АҚЫН – ЖАСТАР АРАСЫНДА
04.08.2026
18
0

Ұлттық әдебиетті насихаттау, поэзия арқылы жастардың танымын арт­тыру, отансүйгіштікке баулу, кітап оқуға деген қызығушылықты күшейту және ұрпақтар сабақтастығын жалғау мақсатында Алматы қаласы Наурызбай ауданы Комьюнити-жастар орталығында ақын, публицист, әдебиет сыншысы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Болат Шарахымбаймен шығармашылық сыр-сұхбат кеші ұйымдастырылды.

Іс-шара Наурызбай ауданында тұратын жастар мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ және С.Демирел атындағы қазақ-түрік университеті студенттерінің қатысуымен өтті.
Кеш барысында қонақтың өмір жолы мен шығармашылық қызметі қысқаша таныстырылып, оның қазақ әдебиетіне қосқан үлесі туралы айтылды. Ақынның поэзиясындағы терең философиялық астарлы ой мен адамзаттық, ұлттық құндылықтар жан-жақты сөз болды.Жиналған қауым оның «Рухтың оралуы», «Кісікиік», «Ақынтас пен сұңқартас» секілді белгілі шығармаларынан үзінділер оқып, көрерменге керемет рухани көңіл-күй сыйлады.
Кеш аясында қаламгер шығармашылығына арналған көрменің таныстырылымы өтіп, онда кеш иесінің поэзиялық жинақтары мен публицистикалық-зерттеу еңбектері ұсынылды.
Кештің маңызды бөлімінде ақынның қоғамдық-қайраткерлік қызметі де қатысушылардың назарынан тыс қалмады. Әсіресе, 1986 жылы Алматыда өткен әйгілі Желтоқсан көтерілісіне қатысып, қоршауда қалған қаршадай бір қазақ қызын жазалаушы-солдаттардан қалай арашалап қалғаны, одан кейінгі уақыттарда Желтоқсан тақырыбына терең бойлап, үш томнан тұратын зерттеу еңбегін оқырмандар ерекше атап өтті.
Іс-шара соңында Қазақстанның құрметті жазушысы Болат Шарахымбай оқырмандар тарапынан қойылған түлі сұрақтарға жауап берді.

Гүлназ ДҮЙСЕНБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір