ЖАЗУШЫ ЖӘНЕ ЖАЛҒЫЗДЫҚ
20.05.2016
4139
0

DSC_0471(НҰРҒАЛИ ОРАЗДЫҢ «ТҮНГІ ЖАЛҒЫЗДЫҚ» ӘҢГІМЕЛЕР ЖИНАҒЫ ХАҚЫНДА)

Әдебиетте көлемі шағын, қысқа болса да көтерер жүгі ауыр әрі кінәмшіл келетін жанрдың бірі – әңгіме. Біздің көбіне көлемді шығармалар роман, повесть жазатын авторларға немесе жазушылардың үлкен туындыларына назарымыз ауып кетеді де, олардың әңгімелері негізгі нысанадан тыс қалатыны да жасырын емес. Жазушыларды кең тынысты шығармаларымен бағалау әрі есте сақтау заңдылық та болуы мүмкін. Бірақ шағын әңгімелердегі қолтаңбалары бәрібір өзгеше боп тұратынын да мойындау ләзім. Әңгіме жанрында аты қалған авторлар туралы айтқанда  А.Чеховтың тосын шешімдеріне, Б.Майлиннің суреткерлігіне, С.Мұқановтың оқырманын тыңдаушысы сияқты ұйытып әкететін әңгімешілдігіне, С.Мұратбековтің шынайылығына, Т.Нұрмағамбетов кейіпкерлерінің қожанасырлығына таңдану, таңдай қағу барша оқырманға ортақ. Бұл авторлардың бағы да осы – әңгіме жанрында өзгелерге ұқсамайтын өз стильдерін қалыптастырды. Ал бүгінгі қазақ жазушыларының арасында дәл осы жанрда өзге қатарластарынан көбірек қалам тербеген Нұрғали Оразды айту ләзім.


Нұрбек ТҮСІПХАН 

Жазушы әңгімелеріндегі қайнаған өмір, арпалысқан сезімдер, күйініш пен сүйі­ніш, қуаныш-қайғы көріністері ал­ма кезек ауысып, оқырманды бей-жай қал­­дыр­майды. «Боранбай барон – теріс ағаш­­­тағы» Боранбай немесе «Көк­те­рек­тің ба­зарындағы» Бәйдібек сынды кейіп­­кер­лерге ұқсас жандар әр ауылдан кез­деседі жә­не ондай таныс мінездерді кі­таптан оқып отырғаныңызда еріксіз жы­­ми­ға­ныңыз­ды аңғарар едіңіз. «Ақ тыр­на­лар­дың ұясы» дейтін әңгімені оқығанда, әсі­ресе тоқсаныншы жылдар­дағы эко­но­микалық дағдарыстың салдарынан іш­кілікке салынып, бала-шаға, отбасына ие бола алмай қалған, өзіңіз білетін талай азаматтардың кейпі көз ал­дыңызға елес береді. «Әпкем, жездем және мен» шығар­ма­сындағы тұрмыстық кеп талай оқыр­манның басынан өткені анық.Біз мұндай ойға жазушының «Түн­гі жалғыздық» дейтін әңгімелер жи­­­­нағын оқығанда тап болдық.

Жинаққа енген жиырмадан аса әңгі­ме­лерін шартты түрде «қала мен дала хи­каялары» десе де болғандай. Алғашқы алты-жеті әңгімедегі оқиғалар қалада өте­ді де, одан кейінгі жазғандарының кө­­бі ауыл тұрмысынан алынған сюжет­тер­ге құралады. Бірақ екі ортаны да жа­зып отырған автордың тілі ауытқуды біл­мейді. Яғни баяндаушының, әңгі­ме­шінің оқиғамен бірге елітіп өзгеше жол із­деп, қала мен дала адамдарына тән тіл­­дік қолданыстарды топтастырып әу­ре-сар­саңға түскенін көрмейсіз. Бір қа­лып, бір стиль. Бұл – өз бағытын, қа­лыбын тап­қан жазушыға тән ерекшелік деу­ге ке­леді. Әңгімелердің бәрінде дер­лік ав­тордың өзі жүреді. Шығарма­лары­ның ар­қауы – өз басынан өткерген, се­зінген, қуан­ған немесе күйінген, таң қал­ған оқи­ғалар. Балалық махаббат, бір сәт­тік қы­зығушылық һәм құмарлық, туыс­тық қа­тынас, тұрмыстық орта сынды әлеу­меттік тақырыптарды қамтыған әң­гі­ме­ле­рі мемораттық тәсілге жақын. Ал «Қазығұрт оқиғасы», «Жылқының көз жа­сы», «Сақалды қыз» сияқты әң­гі­ме­ле­рінің айтары басқа. Өзге шығар­ма­ларына тақырыптық тұрғыдан да, идея­лық жа­ғы­нан да қабыспайды, басқаша рең бар.

«Қазығұрт оқиғасы» ашаршылық жыл­­дарында жесір қалған әйелдің бір ұл, бір қыз екі кішкентай баласын ар­қа­лап Ра­баттағы төркініне қарай жаяу жол­ға шы­ғып, аштықтан жүре алмаған қы­зын да­лада қалдырып кеткені туралы баян. Шығармаға параллелдік желі – ке­зінде ті­рі қалған ұлының ондаған жыл­дардан соң жол апатынан қайтыс болып, қаралы көштің тағы да Рабатқа қарай жолға шы­ғуы және тағы да Рабатты таба алмауы. Бірінші оқиғада әйел жалғыз, жанында ақыл сұрар ешкім жоқ. Демек, оның адасуы, жол таба алмай, өз ата-ана­сына жете алмай шаршауы да түсі­нікті. Ал екінші рет­кі қаралы көштің, «қара жолағы бар ав­тобустың» соңында шұбырған көлік­тер­дің, ондағы ондаған, тіпті жүздеген ер адамдардың жол біл­меуі – ақылға сыймайды. Марқұмның «денесін туған ауылына апарып көмуін» сұраған соңғы ары­зын орындаушылар елдің, жердің жайын білмей, бағытсыз-бағдарсыз жүре беруі қисынсыз дер едік. Аштық оқиға­сын­дағы әйелдің жол бойында көрген азабы, қиналысы, ұрпақ са­бақтастығын ойлап ұлын арқалап, қы­зын жылатып тас­тап кетуі көркемдік шын­дық тұр­ғы­сында әсерлі сюжет. Тіп­ті, мұның тарихи шындығы да бар болуы мүмкін. Өйткені, дәл осындай сипаттағы оқиғаны әде­биет­танушы ғалым Мекемтас Мырзах­мет­тің де бала кезі туралы айт­қан есте­лі­гінен естігенбіз. Ғалым сон­да анасының жолда қасқырларға қызын қалдырып, ұлын, яғни өзін аман алып қалғанын ай­тып кемсеңдегені де көз алдымызда. Бақ­сақ, ашаршылық жылдарындағы ауыр әрі азапты күндерде мұндай оқи­ға­лар Қазақстанның әр өңірінде болғанға ұқсайды. Демек, Нұр­ғали Ораз қаламы­нан туған «Қазығұрт оқи­ғасының» тарихи ­шындығына дау жоқ. Тек, «аштық жол аза­бына» параллел «қаралы көштің жол аза­бы» арасын­дағы байланыс әлсіз, қи­сыны нанымсыз. Қандай қара жамылып отырса да қазақ әйелдері қабір басына бар­майтыны бел­гілі. Осы ретте мар­құм­ның анасы мен жа­рының жерлеуге кетіп бара жатқан топ­пен бірге жолға шығуы да автордың қиялынан туған қосымша сын­ды.

Жинақтағы «Гольф алаңының маңын­­­­дағы үй» дейтін әңгімені де оқыр­манды сендіре алатын шығар­ма­лардың қатарына қосу қиын. Әсіресе, гольф ойнап жүрген «қарны қабақтай, беті та­бақ­тай» адамды мазақ етіп күлген ойын жа­сындағы балаларына жекіген әке мен шешенің қылығы орынсыз көрінді. «Әуелі өздерің сондай болып алсаңдар­шы» деген ана мен «Сен сондай әкім болсаң қанеки?! Күнде қолыңды сүйіп, бас­қан ізіңе тәу етіп жүрмес пе ек?!» де­ген әке сөзін қабылдай алмайсыз. Ойын ба­ласына өзгені үлгі тұтып ұрысушы ата-ана әдетте оларға өздерімен қатар, құрбылас балаларды көрсетуші еді. Ал гольф ойнап жүрген әкімдей болмадың деп сөгу балалар мен ата-ана арасындағы қарым-қатынасқа келіңкіремейді. «Өмір­де сондай да түсініктегі ата-аналар бар ғой» деп ақтауға жол жоқ. Өйткені, шы­ғарманың көтерген жүгі әке-шеше мен балалардың қатынасы емес, әкім мен алаң маңындағы үйін қорғаған отбасы арасындағы күрес туралы. Бұл жо­лы да күшті жеңіп, әлсіз тапталып қа­лады. Әуелде «Біз өз баспанамызды қор­ғаймыз» деп гольф алаңына баратын жол­ды жауып тастап, наразылық көр­сет­кен отбасының кейін өз еріктері­мен үй­ді босатып беруге мәжбүр болуы да бү­гінгі ақпарат құралдарынан күнде кө­ретін оқиғалармен үндес. Жазушының өзі өмір сүріп отырған ортасындағы осын­дай оқиғаларға сергек қарап, елге­зектік танытуын құптамауға болмас. Ал оның көркем шығарма түрде нанымды жазылуын талап ету басқа әңгіме.

Әңгіме жанрының кінәмшіл екені кө­біне шығарманың шешімдеріне байланысты айтылса керек. Мысалы, А.Че­хов әңгімелерінің көбі тосын, оқыр­ман күтпеген қалыпта аяқталады. «Смерть чиновникадағы» түшкіргені үшін кешірім сұрай берген кейіпкердің үйі­не келген соң өліп қалуы оқырманның ойын сан-саққа жүгіртеді. Не үшін өлді? Өлмей-ақ қойса да болатын еді ғой дей­тін оқырман мен автор арасындағы іш­тей тартысты да бастан кешіресіз. Неме­се, М.Әуезовтің «Көксерегіндегі» қас­қыр­дың балаға шабуын «табиғи заңдылық» деп ұғасыз да, келіспеске амалыңыз қал­май­ды. Ал Т.Нұрмағамбетовтің қожа­насыр кейіпкерлерінің қылық­тарына қарап отырып көзіңізден жас шыққанша кү­лесіз де «солай болуы керек қой енді» деп қостайсыз. Алайда, осы авторлардың кез келген әңгімелерінің шешімі пуб­лицис­тикалық пайымға ұрынса қалай қа­былдар едік? Жоғарыда айтқандай «ама­л­сыз келісу», «автор мен оқырман арасындағы ішкі талас», таңданыс пен сүй­сіну болар ма еді? Көсемсөз бен көр­кем шығарманың ерекшелігі де осы жер­де – бір-біріне көлеңке түсірмеуінде жат­са керек. Осы ретте «Түнгі жал­ғыз­дық» жинағындағы «Биіктіктегі сұл­у­лық» әңгімесінің оқиғасы қызық болса да шығарма идеясын анықтап көрсету мақсатында айтылған соңғы бірер сөй­лем­нің басы артық екенін мойындау ке­рек. Пойызда келе жатқан үш азамат­тың бірі жол серіктеріне өзінің «бір қыз­ға бір күн ғана ғашық болған» оқи­ға­сын баяндап береді. Шығармадағы ғашық­тық, той, кейіпкердің «көзіне елесте­ген сұлу қыздар», тойда көрген қызды қалаға ертіп келіп жұмыс тауып беру сынды көріністері бір сөзбен айтқанда бетперде (маска) қызметін атқарады. Ал әңгіме өзегі жасанды сұлулық пен табиғи әсем­діктің арақатынасы. Тойда көрген сұлу қыздың ертеңінде косметикасыз бей­не­сінің сұлу болмай шығуы, қаладағы қо­нақ үй гүлзарындағы гүлдердің ауылға барып, тауға шыққанда көрген дала гүлдерімен салыстырғанда «хош иісі жоқ әсем букет» сияқты сезілуі, саф, таза ауа­да туып-өсіп, кейін қалаға кетіп, ауыл­ға қайта оралған жігіттердің тау ба­сында талып құлай беруі сияқты кө­ріністер  туындының махаббат  тақыры­бы емес, экологиялық мәні басым екенін аңғар­тады. Осындай оқиға желісі қы­зық­сыз деуге келмейтін әңгіменің соңы: «Сонда қалай болғаны, түтінсіз ауа, кос­метикасыз сұлулықтың бізге жат болып кеткені ме? Әлде, біздің өзіміз табиғатқа жат болып кеттік пе?!» – деп аяқталуы көр­кем шығарманың емес, публицисти­ка­лық мақаланың түйініне сай. Автор осы тұста шығарманың онсыз да айқын әрі түсінікті идеясын соңғы бірер сөй­лемдерімен бүлдіріп алғандай. Теп-тегіс тас жолда сырғып келе жатып жасанды кедергіден өткендей іркіліп қалғанымыз да жасырын емес.

Дәл осындай «кедергіге» «Қызыл іңір» әңгімесін оқығанда да кездестік. Бар өмірі мал бағумен өткен Ерекеңнің қартайған шағында қойдан қол үзіп, зері­гіп кетпесі үшін ауыл кітапханасына жұ­мысқа орналасуын баяндаған шы­ғарма кейіпкердің өз өміріндегі өзгеріс­терге бой үйрете алмауын әсерлі сурет­тей­ді. Бар өмірін мал соңында өткізген адамның бір сәтте басқа жұмысқа кірісіп кетуі де қиын. Бойынан қуаты кетіп, қар­тайған шағында өзін елеусіз, ескеру­сіз қалғандай сезінуі (әсіресе көмір алу­ға барғандағы ашуы) егде тартқан әр­кім­ге де таныс сезім. Алайда, сондай өз­­­­ге­рістерге кей жандардың тез бейім­де­ліп, жаңа өмір салтына жылдам көн­діге кететіні бар. Бірақ Ерекең олай ете алмайды. Тіпті, аз ғана уақыт кітапха­нашылық қызметін көңіліне місе тұтып жүргенінде сырттан келген бір реткі тек­серіс оның үнжырғасын түсіріп, көңі­лін құлазытып кетеді. Шығарма атауындағы «Қызыл іңір» сөзіне осы оқиғалар анықтама іспетті. Оқырман тез әрі оңай түсінеді. Дегенмен, автор олай ойламаса керек. Тіпті, «оқырман та­қы­рыпты түсінбей қалмай ма екен» дейтін ішкі қорқынышын (қорқақтық емес) сейілту үшін: «Сонда… сонда бұл өмірдің қызыл іңірі ме?.. Соңғы рет алаулай тү­сіп, көкірегінде көп арман оятып, ба­тар күндей байып, сөнуге жақындаған мез­гіл ме. Апыр-ай, ә, өмір шіркін де қы­зық-ау…», – дейтін сөйлемдерді әдейі қос­қандай. Бұл абзацты түгел алып тас­та­са да шығарманың шырайы кетіп, ма­ғынасы күңгірттенбейді. Тек, осы қал­пымен ешқандай анықтауыштық сөй­лемдерсіз-ақ түсінікті болып тұрған Ерекең өміріндегі «қызыл іңір» сәтке тіпті де қызыл бояуды үстемелей жақ­қан­дай әсер қалдырады.

«Түнгі жалғыздық» жинағындағы кейіп­керлердің көбі жалғыз. «Оңаша арал­дағы» әйелдің жалғыздығы, «Жыл­қының көз жасындағы» Абат қарттың жа­нын түсінетін жанның табылмауы, «Ке­рімсал ессе, келіншек мұңаяды», «Са­қалды қыз», «Түндегі жетім тамшылар», «Түнгі жалғыздық» сынды әңгіме­лер­дің өзегі – «адамдар арасындағы жал­ғыздық» деуге болады. «Оңаша арал» әң­гімесінің кейіпкері, жалғызбасты әйел­дің ішкі жан тебіренісі, көлденең өт­кен көк аттының өзін бір көргеннен арбап, алдап алғысы келетінін ойлап һәм есіне түсіріп азаптануы жалғыздық жанына батқан жанның кейпі. Сонда да келіншек кафедегі отырыстан соң өзін шығарып салған жігіттің «тұзағына» түс­­пейді. Бір сәт «несі бар, басым бос, жал­­ғызіліктімін» деп ар сотынан ақтал­мақ болса да, дәл сол сәттегі жақын кел­ген «күнәден» оны жалғыздық туралы ойы құтқарады. Ги де Мопассанның «Жалғыздық» дейтін әңгімесінде бас кейіпкер Сюлли Прюдом атты бір ақын­ның: «О трепет ласк людских! Как жалок твой удел, беспомощной любви бесплодная попытка достичь слиянья душ в сп­летенье наших тел…» – деген сөзін мысал ретінде келтіретіні бар. Нұрғали Ораздың  «Оңаша  арал» шығармасындағы келіншек те сан мәрте жалғыздығын тән жақындығымен бүркемелегісі келген әрекеттерінен ештеңе шықпағанын түсінеді. Жалғыздықты жеңудің жолы ол емес екенін ұғады. Автор да одан шы­ғудың жолын көрсетпейді, ақыл айтпайды. Міндетті де емес екені айтпаса да түсінікті. Осы шығармамен өзек­тес әңгіменің бірі «Түнгі жалғыздық». Жары жоқ келіншектің таң атқанша жалғыз­дықпен сырласуын және кемпірі қайтыс болып, қызы, күйеу баласы көп келе бер­мейтін қарттың жан сырын сю­жет етіп алған әңгімеде абстрактілі ұғым жал­­ғыз­дық кеш бата бала кейіпте пайда болып, бір түнде «бойы серейіп өскен» жігіт қалпына жетеді. Жинақтағы ең қысқа әңгіме болса да «Түнгі жалғыз­дықтың» бөгенайы бөлек. Өзге туындылар күн­делікті тіршілікке, өмірде бар адамдардың сезімдеріне негізделсе, бұл әңгімеде бас кейіпкер – «жалғыздық». Оның түн қараңғысында үй-үйді аралап, құлазып отырған жандардың жанынан табылатыны өзгеше мотив. Бас-аяғы бірер минутта парақтай салатын әң­гі­ме­нің алғашқы сөйлемдерінен-ақ «ты­­­ныштықпен бірге келген жалғыз­дыққа» ере жөнелесіз. Студент кезінде жақсы көрген жігітінің Желтоқсан оқи­ғасында таяққа жығылып, жазға жетпей қаза болуы­нан өзін жал­ғыздыққа әбден көн­дірген әйелдің сырына немесе түн ортасында қателесіп түскен біреудің те­лефонын шырылдатып, мазасы қаш­қан шалдың жалғыз­дығына куә бола­сыз. Бір анығы – шы­ғарма ақыл-ойыңыз­ға сал­мақ салмайды, керісінше Сіздің де жал­ғыздық туралы табиғи сезіміңізді (инс­тинкт) қозғайды. Бір әйел, бір шалмен бірге мұңайып, жетімсірегендей күй ке­шесіз. Алайда, әңгіме соңында таң атып, «тыныштықтан көз жазып қалған» жал­ғыздықтың тірші­лікке басқан жұрттың арасында елеусіз қалғаны Сізді де одан (жалғыз­дықтан) құтқарады. Шал дүкен­ге, әйел жұмысқа кіріскенін көріп Сіздің де шаруа­лары­ңыздың бар екені есіңізге түседі. Шағын ғана әңгімесімен жал­ғыз­дық мұхитына бір батырып алатын ав­тордың қалам­герлігіне күмән келтіре ал­майсыз.

«Түндегі жетім тамшылар» әңгіме­сінің желісі де жалғыздық. Бір қоғам, бір тәртіп, бір ереже болса да онда өмір сү­ре­тін адамдардың арман-мұратын күш­теп біріктіру мүмкін емес екенін айтқан туынды сюжеті ойнақы. Екі баласымен бірге шөп ұрлауға келген Жаңбырбайды күзетші әйел ұстап алып, қамап тастайды. Бір кездері автоләпкі болған қорап ішінде тұтқында отырған Жаңбырбай баласы ұйықтап кеткен сәтте жауып тұрған жаңбырдың тырсылымен бірге ой­ға шомады. Сондағы бір сәтте:
«…Кол­­­­хоз болып, мемлекет болып қауым­­дасып өмір сүріп келеміз дегенмен, адамдар да осы тамшылар сияқты. Сырттай қарағанда толассыз құйған жаңбырдай тіршілік, ал іштей зер салып, үңіле қарасаң, әрқайсысы жеке-жеке үзіліп түскен тамшыға ұқсайды… Со­дан да болар, әркімнің қуанышы да, қайғысы да, күлкісі де, көз жасы да – бә­рі-бәрі өзіне тән. Өзіне ғана тиесілі. Бі­реу ерте, біреу кеш үзіліп түседі. Бәрі де жалғыз, бәрі де жетім… Бірақ тіршіліктің жаңбыры бәрібір толастамайды…», – деген пәлсафалық ойлар жаңбыр басыл­ғанша Жаңбырбайды мазалайды. Жаң­быр­байдың жалғыздығы жоғарыда ай­тыл­ған әңгімелердегідей зарлы, қай­ғылы, мұңлы емес. Өзі ұрлыққа шықса да «Жаңбырбай ұрлыққа түскен күні жаң­быр жауды» деп әндеткісі келіп жүр­ген әпенделеу адам үшін қамауда қау­қар­сыз қалғаны бір сәт жалғыздық ту­ра­лы ойға жетелейді. Бірақ екінші ұлы келіп оларды босатып алған соң ішкі түңілу үмітке ұласып, баяғы көңілді қалпына тез оралады. Өмірдің талабы да осы – жан қиналып, азапқа түскенде жал­ғыз­дықпен жақынсыз, ауыртпалық­тың бәрі артта қалған сәтте көпшілсіз әрі көпсіз. Осы ретте Нұрғали Ораз шы­ғар­машылығындағы жалғыздықтың мә­ні ақын Жәркен Бөдештің:
«Тағдырлар бар сан алуан, ішінде құла, аласы.
Жалғыздықтан жаралған адамзаттың ба­ласы.
Данасы мен дарасын мәрмәр тасқа қа­шайды ел.
О, жалғыздық, жасай гөр, о, жалғыз­дық, жасай бер!» – дейтін өлең жолдарымен сарындас. «Өмір­де ақындардың бәрі жалғыз» екені поэтикалық асқақ рухта айтылса да кез келген адамның жалғыз­дықпен сырласар, мұңдасар сәті барын жазушы өз шығармашылығына арқау еткен. Сон­дық­тан өзінің айтар ойын анық­тап, та­қырыбын тапқан жазушы­ның өзіндік оқыр­маны да табылатынын ескеруіміз керек.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір