ҚАРА ҚЫЛДЫ ҚАҚ ЖАРҒАН ӘДІЛДІК
01.10.2024
538
6

Қара нардай қатептi,
Алп, алп басқан, алп басқан.
Маңғыстаудың жерiндей,
Маңдайы биiк марғасқам!
Қуат алған, күш алған,
Қарындастан, қандастан…
Қолдасқанмен қолдасқан,
Толғасқанмен толғасқан,
Арбасқанмен арбасқан.
Бұйра бұлт секiлдi,
Бұйра шашын қар басқан.
Бiр өзi бiр үй толтырып,
Отыратын қасқайып,
Жаралғандай жартастан!

Алп, алп басқан, алп басқан,
Маңдайы биiк марғасқам.
Әдiлдiк үшiн туыс пен
Жақынын да жатсынған.
Шамына тисе, болат­тай,
Шамырқанып шарт сынған!
Күйiнiп кетсе, кiмге де,
Өңменiнен өткiзiп,
Жетесiне жеткiзiп,
Айтам десе, айта алған.
Жiбектей сонсоң есiлiп,
Бәрiн де, бәрiн кешiрiп,
Қайтам десе қайта алған…
Елiм десе, қақырап,
Қабырғасы сөгiлген.
Жерiм десе, шырқырап,
Жан-жүрегi егiлген,
Артық та туған ағам-ай!

Сапырып сөздiң теңiзiн,
Iздеген ойдың маңызын…
Өткеннiң қиян түбiнен,
Арқалап жеткен аңызын.
Халықтың мұңлы зарынан,
Жаралған қара қобызым.
Халықтың шерлi жанынан,
Жаралған дана Абызым!

Сөйлеп берсең шешiлiп,
Айналасың шешенге,
Сөйлеп берсең көсiлiп,
Айналасың көсемге.
Сол бiр кезде мен сенi,
Бұлт байлаған басына,
Қаратауым десем бе,
Алатауым десем бе,
Жанартауым десем бе,
Дара тауым десем бе,
Дана тауым десем бе?!

Темірхан МЕДЕТБЕК

Әбіш Кекілбаев зерт­теулеріндегі билер институтының ақиқаты

Әбіш Кекілбаевтың қазақ тарихына қатысты зерт­теулерінде ерекше орын алатын тарихи тұлғаның бірі – Әйтеке би. Жалпы қазақ еліндегі билер институтының тарихын соңғы екі ғасырда көптеген ғалымдар зерт­теді. Солардың ішіндегі ең ірілерін айтсақ, ХІХ ғасырда Ш. Уәлиханов, ХХ ғасырда С. Зиманов болатын. Ал жазушы Әбіш Кекілбаев қазақ билеріне қатысты барлық деректі жан-жақты зерт­тегенін қазір біз мақтанышпен айтамыз. Төле биге қатысты көптеген шындықты ашқан оның осы көлемді зерт­теуі «Егемен Қазақстан» газетінің 1991 жылғы 23-қазандағы санында «Әйтеке би» деген тақырыппен жарық көрді.

