«Үміт ұшқынынан» басталған үлкен жолдағы қаламгер
12.07.2023
539
0

Қазақстандық ұйғырлардың бір ғасырлық көркем әдебиетінің тарихына қарайтын болсақ, ол – қазақ әдебиетінің ажыратуға болмайтын бітеқайнасып кеткен бір бөлігі. Авут Мәсимов – бітеқайнасып кеткен сол бауырлас екі елдің әдебиетіндегі көрнекті тұлға.
Авут Мәсимов 1953 жылы 16 наурыз күні Шелек (қазіргі Еңбекшіқазақ) ауданы Қаратұрық ауылында диқан отбасында өмірге келген. Сол ауылдағы Калинин (қазіргі Авут Саттаров) атындағы орта мектепті бітірген. Ол Алматы қаласындағы 4-баспаханаға жұмысқа тұрып, сол жерден әскери борышын өтеуге кетеді. Сол жылдары «Боевое знамя» газетінде алғашқы мақалалары басылады. Онан соң республикалық «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттерінде қызмет істейді. Кейін Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы баспа ісі техникумының техникалық редактор бөлімін де сырттай оқып бітіреді. Бір жағынан оқи жүріп, бір жағынан жаза жүріп қаламгерлік шеберлігін одан ары ұштай түседі. Теориялық және практикалық білімін ұштастыра білуі болашақ жазушының кәсіптік беттеуші, майталман журналист болып қалыптасуына жол ашады. 1976 жылдан кейін ол республикалық «Коммунизм туғи» (қазіргі «Уйғур авази») газетіне ауысып келіп, корректорлар бюросында қызмет істейді. Білімі мен тәжірибесін қатар жетілдірген ол кәсіптік корректор, журналист, секретариаттың басшысы қатарлы міндеттерді атқарады.
А.Мәсимов «Коммунизм туғи» (қазіргі «Уйғур авази») газетінің секретариатында еңбек еткен жылдары балаларға арналған «Үміт ұшқыны» атты арнайы бет дайындайды. Сол жылдары оның ел ақсақалдары, елеулі тұлғалар, еңбектің үздіктері, дәуірдің қаһармандары, замана саңлақтары туралы жазған ондаған очерктері мен тереңнен толғаған жүздеген мақалалары баспа бетінде жарық көреді. Ол қоғамның дамуына кедергі келтіріп отырған әртүрлі жаман әдеттер мен жағымсыз мінездерді сын тезіне алып көркем публистикалық шығармалар мен ащы фельетондарды бірінің артынан бірін жазады. 1988 жылы оның баспагерлік саласындағы қызметі өз лайығында бағаланып, Қазақстан Журналистер одағына мүше болып қабылданады. Өзіне жүктелген міндеттің салмақты әрі жауапкершілігі ауыр екенін сезінген Авут аға мұнда да мінсіз қызмет көрсетті дейді оны жақсы білетіндер. Осылайша, оның атқарып отырған жұмысының нәтижелі екенін байқаған басшылық оған деген сенімін арттыра түседі. 1991 жылы Қазақстан Жазушылар одағының жанынан шыға бастаған «Арзу» журналына қызметке алынады. Ол ұйымдастырылған жаңа басылымның жауапты хатшысы ретінде білек сыбана кіріседі. Өте қысқа ғана уақытта өмір сүрген «Арзу» журналы 1995 жылға дейін ұйғыр халқының өткені мен бүгіні туралы құнды материалдар береді. Тарих пен мәдениетке байланысты көптеген оқылымды дүниелер жарыққа шықты. Ұлтымыздың рухани мақтанышына айналған озық тұлғаларды тоқтаусыз таныстыруды жалғастырады. Журналдың кейінгі кездердегі формасының көркейіп, мазмұнының баий түсуіне А.Мәсимовтің қосқан үлесі зор. Камал Һасамдиновтің «Денсаулық туралы әңгімелер», Абдумежит Дөләтовтің «Ақ терек, көк терек», Дилшат Рәйһановтың арап графикасын үйренуге бейімделген «Бірінші билік» кітаптарын басып шығаруда ол шешуші рөл атқарып, сауатты, сапалы кітаптың жарыққа шығуына үлесін қосты.
Авут Мәсимов өз кезінде қыз-келіншектерге арналған «Ынтызар», балаларға арналған «Жас ұрпақ», «Тарту» және «Қош көңіл» баспаларының, «Азия бүгін» қатарлы республикалық тәуелсіз газеттердің, сондай-ақ 2012 жылдан бері шығып келе жатқан «Ғунчә» (Гүл қауызы) балалар журналының бас редакторы міндеттерін атқарды. А.Мәсимов атқарған шаруалардың тағы бір қыры рухани шығармашылық жұмыстар, ұлттық әдебиетіміздің бөлінбес бір саласы балалар әдебиеті деуге болады. Сол арқылы ұрпақ бойында адамгершілік, мейірімділік, отаншылдық секілді сезімдердің қалыптасуына күш салды. Ұлттық асыл құндылықтардың терең тамырлануына көп тер төкті. Ол туралы жасап жүрген жұмыстары мен өлшеусіз еңбегін көзіқарақты оқырмандар мен зиялы жұрт өкілдері жақсы біледі. Қазіргі кезде балалар әдебиетінің қоғамымызда атқаратын қызметі де маңызды. 2021 жылы «Балалар әдебиеті жылы», 2022 жылы жалғасты «Балалар жылы» болып белгіленіп, мүмкіндігінше қолдау көрсеткенін білесіздер. Бала туралы шығарма жазу екінің бірінің қолынан келмейді. Ол үшін бала табиғатын, баланың мінезін, жан дүниесін жақсы меңгерген дұрыс. Әне, сол талаптарды толық орындап жүрген қаламгердің бірі – біз сөз етіп отырған Авут Мәсимов деп айтар едім. Оның жалпы оқырмандарға арнап жазған сын-сатираларынан бөлек балалар әдебиеті оған өте жақын жанр екенін байқадық. Оның «Дастарқан», «Апта және он екі ай», «Хат құпиясы» хикаяттары, «Белгілердің бәстесуі», «Саусақтардың ойыны» секілді суретті кітаптары, «Ағмихан» осы заманғы ертегілер жинағы, «Ақ бұлт» (әңгімелер, өлеңдер, ән сөздері және ноталары) жинағы атап айтуға тұрарлық. Оны балалардың арман тілегін, қарапайымдылығы пен алғабасарлығын, көркемдік пен тазалығын, құштарлық пен ізденгіштігін жетілдіретін туындылардың жинағы деуге болады. Жазушының «Бес күн бос, екі күн демалыс» атты кітабындағы хикаят, әңгіме, монолог, минатюра сияқты жанрлары арқылы адамдарда кездесетін әртүрлі қателік-кемшіліктерді, мінез құлықтағы жағымсыз әдеттерді сын нысанасына алып, ажуалайды. Шығу қайнарын болғызбауға, оның таралуынан сақтануға үндейді. Қалам найзасымен түйреп, шабыт қанжарымен шабады. Бұл кітаптың аты айтып тұрғандай іші толған уытты ажуа, езу тартқызатын юмор. Әне, сондықтан да ол шығармасы Уйғур меценаттары тарапынан тағайындалған «Илһам» әдеби сыйлығын еншіледі.
Оның әңгімелері 2010 жылы «Литературный Казахстан» журналында орыс тілінде, 2012 жылы «Хат құпиясы» хикаяты «Жұлдыз» журналында қазақ тілінде жарық көрді (аударған Дәулетбек Байтұрсынұлы). 2011 жылы жазушының сценарииі бойынша «Сырлы сезім» фильмі әуесқой режиссер Бавдун Амутовпен бірлесе отырып түсіріліп, көрерменге жол тартты. 2012 жылы ақын Патигул Мәхсәтовамен бірлесіп күлкі шеберлері Сәнжәр Баратов, Жамалидин Розиев, Ахмоллам Мамировты еске алуға арналған «Уйғурша киноконцерт» айдарымен «Сәба шоу» дискісін жарыққа шығарды. 2017 жылы Қуддус Қожамия­ров атындағы мемлекеттік академиялық Уйғур театрының сахнасында «Өмір шырыны» спектаклі сахналанып, көрермен назарына ұсынылды.
Авут Мәсимовтің шығармашылық өрлеуі соңғы жылдарда да, әдебиеттің сан алуан жанрлары бойынша жарқырап көріне бастады. Оның туған жеріне арналған «Қаратұрық – ұлы мекен» атты кітабында туған өлкесінің көп жылғы тарихында жеткен жетістіктері, артықшылықтары көрнекті түрде көрсетіледі. Қаратұрық жетілдірген, тәрбиелеген ғалымдары, жазушылары, жан-жақтылы хатқа түсіріліп, олардың ел өміріндегі абзал тұстарын жеткізе жазыпты. Бұдан сырт жазушының Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына бағышталған «Сеғиш» атты романы, екі томдық «Жадымдағы жазбалар» эссесі, астарлы мақалалары қаламгердің көп жылғы еңбегінің нәтижесі ретінде жарыққа шығып, оқырманға жол тартты. Аталған шығармаларда кешегі өткен және қазіргі қоғамның шын сыры, қалтарыс-бұлтарысы ашыла түседі. Аға буын ардақты жандар мен еңбегі елге сіңген айтулы тұлғалардың өмірлері, жасап кеткен жұмыстары тізбектеле баяндалады. Бұл шығармалары да өзі көздеген мақсатына жетеді. Оның бұл тынымсыз еңбектері бізді де риза етіп, мақтанышымызға айналуда. Авут Мәсимов – қазірдің өзінде тек ұйғыр әдебиеті ғана емес, бүкіл Қазақстан әдебиетінің гүлденіп көркеюі үшін қызмет етіп келе жатқан қаламгер.

Рахметжан ЮСУПОВ,
филология ғылымының кандидаты,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір