ЖАЛҒЫЗДЫҚ ФИЛОСОФИЯСЫ
28.07.2025
253
0

«Жұмекен қандай ақын?» деген сауалға оның шығармашылығымен танысқан әрбір адам жауап табар. Оны өзге ақындармен салыстырар. Қазақ поэзиясында онымен иықтас ақындарды іздер. Жұмекеннің даралық қасиет­тері туралы ойланар.

Жұмекен өлеңдері көзі тірісінде талқыға, талдауға түсті ме? Сірә, осындай іс жеткілікті түрде атқарыла қоймайды-ау деймін.
Жұмекен Нәжімеденов есімін 1967 жылдары ести бастадым. Басылым бет­теріндегі өлеңдерін оқыдым. Өзгеше ақын деген тұжырымға келдім. «Өлеңдерін балладалық мазмұнға құра ма, қалай?» деген ойда қалдым. Қазақтың дәстүрлі қара өлеңін Жұмекеннен таппадым-ау деймін. Поэзияны түсінеді-ау деген әріптес студент­тер «Жұмекен мықты екен», – десіп жүрді. Біздің ғұмыр кешкен кеңестік қоғамда «мықты ақынның» жолы болушы ма еді? Жұмекеннің де «айы аспанға шыға» қоймады. Өзге ақындар «алға» шыға бастады, ақындық бәсекеден гөрі жоғары жаққа «ұнау бәсекесі» үстем болып, жарнамаға іліккен ақындар шоғыры қалыптасты, оның ішінде, Жұмекен болмады. Жұмекеннің жақсы өлең жазып қоятыны бар «қара басып». Оның өлеңдерінде Кеңес үкіметін, партияны мадақтау, оның көсемдерін жырға қосу тым сұйық, тіптен жоқтың қасы, сондықтан ол қалайша «замана ақындары» қатарына қосылмақ, оны өзі де біледі.
Жай ақын жақсы ақынмен араласып,
Біреулер қатарынан барады асып.
Сыншылар сынағанмен,
Сен де кейде жап-жақсы
жазатынсың «қара басып».
Сонда «жақсы ақын» деген кім, «жақсы өлең» деген не? Сауалдар анықтауды талап етеді. «Жақсы ақындар» үкімет, партия тарапынан қолдау, марапат алғандар. «Жақсы өлеңдер» коммунистік тәртіпті, социалистік тұрмысты, еңбек озат­тарын жырлаумен өлшенген.
Бұл үрдісте Жұмекен жоқ, ол «қара басып» өзінше жап-жақсы өлеңдерді жазып жүр. Оның жақсы өлеңдерін тамсанып, таңданып оқитындар бар, бірақ таңданысып айқайлап айтуға дәрмендері жоқ. Заман басқа. Абайдың өзін ағартушы деп саяси мәнде дәріптеу­де. Бұл хәкім Абайға қиянат деп ешкім ара түсе алмауда.
Ақындық бәсеке, бәйгеде Жұмекеннен ке­йін келетін сәйгүлік ақындардың бір парасы, оның алдына түсіп кет­ті. Мұндай оқастықты, мүмкін, олардың да іштері сезетін шығар, бірақ заман саясаты оларды көтеріп кет­ті. Бәрі жарыса атақ алып, марапатқа ие болып жат­ты.
Осы тұста, оқырманға жақсы өлеңнің бір үлгісін ұсынайын.
Жалғызбын, кет­ті үй ысып,
Кеудемді ойлар кернейді.
Ақыл мен сезім сүйісіп
Жүрекке маза бермейді.

Өршиді көңіл, жан қызып,
Артықтау кетсем – ұялма.
Қанатын отқа малғызып,
Өртеніп ұшты қиял да.

Отырмын жанып өзім де,
Жалыннан ұшқын тарады.
Сол қиялдың көзінде,
Үмітім кетіп барады.

Жалғыздық деген – сын нағыз,
Жалғыз да болған жан емен.
Тұрамыз үшеу мұнда біз:
Тыныштық, арман және мен.
Мына өлеңге қандай сын бар?! Сын болу үшін мін болуы шарт. Осы өлеңнен мін тауып беріңіз. Бұл Жұмекен Нәжімеденовтің «Оңашада» деп аталатын өлеңінің төрт шумағы. Тұнып тұрған дүниетаным. Философиялық поэзия үлгісі. Ғалымдардың өздері түсініп, өзгелерге түсіндіре алмай жүрген асыл ұғымдары: Жалғыздық, Ақыл, Сезім, Жүрек, Көңіл, Жан, Ұят, Қиял, Үміт, Тыныштық, Арман – Жұмекен поэзиясында табиғи үйлесім тапқан.
Бөтен сөзбен былғанбаған тамаша өлең.

* * *

Тыныштық Алладан, арман адамнан. «Жүректің оты, қуаты қайдан?» деуші едім. Жұмекен ашып берді. Ол ақыл мен сезімнің сүйіскендігінен, жүрекке маза бермегендіктен, жүрек қуаты: ақыл мен сезім бірлігі екен.

* * *

Қиял қанатын өртке малып ап, өртеніп ұшады екен. Ойлаушы едім – қиял деген қолға тұрақтамайтын не нәрсе деп… Сөйтсем өртеніп ұшатын қасиеті бар екен, оны да Жұмекен ашып берген.

* * *

Үміт деген – өмір өзегі. Үміт – мақсат. Сол үміт қиялдың көзінде көрінуі айтылған. Япыр-ау, сонда үміт­тің қиялға, қиял жүрекке, Жүрек ақылға, сезімге… Мұның бәрі: тыныштық пен арманда табысады екен ғой! Поэзия тілі осылай дейді.

* * *

Жұмекен поэзиясы адамды таңдандырмайды, тамсандырады.

* * *

Жұмекен Нәжімеденов – өнерден өз еншісін алған ақын. Оның өлеңдеріндегі терең-терең ойларды теріп алып, жазып шығу бір кітаптың жүгі емес.
Түйдек-түйдек төгілген ойлар толқыны айтарыңды айт­қызбай әрі қарай іле жөнеледі. Теңіздің алғашқы толқыны жағаға жетіп жай тапқанымен, судан келесі толқындар пайда болып келе бермеуші ме еді?! Жұмекеннің жырлары да, дәп солай толқындатып таусылар емес. Өзінің осындай қуат­ты ақын екенін ол білген.
Сәл шыдай тұр ағайын,
мен өнерде енші алам,
Ұқсамайтын ешкімге
жаңадан бір жол салам.
Сай қуалап, жұрт құсап,
соқпақ қуман жымысқы,
Басқан ізін ешкімнің
аңдымаспын тіміскіп,
Керек болса ағайын,
нағыз бұлақ, нағыз ән,
Қара шыңның төбесін
тесіп тұрып ағызам.
Жұмекен ешкімге ұқсамаған, ешкімге еліктеп өлең жазбаған, оған да еліктеп өлең жазу мүмкін емес. Ол үшін ата-анадан Жұмекен боп Қошалақ мекенінде дүниеге келу керек.

* * *

Жұмекеннің сөз етіп отырған мына шумағы ақ өлең.
Бір адамдай айта алам-ау сөзді мен,
кейде от жат­ты
әр сөзімде шарыпсып.
Бірақ соның қақ жартысы – ақ өлең
Қара өлең – қақ жартысы.
Қара өлеңге ұйқас басты талап болған соң, буын санының сақталуы шарт . Ақ өлеңде ондай талап жоқ. Мысалға келтірілген шумақтың төртінші жолында сегіз буын, қалған жолында он бір, он екі буын. Сонда мәселе неде? Мәселе өлеңнің өзегі болған, қайнап жатқан ойларда, керемет теңеулерде, сөздің ерекше қолданыстарында, айғақты, қанық бояулы бейнелеулерде, бояудың мейлінше көптігінде, күнде айтылып жүрген сөздердің қолданылмауында, әр сөздің арқалайтын жүктерінің салмақтарында.
Ақ өлең ақындықтың тереңдігі, биіктігі, ой еркіндігі, сөздің көркемдігі.
Жұмекеннің өлеңдері өзі айт­қандай, «қақ жартысы ақ өлең, қара өлең қақ жартысы». Ол – қара өлең ауқымынан шығып кеткен. Оны шығарып тұрған ақынның қуаты, жаратылыс берген ерекше дарыны. Ол басқаша айта алмайды. Ақындықты ол ақ өлең арқылы айқындағысы келген, ол үміті іске асқан. Тыңдайық:
Бөрік кие алмаушы едім –
шаштың қалыңдығынан,
қара шыңым – оған да, әне,
әне қар түсіп,
Кет­ті ағарып
жел жақтағы жартысы.

Қара еменше қарсы тұрар жоқ шамам,
Жә, дегенмен мен емеспін шөп-шалам,
Үйіріліп көргенім жоқ ық жаққа,
Қарсы с-ипап жолбарысты түгіне
Азу үшін айналдырдым қыл жаққа,
Тырнақ үшін айналдырдым
қылжаққа,
Күшік теңеу құйрық бұлғап
бір жақта,
Қабылан – бояу қағынады бір жақта.
Едірейген әрбір түктің ығына
нем қалады берсем егер жығыла?!
Өшігетін болсам түбі кешірме,
суыйтұғын болсаң түбі жылыма!
Ақ өлеңде ой жеңеді. Ой ұйқасы басым. Ұйқас әрбір жолдың ішінде. Ақ өлеңнің сыры – ішінде. Жұрт­тың Жұмекенді «жұмбақ ақын» дейтіні сондықтан. Жұмекеннің ақындығы туралы тәуір сөз айт­қан Ғафу Қайырбеков. «Жұмекен жырларының тағы бір күрделі болып көрінетін себебі – оның өлең формасында». Ол – ақ өлеңге қатысты сөз. Ғафуды әрі қарай тыңдайық: «Жұмекеннің бүкіл ақындық жүйесі, тіл өрнегі, ойлау әдісі, образдар жүйесі. Адам портретінің галереясы, өз портреті, өзінің лирикалық геройы, өлеңнің таза техникалық түрі, үні, музыкасы, ырғағы, ағыны деген сенімді толып жатқан құралуды дәл сондай күрделі зерт­теуді керек етеді. Шіркін, Жұмекен поэзиясы туралы мектепте болсын, ЖОО-да болсын, арнаулы лекциялар оқылар ма еді, егер оқи алатын күн болса.
Жол жөнекей айтатын бір пікір – біздің жігіт­тердің біразы әдепті, әдемі сөйлеуге, жасанды күрделілікке бой ұрып жүр. Ол әлі пісіп жетілмеген ғой, алғыр ой, айқын шабыт қосылса – сөз маржанын өздері алып келеді. Абай «қуат­ты ойдан бас құрап, еркеленіп шығар сөз» дейтіні сондықтан.
Ғафудың осы жақсы ойларына «Жұмекен ескерткіші» деген өлеңнен үзінді қосып қоюды жөн көрдім.
Ұмытпаспыз, –
Ұмытпаймыз – дедік қой.
Өлгендерді ұмытпау да –
Бұл күнде
Қолдан сирек келе-тұғын ерлік қой!

Біз айтармыз –
Сені ғажап ақын деп.
Айтпап едік –
Енді айтуға батыл көп.
«Мәңгілікке барар жолдың үстінде
Жұмекен де
Кетіп бара жатыр» деп.
Бұл өлеңді Ғафу Қайырбеков 1985 жылы желтоқсанның он үшінде жазған. Одан беріде Жұмекен туралы бұрқырап шығып жатқан дүниелерді көрмедім. Сірә, ол заманын тосып жат­ты-ау деймін. Оның жұлдызы жанды. «Менің Қазақ­станым» тәуелсіз қазақ елінің Әнұранына айналды.

* * *

«Біздің ел осындай!». Аңызға айналған «Менің Қазақ­станым» осылай аяқталады. Аңыздың өзегі ақынның туған еліне деген шексіз ықылас-ниеті. Атамекені Қошалақтан басталған Жұмекеннің бала сезімі, Алматыға келгенде есейіп азамат­тық санаға ұласты. «Қазақ елі» деген ақынның ұранды сөзіне айнала бастады.
ХХ ғасырдың алпысыншы жылдары қазақтар өз елінде азшылыққа айналған. Орталық тың көтеру деген желеумен Қазақ­станға бөгде адамдарды миллиондап тасумен болды. Түпкі мақсат – қазақ халқының бірлігін бұзып, саяси бір орталыққа бағынған (Қазақ ССР-ін) қалпынан өлкелерге бөлшектеп, Патшалы Россия кезіндегі әкімшілік жағдайға қайта келтіру. Ол заманда қазақ елінің саяси тұтастығы жойылып, губерния-губернияларға бөлшектеніп кеткен болатын. Хакім Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, ұстарасыз аузыңа түсті мұртың, жақсы менен жаманды айырмадың, бірі қан, бірі май боп екі ұртың» – деген кезі.
Никита Хрущев (сол кез­дегі СССР басшысы) қазақ халқын бөлшектеп, оның біртұтастығын жоюды мақсат тұт­ты. Хрущевке керегі – қазақ халқы емес, қазақтың жері, астыққа бай Қазақ­станның солтүстік аймағы. Осы жымысқы саясат «тың көтеру» деген желеумен қарқынды жүріп жат­ты. Отызыншы, қырқыншы, елуінші жылдары қуғынға, қырғынға ұшыраған қазақ зиялыларынан ке­йін елде бас көтерер адам да қалмаған еді. Партия, кеңес қызметіндегі қазақ шенеуніктерінің дені Мәскеу саясатына «бас шұлғып», надан Никита Хрущев саясатын қолдап шыға келді. Басқа амал да жоқ, қолдан күш кеткен отаршылық дәуір.
Ел мұңы аңқып тұр. Әр аймақта қазақ азамат­тары наразылық білдіріп жат­ты. Оларды КГБ және жалдамалы қазақ коммунист-белсенділері тұншықтырып ұстады. Үн қату қауіпті. Сталин өлгенімен, оның ісі «өлмеген». Қырып-жою ашықтан-ашық болмағанымен, саяси қырағылық өктем жағдайда.
Мәскеудің саяси басшылары, идеологтары бұл кез­де қазақтарды қазақтарға қарсы айдап салу саясатын қарқынды жүргізе бастаған. Қазақтың ішінен шыққан «коммунист-көсемдер» (бұларды «шолақ белсенділер» деу әбден орынды) айдағанға көніп, рулық, жүздік пиғыл-қылықтарды өрістетіп жіберді. Социалистік трайболизм қанатын кеңінен жая бастады, орталыққа керегі де сол еді. Орталық трайболист коммунистері іріктеп билікке енгізе бастады. Халық мұның бәрін сезіп, біліп отырды. Амалсыздық орнықты. Шарасыздық нағыз азамат­тарды қан жылат­ты. Соғыстан ке­йін туған ұрпақтың сана-сезімінде ұлтшылдық ұшқындары айқын аңғарыла бастады. Бұл кез­де «Менің Қазақ­станым» деудің өзі қауіпті еді.

* * *

Соғыстан ке­йін өмірге келген ұрпақ, мұндай жағдайлармен келіспейтіндіктерін әр тұста білдіріп жат­ты. Осы психологиялық ахуалды дөп сезіне білген жас ақын Жұмекен Нәжімеденов «Менің Қазақ­станым» деген өлең жазды.
Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы.
Думанды бастады,
Далама қарашы.
Кең екен жер деген,
Жерге дән шықты ғой,
Дән егіп, терлеген,
Қазағым мықты ғой.
Назар аударыңыз! Биік нота! Алтын күн аспаны, алтын дән даласы. Сәл ертерек кез­де болса, Жұмекен ұлтшыл болып жазаға тартылып кете беруші еді. Өткен ғасырдың 60-жылдары сталинизм әлсіреген болатын. Большевик қазақтар да сәл-пәл ойланып қалған еді. Себебі жаңа ұрпақ өмірге ене бастады, олар қазіргі алпыстан асқан біздер болатынбыз. Ақынның: «Дән егіп, терлеген, қазағым мықты ғой» дегені – нағыз ұлтшылдық. Ол кез­де жерге дән егушілер тың өлкесін көтеруге келген өзге жұрт болатын. Жұмекен дән еккен қазақты мықты деп отыр. Бұл өткірлік, ұлтшылдық.
Ақын көкірегін кере «біздің ел осындай» деп жар салған. Бұл идеяға Жұмекен жалғыз келген жоқ, досы Шәмші Қалдаяқовпен бірге келген. Екеуін де қысқан – ел мұңы, ел тағдыры, жер тағдыры. Осындай елім бар, ол бақыт­ты ел деп бойға қайрат, жігер, қуат беріп, азамат­тардың намысын оятқан бұл өлең халық арасына мейлінше кең тарады. Себебі түсінікті. Жұмекен мен Шәмші соғыстан ке­йін дүниеге келген жас ұрпақтар легіне, олардың ұлт­тық сана-сезімінің оянуына дөп келді. «Менің Қазақ­станымның» жалғасы ретінде Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын» поэмасы өмірге келді. Ұлт­шылдық сезім толыса берді, ақыры ол 1986 жыл оқиғасына ұласты, одан 1991 жылғы Егеменді елге айналуымен мәреге жет­ті. 1986 жылғы оқиғаны біздің дұшпандарымыз дұрыс анықтап берген, ол қазақ ұлтшылдығының айқын көрінісі. Алаңға жиналған жастар «Менің Қазақ­станымды» айтып шықты.

* * *

«Менің Қазақ­станым» егеменді елдің Әнұранына айналды. Бұл табиғи жағдай.

* * *

«Менің Қазақ­станым» – тәуелсіз елдің Әнұраны. Мұны Жұмекеннің өзі көрмесе де, жұлдызы жанды. Соңына өшпес із қалдырған. Есімі мәңгілікке айналған тұлға. Александр Пушкин айт­қандай, өзіне көзі тірісінде ескерткіш қойған қазақтың тамаша ақыны.

* * *

Сөз соңында. «Бейнет биігінен» деген өлеңнің соңғы шумағына тоқталмақпын. Ақын айтады: «Мықты болсаң – шегесің, көк желкеңнен бір ұрып бетсіздіктің балғасы жібереді сіңіріп».
Мәселе мықтылығында, шеге болғандығында емес. Өмірде мықты адамдар баршылық, шегедей де азамат­тар жоқ емес. Мәселе бетсіздіктің балғасында, ол көк желкеңнен бір ұрғанда жоқ боласың. Әрине, жойы­лып кетпейсін, бірақ сені қажет­ті жерге сіңіріп жібереді, енді ол жерден бұлқынып, босанып көр. Құтыла алмайсың, шеге болып каласың, бас еркіндігіңнен айырыласың. Бұл тағдыр емес, бұл саған жасалған тиісті шара. Неге десең, сен мықтысың, еріктісің, ал балға ұстаған бетсіздік қауіпті.
Сонда бетсіздік деген нендей түсінік? Беті айқындалмаған дүлей күш. Бетсіздік деген – жеке-дара тұлғалық емес, ол заманның сыры, құпиясы ішіндегі жымысқы күші. Бетсіздік идеологиясы бетсіздерді топтастырады, ұйымдастырады, олар партия құрып саяси күшке айналады, сондай бетсіздік басымыздан кешкен Маркс-Ленин ілімі болатын. Бетсіздік саяси XX ғасырда туған ілім. Ол тобырларға арқа сүйеген ілім болатын, тобырда бет бола ма? Тобыр тұлғаны жұтып, жойып отырады. «Тентектегі сулардың теңізге өтіп жоғалған» деп Жұмекен айтпақшы, тұлғаларды шеге етіп, көк желкеден бір ұрып «сіңірген» соң, еркіндік тобыр идеологиясына өтеді. Кеңестік заманда солай болған, Жұмекен ақындық сезімімен осындай халді дөп басып баян еткен. Өлең соңында ақын:
Асыл дәнді сақтауға қауыз керек болады.
Азуды да сақтауға ауыз керек болады,– дейді.
Асыл дәнге қауыз керек. Табиғат солай жаратқан. Асыл жандарды сақтауға не керек?
Бұл Жұмекеннің сауалы.

 

Ғарифолла ЕСІМ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір