ӘДІЛДІК ПЕН ӘДЕПТІЛІК ӘЛЕМІ
20.05.2016
2574
0

Әділ Құрманжанұлы АхметовМінсіз шеберлікпен, асқан талғаммен жаратылған он сегіз мың ғаламды жалғап тұрған көзге көрінбес талай тылсым бар. Ұшы-қиыры жоқ ғарыштың жұмбағы өз алдына, адамның ішкі тұңғиық терең иірімдері де шексіздікпен ұштасады. Бұрынғы өткен ойшылдар «Адам – үлкен әлем, әлем – кіші адам» деген екен. Бұл қисынға салсақ, әлем үлкен бәйтерек болып көрінгенімен, оның қауызы, дәні – адам. Ғаламның жұмбағын адамның жүрегіне жасырған Жаратушы әлемге әдемі үйлесім, жарасым берген. Әлемдегі әдемі, әсем үйлесімнің коды – біздіңше, әділдік пен әдептілік арқылы әдіптелген. Дәлірек айтқанда, таңғажайып табиғатқа, мінсіз жаратылысқа әділ, мүлтіксіз үйлесімді орнатқан жаратушыға да әдепті болу керек. Ал ол ақыл мен жүректің, ой мен сезімнің, парасат пен пайымның үндесуінен туады!


Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,
Халықаралық
Түркі академиясының президенті,
тарих ғылымының докторы 

Жаратылыс жұмбағын шешуге тал­пын­­ған данышпан Абай «Асыл адам – айнымас» деп бекер айтпаса керек. Бұл орайда біз­­дің бүгінгі кейіпкеріміз – академик Әділ Құрманжанұлы Ахметов әрбір әреке­ті­­мен әдептілік пен әдемілікті өнеге ететін асыл адам. Ол терең зерттеулерін өркениет­ті құн­дылықтармен айшықтап, өміріне ар­қау етіп жүзеге асырып, айналасына шуақ шашып жүретін сыпайы да сырбаз тұл­ға, терең интеллект иесі. Оның пайымда­рын өзінің ішкі әлемінің әуезді үні, пара­са­т­ты таби­ға­тынан туған рухани кемел туы­н­ды деуге болады.

Әділ Ахметов  әлемдік  ауқымға шы­ғып, адам­заттық ғылымға үлес қосқан елі­міздегі санаулы ғалымның бірі. Сон­дықтан Әділ ағаның өмір жолы мен ғылыми ізденістері өзгеге ұқсамайтын даралығымен, тың кеңіс­­­тіктер мен соны өрістерді бағын­дыруы­­мен түркі әлемінің ғылым әлеміндегі жаңа парақтар ашты. Көрнекті мемлекет  жә­не қо­ғам қайраткері, білікті  дипломат, көр­нек­ті  ғалым, ардақты ұстаз  Әділ  Құр­ман­жан­ұлы­ның шыңдалып қалыптасуына оның туған жері мен тербелген алтын бе­сі­гінің әсе­рі ерекше болғаны анық. Әділ аға­ның бойындағы өр рух, қайсар мінез күм­безі күнмен ша­ғылысқан, аспанмен тіл­десіп, сөз киесі қонған мұзарт Хан­тәңі­рінің қаһарлы мінезінен келсе, сабырлы бек­зат болмыс, жібек мінез, ана тілінің бал­қайма­ғын тамылжытып сөйлейтін ше­шендік Мұ­қа­ғалиды тудырған ел ана­ның ырысты уызынан дарыса керек. Осы тұста ойға түрік ойшылы Зия Гөгалыптың «зиялы өзінің ұлттық тамырларын терең игеруі, рухани не­гіздерін жете білуі және өр­кениеттің озық жетістіктерін бойына сіңіруі керек» деген сөзі оралады.

Әділ аға қашан да пікірін бүкпесіз ашық айтатын ойшыл азамат, маңызды та­қырып­тар­ға ұдайы үн қатып отыратын сер­гек пу­блицист ретінде қоғамымыз бен күр­делі заманымыздың келбеті туралы ел­ді елең еткізетін көзқарасын баспасөзде, те­леарналарда тұрақты білдіріп келеді. Бі­лікті ма­ман ретінде халықаралық саяса­тымыз бен тәуелсіз еліміздің түйткілді жайт­тары туралы сараптама талдауларын ағыл­шын тілінде еркін білдіріп, әлемдік ақ­парат айдынында еліміз туралы шынайы көзқа­рас­тардың қалыптасуына өл­шеусіз үлес қосып келеді. Ол шетелдің бе­делді ғылыми басылым­дарында жарық көр­ген рухания­ты­мызға қажетті бағалы дү­ниелерді таң­дап аударып, байыпты тал­дау жасайтын зе­рек зиялы. Жер-жаһанға танымал саяси қайраткерлердің тағылымы мен өнегесін сомдаған «Ли Куан Ю әлемі», «Генри Киссинджер таразылаған Қытай», «Қо­лайсыз шындықтың астары» секілді эс­се­лері оқырманның ілтипатына ие болды.

Кез келген халықтың, қоғам мен қауым­­ның әдептілігі мен әдемілігі, әдет-ғұр­пы мен этикалық нормаларының түп­негізі ежелгі ырым-тыйымдар жүйесінен бастау алатыны анық. Әділ Құрманжанұлы «Түркі тілдеріндегі табу мен эвфемизмдер» де­ген іргелі монографиясы арқылы халық эстетикасы мен әдемілік қағидасының қорғаны болған мифологиялық арна мен ұлттық ­та­ным­ды айқара ашып берді. Ға­лым бұл ең­бе­гінде бүкіл түркі халық­та­ры­ның этногра­фия­лық-тілдік көл-көсір де­рек­терін қол­­да­нады, сонымен бірге әлем ха­­лық­­та­ры­ның үлгілерін, африкалық ба­йыр­ғы қауым­дар­дың, американдық үн­дістер мен поли­не­зиялықтардың көне мұ­расын да са­ра­лайды. Зерттеуді оқып қа­расақ, халық­тың әдемі сөйлеуі де, ақын­дардың ажарлы жырлауы, жазушылардың өр­некті жазуына да, бір сөзбен айтқанда, ұлт тілінің байлығы мен стильдік дамуына табу мен эвфемизм саласыныңда да қай­нар бұлақтай үлесі бар екенін  түсінесің, түйсінесің. Әдемі әрекет ете алатын адамнан (кең мағынасында халықтан деп алуға болады) ғана әдемі сөз туады. Мұның эта­лоны – «Нені істеуге болады, нені  істемеуге бол­майды?» деген тал­ғам мен толғам, па­йым мен парасат. Міне, осы қағидаттарды қа­лыптастыратын тетік әрбір халықтың мә­дениетінің өзегінде жатқан ырым-тыйым­дар жүйесінде екенін ғалым терең зер­делей түседі. Әділ аға ырым-тыйым­дар­дың этнолингвистикалық мә­ні­не талдау жа­сап, ырым-тыйымдар қоғамдық қа­ты­настарды реттеуші, үйлестіруші қыз­метке ие халықтың жан дүниесінде сақтал­ған айрықша кілт екендігіне назар аударады. «Табу мен эвфемизмдер – тілдің сөздік құ­рамын лексика-семантика жағынан байы­­та­тын өнімді тәсілдердің бірі. Орам­ды­­лық пен икемділікті эвфемизмдер өте ай­қын байқатады. Олар атауларын ашық қол­дануға болмайтын белгілі бір ұғым­дарды астарлы түрде дөп басып, дәл жет­кізіп қана қоймай, әлгі ұғымдарға нәзік те сыпайы сипат беріп, оқушы мен тың­дау­шы­ның көңіл-күйіне жарақат салмау жағын ұдайы қамтамасыз етіп, сөйлеу немесе жазу мә­де­ние­тінің, яғни тіл мәде­ние­тінің дамуына, қалыптасуына да үздіксіз қызмет етіп отырады» деп тұжырым жасайды.

Осылайша әдептілік пен инабат­ты­лық­ты өміріне сән еткен ұлағатты ұстаз Әділ Құр­манжанұлы түркі халықтарының әдеп­тілік қағидасының кодын ғылымда жаң­ғыр­та білді. Ғалым  табу мен эвфемизмдердің этнолингвистикалық қырын саралап, мифопоэтикалық әрлі айшықтарын айқара ашумен бірге бұл құбылыстың адам жан дүниесіндегі психологиялық, әлеуметтік-қоғамдық түпкі себеп-салдарына бүгінгі ғылым биігінен үңіле түседі. Ғалым түркі тілінің арғы қайнары ежелгі замандағы салт-дәстүрден тамыр тартатынын зерде­лей­ді, лингвистикалық заңдылықтарды этнографиямен тоғыстыра талдап, сал­мақ­ты тұжырымдар жасайды. «Табуды тудыратын себептер тілдің өзінде емес, сол тілді қаты­нас құралы ретінде пайдаланатын қоғамда, әр түрлі әлеуметтік ортада, яғни адамда жатыр» деп, табу мен эвфемизмдер тек этнолингвистикалық құбылыс қана емес, сонымен қатар, ол – тіл мен қоғамның өзара байланысын сипаттайтын социолин­гвис­тикаға қатысты арналы да алқапты нысан деген қорытынды жасайды. Табу мен эвфемизмдерді, ырым мен тыйым­ды адам­дардың қоғамдағы әлеуметтік, мәдени және экологиялық ортаға байланысты қалыптасқан наным-сенімдерінің, салт-дәстүрлерінің  принциптері мен нормалары­ның тілдегі орныққан көріністері екенін жан-жақты талдаған ғалым әлеуметтану, психология, фольклортану секілді пәндер­дің жетістіктерімен кешенді салыстырып, тақырыбының өрісін кеңейтеді.

Ғалым бұл іргелі еңбегінде түркі қа­зы­на­сын ғана емес, әлемдегі басқа да өр­ке­ниет­тегі бағалы деректерді зерделеп, тұ­жы­рымын ширатып, шыңдай түседі. Да­мыған елдердің  ғылымында бұл маңызды тақы­рып әлдеқашан егжей-тегжейлі ны­санға айналыпты. Мәселен, Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания, Австралия, Жаңа Зеландияда бұл сала туралы тұғырлы зерт­теулер жазылып, тіпті табу мен эвфемизмдерге арналған көлемді сөздіктер де шығып үлгеріпті. Әрине, бұл тақырыпты қозғайтын классикалық зерт­теулердің басым көп­шілігі ағылшын тілін­де алдымен батыста жазылғаны да анық. «Күн сәулелі коммунизм» орнатуға асығып жатқан кеңестік кезеңде қазақ филологиясында ескінің қалдығы ретінде аласта­тыл­ған ырым-тыйымдар туралы жазуға тәуекел етуі Әділ Құрманжанұлының советтік стандарттан басқаша ойлайтын тұлға екен­дігін көр­се­теді. Ғалым осы соны тақырыпқа 1970 жыл­дары тыңнан түрен салып, қызыл идео­логиядан ада, қай кезде де түркі ха­лық­тарының баршасына қажетті сапалы да салиқалы рухани өнім сыйлай білді. Бұл салада түркі дүниесінде бүгінге дейін ­мон­о­гра­фиялық  деңгейде түрікмен, өзбек, әзербайжан ғалымдары ғана қалам тартыпты. Көз  аясы кең, көкжиегі зеңгір қайраткер ғалым өзекжарды еңбегі арқылы түгел түр­кінің жоғын жоқтап қана қоймай, батыс пен шығыс халықтарының, әлемдегі жаңа және көне өркениеттердегі мұраларды байсалды талдап, ақыл-ой шыңырауына сәуле түсіреді. Бұл тұрғыдан ол өркениеттануға қалам өрнегін салады.

Жалпы, Әділ Құрманжанұлының кең­ес­­тік кезеңде Қазақстанның дамымаған қы­рық  ауданының бірі делінетін Нарын­қол­­да­ғы ауыл мектебінен Алматыға келіп жо­­ғары оқу орынында ағылшын тілі маман­­ды­ғын таңдап білім алуы – оның маң­­дайына бұйырған бақыт, Отанымыздың қалаулы ұлы болып қалыптасуына жа­сал­ған алтын баспалдақ  деуге толық  дәлел бар. Қайраткер ғалым осылайша жастайынан ғаламдық масштабта ойлауға бой ­ұрып, озық өркениетті елдердің рухани нәрімен сусындап сымбат түзейді. Өзі білім алған оқу орнында еңбек жолын ұстаз­дық­тан бастаған аға сатылап көтеріліп, осы орда­ның ректоры болып қызмет етті. Тәуелсіздік таңы­мен  таласа  аталмыш  білім шаңырағын жаңаша құрып, Абылайхан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті етуге негіз салады. Еге­мендіктен кейін еліміздің қарқынды дамыған сыртқы қарым-қатынасын үйлес­тіруге шет тілін білетін бірқыдыру мамандарымыз тегеурінді еңбек етті десек, бұл са­ланың  алғы шебінде  Әділ  Құрманжанұлы «күндіз отырмай, түнде ұйықтамай» тер төгіп, білікті мамандарды әзірлеуге ай­рық­ша үлес қосады. Елбасының тапсырма­сы­мен отандық білім саласын ре­фор­­малауға жар­ғақ құлағы жастыққа тимей жұмыла кірі­седі, халықаралық деңгейде мамандар дайындайтын екі іргелі оқу ордасының ректоры болып қызмет етіп, білікті ма­ман­дар­дың жаңа буынын қалыптастырады.Азаттықтың арайлы таңында жаңа құры­лып жатқан ұлттық білім жүйесінің қа­лып­­тасуына қалтқысыз қызмет етіп, Білім және ғылым министрлігінде аса жауапты қызмет атқарады. Бұдан кейін мемлекетшіл тұлға Елбасы тапсырмасымен еліміздің сырт­қы саясатында еселі еңбек етті, Сырт­қы істер министрлігінде  басшылық қыз­мет атқарып, Қазақстанның Ұлыб­ри­та­ния­дағы Төтенше және өкілетті Елшісі болып, дип­ломатия саласында қарымды қайрат­керлік танытты.

Әділ Құрманжанұлы Америка Құрама Штаттарының Туссон қаласында еңбек еткен жылдары ғылыми ізденісінің көк­жие­­гін кеңіте түсті. Ғалым түбі бір түркі өр­кениетінің алысқа шашыраған жаңғы­ры­ғын Америка «үндістерінің» мәдение­ті­нен кездестіреді. Ға­лым бұл ізденіс­те­рінде батыс өркениетінің «үн­­­діс­­тердің» көне өркениетіне жасаған қиянатын жанайқай­мен сездіріп, адамзаттың ежелгі рухани ошағының бірі майя мәдениетінің зорлық-зомбылықпен аяқ асты етіл­генін гуманис­тік тұр­ғы­дан айыптайды. Мәдениет аралық үйлесім мен үндестік бұзылса, яғни әдеп­ті­лік­ке (шектеу мен тыйымға) орын қал­маған кезде өркениет адасып, өз иінінен тайып кететінін ғалым, әсіресе, майя күн­тіз­бесімен сабақтастыра саралап, оқыр­манға терең философиялық ой тастайды.

Ғалым археология, генетика ғылым­да­ры­ның қазіргі табысына сүйене отырып, «үндістердің» Америка құрлығына қоныс­тана бастағанына 35-40 мың жыл болған деген уәж білдіреді. Жер шарындағы халықтар миграциясының жолдары мен бағыттарын мәдениет жемістерімен сабақ­тас­тырып, қызықты салыстырулар жасайды. Алтайда өркениет ошағының отын жақ­қан алаш жұрты бастапқы байсын жұрт­тан жан-жаққа қоныс аударып, бір шеті Шығыс Еуропаға дейін жетсе, екінші қанаты Солтүстік Мұзды мұхит пен Тынық мұхитына және Беринг жермойнағын басып өтіп, Америка сияқты орасан зор жағрапиялық кеңістіктен жаңа мекен тап­қанын, қоныстанған өлкесінде ғажайып пирамидалар мен аспан әлемін зерттейтін құрылғылар салып, абыздық  дәстүрді жал­ғастырғанын ауқымды деректер ар­қылы саралайды. Бір сөзбен айтқанда, Америка құрлығын алғаш ашқан түркі зәузатының бір бұтағы екенін пайымдайды. «Үндіс­тер­дің» тіліндегі туыстық атаулар, геогра­фия­лық ұғымдар, кейбір сан есімдер, көлікке, жануарға, аспан денелеріне қатысты сөздерде түріктік негіз бар екенін нақтылы мысалдармен дәлелдей түседі.

Майялардың космогониялық түсі­нік­терімен Алтай, Сібірдегі түркі жұртының рухани мәдениетінде ортақ тұстар бар екенін зерделеген ғалым, бұл қауымның күн­тізбесі ай мен үркердің тоғысына негіз­де­ліп, байырғы Алтайдағы түпқазықтан алшақтай қоймағанын дәйекті дәлелдейді. Майялар бір жылда 13 ай болады деп есептеген. Қазақтың да тоғыс есебінде бір жыл­да 13 ай болатыны белгілі. Бұл туралы
Ш.Уәлиханов, Б.Куфтин, М.Ысқақов секілді зерттеушілер де жазған болатын. Майя абыздары обсерваториялар мен пирамидалар арқылы аспан шырақтарын бақылап, арнайы күнтізбе жасап,  ғаламдық уақыттың 13:20 деген өлшеммен эталонын жасапты. Ай мен үркердің табиғи қозға­лысы, яғни галактикалық тіршілік ырға­ғы­на сүйенген осы уақыттың ұлы заңын біздің бабаларымыз да тұтынып келгені анық. Алайда, қазір адамзат бұл құнды­лық­тан адасып, уақытты мүлде теріс есептеп, уақыт пен кеңістікті шатастырып, уақыт модулін: 12:60 деп қате есептейтін ағаттыққа бой ұрған екен. Ақиқаттың қалай бұрма­ланғаны жайында автор «1553 жылы 13-ке тыйым салу католик шіркеулерінің басын бір жерге бірік­тірген. Ватикан дінбасы Ұлы Григорий Бірінші өзінің атымен аталатын 12 айлық күнтізбе жариялап, ақауы көп, ғылыми негізі өте әлсіз уақыт реформасын жасады» деп шындықты тура жазады.

Ғалым күнтізбедегі бұл жаңа кезең сол замандағы машина өркениеті басталған дәуірдің символы – механикалық сағаттың пайда болуымен тап келіп, жаһанға қар­қын­ды таралып, антиуақыт өлшемі пайда болғанын айтып қынжылады. Әйгілі медиевист А.Я.Гурьевич «уақыт-ақша» деген батыстық құндылыққа байланысты сағат­тың пайда боп, әлемге таралғанын өзі­нің еңбегінде айтқаны бар. Қос оқымыс­ты ғалымның ой-ұшқыны сабақтастықты аңғартады.

Өркениеттердің құндылықтарын өзара салыстыра келе ой қорытқан Әділ Құрман­жанұлы жалпақ адамзат табиғи уақыттан жаңылғаны туралы дабыл қағады. Ғалым­ның тұжырымынша, арғы тамыры түркі Алтайда жатқан майя өркениетінен қайта бастау алған, 13:20-ға негізделген табиғи галактикалық уақыт ырғағынан қазіргі адамзат біржолата айырылып, адасып қал­ды. Соның салдарынан адам енді уақыт заңының шынайы сырын ұғынудың орнына оны кеңістікпен шатыстыруға мәжбүр болып, мүлде жасанды құндылыққа басым­дық бере бастады. Мұның бұлтартпас бір дәлелі – бүгінде әр адам пайдаланып жүрген қазіргі заманның – сағаты.

Ағымға ілесіп кете бермей қашанда  асау толқынға қарсы жүзетін, сырты сырбаз болғанымен, ішкі жандүниесінде бахадүр бабалардың бұла қаны тулап жатқан өр рухты оқымысты уақыттың ұлы заңы туралы толғанған ой жүлгесін былай деп түйін­деп, ақиқаттың алауын жағады: «Осыдан төрт жарым ғасыр бұрын Григорий поп енгізген жасанды догма сол заманнан бері адамзат санасына терең бойлап, оның табиғи биоритміне уын толлассыз тамызып келе жатыр. Сондықтан да батыс өркениеті шығыстағы Алтайдан өркен жайып, майя өркениетімен тоғысқан 13 айлық галакти­ка­лық күнтізбені мойындамақ түгіл, 13 де­ген санның өзіне тыйым салып, оны ада­м­затқа қауіп төндіретін өте қауіпті құбылыс ретінде болмыстан аластауға бар күшін салып келеді».

Уақыттың тамыршысындай сұңғыла ғалым «Еуразия коды. Бесiншi өркениеттiң қарсаңында» деген кiтабында да ұзақ жылдарға жалғасқан жемісті еңбегі арқылы Майя мәдениетінің қатпарлы қойнаулары мен ұлтымыздың жадында жатталған сабақтастық арқауын жалғастырады. Ол көптеген сәуегейлердің «ақырзаман» деген болжамдарының негізсіз екенін бұлтартпас дәйектермен дәлелдеп, сандардың құпия-кодының жұмбағын шешу арқылы 2012 жылдың «біздің галактиканың мүшел жасы» екенін анықтайды. Расында, бұл санның жұмбағын бұдан бұрын Хосе Аргуэльес шешкен екен. Ғылымға әділ ғалым ретінде академик  Ахметов  осы бір жанкеш­ті ғалымға сілтеме жасай отырып, оған «мүшел жас» деген жаңа ұғымды енгізеді. Қазақы ұғымда  бір мүшел аяқталып, келесі мүшелге кіргеннен бастап, жаңа кезең бас­талады. Бір қызығы, «мүшел» ұғымы әлем халықтарында, тіпті түркі жұртында, қазақта сақталған. Сондықтан еңбекте бүгінгі қазақ түсінігі мен ежелгі майя мә­дениетінің арасындағы сабақтастықтың алтын арқауы әдемі көрсетіліп берілген.

Әр жұмбақтың жауабы, әр кітаптың кілті бар. Әділ ағаның бұл тұста Еуразияның коды ретінде Алтайды темірқазық етуінің де өзіндік мәні зор. Түркіден тарайтын өзге тамырлас, бауырлас елдер сияқты қазақ халқы Алтайды «жер кіндігі» санайды. Бұл бекер емес. Түбі бір түгел түркінің ақиық ақыны Мағжанның «Алыстағы бауырыма» деген әйгілі жырында қамығып жазған «Кел, кетейік Алтайға, Ата мирас алтын таққа» деген жолдары бар. Алтай – түркі халықтарының алтын бесігі, жойылып бара жатқан елдігін сан мәрте қайта қалпына келтіруге қуат берген құтты мекені. Түркі­лер есте жоқ ықылым замандардан бері ел басына қара бұлт үйірілгенде Алтайды паналап, құтайған соң шығып, қуаттанып әлемнің жартысын жаулап алып отырған. Түркі жұртын қайта түлеткен «Ергенеқон» дастанына арқау болатын жердің тағы бір қастерлі атауы – «Ер ыдық». Ол қазақтағы «Жерұйық» сөзімен төркіндес, үндес. Әділ Құрманжанұлы Жерұйықтың бүгінгі жоқшысы сияқты, еңбегінде жер бетіндегі жұмақты іздейді.

Жарық сәуле призмаға шағылысқан соң, сол призмада игеріліп, алуан түрлі түске еніп, бар әсемдігімен қайтадан өзінің шыққан жағына бет түзейді. Дүниеде кез  келген жайт алмасып отырады. Мұны қазақ «дүние – кезек» дейді. Еуразия идеясының бастауында тұрған ғалымдардың бірегейі Лев Гумилев те әйгілі еңбегінде пассионар­лық қуаттың ауысып отыратынын айтқан. Оның мәнісі де осы Күн мүшелімен байланысты ашылатын сыңайлы. Осы орайда атажұрт арғы Алтайдан бастау алған ұлы өркениет түбінде батыстан байырғы қара шаңырағына қайта оралатын сияқты. Әлбетте, бұл – жақсы ырым. Себебі, мың­жыл­­дықтар тоғысында азаттық алып, бүгінде тәуелсіздіктерінің ширек ғасырын тойлағалы отырған түркі жұрты ХХІ ғасыр­да пассионарлық қуатқа ие болып келеді.

Бұл орайда Елбасының идеясымен ашыл­ған Халықаралық Түркі академия­сы­ның керегесінің кең жайылып, ғылыми әлеуетінің арта түсуіне Әділ Құрманжанұлы қажырлы үлес қосып келеді. Қабырғалы қайраткер, зиялы тұлға Түркі кеңесі жанын­дағы Түркі әлемі  ақсақалдар кеңесінің мүше­сі деген мәртебелі лауазымды абыроймен атқарып жүр. Білікті дипломат түркі тектес елдердің ынтымақтастық құрылы­мына белсенді атсалысып, тамырлас елдер­дің татулығы мен тұтастығына зор үлес қосуда.

Тарихтың тамыршысындай уақыттың ұлы заңы туралы жиі толғанатын Әділ аға Құрманжанұлы осы күндері абыздық  жасқа жетіп отыр. Туған күніңіз, мерейлі жасы­ңыз құтты болсын, абзал аға!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір