КЕСТЕЛІ СӨЗДІҢ КӨМБЕСІ
30.05.2025
33
0

ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетіне өзіндік өрнегімен, мәністі мақамымен соңы соқпақ қалдырған белгілі жазушы Мархабат Байғұт­тың 80 жылдық мерейтойы теберікті Түркістан төрінде «Мақамы бөлек Мархабат Байғұт» ат­ты халықаралық симпозиуммен басталды. Оны Түркістан облысының әкімдігі, облыстық мәдениет басқармасы, «Медиакратия» қоғамдық бірлестігі мен «Мархабат» журналы ұйымдастырды. Келушілер әуелі «Фараб» облыстық ғылыми-әмбебаб кітапханасының ұйымдастыруымен қойылған «Киікотының иісі сіңген қаламгер» ат­ты фотокөрмені тамашалады. Онда қарымды қаламгердің өмірі мен шығармашылық жолын қамтыған көптеген жәдігер тұрды. Жиналған жұртшылық көрмеден мол мәлімет­тер алды.

 

Осы жерде қазақтың классик жазу­шы­сы, халықаралық «Алаш» әдеби және «Түркі әлеміне қызмет еткені үшін» сый­лықтарының, Барыс, Парасат, Құрмет ордендерінің иегері, Түркістан облы­сы­ның Құрмет­ті азаматы, көсемсөздің көшбасшысы, кестелі сөздің көмбесі Мархабат Байғұт­тың сексен жылдығына арналған іс-шара жыл басында «Мархабат» ат­ты журналдың тұсаукесерінен басталғанын айта кеткеніміз абзал. Жетісуда «Мұқағали» журналы, Арқада «Қасым» жур­налы, Жамбылда «Жамбыл» журналы жарық көріп келсе, енді оңтүстікте «Мархабат» журналы желкенін керіп, әдебиет айдынына шықты.
Симпозиумды ҚР Парламент Сенаты­ның депутаты Дархан Қыдырәлі жүргізіп отырды. Ол М. Байғұт­тың ұлт руханиятына өзіндік орны бар тұлға екенін, қазақ әдебиетінің өрісін кеңейтуге елеулі үлес қосқанын, қоғамның тыныс-тіршілігін шынайы сурет­теп, озық ойлауға қажет мызғымас құндылықтарды кеңінен дәріптегенін, сондай-ақ мемлекет­тік қызмет­терде абыроймен қызмет еткенін айта келіп, Қазақ­стан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құт­тықтау хатын оқып берді. Осындай құт­тықтаулар Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтан, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаевадан да келіпті.
Құт­тықтау хат­тар оқылып біткен соң мінберге филология ғылымдарының докторы, өзбекстандық жазушы Қазақбай Йулдашев көтерілді.
– Мархабат Байғұт­тың туындылары өзбек оқырмандарына жақсы таныс. Туысқан екі елдің бір-бірінен іргесін ажырат­пауларына негіз болатын осындай дүниелер көп болса екен. Қазір мен Мархабат­тың шығармаларын аударуға біржолата бет бұрдым, – деді Қазақбай Йулдашев.
– Қырғыз оқырмандары да Мархабат­ты іздеп жүріп оқиды. Оның көптеген әңгіме, повестері қырғыз тіліне аударылды, – деді Қырғызстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Керімбек Қадырахунов.
Түркиядағы Хажы Байрам университетінің профессоры Жәмила Қынажы түрік тілінде шыққан «Дауыстың түсі» ат­ты кітабын оқыған соң Байғұтқа байланысты баяндарға барынша қызыққанын айта келіп, әңгімелерін аударуға ықыласы ауғанын таза қазақ тілінде айтып берді.
ҚР Ұлт­тық Ғылым академиясының академигі Дархан Қамзабекұлы, Қазақ­стан Жазушылар одағының хатшысы, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек жазушы жайлы ыстық пікірлерін жеткізді.
ҚР ҰҒА академигі, педагогика ғылымдарының докторы, Түркістан облысының Құрмет­ті азаматы Оңалбай Аяшев қаламгердің жеті қырына тоқтала келіп, Мархабат­тың ескерткішін орнату жөнінде ұсыныс айт­ты.
Баяндамалардан соң драматург-жазу­шы Нұрғали Ораздың «Мархабат» ат­ты пьсасын Райымбек Сейтметов атындағы Облыстық драма театрының артистері сахнаға шығарды.
Симпозиумға Еуразия ұлт­тық университетінің докторлық диссертациялық кеңесінде М. Байғұт­тың шығармаларынан филология ғылымының кандидаты атағын қорғаған Сандуғаш Құланова Алматыдан арнайы келіп, жүрекжарды лебізін білдірді. Сондай-ақ докторлық диссертациясын сәт­ті қорғаған солтүстікқазақ­стандық Ботагөз Тауқұдіретова мен АҚШ-та тұратын өзбекстандық ғалым Қундызхан Хусан­баева бейнежазба арқылы құт­тықтауларын жеткізді. Мұның өзі М. Байғұт­тың шығармаларын ғылыми тұрғыда зерт­теу дәуірі басталғанын көрсетеді.
Қазылар алқасының төрағасы, белгілі әдебиет сыншысы Әмірхан Меңдеке студент жастар арасындағы республикалық шығармашылық байқаудың жеңімпаздарын марапат­тады. Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев «Мархабат оқулары» облыстық байқауының жеңімпаздарына Алғысхат­тар мен ақшалай сыйлықтар табыс ет­ті.
Кешкісін қонақтар мен өнерсүйер қауым Шымкент қаласындағы Ж.Шанин атындағы Академиялық қазақ драма театр­ында Мархабат Байғұт­тың «Жоғалған жұрнақ» қойылымын тамашалады.
Келесі күні Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақ­стан мемлекет­тік педагогикалық университетінде «Әдебиет әдемі» ат­ты халықаралық конференция өт­ті. Университет фойесіне кітап көрмесі қойылды. Келушілер назарына инсталля­циялар мен экспозициялар ұсынылды. Алғашқы сөз мемлекет және қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахмановқа берілді.
Қазақстан Жазушылар одағының атынан «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, академик Бауыржан Жақып сөз сөйлеп, қаламдас ағасының жұбайы Қыздаркүлге камзол кигізді. Конференциядан соң жазушы аруағына арнап ас беріліп, Құран бағышталды.
Үшінші күні қонақтар мен әдебиет­шілер, қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері «Таупістелі тағылымы ІҮ: Мархабат Байғұт және түркі әлемі әдебиеті» ат­ты халықаралық конференцияға қатысу үшін жазушының кіндік қаны тамған жері Пістеліге барып, Құран бағыштап қайт­қаннан соң, «Шерхан мен Насыр бауында» ат­ты конференция болды.
Конференцияда «Мархабат Байғұт—көркемсөз шебері» жинағының тұсаукесер рәсімі өт­ті. Кітаптың тұсауын халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, К. Симонов медалінің иегері Нармахан Бегалыұлы мен Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев қиды.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
«Қазақ әдебиеті» газетінің
лауреаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір