-шешімдер (klap – найзағай соқ­қысы) қолдануда абай болған жөн.

Модернистер бейнелеген әлемде «ба­қыт­сыз сана» иелері және «жалғыздар то­бырынан тұратын қоғам өмір сүріп жа­тады, онда диалог жоққа тән, әркім өзі­мен-өзі. Шығармалар үзік-үзік суреттерден, қисынсыз фрагменттерден құралады. «Қара юморға» әуестік, нақты өмірді тра­ги­фарсқа айналдыру, одан транцен­дет­тік мағыналар тудыру, жақсы мен жаманның аражігін айырмауға тырысу басым. Ф.Кафка, М.Пруст, Д.Джойс, Т.Элиот туын­­­ды­ла­рын­дағы тұлғалар өзі сүрген қоғамдағы абсурдизмге тәуелді болып бейнеленген. Инстроспекция, әрқилы архетиптер, ілкі мо­дельдер, мифтік образдар, ойын, тра­вес­ти, ессіз сәттер болмысты шартты түр­­де түсіндіруге қолайлы саналды. Қо­ғам мүшесі осындай абсурдқа толы ортада герметикалық күйге түсіп, өз ахуалына баға бере алмай қалады. Енді әрбір социум мүшесі «модернистік сананы» бойына сіңіріп, «модернистік уақытта» өмір сүруге тиіс болатын. Көркем әде­биет­тегі автор тұлғасының шығар­ма­шы­лық қарымы, қабілеті, қызметіне назар ау­дарылмады, оқырман алдындағы қа­дыр-қасиеті әдейі төмендетілді, сөз өне­рін­де қаһармандарға орын жоқ болды. Өнер атаулы модернистік және мо­дер­нистік емес деп екіге жарылды, екі тарап арасында күрес жүріп жатыр. Гума­ни­тарлық көзқарастық беделі қайтадан жоғарылай бастады, сөйтіп ХХ ғасырдың соңғы ширегінде басқа постмодернистік идеялар күш ала бастағаны мәлім. Постструктурализм мен деконструктивтік көз­қарастарға сүйенгендер саны артты. Мұнда да бұрынғы модернистік «бедел­дер­ді күйрету» басты мақсат болды. Дүниетаным енді түйсік, сезімдік елестер арқылы жаңа сапада суреттелді. Постмодернистер үшін «әлем – хаос» «дүние – мә­тін», «сана – мәтін» сияқты дихо­то­мия­лық ұғымдар төңірегіндегі ізденістер қызық еді. Жаңа заманда «ескіше» жазуға жол жоқ деп санаған олардың өздері пос­т­модернистік сана мен сезімталдықты дамытуға күш салды. Ағартушылық және реалистік әдебиет «алдамшы сана» қа­лыптастырады-мыс деп, «европалық дәс­­түрге» қарсы шықты. «Поэтикалық ой­лау», «поэтикалық тіл», «сарабдал су­рет­кер» сияқты ұғымдарға ерекше мән бе­ріле бастаған болатын. Сонымен бірге, «эпистемиологиялық абдырау», «автор­лық маска», «қосарланған код», пастиш, интер мәтінге әуестік, дисреттілік, нонселекция, метаәңгіме тәріздес ұғымдар шығармашылық үшін басты болып санала бастады. Постмодернистердің дені өнер мен әдебиетте адам моделін бей­не­леудің ешқандай мағынасы жоқ деген пікірді жақтауда. Тек «тілдік ойындар сая­саты» ғана «тілдік сананың» өтірігін әш­керелеуге қабілетті екен. Реализм тәр­бие­леген аңқау, сюжетке сенгіш, авторға ер­гіш оқырманға постмодернистік әде­биет­те орын жоқ еді, өйткені олар реа­лизм­ді мансұқтап, авангардтық  бағыт­тағы шы­ғармаларды қолдауда.

– «Ағым деген – дүниетаным», «Стиль деген – адам» дейді. Қазақ әдебиетінде қа­­лып­тасқан стильдер бар ма?

– Стиль – ауқымы кең термин, оны қа­лыптастыратын ұғымдар қатарында мә­нер, машық, дағды, ерекшелік, дара­лық, үйлесімділік, әдеби тіл, поэтикалық фигура, поэтикалық синтаксис, стилис­тика, жеке, жалпы, ортақ стильдер аталады. Әрбір белгілі суреткердін, әр әдеби бағыт пен ағымның, тіпті белгілі бір ке­зеңге тән стильдер анықталған, мұндай үр­діс ұлттық әдебиетімізге де тән. М.Әуе­зов­тің қаламгерлік мәнері, Ғ.Мү­сі­ре­пов­тің суреткерлік ерекшелігі, О.Бөкеевтің стилистикасы, Қ.Мырзалиевтің шығар­ма­шылық дағдылары туралы қызықты зерттеулер бар. Әдебиетіміздің жаңа буыны өз стилін анықтау үстінде, ондағы із­деністер әркімнің дара қолтаңбасын қа­лыптастыруға бағытталғаны маңызды. «Стиль дегеніміз – адам» деген пікірді француз жаратылыстанушы ғалымы Ж.Бюффон колданысқа енгізген екен, бірақ әңгіме адам қабілеттері мен мінез-құлқы төңірегінде болған. Ал әдебиет­ші­лер сол ойды көбінесе сөйлеу стилистикасына қатысты қолдануда. Қаламгердің өзін-өзіне және өзгеге таныту үшін жа­салған эстетикалық ізденістер жиын­тығы стиль құрайды деген пікір бар. Ал көп­ші­лік қаламгердің жазу мәнері мен ма­шы­ғын, әдеби модаға қатысын тілді қол­дану­дағы өзіндік ізденістерін стиль құрау­шы компоненттерге жатқызып жүр. Сурет­кер­дің көңілі қалаған, көкірегі ұйып, жү­регі иланған тақырыбын жазудағы ой иірімі, толғақты тебіренісі, сезім серпілтуі де стиліне әсер ететіні дау туғызбас. Стиль­ді «айтылым типі», «идеялық – та­қырыптық негіздер көрінісі» деп бағалау кез­деседі. Көркем туындыларда әдеби стильден гөрі публицистикалық стильдік ба­сым болып бара жатқандығы алаңд­а­та­ды. Жоғары, орта, төмен стильдерді ара­ластыра қолдану өзін-өзі ақтай бермес, Дара ой дара стильді талап етеді деген көзқарасты қабылдауға болар. Қазіргі қазақ прозасында таптаурын тақырып көбейгендей, шығармашылық амал-тә­сілдердің дені өз дәрежесіне, мүмкіндігіне сай тиімді қызмет ете алмай отырғандай. Ойды орнымен қолдану, керек сөзді дір еткізіп өз орнына қою сиректеу. Ұзақ-со­нар баяндау, сылдыр суреттеу, бедерсіз бей­нелеу, орынсыз әуезе, дидактикалық сентенциялар көп кездесуде. Оралымды стиль оқырман үшін ойлап табылады ғой, сондықтан стилизацияға жиі баруды рецептор қауым қабылдай бермейтіні мәлім болар.

– Қазіргі қазақ әдебиетіндегі  ізденістер қай деңгейде? Құрбандыққа баратын ең­бек­тер жасалып жатыр ма?

– Қоғамдағы іргелі өзгерістер тұ­сын­да, өтпелі кезеңде өнер атаулы әуелі абды­рап қалып,артынан өткенді ақылмен шо­лып, ертеңге үмітпен қарай бастайды. Қа­зақ әдебиеті де осындай күйді бастан кешіріп отырғандай. Постиндустриалдық дамудың адам мен қоғамға әсері әрқилы. Сөз өнеріне деген оқырмандық сұраныс азайғанының да шығармашылыққа әсер-ықпалы белгілі ғой. Осындай уақытта ұлт­тық әдебиет өз миссиясын атқару үшін іштей дайындық үстінде сияқты, алдағы уақытта осындай шығармашылық ши­рығудың нәтижесін көрерміз.

– Сіз бір кезде «Шолпанның күнәсін» біз­ге басқаша талдап бергенсіз. Қазақ әде­биеті осы жиырмасыншы ғасырдың ба­сын­дағы алғашқы үлгілермен даму керек еді деген пікір көп айтылады. Біз социалистік реа­лизмді жазу арқылы қаншалықты ұтыл­дық? Неден айырылдық?

– Өркениет заңдары өткенген ойлана қа­рауды діттейді. Соцреализмді әдебиет та­рихынан сызып тастау оңай, ал сол ың­ғай­да жазылған «Абай жолын», «Қан мен тер­ді», «Махаббат қызық, мол жылдар» сияқ­ты оқырманның қызыға оқыған жүз­деген шығармаларын қайда қоясыз. М.Ма­қатаевтың, Қ.Мырзалиевтің, Т.Мол­да­­ғалиевтың қазіргі күнде ерекше ықы­лас­қа бөленіп отырған туындылары да сол кезеңнің жемісі ғой. Әрине, қабілеті кем қаламгердің билікке жақын болу үшін жазғандары бар. Ал шын дарын иесі қай кезде болсын, қандай шығармашылық әдіс қолданса да өз ой-арманын оқушы­сына жеткізе алған. Саяси сұранысқа сай тап­сырыспен жазылған, жаттанды ұран­дарға толы шығармалар өзі-ақ айналымнан шығып қалар. Соцреализмге бар пәле­ні үйіп тастаудан гөрі, оның жетістік-кем­шілігін жас буынның жете білгені оры­нды болар. Алаш ұранды әдебиет пен тең­дік ұранды әдебиет арасындағы қым-қиғаш тартыстарды байсалды бағалау керек. Алаш арыстары ұсынған балама ұлттық шығармашылық бағыт-бағдарды соцреализм түбірімен жоя алмады. Ғ.Мү­сірепов сияқты тұлғаның бертінірек уа­қытта өз ұстазы Ж.Аймауытовты өмір бойы үлгі тұтқанын айтқаны мәлім, сырт­­тай кеңестік жазушы болып көрінген талай аға буын өкілдерінің алаш арыстарына деген ішкі құрметін өзімен бірге ала кеткені жасырын емес. Соцреализмді қа­зіргі күнде ешкім жарнамалай қоймас, ол тарих еншісінде. Алайда, сол кезеңде ұлт­тық әдебиетте әлемдік сөз өнеріне тән бар­лық жанрлардың қалыптасқанын, ақын-жазушыларымыздың әлемге та­ныл­ғанын, көркем аударманың өсіп-өн­генін ұмытпаған дұрыс болар. Реализм көр­кем ойлаудың өзіндік әдісі екені анық, сондықтан соцреализм-көркем сана мен танымның кезеңдік көрінісі. Оның ши­нелінен шыққан қаламгерлер әлі де ортамызда, ал сана мен түпсананы өз­герту оңай емес. Типтік характерді тип­тік ортада көрсетуге деген талаптың нор­ма­ти­визмге ауысып кеткені аталмыш әдіс­тің дағдарысқа ұшырауына себеп бол­ған.

Шолақ белсенділік, әдеби желік, айт­қанға көне сал, жұмсағанға бара сал деген бағдарды алдымен түсінген, қапысыз меңгергендер болған. Жарытып мақтап, ба­тырып даттауды кәсіп қылған гра­фо­ман­дар табылып жатты. Әлеуметтік әб­жіл­­дік пен дүрмек, саяси қақпақыл, жиі өз­гер­ген ресми уағыз әдеби алаңғасарлық­қа, желөкпе желіпіністерге, рухани бой­күйездікке, кейде әумесерлікке ұрындыр­ға­ны жасырын емес. Сонымен қатар, та­ра­зы талғам, ұшқыр қиял, әлеуметтік байыптылық, рухани байсалдылық та осы кезеңде аз байқалған жоқ. Даңқ қуған даңғазалық пен кәсіби бақастық, алауыз­дық пен арызқойлықтың  сілемдері де шы­ғармаларда жатыр ғой. Осының бәрін қа­зақ авторларының деніне тән деп айт­қан дұрыс емес шығар, бірақ жоқ деген де жараспас.

– «Роман жазу үшін өмірбаян керек». Романға татитын өмір сүрмесең, оны жаза алмайсың. Қазір роман жазу оңай боп кеткен сияқты. Жүз, жүз елу бет жазып роман дейтін болдық. Шын мәнінде, көлемге бай­ла­нысты болмаса да, соған татитын тағдыр, жүк болу керек емес пе? Осы жағынан ал­ған­да қазіргі қысқа романдар қаншалықты жанр көркемдігіне жауап бере алады?

– Роман жазу үшін алдымен қабілет, да­рын, шығармашылық қуат керек. Та­қырып төңірегінде толымды ақпарат, оны игеретін білім-білік пен зерде, осының бәрін шығармашылық ұстанымға сәйкес қол­дана алатын шеберлік те қажет. Өмір­баяны бар, бірақ романы жоқ қаламгерлер де бар ғой. Роман жазу әркім үшін міндет емес. А.Чехов әңгіме шебері ретінде тари­х­та қалды ғой. Минироманға деген әуес­тік әлем әдебиеттерінің көбінде байқалады, оған қойылатын талап қатаң. «Теңіз сыры – тамшыдан» деген нақылды ұмытпайық. Мәселе қампиған көлемде емес, мазмұнды пішінде және пішінді мазмұнда. Авто­биог­рафизм мен псевдобиографизмге әуестік өзін ақтай бермес.

– Жалпы, көркемдік  деген не? Қазір осы көр­кемдік те жоғалып бара жатқан сияқ­ты?

– Осындайда бір ойшылдың айтқаны ес­ке түседі. Ол әрбір сөзде кем дегенде екі ма­ғына болатын мәтінді көркем шығарма деп есептеген. Айтылған (эксплициттік) гөйден гөрі айтылмаған (имплицитті) ойы көбірек шығарманы көркем дей­тіндердің уәжі тереңде. Көркемдік – қа­сиет емес, ол сапа деңгейі дегенмен келіс­пей көріңіз. Әрине, көркемдіктің қа­был­дау мәдениетіне, түсіну деңгейіне, ба­ғалау парқына тығыз байланысты еке­нін ұмытпаған дұрыс. Образды ойлау, «буулы сөзің, буынсыз тілің» (Абай) жоқ жер­де көркемдік туралы ой айтуға болар ма екен

– Дүниежүзі  әдебиетінен  қазақ әде­биеті кем емес деген пікір көп айтылады? Осы пі­кірді  неге сүйеніп айтады? Қанша­лық рас?

– Әлемдік әдебиет деген шартты ұғым, ол ұлттық әдебиеттерден тұрады ғой, ендеше қазақ әдебиеті де осы санатқа кі­реді, ал әдебиеттер арасындағы ықпал­дастық, сабақтастық олардың дамуына оң әсер етіп отыр. М.Әуезовтей, Ш.Айт­ма­товтай суреткерлері бар ұлттық әде­биеттер артта қалды деп кім айта алар. Та­ғы да осындай тұлғалар тәрбиелеуге не­гіз бар ғой. Тек ізденіс пен ынта-ықы­лас, күш-жігерді қамшыласақ болар. Әде­биеттер арасындағы иерархия салыс­тырмалы екенін ұмытпаған абзал.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір