«Күркіреп өлең жазамын, кеудемді ыза буғанда»
21.09.2023
246
0

«Келер күндер», «Қаратау мен Алатау», «Жалын кешкен», «Жер жанары», «Өркен», «Биіктей бер, тауларым!», «Бәйтеректер жел өтінде тұрады», «Шешендер», «Ичкерия», «Тыңда мені, замана!», «Махамбет майданы» сынды жыр жинақтарымен қазақ поэзиясын жаңа биікке көтерген ақынның елінің қараңғы түніне жұлдызын шаша білгені, өзеніне арна болып тартылғаны, қыран жаны көгінде шығандағаны, пілдеріне қанден болып үрмегені қуантады.
Кез келген ақын шығармаларына өзі өмір сүрген қоғамның өзекті мәселелері арқау болатынын ескеретін болсақ, Рафаэль ақын да өз қоғамымен бірге өмір сүрді. ХХ ғасырдың үлкен қасіретіне айналған Арал тағдыры ақын шығармашылығынан үлкен орын алды. Оны ақынның «Бір кеменің үстінде» топтамасына енген «Арал құрып барады», «Арал мұңы», «Арал қызы», «Теңіз қайда», «Ыстығында аптаптың», «Жігіт­тер-ай!», «Көш немесе әже зары», «Екі көрініс», «Түйелер», «Қалима» өлеңдерінен көруге болады. Ақын бірде «Қайран – Арал жүрегі ел деп соққан Бір перзенті емес пе табиғат­тың» деп тебіренсе, енді бірде Арал болып «Қайдасыңдар мені емген қарақтарым, Перзент­тік парыздарың қайда қалған?!» деп адамзатқа мұң шағады. Ал табиғат экологиясына ұшыраған Арал халқының халі тым мүшкіл. Ақын замандастарының қасірет-қайғысын «Арал қызы» өлеңінде:
Тумай жатып бөбегім жер жастанды,
Естімедім үнін де іңгәлаған…

Заманында жарқылдап жалындаған,
Кезім бар ма бөпе үнін сағынбаған?
Тұзға айналған Аралдың зауалы ма
Тұз татып тұр ақ сүтім сауылмаған, –
деп, бір перзентке зар болған, көтерген құрсақтарының бірін де қолына ұстай алмаған, бала сүйіп ана болу бақытына жете алмай етегі жасқа толған Арал қызының аузына салады. Бұл – тек аралдықтардың ғана емес, күллі қазақтың қасіреті еді. Шөлге айналып, тұз астында қалған Аралдың тағдыры неше буын ұрпақтың қасіретіне айналуда. Бұл – өзіміз көріп жүрген шындық.
Қоғам өмірінен орын алатын қуа­ныш пен шат­тық, қайғы мен қасіретке алдымен үн қосатын ақындар болса,
Рафаэль ақынның өз қоғамының қасіретін жеткізе жырлауы өмір заңдылығы. Айдыны тартылып, құм ішінде қайраңдап қалған кемелерді шөккен түйеге балау поэзияда бұған дейін кездескенмен, сол кемелерді «Құмда қалған кемелер – тірі аруақ, Арса-арса сидиған қаңқалары» деп тірі аруаққа теңеу, суы қайтқан жерлердің борпылдақ тұзды сорға айналып бара жатқанын «Нар өлкенің ұқсайды кебініне», «Тұздай салған түйенің терісіндей» деп кебінге, тұздаған теріге теңеу Рафаэль ақынның еншісі екені жасырын емес. Аптап ыстықта тілім-тілім болған даланың таңдайына жаны ашыған ақын «Жігіт­тер-ай!» өлеңінде «Бұлт төнгенде Аралды тастай қашқан» деп туған жерден үдере көшкендерге ренжулі.
Кеңестік дәуір ақындардан өмірдің көлеңкелі жақтарын емес, күнгейін жырға қосуды талап ет­ті. Бірақ ақиқат пен әділдік іздеген ақын көріп жүрген шындықты бүркемелеп жалған сөйлеуге бармады. «Жер бетіне шындықты сепкен жақсы, Ойға-қырға сүйрелеп желге шашпай» деп өзі өмір сүрген қоғамнан Шындық іздеген ол өтірік ақпар мен жалған мәлімет­терді кешіре алмады. Сондықтан да ақын «Уақыт» ат­ты өлеңінде сол кезеңнің кемшілігін сынады:
Үй тонаған ұры жоқ па бұл күнде,
Кісі өлтірген сұмдар жоқ па
бұл күнде?
Қазынаның есебінен байыған
Арамтамақ, жемқор жоқ па бұл күнде?
Бәрі де бар,
Әлі де бар,
Ендеше,
Соларменен күрес ашпау мүмкін бе?
Өткен ғасырдың сексенінші жылдары жазылған өлең күні бүгін де өзектілігін жойған жоқ. Себебі ұрылар да, сұмдар да, жемқорлар да, арамтамақтар да, қылмыскерлер де қазіргі таңда тайраңдап арамызда жүр. Ақын осындай алаяқтарға қоғам болып қарсы күресу керектігін ескертіп, қанымызды қуалап, жанымыз бен тәнімізге жайылып бара жатқан жемқорлықтың тамырына балта шабуға шақырады. Тәуелсіз елдің өзегіне түскен дертпен күресу – қазіргі таңда мемлекет көтеріп отырған қоғамдағы өзекті мәселе.
Қазақ поэзиясында туған жерге, жекелеген қайраткерлерге, ақын-жазушыларға, туған-туысқа өлең арнау – қалыптасқан дәстүр. Осы дәстүрді ақын поэзиясынан да атауға болады. Оның «Махамбет», «Қызғыш құс», «Махамбетке», «Ақан серінің ел ағасына шағынуы», «Абай мұңы», «Қара сойыл» (Оразбайға), «Ақын хақында»
(І.Жансүгіровке), «Мұхтар Әуезов ескерткіші және Алатау», «Сырласу», «Ағажан» (Қасым Аманжоловқа), «Мұқағалидың рухымен әңгіме», «Шыңғыс Айтматовпен сырласу» өлеңдері – арнаудың жақсы үлгілері. Ақынның көп өлең арнаған тарихи тұлғаларының бірі – Махамбет Өтемісұлы болса, екіншісі – Дінмұхамед (Димаш) Ахметұлы Қонаев. Қазақстан Республикасын ұзақ жыл басқарған аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымының докторы Д.Қонаев туралы «Қыдыр ғұмыр» ат­ты жыр жинағына енген 300-ден аса поэзиялық туындыларымен қоса «Көсем» тарихи романын жазды.
Д.Қонаевтың қызмет­тен босауы ақын үшін ғана емес, қазақ елі үшін үлкен қасірет болды. Халықтың наразылық шеруі – «1986 жылғы Желтоқсан» көтерілісі ретінде тарихта қалды. Бүкіл өмірін қазақ елі мен жерін көркейтуге арнаған қайраткер өмірінің соңы қасірет­ті болуы өкінішті. Ақын:
Туғанда оны елімнің арлы анасы,
Тіршіліктің жанданған бар саласы.
Димаш деген Алаштың Алатауы,
Димаш деген қазақтың сардаласы, −
деп жырлады.
Дүние есігін ашқаннан соңғы сапарға ат­танғанға дейінгі өмір белестері Димаштың Алаштың Алатауына айналғанын растады. Ақын айтқандай, бүгінде «Димаш деген жаһанның кеңістігіне» айналды. Қаламгер мемлекет қайраткерінің өмірі мен қызметіне қатысты поэзиялық жанрмен айтып жеткізе алмаған оқиғаларды «Көсем» романында оқырманға жеткізуге тырысты. Дінмұхамедтей көсемді тәрбиелеп шығарған қазақ деген халықтың көсем екенін өмірден алынған нақты детальдармен көрсетуде мақсатына жет­ті.
«Димаш – ғасыр» өлеңінде:
Кремльдің жүрегін жаулай барған
Димаш – нөсер,
күні жоқ жаумай қалған.
Бермесе де есімін бір ауданға,
Димаш рухы – асқар шың, тауға айналған, –
десе,
«Атаса да Қонаев қаласы деп…» өлеңінде:
Алтын жұмақ орнатқан қыр, далаға,
Димаш десе біреулер бұрқана ма?
Бір биіктеп Алатау қалмас па еді?
Димаш атын берсе егер бір қалаға? –
деген екен.
Ақынның осы айтқаны бүгінде жүзеге асып, Алматы облысындағы өзі салған Қапшағай қаласына Алаштың Алатауына айналған ХХ ғасырдың тау тұлғасы Дінмұхаммед Қонаевтың есімі берілді.
Ақынның поэзиялық, прозалық туындыларынан үлкен орын алған тарихи тұлғаның бірі − Жамбыл, Алматы, Шымкент облыстарын ширек ғасырдан аса басқарған мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаров. Ол – бірнеше өлеңдердің, «Тамұқ отына жанбаған» шер-дастанның, «Тауқымет» романының негізгі кейіпкері. Романда өмірінің соңында қуғын-сүргінге ұшыраған мемлекет қайраткерінің трагедиясы − қазақ елінің қасіреті ретінде бейнеленген. Отаршыл империяның ұсақ ұлт­тарды басып-жаншуы ел басқарған қайраткерлерді адам құрлы санамауымен нанымды сурет­телген. «Өлгендер рухын тірілтіп, Көрде де жырлап жатармын» деп өзі айтқандай, қазақтың қаншама тұлғаларын, қайраткерлерін тірілтіп, оларға жыр арнады. Бүгінде ақын есімінің сол қайраткерлермен бірге аталуы − оның екінші өмірінің ғұмырлы екенін көрсетердей.
Ақынның туған жер туралы туындыла­рынан «Талас», «Ата мекенмен сырласу», «Тайтөбе», «Талас жағасында» өлеңдерін атау ләзім. Ашаршылық жылдары балығымен қанша адамның жанын сақтаған Талас өзенінің бүгінгі күйі оны алаңдатады. Алатаудан бастау алатын Таластың өткел бермей жойқынданып жататынын көрген ақын «қысыр жылан секілді жіңішкеріп» кетуіне «Таласыма қайғырып көңіл айтам, Өзендердің бірі деп ағысы өлген» деп көңіл айтады. Мұң-шерге толы өлең – туған жердің бір түйір тасы үшін күрескен ата-бабаларымыздың бүгінгі ұрпағының жанайқайы. Сондықтан оны – бір ақынның емес, барша қазақтың зары деп қабылдауға болады.
Ал «Махаббат дейтін жүрекпен» топтамасы – ақын поэзиясындағы махаббат лирикасының көрінісі. Сұлу қыздың жанарынан «оқ тиген өжет киіктей» сұлап жатқан жігіт­ті, жігіт­терден көңілі қалып бүк түсіп жатқан сұлуды «өз бақытын өртеніп сүйгені үшін» жазғыруға болмайды. Бұл топтағы өлеңдерде жас жігітке тән жалыннан гөрі, жасы ұлғайған жігіт ағасының асыл жарына, балаларының анасына деген ақ сезімі басым. Себебі ол – ақын шаңырағының отанасы. Ақынның жыр сіңген отауының түтінін түтетіп отырған жанға «Мен де бір күн сіңермін көне жерге, Маздап жанған, шырағым, сөне көрме» деуі орынды. Ақынның өзі айтқандай, бүгінде қара шаңырағын түтетіп отырған Гүлжан жеңгеміз Рафаэль ақынның есімін мәңгі есте сақтау мақсатында көптеген шараларды атқаруда. Өзі тұрған үйге мемориал тақта орнатылды, шығармалары жарық көруде, жары туралы естелік-эсселері үзбей жариялануда.
Ақынның тек қазақ даласына ғана емес, Адамзат баласына тыныштық тілеген бейбіт үні Қап тауында жатқан шешен халқының да құлағына жет­ті. Шешендердің ауыр қайғысына ортақтасып, олардың жан жарасын қағаз бетіне қалтқысыз түсірген ақынның табиғат берген талантына Шешен елі бас иді. Шешен елінде ақын жырлары жоғары бағаланып, Шешен Республикасы Жоғары Мемлекет­тік «Ұлт намысы» орденінің иегері, Шешенстан Мемлекет­тік сыйлығының лауреаты атанып, Шешенстанның қаһарманы болды. Бір елді мойындатқан ақын жырлары – өзінің ғана емес, сөз құдіретіне бас иген қазақ елінің де табысы. Олай болса, Рафаэль ақынның бұл сыйлығы – қазақ әдебие­тінің де сыйлығы.
Қорыта айтқанда, Рафаэль
Ниязбеков шығармаларында өзі өмір сүрген ХХ және ХХІ ғасырлардағы қазақ халқының қуанышы мен қайғысы көркем суретке айналып қағаз бетіне түсті. «Жүрегімде – ғасырлардың салмағы» деп екі ғасырдың салмағын көтерген ақын өз қоғамына қарата, «Тыңда мені, замана!» деп жар салды. Осыдан қырық жыл бұрын ақын «Жалғыз кінәм! Жыр жазам. Ал жазбасам көрінеді қызығым таусылғандай» деп жазған екен. Ақын өзі айтқандай, «Жаңа жыр жазған сайын, Жаңа әлемнің есігін ашқандай боп» көрінді.
Поэзияда осындай жетістікке жеткен ақын проза жанрына да олжа салды. Оның «Қосарыс шыңы», «Киелі жылқы», «Мақпал тон», «Концерт», «Пәтер» тәрізді әңгімелері, «Отағасы», «Қаңтар», «Қызғыш құс», «Жалғызбасты әйел» повестері мен «Қызыл үй», «Тас құдай», А.Асқаров туралы «Тауқымет», Д.Қонаев туралы «Көсем» романдары – тәуелсіздік тұсындағы қазақ прозасына қосылған соны үлес. Қазақ өмірінің әр дәуірінен сыр шертетін жазушы прозасы жөнінде бөлек әңгіме болмақ.

Гүлжаһан ОРДА,
филология ғылымының докторы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір