ДИПЛОМАТИЯ – ӨНЕР
20.05.2016
6221
0

Сулейменов Т.С.Тәуелсіздігіміздің жиырма бес жылдығына орай, еліміздің тұңғыш Сыртқы істер министрі (1991–1994), елші, саясаттану ғылымының докторы, профессор Төлеутай CҮЛЕЙМЕНОВ мырзадан газетімізге сұхбат беруін өтінген едік. Ондағы ойымыз – қазақ дипломатиясының тарихы жайында, дипломат мамандығының еліміздегі маңызы мен мәні төңірегінде әңгіме өрбітіп, егемендік алған тұстағы шетелдермен байланыстың қалай орнатылғаны, тарихи шешімдердің қалай қабылданғаны туралы сұрау еді. Егемендікті енді алған тұстағы сындарлы сәтте мемлекетімізді тұсауы жаңа кесілген сәбидей жетелеп, төрткүл дүниеге танытуға тырысқан қайраткер бізге бірден келісімін берді. Келетін уақытын пысықтап, мекен-жайымызды сұрағанда бұл кісінің тек мәдениетті саясаткер ғана емес, ел тағдырына елгезек мемлекетшіл азамат екенін аңғардық. Сөйтіп, сауалымызды дайындап, келетін уақытын асыға күттік. Межелі мезгіл таяғанда ағамызға хабарласып, мекен-жайды тағы да түсіндіріп жатырмыз. Ол кісі редакцияны таба алмай, адасып жүргендерін айтып, тұтқаны көлік жүргізушісіне ұсынды. Орыс тілді жүргізуші қала көшелерінің жаңа аттарын білмейтінін ескертіп, ескіше атауларын сұрап әлек, біз түсіндіріп әлекпіз. Бірақ қанша түсіндіріп баққанымызбен, қонақтарымыз бізді таба алмады. Сөйтсек, ол кісілер Астанада, ал біз Алматыда екенбіз-ау… Сонда да дауысынан еш реніштің табын білдірмей, сауалдарды электронды пошта арқылы жолдауымызға болатынын айтты. Ақыры жүзбе-жүз отырып әңгімелесудің орайы келмегендіктен сұрақтарымызға пошта арқылы үн қатты. «Айналайындар, менің жауабым осы, қате кеткен тұстар болса, үстінен қарап шығасыңдар ғой», – деген бір ауыз сөзінен ағалық мейірімімен бірге өз ісіне аса ұқыптылығы аңғарылатын дипломатқа риза көңілмен алғысымызды айттық.


– Егемендік алғаннан кейін елдің дип­ломатиялық корпусы қызмет ете бастайды. Сол бір тарихи тұстағы сыртқы дип­ло­­матиялық жұмыстың әліппесін ашу сіз­ге бұйырды. Мұндай жауапкершілікті іс тек бірен-саран қазақтың еншісіне ти­гені белгілі. Тәжірибеде жоқ нәрсені құру, бас­тау оңайға түскен жоқ шығар. Кадрлық тұрғыдағы жетіспеушіліктерді ше­шу қа­лай жүзеге асты? Қандай сынақ­тар болды?

– Биыл Тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл толады. 1991жылы 16 желтоқсанда мемлекетіміз  Қазақстан Республикасы болып жарияланды, тәуелсіз, еркін ел атанды.  Тізгінін қолына жаңа алған мемлекет алдында қандай жолмен даму керек  деген сияқты қиын мәселелер тұрды. Сол тұста Қазақстанның тәуелсіз дипломатиясы жаңа парақтан басталды. Ал жаңадан бастау, ол әрқашан да қиын­ға түседі. Өйткені, тәжірибедегі жоқ нәр­­сені жаңадан құру, қалыптастыру оңай шаруа емес. Сол уақыттары ҚР СІМ ай­тар­лықтай үлкен бола қойған жоқ, құра­мында он-ақ адам еді. Алдымызда екі үлкен мақсат тұрды. Біріншісі, түрлі халықаралық ұйымдарға мүше болып, Қазақстанды халықаралық қауымдас­тық­қа таныту. Екіншісі, шет мемлекеттермен ынтымақтастықты орнатып, экономикаға инвестиция тарту.  Бұның екеуі де оңай шаруа емес. Себебі, бізде дипломатиялық инфра­құрылым деген мүлдем жоқ болатын. Бірде-бір мемлекетте не елшілігіміз, не консулдығымыз болмаған-ды. Ал елші­лік ашып, онда дипломатиялық қыз­меткерлер ұстау үшін әуелі қаржы керек. Бізде қаржы тапшы-тын. Ұлттық банкте алты келі кү­міс жатты. Мұндай жауап­кершілікті сәтте іркіліп қалмай, сыртқы саясатта көп мәселелерді шешу керек болатын. Әрине, сыртқы саясатты жүз­ге асыратын мемлекет басшысы екені анық. Елбасының алдында қандай жолмен даму керек, мемлекетіміздің дең­гейін  халықаралық аренаға қалай шығару керек деген сұрақтар тұрды. Біз егеменді, демократиялық, еркін, нарық­тық экономикасы дамыған мемлекет болуды басты мақсат етіп қойдық. Мақ­сат­қа жету үшін халықаралық тәжірибе  қажет екені белгілі.  Сондықтан Қазақ­стан­ға өзі­нің ұлттық мүдделерін қорғай  отырып,  шетелдермен қарқынды  дип­ло­ма­тия­лық, достық қарым-қатынастар орнату  керек болды. Әрине, халық­аралық қатынастарда дос та, дұшпан да жоқ, тек ұлттық мүдде ғана бар екені анық. Ал дипломатия –  ол өнер. Саясат, экономика, мәдениет саласында достық қатынастарды орната білу өнері. Бірақ бұл екінің бірінің қолынан келетін өнер емес. Себебі, халықаралық қатынас  зергерлі, жауапты жұмыс талап етеді.

Сонымен осындай жауапты шаруаға бел шешіп кірісіп кеттік. 1992 жылы мау­сым айында Қазақстан дипло­ма­тиялық қа­рым-қатынастарды орнатып, бізді 50-ден астам мемлекет таныды. Уақыт өте келе, мемлекет халықаралық құқықтық субъекті, егеменді  мемлекет ретінде мойындалып, БҰҰ, ЕҚЫҰ деген сияқты әмбебап ұйымдарға мүше болды.

– Саясаттанушылар пікірі бойынша сіз білікті маман екеніңізді көрсеттіңіз. Сіздің кезіңізде Республикадағы ең ал­ғаш­қы Сыртқы істер министрлігінің құ­рылу, өрлеу, өркендеу дәуірі болды деп ести­міз. Басқа мемлекеттермен халықара­лық деңгейде үйлесімді негізде байланыс орнатудың жолын ашқан екенсіз. Сонымен бірге қарамағыңыздағы қызметкерлер­дің әлеуметтік жағдайына көңіл бөліп, баспанамен қамтамасыз ету жағын қа­да­ғалапсыз. Мұндай қамқорлық қазіргі көп шенеуніктен табыла бермейтіні несі?

– СІМ-нің қалыптасуы, оның дамуы, басқа мемлекеттермен  дипломатия­лық қатынастарды орнату,  халықаралық қоғамдастықтарға кіру – оңай шаруа ем­ес еді. Ол үшін, ең алдымен жұмыс кад­рлары, дипломаттар, елшілер қажет болатын. Ал сол тұста Қазақстанда ондай мамандар болған жоқ. Оларды дайындау, оқуты, үйрету  қажеттілігі туындады. Кеңес Одағының  СІМ-де жұмыс істеген қазақтан шыққан жиырмадан астам дипломат бар еді. Шетелдік елші­лік­терден, консулдықтардан  елімізге мамандар шақыра бастадық. Одан өзге ЖОО-да Халықаралық қатынастар факультетінен  қабілетті мамандарды, шет тілін білетін мұғалімдерді шақыр­дық. Дипломатиялық кәсіпке мамандану үшін, шет тілдерін, хаттама ісін үй­рену үшін шетелдерге мамандар жіберіле бастады. Көп мамандар Қытай, Үндістан, Ұлыбритания, Египет, Иран, Италия, Вен­грия секілді мемлекеттерге үш және алты айлық тағылымдамадан өтуге жіберіліп отырды. Алматы қаласындағы қазіргі ҚазҰУ-дегі Халықаралық қаты­настар факультеті болашақ жас дипломаттарды дайындау мақсатында сол тұста ашылған. Осы факультетте ми­нис­тр­лік басшылығымен Халықаралық қатынастар, дипломатиялық хаттама, халықаралық құқық, консулдық қызмет туралы дәрістер оқытылып тұрды. Кадр­ларды дайындау дипломатиялық қызметті өткізу үшін керек болды.

– «Адам елші болып тумайды, ел­ші­лікке еңбек арқылы жетеді» депсіз бір сө­зіңізде. Елшінің басты ұстанымы не болу керек?

– Ол рас, адам дипломат болып тумайды, ол дипломаттыққа еңбек арқылы жетеді. Кез келген адам дипломат бола бермейді. Дипломаттың жүрегінде Отанға деген кіршіксіз махаббат болуы тиіс. Ол Отанын шексіз сүйетін, туған елінің ұшқан құсы мен аққан суын, әрбір тасын қадірлейтін, оның мүддесін қорғау жолында басын бәйгеге тіге алатын батыр, әрі мемлекетшіл тұлға болуы тиіс. Отанын сүймейтін адамнан мықты дипломат шықпайды. Елші болу үшін алдымен өз елінің тарихын, әдебиетін, мәдениетін, өнерін, салт-дәстүрін, георафиясын, экономикасын, шаруашы­лы­қ­тың жағдайын, әрбір өңірдің ерек­ше­лігін  жақсы білу қажет. Дипломат болу ол – үлкен өнер. Елші – елінің айнасы.

– Бір ауыз сөзбен дауды да, жауды да тоқтатқан қазақ халқының хандық дәуір­дегі және тәуелсіздік кезеңіндегі диплома­тия­лық қарым-қатынастарының ерек­шелік­терін қазір қалай бағалаймыз? Екі алып мемлекеттің ортасында ымыраласа күн кешкен, түркі дүниесімен де байланыс орнатқан бабаларымыз ерте кезде-ақ дала дипломатиясын қалыптастырып үлгергені анық. Бабалар ұстанымын қазір қан­ша­лық­ты зерттеп, зерделей алдық?

– Әр заманның өз тарихы бар. Қазақ халқы өзінің төл тарихын, туған жерін, тілін, дінін салт-санасы мен ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрін құрметтеуді, оларды көзінің қарашығындай сақтап, қастерлеуді ұрпақ бойына сіңіріп өсіруді әдетке айналдырған. Атадан қалған мол мұраны зерттеп, зерделеп, бойымызға сіңіріп, сақтап, ертеңгі күнге жеткізу біз­дің борышымыз.  Ұрпақтан-ұрпаққа аманат ретінде жалғасып келе жатқан осы дәстүрді сындарлы сәтте сабақтау біздің пешенемізге жазылыпты. Қазақ­тың қанында бар дипломатияны біз бүгін одан әрі дамытып, үлкен жетістік­тер­ге жетіп отырмыз десем де болады. Барлық  дипломатиялық тәжірибелерді мемлекет үшін, оның болашағы үшін қолданып келеміз. Қазақстанда әлемнің 100-ден астам мемлекетінің  елшіліктері, консулдықтары ашылып, жұмыстарын атқарып отыр.  Олармен өзара саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени салалар бойынша қарым-қатынастар орнатылуда.

– Рим, Париж мұражайларынан Х–ХV ғасырларда араб елдерімен, Қы­тай­мен дипломатиялық байланыс жасаған қазақ елшілерінің қолмен салынған кес­кіндемесі табылды. Демек, қазақ дипло­матиясының тарихы әлі де терең зерттеуді қажет ететін тың тақырып деген сөз. Қазір әлемде дип­ло­матия тарихына көп көңіл бөлінуде. Мәселен, өзбектер сыртқы саясат тарихын Түрік қағанаты дәуірінен бері қарай тарқататын көрінеді. Ал бізде бұл  қай ке­зең­нен бастап оқытылады?

– Тәуелсіздігімізді алғаннан бері тарихшыларымыз дипломатия тарихына көп көңіл бөліп, зерттеу үстінде. Се­бе­бі, біз өз тарихымызды, жүріп өткен жолымызды білуіміз керек. Қазіргі кезде біз оны Мәңгілік елмен байланыстыра қарастырамыз. Қазақ дипломатиясы тарихындағы құнды деректер жастарымыз үшін таптырмас өнеге. Біздің ал­ғашқы дипломаттарымыз деп Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билерді айтуға болады. Олар өз дәуірінде дипломатиялық қарым-қатынастарды бейбіт түрде орната білген еді. Өздерінің елшілерін, өкіл­дерін басқа мемлекеттерге жіберіп тұра­тын. Сауда-саттық қатынастарды ор­нату үшін, өзінің хабарламаларын жеткізу үшін, хаттамалық жұмыс ұйымдастыра­тын, шетел елшілерін қабылдап, жан-жақ­ты қатынас орнататын. Өздерінің өкілдері арқылы басқа мемлекет  басшы­ла­рына сыйлықтарын, сый-сияпаттарын жіберетін.

– Кеңес Одағы мен Сауд Арабиясы арасында жарқын дипломатиялық байланыс орната білген Нәзір Төреқұлов «халық жауы» деген жаламен оққа ұшқанын ес­тігенде араб королі қатты ашуланып, өзге өкілетті елшіні көргісі келмейтінін айтыпты. Сөйтіп, Корольдік дипломатия­лық байланыстарды қайта реттегісі келген Ста­линнің, Хрущевтің, Брежневтің, Гор­ба­чевтің өтінішіне құлақ аспай қойған кө­рінеді. Тек Қазақстан тәуелсіздігін алып, елшілікке жер сұраған кезде ғана «Елші мырза, сіздердің жерлеріңіз дайын тұр. Бұл жер сіздерді 70 жыл бойы күтті» деп жауап берген көрінеді ел ханзадасы. Осы оқиға бізді біраз ойға жетелейді.

– Әрине, Нәзір Төреқұлов біздің мақ­­танышымыз. Кеңес Одағы кезінде Сауд Арабиясында  елші болып жұмыс істеген. Ол екі мемлекет арасындағы байланысты нығайтуда, сауда қарым-қатынастарын дамытуда үлкен үлес қос­қан тәжірибелі маман, өз ме­мле­кетінің мүддесін қорғай білген мықты  сая­саткер еді. Аз уақыт ішінде түрік, араб тілдерін жетік меңгеріп үлгерді.  Біздің мемлекетімізде және дипло­ма­тия­лық корпуста аса Құрметті азамат болды. Оның өнегелі ісі кейінгі ұрпаққа үлгі болса игі.

– Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің сыртқа шығып тіл табысу қабілеттері таң­ғаларлық. Орыстармен дипломатия­лық байланыс кезінде олар қай тілде сөй­лес­ті. Шет тілін білді ме, әлде сыртқы сая­­­си қатынасқа жарайтын тіл болды ма?

– Менің ойымша, сол уақыттағы «билер кеңесі» көп тілдерді, сонымен бір­ге,  тарихты жақсы білген секілді. Ол­ар­ды қазақ халқының  бірлігін нығай­туға үлкен үлес қосқан, мемлекет және қоғам қайраткерлері деп атауымыз керек. Ди­пломатиялық байланысты орнатуда араб, парсы, өзбек, қыпшақ тілдерін қол­данған. Үш жүздің ішіндегі шешуі қиын, ең күрделі мәселелердің басы-қасында жүріп, хандардың сенімді ақылшысы, халықтың ханға бергісіз биі болған Қазыбек әркез батыр жинап, ел шаппай, қылыш сілтеп, оқ атпай-ақ ақылымен жол тауып, ел бірлігінің ем­шісі бола білген тұлға.

– Қазақ әдебиетінде дипломаттардың образы жасалған жоқ. Қазақ журналис­тикасында да дипломатиялық қызметке барлау, зерттеу жасала қоймады. Бұл дип­ло­матия саласының маңызын жетік түсіне алмауымыздың себебі ме?

– Дипломатия – басқа мемлекеттермен қарым-қатынас орнату өнері деп алдында айттым ғой. Тәуелсіздік алғанға дейін  дипломатия саласында тәжірибе­міз болмағандықтан  да бұл мамандардың образы зерттелмеді деп ойлаймын. Тәуелсіздікті алғаннан кейін, Елбасы бұйрығымен дипломат  шетелде өз мем­ле­кеті атынан өкілдік ететін лауазымды тұлға болып саналды. Ал қазіргі таңда дипломаттың қызметі анық. Елшілері­міз­дің дипломаттық қызметтерінің арқасында, біздің ел әлемде танылып келе жатыр. Бүгінде Қазақстан көптеген халықаралық мәселелерді шешуге бел­сен­ді атсалысады, БҰҰ, ЕҚЫҰ, Ислам Мемлекеттері ұйымы, ЕЭҚ  деген сияқты ұйымдарға мүше.

– Қай елдің болсын елшісі өзге елге барғанда өз ана тілінде сөйлейді. Ал біздің дипломаттарымыз неге қазақ тілінде сөй­ле­мейді? Мемлекеттік іс қағаздар ана ті­лінде жүруі тиіс. Бұл қаншалықты жүзеге асып жатыр?

– Егер ол барған мемлекетте оның тілінде сөйлемесе, барлық елшілер өзге ел­ге келіп, өз ана тілінде сөйлей алмайды. Ал біздің жағдайымызда, қазақ елшілері өз тілінде сөйлей алатын еді, бірақ өзге елдің елшілері қазақ тілін біл­мейді, өйткені, қазақ тілі халық­аралық деңгейде таралмаған.

Мемлекеттік іс-қағаздарға келсек, бұл болашақтың ісі. Қазіргі таңда бұл мәселе біртіндеп шешіліп келе жатыр. Бірақ бұл мәселені тез арада жүзеге аса­тын іс емес. Уақыты келгенде бәрі өз ор­нына қойылады деп ойламын. Бастысы асықпау керек. Бірақ ең бастысы біз бір-бірімізбен қызметте, отбасымызда қазақ тілінде сөйлесуіміз керек. Өсіп келе жатқан жастар, бүлдіршіндер қазақ тілінде сөйлеуі тиіс. Сонда біртіндеп бар мәселе реттеледі.

– Ядролық қарудан бас тарту Қазақ­станның сыртқы саясатының дамуына себепші болды деп жатады. Сол оқиғаның басы-қасында жүрген адам ретінде бұл туралы не айтар едіңіз? Кей кісілер ядро­лық қарудан бас тарту біздің қателігіміз болды деген пікірлерін дәлелдеумен келеді. Егер одан бас тартпағанда осы күнгі жағдайымыз қалай болар еді?

– Нұрсұлтан  Әбішұлы елдің тізгінін қолға алысымен-ақ Семей полигонын жапты, ядролық қарудан бас тартты. Осының барлығы Қазақстанды әлемге бейбітсүйгіш мемлекет ретінде танытты. Нәтижесінде халықаралық қауымдас­тық­тың бізге деген сенімі нығайды.  Бұл өз кезегінде ұлттық экономикамызға инвестиция құйылуына жол ашса, екін­ші жағынан елдегі тұрақтылық пен тыныштықты сақтауға ықпал етті. Қазір Қазақстанда Ядролық отын банкін құру жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Осының барлығы елімізді ядролық қарусыз әлем құру жөніндегі көшбасшыға айналдырды. Бұл үлкен жетістік.

Бұл мәселеде біз шалыс басқан жоқ­пыз деп ойлаймын. Ядролық қарулардан бас тартып, өзіміздің тәуелсіз мемлеке­ті­мізді, экономикамызды құруға күш салдық. Өз жолымызбен жүріп, үлкен жетістіктерге жетуге тырыстық, жеттік те. Ядролық қарудан бас тартқаннан кейін, бес ядролық қаруы бар ел біздің гарантымыз болды. Бетін ары қылсын, қандай да бір жағдай бола қалса олар біздің территориялық тұ­тастығымыз бен қауіпсіздігімізге кепілдік береді. Сондықтан ол пікірлер қате дегім келеді.

Шынын айтқанда, егер ядролық қарудан бас тартпағанда, қазіргі жағ­дайы­мыз қиын болатын еді. Біріншіден, ол ядролық қаруды өзімізде қалдырсақ, бүкіл әлем бізге қарсы шықпай ма? Батыс мемлекеттері бізге экономикалық соғыстар жарияламай ма? Екіншіден, шетелдік инвестициялар қазіргідей Қазақстан экономикасына құйылмай­тын еді. Үшіншіден, нарықтық экономикасы қалыптасқан, еркін, демок­ра­тия­лық мемлекет бола алмайтын едік. Төртіншіден, қазіргі Солтүстік Корея жағдайындай біздің мемлекет те Батыс­тың ядролық арсеналының көздеуінде болатын еді.

– Бірыңғай экономикалық кеңістік құру ел экономикасының тәуелсіздігі үшін аса қауіпті деп шырылдайтындар көп. Шынында Кедендік Одаққа мүше болу біз үшін қажеттілік болды ма, әлде мәж­бүрлік пе?

– Менің ойымша, бұл мәжбүрлік емес. Кедендік одаққа мүше болуға Елбасының өзі ұсыныс жасаған. Кеден­дік одақтан кейін Кеңес Одағының бірегей экономикалық кеңістігі құрыл­ды. Кедендік салықтарсыз Капитал қозғалысы мен жұмыс күшінің қозға­лы­сы, осының барлығы біздің экономика­мыз­дың дамуына үлкен үлес қосты. Кіші және орта бизнеске үлкен жол ашылды. Және жалпы экономиканың дамуына мүмкіндік туды.

– Бүгінгі дипломаттардың іскерлік, мәмілегерлік саладағы жетістігі қан­ша­лық­ты? Олардың ел дамуына қосып жат­қан үлесі туралы айтсаңыз.

– Дипломаттар Қазақстанның басқа елдермен сауда экономикалық байланысына жәрдемдеседі. Шетел инвестицияларын тарту, бірлесіп жұмыс жүргізу үшін оларды Қазақстанға шақыру және әр түрлі жобаларды іске асыру мақса­тын­дағы қыруар шаруалар дипломат­тар­дың еншісіндегі іс. Олар Қазақстан­ның экономикасы туралы, кіші және орта бизнестегі мүмкіндіктері жайында мәліметтер дайындайды. Сондай-ақ, перференциялар (пұрсаттылық, кәсіп-о­рын­дардың қызметіне қолайлы жағдай жасау мақсатымен мемлекеттің оларға жеңілдіктер мен басымдықтар беруі), шетел компаниялары ұсынатын жеңілдіктер жайында айтады. Еліміздің экономикалық дамуындағы жетістік­тер­де біздің дипломаттарымыздың үлесі орасан.

– Ел  тағдырына қатысты тарихи ше­шімдер қабылдаған жайттар көп болған шығар. Мемлекеттің ұстанымы арқылы атқарылатын мәселені қаншалықты дұрыс атқардық деп ойлайсыз? Осы күні қап сол кезде неге былай жасамадым деп өкінетін сәттер кездесе ме? 

– Менің ойымша, шетелдермен дип­ло­матиялық қатынасты орнатуда қате­лес­пеген секілдіміз. Әсіресе, ядролық қарудан бас тартқанымыз, Еуразиялық экономикалық одақ құрғанымыз өзі­міз­ге пайдалы шешімдер. Қазақстанның даму жолында  ядролық қаруды таратпау саясатын жүргізуде, халықаралық ядро­лық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде балама болған жоқ. Бұл біздің еліміздің, халқымыздың ең тиімді даму жолы еді.

– Еуропаның он бір мемлекетінде елшілік қызмет атқарыпсыз. Қызмет  жолыңызды еске алғанда езуіңізге күлкі үйіретін, қызықты сәттер көп болған шығар. Былай тартсаң өгіз өлетін, былай тартсаң арба сынатын қиын тұстар да кездескені ақиқат. Ондай кезде ең бірінші нені назарға алатын едіңіз?

– Елші ерекше жағдайларда жұмыс істейді. Олар – шетелдегі төтенше және өкілетті өкіл болғандықтан қандай қиын  жағдай болса да асықпай, сал­мақты шешім қабылдауы тиіс. Жағдай­ларды бағалауда, жобаларды дайындауда қиыншылықтар болып тұратыны рас. Алайда, оның басты мақсаты ұлттық мүддені сақтай отырып жұмыс істеу. Себебі, оның артында бір мемлекеттің мүддесі тұр. Өз елінің жақсы атына нұқ­сан келтіретін жағдайларға аса сақтық­пен қарағаны жөн. Сол себепті, елші өзге елде өз елінің патриоты, өз халқы­ның қорғаушысы ретінде ойлануы, со­ған сай шешімдерді қабылдауы керек.

– Біраз өміріңіз шетелде өтті. Жат жұртта жүргенде отбасыңызбен қай тілде сөйлестіңіз? Балаларыңыз бөтен елде қа­зақы дәстүрден ажырап қалады-ау деген үрей болды ма? Елге деген сағынышты қалай жеңетін едіңіз? Сіздің ойыңызша шетелде көп тұрудың  пайдасы мол ма, әлде зияны басым ба?

– Дипломат тағдыры өзгелерден бас­қаша болады екен. Дипломат жай ғана ма­мандық емес. Ол өзін әуел бастан ше­тел­дегі жұмысқа, елден жырақ өмірге дайын­дайды. Әрине, отбасы, балалары, туыс­тары жайлы ойлайды, сағынады. Егер нағыз патриот болса, ешқашан өзінің тілін, дәстүрін ұмытпайды. Отбасында ана тілінде сөйлеседі. Балаларын да отансүйгіш рухта тәрбиелейді. Отанға, туған-туыс, дос-жаранға деген сағыныш болмауы мүмкін емес, қызметің солай болған соң, шыдамасқа шараң болмайды.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан
Айнара АШАН.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір