ОДАҒЫМ – КИЕЛІ ШАҢЫРАҒЫМ (эссе)
Биыл Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына табаны күректей 90 жыл толып отыр. Ғасырға жуық уақыт аралығында шығармашылық ұйым ұлт руханиятының алтын бесігіне айналды. Жазушылар одағы әр кезеңде Қазақ елінің шежірелі тарихын көздің қарашығындай сақтаушы ғана емес, ұлт әдебиеті мен мәдениетінің қайнар көзі бола білді.
Бүгінде 1 мыңға жуық қаламгердің басын біріктіріп отырған Жазушылар одағының тағылымды тарихы қазақ жазушыларының өмірі мен шығармашылығының тұтас дәуірін қамтиды. Осы орайда «Қазақ әдебиеті» газеті мерейтой мезетінде тұрып ұлт қаламгерлерінің Жазушылар одағы туралы, алдыңғы буын ақын-жазушылар мен замандас зиялылардың әдеби өмірінің жарқын сәттері туралы естелік-эсселер топтамасын жариялауды бастап отыр.
Алматыны танып болмаған кез. Қаланы аралап, әсемдігіне көз тойдырардай уақыт шіркін бізде қайдан болсын. Өліп-талып жүріп, тұяқ іліктірген студенттік өмірдің «жалына» жармасып, қайтсек шәкіртақыдан қағылмаймыз, жатақханадан қуылмаймыз деген мақсатты ғана ойлап, күндіз лекцияны қаза қылмай, түнде кітаптан бас көтере алмаймыз. Бір күні соңғы сабақтан соң жатақханада бірге жататын Сейдімбектің Ақселеуі университеттің бас корпусынан дауыс жетер жердегі Жазушылардың үйіне барып, көріп қайтуға ұсыныс жасады. «Жазушылардың үйі» дегенге олардың бәрі жиналып, бір үйде тұратын болар деп ойлап қалсам керек: «Ыңғайсыз болмас па екен?» – деппін. Мектепте жүргенде-ақ жазушы-ақындардың жаңадан шыққан кітаптарын балалармен кезекке тұра қалып оқып, ол ғана емес кітапханадағы шығармаларды қалдырмай түгендеп жүріп біраз қазақ қаламгердерінің аты-жөндеріне әбден қанық болғанбыз. Тіпті қазақшаға аударылған басқа елдің қаламгерлерінің біразын білеміз. Мұхтар Әуезов бір жыл бұрын қайтыс болып кеткендіктен, кітаптарын қалдырмай-ақ оқыған Ғабит, Сәбит, Ғабиден сынды сүйікті қаламгерлерімізді сыртынан болса да көріп қалармын деген дәмемен: «Жүр, ішіне кіре алмасақ, сыртынан болса да көріп қайтайық», – дедім.
Екеуіміз еңселі үш қабатты ақ ғимараттың алдына келгенде оның маңдайшасындағы «Қазақстан Жазушылар одағы» деген алтын түсті бояумен жазылған сөздерді оқығанда, бұл ғимараттың ақын-жазушылар тұратын үй емес, жұмыс істейтін мекемелері екенін біліп, қате пікірімді досыма айтпағаныма қуандым. Ішіне кірсек қалай болар екен дегендей, есік алдында тұрғанымызда шашы аппақ жігіт ағасы айқарма үлкен есікті ашып, тысқа шықты. Тани кеттік, өзіміз күні кеше ғана емтихан тапсырған «Қазақ әдебиеті» оқулығында өлеңдері мен суреті басылған Хамит Ерғалиев дейтін ақын еді. Екеуіміз жарыса сәлем бердік.
– Иә, қай баласыңдар? – деді ол жылы жүзбен бетімізге қарап.
– Студентпіз, Хамит аға. «Жазушылардың үйін» көрейік деп келіп едік.
– Жөн-жөн, қайда оқисыңдар?
– КазГУ-дің журфагіне биыл түскенбіз.
– Солай деңдер. Кіріңдер, көріңдер. Кім біледі, бір кезде сендердің де жиі-жиі келіп жүрер үйлерің болар, – деп басын изеп, қоштасудың ишарасын жасап, жүріп кетті.
Тілегіне іш жылып қалды. Бірақ «Ақын-жазушы ғып Құдай арнайы жарататын адамдардың қатарына қосылу деген қол жетпес арман ғой» деп ойлағаным рас.
* * *
Жазушылар одағының Алаш арыстарынан бастап, әдебиетіміздің Мұқаң, Ғабең, Cәбең сияқты алыптарының ізі қалған киелі қара шаңырақтың босағасынан аттаған сайын жүректі ғажайып бір күй билейді.
Бізді журналистика өнеріне университет баулыса, әдебиетке қадам бастырған екінші «университет» деп «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетін атар едім. Әрине, онда «Көркем шығарма былай жазылады», – деп ақыл айтып, лекция оқыған ешкім болған жоқ. Газет бетіне етектей-етектей мақалаларымыз шықса, соған мәз болып жүрген кез. Бас редакторымыз Шерхан Мұртазаев пен Қалдарбек Найманбаевтар – СССР Жазушылар одағының мүшелері (ол кезде солай аталатын). Екеуі Одақ үйіндегі жиындарға жиі қатысып, көзімізді қызықтырып жүреді. Әнес Сараев пен Оразбек Сәрсенбаевтар да Одаққа жиі барып, ондағы «Жұлдыз» журналы мен «Қазақ әдебиеті» газеті редакциясында қызмет істейтін ақын-жазушылар туралы әңгімелейтін.
Күндердің күнінде бір бөлмеде отыратын жігіттердің – Әнес, Оразбек, Ахат Жақсыбаев, Қуанышбай Құрманғалиевтердің әңгіме-өлеңдері газет-журналдардан көріне бастады. Қатар жүрген Кәрібай Ахметбековтің «Жығылсаң, нардан жығыл» деп роман жазып жүргені біліне бастады. Өткен ғасырларда өмір сүріп, би-шешендермен үзеңгі қағысып бірге жүргендей сөйлейтін Ақселеу «Бір атым насыбаймен» көрінді. Қалихан ағасы айтып үлгермеген Алтайының тау-тасы мен тайгасын, жігіт-желеңі мен жас-кәрісін түгендеп, Оралхан Бөкей «қара сөзбен жырлай» бастады. Газетке әдеби қызметкер болып орналасқан Кеңшілік Мырзабеков пен Жарасқан Әбдірашевтер де баспасөздердің бетінен тіл қата бастаған және бәрі де одақшыл. Жазушылар одағын айтамын. Тіпті түскі астарына дейін қалталары көтерсе, Одақ үйіндегі «Қаламгер» кафесінен ішіп, кәнігі қаламгерлермен тілдесіп қайтуға құмар.
Журналистиканың қан базарында бәріміз бірге тер төгіп жүрсек те, қатар жүрген достар шырайлырақ шығармашылық салаға ат басын жиі бұра бастаған соң жақсы мағынасындағы бәсекелестік пе, әлде өзіңді өзгелерден олқы көрсетпеу үшін бе, мен де: «Бісміллә», – деп, «Ашылмаған сыр» дейтін тұңғыш әңгімемді жазып, Қалдарбек ағайыма әкеліп бердім. Бірер сағаттан соң мақтап-мақтап, көп ізденсем, жап-жақсы жазушы болып кетуім мүмкін екенін айтып, әңгімемді өзіме қайтарды. Қайта қарап, түзетілген тұстарына ой жүгіртіп, дайындап болған соң машинкаға бастырып әкелуім керегін, содан соң газетке ұсынатынын айтты. Қарасам, қызыл ала, қан-жоса. Ол айтқандай, лепірме сөздермен жортақтай беріппін. Осы күйінде машинкаға бастырудан ұялып, қолмен қайта көшіріп жаздым. Сөйтіп, «Ашылмаған сырмен» бетімді ашып, тұңғышым жарық көрді. Әрине, жігіттердің көңіл үшін болса да «жақсы екен» дегендеріне қанаттана түскенім де рас.
* * *
Арада он шақты жыл өте шығыпты. Осы уақыт ішінде екі-үш редакцияда қызмет істеп келіп, таза көркем шығармалармен ғана жұмыс істейтін «Жалын» альманағында бас редактордың орынбасарымын. Бастығым – Тұмекең, атақты ақын Тұманбай Молдағалиев. Ағалы-інілідей болып кеткенбіз. Екі айда бір шығатын альманахта тұмсық қанайтындай жұмыс жоқ. Жай келіп, кеш қайтып жүреміз. Ол кезде редакциямыз Одақ ғимаратының бірінші қабатында. Бір күні Тұмекең Одаққа жаңа мүшелер қабылдайтын комиссияның отырысына баратынын айтты да, қайдан ойына түскенін, маған сұрақ қойды:
– Әй, сен осы Одаққа мүшелікке өтіп пе едің?
– Жоқ, өткен жоқпын.
– Неге?
– Сәтті күнін күтіп жүрмін.
– Ой, енеңді сенің… – Ол кісі риза болғанда да, ренжігенде де іштегі сезімін осы жалғасы жоқ жалғыз сөзбен шығаратын. – Неше кітабың жарық көрді?
– Кешеге дейін «Ашылмаған сыр», «Қойнаудағы ауыл» әңгімелер мен повестер жинағы, Вьетнам сапары туралы «Өртеңге өскен гүл» жарық көрген. Күні кеше сүйінші данасын өзіңізге көрсеткен «Жылдың ең қысқа күндері» кітабым төртінші болады.
– Алды-артыңа қарамай екі жазушыдан ұсыныс хат әкел. Үшіншісін мен беремін, – деп шығып кетті.
Шынында да осы уақытқа дейін Одаққа мүшелікке өтіп, оттай жанған қызыл билетті төс қалтама салып, жүрегімді жылытып жүруін қанша армандасам да, талпыныс жасауға тәуекелім жетпепті. Тұмаш ағамның қозғауымен бірінші, екінші кітаптарыма газеттерде оң пікір білдірген Әнуарбек Дүйсенбаев пен Рымғали Нұрғалиев ағаларым ұсыныс-қолдау хаттарын жазып берді. Тұмекең сөзінде тұрып, комиссияның келесі отырысына құжаттарымды өткізген. Ол кезде комиссияның әр отырысында ұзаса үш-төрт-ақ кісіні қабылдап, кей-кейде қайсыбіреулерді қабылдамай, кері қайтаратын кездері де болады. Жігіттерден анекдот сияқты бір күлдіргі әңгімесін еститінбіз. Жалғыз жыр жинағы жарық көрген бір ақынды мүшелікке қабылдау жөнінде әңгіме болып жатқанда комиссия мүшелері: «Бір ғана кітабы шыққан кісі екен. Оның үстіне бұл кітап туралы оң пікір айтқан рецензия да шықпапты», – деп оны қабылдамайтын болады ғой. Сонда ол туралы ұсыныс хат берген ақжүрек Сәбең атамыз – Сәбит Мұқанов: «Бар болғырлар-ай, қабылдамасаңдар қабылдамаңдар, құрғырдың бір қойын жеп қойып едім», – деген екен. Бәлкім, мен де сондай әңгімеге қалмас үшін оң пікірлерге ие болған біраз кітабымның жарық көргенін тостым ба екен?..
«Жалында» қызметтес болған Жұматай марқұм Одақ жаққа барарда: «Одағым десем ойыма, өлеңдерім түседі», – деп әзілдеп, ыңылдайтын. Сол ойға түсе беретін күнге де жеттік.
Ұсыныс хаттарды оқыған соң мүшелер бірлі-жарым сұрақтар қойды. Төрде отырған Ғабең аға бетіме қарап, қасын керген кезде қандай сауал қояр екен деген оймен аздап жүрексініп тұрғанымда, тірі пайғамбардай көретін қартым «қабылдайық» деген бір-ақ сөз айтып, жүрегімді орнына түсірді.
– Құттықтаймын! – Төраға Әнуар Әлімжановтың ұсынған қолын алар-алмастан, біреу «қабылдамаймыз» деп қоятындай, есікке ұмтылғаным есімде…
Содан бері бір азамат ғұмыр – азды-көпті 46 жыл өтіпті. Кешегі жүрген жақсы ағалар түгелге жуық себептерін тауып, оралмас сапарға аттаныпты. Олардың орнына «қарттар» дейтін атауға біз ие болыппыз. Тек, дәл солардай жастарға құрметті болу – бізге сын.
Халқымыздың рухани көшбасшысы ретінде саналатын қаламгер атаулының киелі шаңырағы – Одақтың босағасынан аттаған сайын Хамаңның Ақселеу екеуімізге айтқан сөзі еске түсе береді.
Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,
жазушы, ҚР Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
ПІКІРЛЕР1