Әйтеке бидің ХVІІІ ғасырда өмір сүргендігі туралы Ш.Уәлиханов еңбектерінде қате жазылып кеткендіктен соңғы жылдарға де­йін көптеген зерт­теушілерді жаңылыстырды. Әбіш Кекілбаев осы тақырыпқа қатысты материалдарды мұқият зерт­тегендіктен Әйтеке бидің ХVІІІ ғасырда емес, тек ХVІІ ғасырда ғана өмір сүргенін дәлелдеді. «Жеті жарғыны» жасақтаған әйгілі үш бидің тарихтағы орнының аса үлкен екенін айта келіп, Әйтеке би туралы: «…алаш ішінде алшыннан. Алшын ішінде Әлімнен. Әлім ішінде Төртқарадан. Төртқараның Қарашы. Қараштың Сейітқұлы. Сейітқұл болғанда, кәдімгі Әз Тәукенің төртінші атасы, атақты Қасымхан өлген соң біраз уақ қазақ билігін қолына алған Шығай Жәдікұлы 1581 жылы күллі ұлысымен Сырдарияның сағасындағы қонысын тастап, Самарқанның теріскейіндегі Нұрата тауына көшкенде, қасына төртқара Сейітқұл дегенді ерте кетпейтін бе еді, сол Сейітқұлдың дәл өзі. Сейітқұлдың сегіз баласының аты жер жарған. Ең атақтысы Жалаңтөс, сол кезде бар болғаны бес жаста екен. Сол Жалаңтөс Нұратада жүріп, Бұқар мен Тамды маңындағы қазақ ұлыстарын билеп, Ақназар ұлы Дінмұхамедтің көзіне түседі. Ол – кәдімгі Хафиз Таныштың «Абдулла-намесіндегі» Дінмұхамед. Қасым өлгесін, шырқы бұзылған қазақ хандығының еңсесін тіктеп берген әкесі Ақназардың саясатын одан әрі жалғастырып, Абдолла әулетінен өрбитін билеушілермен батыл тайталасқа шығып, қазіргі Орталық Азияның кейбір шаһар мемлекет­терінің тізгінін өз қолына ала білген қазақ ханы Жалаңтөс те Дінмұхамедтің сол күресі үстінде көзге түссе керек», – деп оның туып өскен ортасы мен айналасындағы тарихи тұлғалар туралы нақты мәлімет­терді келтіреді.
1748 жылы Әбілхайыр ханды Неплюевтің тапсырмасымен өлтірген Барақ сұлтанды ақтап шыққан атақты билер ішінде Төле би мен Әйтеке би болғаны туралы жаңсақ мәлімет Ш. Уәлихановтың «Сот реформасы туралы жазбалар» ат­ты еңбегінде жазылып кеткен болатын. Шынында, бұл оқиғаға Төле би де, Қазыбек би де, Әйтеке би де қатысудан аман болатын. Біріншіден, Төле би мен Қазыбек би Барақты ақтау түгілі ешқашан жақтаған емес. Екіншіден, Әйтеке ол кезде дүниеде жоқ болатын.
Әбіш Кекілбаев сол оқиғалардың шындығын алғаш рет анықтағандардың бірі еді. Барақ туралы: «Төрт биге, атап айтқанда, Кіші Орданың Алшын Төртқарасының Қаратоқасына, Қаракесегінің Қожанабы мен Мәмбет аталығына, Орта жүздің бағаналы Найманының Өтебайына өз атынан сәлем жолдап, егер солар Әбілхайырды өлтіргенің теріс болды десе, басымның еркін соларға беремін» депті. Көріп тұрмыз бұлардың арасында Төленің де, Әйтекенің де аты жоқ. Ю.Гуляевтің күнделігінде келтірген бұл деректі С.Абдрезяков қуат­тайды.Оның айтуынша, Барақ наймандағы Өтебай Шүрек би, Қабанбай батырға, Қаракесектегі Қазыбек биге үш кісі жіберіп: «Әбілхайырды өлтірдім. Қазақтар оның орнына мені хан қояйын деп жатыр», – деп хабарлаған. Оған жоғарыда аты аталған игі жақсылар қат­ты наразы болған… Барақ жаушыларын олар құр қол қайтарыпты. Сұлтан (Барақ) жаушыларын Төле биге де жіберген екен. Одан да сондай жауап алыпты. Амалсыз Сарысудың Жоңғар жағына көшіп қоныпты. Қасында 500 шаңырақтай ғана ел қалыпты» деп нақты мәлімет­термен дәлелдеген болатын.
Барақ сұлтанның 1735 жылы Ресей патшасына хат жазып, бодан болуға өтініш жасағанын да және оның 1742 жылдың күзінде Орынбор генерал-губернаторы Неплюевке барып ант бергені, патшаға елшілікке батыр Сырымбет Бекбасұлын жібергені туралы да алғаш Әбекең жазған еді.
Бұл жерде біздің айтпағымыз: Әбіш Кекілбаев алғаш келтірген тарихи аса құнды мәлімет­тер И.В.Ерофеева зерт­теулерінде түгелдей қолдау тапты және кеңейтіле түсті.
Патша өкіметі, Орынбор басшылары, көп жылдан бері бағынбай жүрген
Әбілхайыр ханның қаза болғанын тойлап жат­ты. Ең басты мәселе, ол қазақ сұлтанының қолынан қаза тапты. Демек, осы оқиға нәтижесінде қазақ елін және оның сұлтандарын қырылыстырып қызығына батамыз деп есептеді. Алайда олай болмады. Қазақ елі Әбілхайыр сынды кеудесін оққа төсеп, 48 жыл бойы Ресей империясының итаршыларымен күрескен батыр қолбасшыны аса құрмет­тейді екен. Олар Барақты өлтіріп қана қоймады, жанында болған Сырымбет сияқты адамдарды да және оның балаларын да аямады. Осы қатаң жазалауды, әрине, Әбілхайырдың балалары басқарды.
1750 жылы сәуір айының басында жазған хатында адай Мырзатай батыр (Әбілхайырдың бәйбішесі Бопайдың ағасы) Ю.Гуляевке Барақтың өлтірілгенін хабарлады. Мырзатай батыр сол хат­та Барақтың жанында болып, Әбілхайырды өлтіруге қатысқан Сырымбет батырды және оның бала-шағасын Әбілхайыр балалары Ералы мен Нұралының жазалап өлтіргенін жазған еді.
1753 жылдың 3 қаңтарында Нұралы хан Тевкеловке жазған хатында осы оқиғаларды толық баяндайды. Ізінше інісі Ералының Сыр бойындағы аулына адам жіберіп, әкесін өлтірген Барақтың өлтірілгенін, алайда басқа қаскүнемдердің әлі тірі екенін және олардың аулының қазір қай жерде отырғанын дәл хабарлайды. Осы хабарды есіткен Ералы асығыс өз жасағымен ат­танып, Барақтың аулына жетіп талқандайды. Сонда Сырымбет батырды және әйелімен қоса үй-ішін түгелдей қырып тастаған. Бұл тарихи мәлімет­ті алғаш рет Б. Сүлейменов пен В. Басин жариялаған болатын: «… семью ево, также и семью Баракову и все имение, служителей, служанок и верблюдов их… в добычу получил…», « через одна ночь… всех трех злодеев разорил…» деп жазылған мәлімет­терге қарағанда, Барақтың отбасынан тек бір ғана әйел аман қалған екен. Ералы Барақ пен Сырымбет батырдың үй ішіндегі адамдарды түгел қырғаннан кейін ағайындары құн сұрап билер сотына шағым жасайды. Міне, осынау үлкен әрі қиын әйгілі сот процесін Ұлы жүздегі атақты Төле би басқарады. Себебі бұл жиынды Әбілхайырға туыстық жағынан да, жерлестік жағынан да қатысы жоқ бейтарап адам, яғни Ұлы жүздің биі басқаруға тиісті болады. Міне, осынау тарихи оқиғада қазақ биінің әділ соты жарқырап көрінеді.
Сырымбет батырдың туыстары, Сырымбет­тті кінәлі деп есептегенге келіседі, алайда оның жазықсыз балалары мен әйелдерін қырып тастағаны үшін Ералыға құн төлетуді сұрайды. Алайда Төле би Ералының екі қылмысын да кешіреді. Кешіріп қана қоймайды, одан бетер жаза қолданады. Қорыта айтқанда, Сырымбет­тің туыстарын Ералыға құн төлеуге мойындатады. Осы аса құнды материалдарды біздің заманымызда қайта қарап алғаш жариялаған И.В.Ерофеева: «…Толе-бий не только оправдал сына Абулхаира, но и присудил сородичам Сырымбета уплатить в его пользу два куна, а остальные четыре куна султан им простил», – деп жазған еді.
Қара қылды қақ жарған әділдік деген – осы. Қазақ билерінің әділдігі соншалық, ақты – ақ деп, қараны – қара деп, әділ төрелік еткен. Бұл жерде аса құнды тарихи мәліметпен Төле би түгелдей Барақты ақтады деген жаманат­тан құтылады. Жоғарыда көрсеткеніміздей оның өзі Ш.Уәлиханов еңбектерінде үстіртін жазылып кеткендіктен, Кеңес заманындағы зерт­теушілердің негізге алуына себеп болды. Алайда Әбілхайыр ханды өлтірген Барақты ақтаған Төле би мен Әйтеке биге жабылған жала сол ХІХ ғасырдың өзінде-ақ анықталған еді. Себебі ол Л.Ф.Баллюзектің 1871 жылғы жарық көрген зерт­теуінде анықтап жазылған еді. Одан соң Добросмысловтың 1900 жылғы еңбегінде жазылған-ды. Осы тарихи мәлімет­тер қазақстандық кеңес ғалымдарының да назарынан тыс қалмаған болатын. 1948 жылы Алматыда жарық көрген «Материалы по казахскому обычному праву» ат­ты жинақтың 1-бөлімінде берілген болатын. Алайда осы аса құнды мәлімет­тер көп ұзамай ескерусіз қалды. Оған негізгі себептердің бірі 50-жылдардың ақыры, 60-жылдардың басында Ш.Уәлихановтың еңбектерінің жарық көруі болған сияқты. Сонда әлгі айтқан жалған мәлімет­тің жарық көруі Әбілхайыр тарихына да, Төле би тарихына да нұқсан келтірді. Осы кемшілікті қайтадан зерт­теген Ә.Кекілбаев еңбектері 1984–87, 1997 жылдары, ал И.В.Ерофееваның зерт­теулері 1999 жылы жарыққа шыққанын мақтанышпен айтамыз.
Біз бұл жерде Ә.Кекілбаевтың тек тарих зерт­теушісі ғана емес, деректанушы екенін де асқан жауапкершілікпен мойындаймыз. Қысқа қайырғанда, жоғарыда көрсетілген Әбекеңнің зерт­теулері Төле би тарихын зерт­теушілерге үлкен сый болды. Бұл жерде біздің айтпағымыз, Барақ сұлтанды кейбір жазушылар Әбілхайырды Ресейге бодан болғаны үшін өлтірді деген қауесет­ті қолдап, оны нағыз патриот есебінде көрсетуге тырысты. Ал Ә.Кекілбаев Барақ сұлтанның 1735 жылы Ресей қоластында болуға ниет білдіріп хат жазғанын 1742 жылдан бастап ресми бодан болып Ресей бұйрықтарын орындағанын, яғни патша өкіметінің нағыз шынжыр балақ, шұбар төс қолшоқпары болғанын көрсетіп, тарихымыздың ақтаңдақ бет­терін жапты.
Қысқасын айтқанда, қазақ билерінің әділдігіне күмән келтіретін оқиғаның шындығы Әбіш Кекілбаевтан соң орыс тілінде 1999 жылы И.В.Ерофееваның «Әбілхайыр» ат­ты зерт­теуінде жарық көрді. И.В.Ерофееваның кітабы жарық көрген соң барып көптеген зерт­теушілердің күдігі сейіліп, шындыққа көзі жет­ті.

Самат Өтениязов,
тарих ғылымының кандидаты,
Мадрид және Қазақ – Америка
университетінің профессоры

ПІКІРЛЕР6
Аноним 01.10.2024 | 17:56

Әбілқайыр ханға байланысты біздің елдің басшылары мен ғалымдарының арасында екі пікір бар. Осы салада Самат Өтениязовтың бұқаралық ақпараттардан жазып жүрген көзқарастары өте дұрыс деп есептеймін. Ақиқат қажет.

Аноним 01.10.2024 | 18:04

Самат аға! Мына жазған мақалаңыздың құны өте жоғары және сапа жағынан ең жоғары бағаға ие.

Аноним 02.10.2024 | 18:04

Автор ақиқатты талдау жасаған!

Аноним 02.10.2024 | 22:30

Тек Әбіш пен орыс ерофееваның айтқандары аз болады. Бұл мәселені іргелі түрде біржақты қарамай жан-жақты қарастыру керек.

Аноним 03.10.2024 | 17:18

Сонда кіші жүздің ханын көреген, орта жүздің сұлтанын кертарпа деген екен ғой. Бұл мәселені біржақты қараған екен ғой.

Аноним 07.10.2024 | 10:44

Тарихи шындық айтылса да жаңсақ кеткен жазбаға жабысып отырған дүбәра ғалымдар мен қаламгерлердің қатесін түзейтін мезгіл жетті. Бірақ осының өзін әлі күмән-күдікке салатын сөзуарлар әлі бар.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір