ЖҮРЕК БІРГЕ САРҒАЯР ЖҰРТЫММЕНЕН…
20.05.2016
25034
9

ТурдыханТұрдыхан АЙДАРХАНҰЛЫ

 

ҚАЛАДАҒЫ ҚАРЛЫҒАШТАР

Жырлады тірлік бар ғалам,

Жапырақтарға тіл бітіп.

Отырмын жалғыз аулада,

Ауадан жылы жыр жұтып.

 

Қоздатып көңіл күйімді,

Қағатын әсем қанатын.

Мәтшәсі да жоқ үйімнің,

Қарлығаш ұя салатын.

 

Шалғынға көміп іргесін,

Таңдап бір тігер қолатын.

Ақбоз үйлер жоқ аймалап,

Шаңырағына қонатын.

 

Ақ тамақ құстар,

Күрсінгем!

Таңдайым құрғап, тамшы күй,

Қарлығаштарым жүрсіңдер,

Ғаламнан іздеп балшық үй.

 

Өретін өрім балапан,

Бинәнің жапсарларынан.

Өседі ешбір хабарсыз,

Еркін бір аспан барынан.

 

Жауы жоқ енді арбайтын,

Діңгекпен өрлеп құныққан.

Тірлігі бейқам жандай тым,

Жылан барын да, ұмытқан.

 

Еркіндікке әр кез бастаған,

Қоңырқай тамдағы ұлылық.

Табанын қарып, тас-таған,

Бере алмас әсте жылылық.

 

Бинәні зәулім бақ санап,

Байқалмас жанда жарамыз,

Қарлығаштарым-ау, ақ тамақ,

Алыстап кетті арамыз?!

 

ЕРТЕГІ-ҒҰМЫР

Көз алдым толды сұраққа,

Көп арман көшті көбіктей.

Қозы-лақ қуып қыратта,

Балалық қалды еліктей.

 

Ертегі ермек ғұмырым,

Желкенін жайған жақсы үміт.

Көктемдей бүршік көңілмен,

Күтіп ем сенен жақсылық.

 

Күдігім де бар көп күнге,

Жанымның дерті асқынған.

Ерназар әке жоқ кімде,

Жаны үшін жауға тапсырған.

 

Қайдасың, қайда, бал-мұңым,

Кесесін жанның шайқаған.

Жалмауыз кемпір тағдырым,

Есейгенімді байқаған.

 

Ойламас бастың пайдасын,

Кінәсіз аңқау шақтарым.

Асырса кімдер айласын,

Басқамын соның қақпанын.

 

Жеті қат жердің мәңгілік,

Астына кете жаздаған.

Ертөстікпін бе, деп қалам,

Жалмауыз кемпір арбаған.

 

Көргеннің бәрі пырақ дер,

Таңдайын қағып тамсана.

Шалқұйрық сынды бір ат бер,

Сыйлар ем бақыт баршаға.

 

 Жалмауыз ойла, мың айла,

Тоса алмас енді мұнар күн.

Ертөстіктей ақыры,

Жер бетіне бір шығармын.

 

ТҰЛПАРЛАР ДҮБІРІ…

Түсіме кіреді,

Тұлпардың дүбірлі тұяғы,

Қыранның зеңгірде қияғы,

Далалық тарихым,

Сен жайлы сағыныш,

Жүрекке қалайша сыяды?!

 

Жатамын қалжырап,

Сынғандай намыс-бақ.

Түсімде тұлпарлар тұяғы,

Дүрсілдер жанымды езгілеп,

Кеткендей ошақтай тұяқтар,

Тәнімді жаныштап.

 

Кержайлау шақырып, көк белес.

Шақырып ықылым замандар.

Жадымда жаңғырып ескі елес.

Тас көше тұтқындап санамды,

Басылып жатқандай табанда ар.

 

Түсіме кіреді…

Сақтардың қосыны,

Дүбірі жер жарған жосылып.

Қара түн қойнауын,

Тінтеді жетім-жыр,

Кетердей соларға қосылып.

 

Түсіме кіреді…

Көгілдір, зерлі де көк аспан.

Далалық тегіме жол ашқан.

Кеткендей аспаным ауысып,

Қараймын сабырым тауысып,

Аспанға бұлдырап баратқан.

 

Таңдарым, заңғарым, тұрамын қалтылдап.

Жардың басында жарлы үміт.

Өзімді жұбатып отырам мәңгілік.

Бейуақта қиялым қырандай көкке өрлеп,

Тұлпарлар дүбірі санамда жаңғырып.

 

О, бабалар, айтылсын мың тілек,

Жанарлар жебедей жыр-тілеп.

Дауысың найзағай күркіреп,

Сақтардың рухымен далалық,

Алар ма ед шіркін-ай!

Ластанған ғаламды шекпендей

Сілкілеп!..

 

ТАС МОЛА ТАҒЫЛЫМЫ

Жатырсыңдар қара лөңде мызғап сәл,

Ақпан қарып, молаларын күн қақтар.

О, аруақтар!

Ескі дүние елесі…

Сендер жайлы менің мұңым мың қатпар.

 

Бұл гұмырдың гүл дейтіндей түгі жоқ,

Жанымыз да біткен біздің сірі боп.

Ұлы ақын да айналады аруаққа,

Адамзаттың қайталанбас жыры боп.

 

Жарық жалған бәрі… бәрі бізге айқын,

Тек жүрек бар кеудемізде сыздайтын.

Жерге айналған тек өздерің болмаса,

әй, пенде жоқ жер жүрегін тыңдайтын.

 

Қалың қабыр, сендер үнсіз,

Жер үнсіз…

Қалың тобыр,

Жердің беті сенімсіз.

Алты құрлық, алты малта ас болмай,

Қалудан да қорықпаймыз кебінсіз.

 

Аза жыры естілгенде қырқадан,

Жүрегімді мен қалайша жылыта алам.

Жабысқандай жаратылыс тәніне,

Жақынсыңдар ақиқатқа бір табан.

 

Сезіп қалып молалардан ермен мұң,

Екі дүние арасында сенделдім.

Ғасырларды біздер қылғып қойғанбыз,

Асылдарды көмген күн.

 

Айта алмаймын тек осыдан басқа сыр,

Құпиямды білем аруақ шашпасын.

Тас моланың тағылымын сезбеген,

Адамдарды күтіп тұрма тас ғасыр.

 

САРЫ ЖҰРТ – САҒЫНЫШ

Жаным бірге көшеді бүлтыңменен,

Жүрек бірге сарғаяр жұртымменен.

Қасқа жолда сәбилік қалды елесің,

Қос өкпең бүлкілдеген.

 

Көңілімнің сіңгенде әні ымыртқа,

Әлдиленер сары әлем сағынышқа.

Көң қораның иісі буынды алар,

Қайта айналып соғайын сары жұртқа.

 

Көңілім де көрікті сезіп ақ таң,

Жұлдыздардай көп еді,

Кезім аққан.

Ақ бастауым балдырлы аман ба екен?

Көктемеде әкеміз көзін ашқан.

 

Өтіп жатар ың-жыңсыз өмір онда,

Серке бастап қой келер сері жоннан.

Алтынға да бергісіз аңғал өмір,

Алғаным-ай, сусытып сені қолдан.

 

Енді, міне, кеудеде арман-азап,

Тәтті мұң да, өксу де, бар ғаламат!

Қара бала қағылез сені ойлаймын,

Лақпен бірге жүгірген жар жағалап.

 

Отырамын ымыртқа мұң ақтарып,

Ертең күнім шығады құлақтанып.

Ауыртады жанымды сары жұрттағы,

Ақ қайыңдар жүзінен ұят тамып.

 

АҚЫН РУХЫМЕН СЫРЛАСУ
 (Бәйтік Дүйсебаевтың рухына)

Жанарынан көктем гүлдеп, күз күлген,

Қайран ақын, сырласайық біз бірдем.

Тірлік үшін ілбіп бара жатамын,

Сол баяғы тас көшемен сіз жүрген.

 

Аспан зеңгір, қала мынау қалқиған,

Аруақ шаһар қабырғасы арсиған.

Күрсінтеді, күннің жалған күлкісі,

Қабақхана жақтан мұңлы шалқиды ән.

 

Қыран жатыр кірпігі кір, мөлтеңдеп,

Жауыздыққа қадалардай семсер боп.

Жүр ме екенсің ұжымақ мекен іздеумен,

Жылына бір қырға шығып келсем деп.

 

Табиғатпен бірге туған етене,

Ақын рухы пәниден шын көше ме?!

Уын жұтып отырамын мен енді,

Тағдырымды құйып алып кесеге.

 

Сылқым бұлақ лирика боп сырласты,

Асқар шыңдар ақ жүрегін жырға ашты.

Ондай салым, бәлкім, бізге жоқ енді,

Ұмытқалы қашан біздер қыр жақты.

 

Арнасынан асып тасқан байтағым,

Жан сырымды саған ғана айтамын.

Тілсіз дала, меңірейіп тұр таулар,

Үнсіз ғана баспанама қайтамын…

ПІКІРЛЕР9
Аноним 02.03.2020 | 17:47

Арқалы ақын екеніңді ерте білгем, полезная туралы өзіңнің дара қағйдаңнан жаңалық ашқан толғақты ойыңды оқырманға жеткізіу өмірдегі борышың, біз сенің жаңалғыңды көріуге асғамыз. Толқын мұхамәдй

Аноним 13.04.2020 | 18:28

Сонша жыл қиыр қонып, шет жайладыңыз. Өнерге адалдық түбінде өз бағасын алады. Қалай дегенмен де, қазақ өлеңін қанып оқыған, тілдің уызына жарыған ақын екендігіңіз анық аңдалады. Артта қалған жеріңнің, ата қанынан дарыған сөзіңнің алапасы арта берсін, аға! «Қаладағы қарлығаштардың» бірінші оқырманы мен болдым, ұмытпасам.

Аноним 14.04.2020 | 15:45

Сағй жйенбайша толғаған жақсы жырлар екен.

Аноним 19.04.2020 | 03:35

керемет өнеріңіз әуелей берсін

Аноним 26.04.2020 | 01:53

KEREMT KOXTE .
Malades .

Аноним 26.08.2020 | 15:26

kuxti keremet oneringiz orge juzsin

Аноним 29.01.2024 | 17:46

керемет 👍👍👍

Аноним 27.03.2024 | 19:02

Күйеу бала сен төгіліптұрған ақынсыңғой. Тбиғатыңнан төкпе ақын боп жаратылыпсың төгіл-төгіл!!!.

Аноним 28.03.2024 | 20:22

Сізге шығармашылық табыс тілеймін . Қаламыңіз ұштала берсін . !👍👍🌷

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір