Арнайы экспедиция Ақжайық атырабында
«Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және жазушы, этнограф Зейнолла Сәнік – 90» атты республикалық ғылыми-танымдық экспедиция 5-7 сәуір аралығында Батыс Қазақстан облысында болды. Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов бастаған экспедиция мүшелерін Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысындағы өкілі Бауыржан Ғұбайдуллин әуежайдан қарсы алады.

Әрине, «Қазақ әдебиеті» оқырмандарының Қазақстан Жазушылар одағына аты қанық. Ал оқырман қауымның әрі баспагер, әрі қаламгер һәм этнограф Зейнолла Сәнік жөніндегі дерек-дәйегі, таным-түсінігі там-тұм болуы ықтимал. Сол себепті мына мәліметтерді көптің назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Зейнолла Мүбәракұлы Сәнік 1935 жылы Қытайдың Тарбағатай аймағында өмірге келген. Бейжің қаласындағы Орталық жастар институтын бітіріп, еңбек жолын баспагерліктен бастаған. Үрімжідегі жастар баспасында жауапты редактор болып 40 жылдай қызмет атқарған. 1955 жылдан бастап әдеби зерттеу жұмыстарын жаза бастаған. Сол уақытта Қытайда жүргізілген «мәдени төңкерістің» қуғын-сүргініне ұшырап, жеті жыл өмірін Қытай түрмесінде өткізеді. Бертін келе қажырлы қаламгердің ғылыми еңбектерінен, роман-повестерінен құралған жиырмадан астам кітабы жарық көрген.
2001 жылы Қазақстанға көшіп келген соң осы бағыттағы қажырлы ізденісін жалғастырып, болашақ ғылыми-танымдық еңбегінің көкжиегін кеңейте түскен. Соның нәтижесінде Зейнолла Сәніктің соңында әдеби шығармаларына қоса,«Қазақ этнографиясы» атты энциклопедиялық дәреже-деңгейдегі құнды еңбек қалды. З.Сәнік 2013 жылдың қыркүйек айында дүние салды.
Шығармашылық топтың Оралдағы жұмысы 5 сәуір күні М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетіндегі жиыннан басталды. Аталған университеттің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Мерген Сүлейменов қазақы игі дәстүрмен құрметті меймандарға төр ұсынып, қонақжайлық танытты. Іс-шара тізгінін ұстаған Бауыржан Ғұбайдуллин Маңғыстау, Атырау облыстарында сәтті жұмыс жүргізіп, Ақжайық өңіріне ат басын бұрған экспедицияның мақсат-мұратына тоқталды. Оған қоса осы жиынды ұйымдастырған М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің басшылығы мен филология факультетіне ризашылығын білдірді. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов ұлттық рух пен тарихи мұра, Зейнолла Сәнік еңбектері жайында әңгіме өрбітті.
– Ұлттық рух пен тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған арнайы экспедиция – ұлттық мәдениетіміздің діңгегі саналатын салт-дәстүр, әдет-ғұрып, қазақ этнографиясын дәріптеу, ұлт жадысын жаңғырту жолындағы маңызды қадам. Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің идеясымен басталған бұл ауқымды жоба барысында тарихи орындармен танысу, музейлердегі құнды жәдігерлердің қыр-сырына үңілу, рухани құндылықтарды дәріптеу секілді маңызды істер атқарылмақ. Жергілікті өлкетанушы, этнографтармен кездесіп, олардың еңбектерін жинап, кітап шығару жоспарлануда. Деректі фильмге материалдар жинақталуда. Экспедиция жұмысына Жазушылар одағының мүшелері кеңінен тартылмақ. Бүгінде этнография жай өткен күннің елесі ғана емес, ол – ұлттың тамыры. Біз өткенімізге үңілмей, болашағымызды баянды ете алмаймыз. Облыс орталықтарында, аудандарда тұратын ақын-жазушылармен, өлкетанушы мамандармен, халық ауыз әдебиетін жинаушы көнекөз қариялармен, шежірешілермен жүздесеміз. Осының бәрі ұлтты бірегейлендіруге, тұтастандыруға, этнографиялық мұрамызды түгендеп, рухани қазынамызды бағалауға жұмылдыратын тың бастама, – дей келе, Қасымхан Сейітханұлы осы экспедицияға қатысты жазылған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің хатын оқыды. Хатта: «Биыл қазақ руханиятының дамуына мол үлес қосқан қаламгер, этнограф, баспагер, аудармашы Зейнолла Сәніктің 90 жылдығы. 2018 жылы құрылған Зейнолла Сәнік атындағы Мәдениет қоры әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына, жан-жақты дәріптелуіне демеушілік жасап келеді. Қазақстан Жазушылар одағы биыл көрнекті қаламгердің 90 жылдық мерейтойын Зейнолла Сәнік атындағы Мәдениет қорымен бірлесе отырып, ауқымды жоба аясында атап өтпек. Батыс өңірінен бастау алатын сапар еліміздің барлық аймағын қамтиды. Мәдениеттанушы ғалымдар, этнографтар, ақын-жазушылар мен журналистерден құралған экспедицияның мақсаты – жазушының ұшан-теңіз еңбегін елге кең көлемде насихаттау. Ұлттық құндылықтарымызды жан-жақты дәріптеп, ел арасындағы халық қазынасын, яғни рухани мұраны заман талабына сай жаңғыртып, өңірлердегі тарихи орындардың қазіргі жай-күйімен танысу. Этнографтың мерейтойы аясында келер ұрпаққа өнеге, қазіргі қоғамға қажетті дүниені қолға алған қор мүшелеріне, Қазақстан Жазушылар одағының ұжымына алғыс айтамын. Экспедиция мүшелеріне сәттілік тілеймін!» делінген.
Өз кезегінде тарих ғылымдарының докторы, этнограф-ғалым Ахмет Тоқтабай, ҚЖО төрағасының кеңесшісі, қоғам қайраткері, журналист Әміржан Қосан, Зейнолла Сәнік атындағы Мәдениет қорының атқарушы директоры Серік Қалиев осы ауқымды жоба аясында жүйелі жұмыс жүргізілетінін тілге тиек етіп, ұлттық құндылықтар туралы әңгімеледі. Бұл жиынға Зейнолла Сәнік атындағы Мәдениет қорының құрылтайшысы, ҚЖО төрағасының кеңесшісі, кәсіпкер Қанат Зейноллаұлы да қатысты.
Іс-шара барысында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева, ақындар Айтқали Нәріков пен Қазыбек Құттымұрат-ұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сыдықов, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев ой-пікірлерін ортаға салып, экспедиция жұмысына сәттілік тіледі.
Жас буынды қолдау мақсатында Зейнолла Сәнік қоры тағайындаған аса көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Есенғали Раушанов атындағы шәкіртақыны Қасымхан Бегманов пен Серік Қалиев Махамбет атындағы БҚУ филология факультетінің студенті Нұрдана Темірге тапсырды. Сондай-ақ жиын қатысушыларының біразына Зейнолла Сәнік пен Жанат Зейноллақызының «Қазақ этнографиясы» атты кітабы берілді. Бұл кітап ұлттық болмыс пен мінезді ғана емес, бүкіл қазақ халқының шығу тегінен бастап, өмірінің барлық саласын толық қамтиды.
Жиын аяқталған соң экспедиция мүшелері облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі жәдігерлермен танысты. Сонымен қатар Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығын аралады.
* * *
«Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы. Зейнолла Сәнік – 90 жыл» атты республикалық экспедициясының мүшелері алтыншы сәуір күні Теректі ауданының Шалқар ауылдық округі мен Бәйтерек ауданындағы Дариян ауылына арнайы ат басын бұрды.
Экспедиция мүшелері Шалқар ауыл-аймағының орталығы Сарыөмір ауылындағы Х.Есенжанов атындағы мектептегі музейде болды. Олар бұл білім ошағында аталмыш ауылдық округтің тарихына қоса, жиырма жылға жуық қуғын-сүргіннің азабын тартқан көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Хамза Есенжановтың қасіретті тағдырымен жақынырақ танысты.
Дариян ауылындағы Нобель сыйлығының лауреаты, жазушы Михаил Шолохов атындағы Мемориалдық мұражайына келген экспедиция мүшелеріне аталмыш музейдің меңгерушісі Мәдина Мұсина дүниежүзіне аты мәшһүр қаламгер хақында танымдық сипаттағы тартымды әңгіме өрбітті. Алатау баурайынан келген ақын-жазушылар Шолоховқа тікелей қатысты әр жәдігерге үңіле қарап, олардың мұражайға қойылу тарихына қатысты біраз сұрақ қойды. Ал музей меңгерушісі әр сауалға ықыласты жауап берді.
Сарыөмірде де, Дариянда да, ертеңіне Жымпиты ауылында да З. Сәнік атындағы Мәдениет қорының атқарушы директоры, белгілі ақын, ұстаз Серік Қалиев Зейнолла Сәніктің этнографиялық еңбегін ауылдық әкімдік пен жергілікті білім және мәдениет ошақтарына табыстады.
Алашорданың батыстағы астанасы болған Сырым ауданының орталығы Жымпиты кентіне ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, жазушы-журналист Бауыржан Ғұбайдуллин бастап келді. Олар Сырым Датұлы атындағы Аудандық тарихи-өлкетану музейімен танысып, жақында ашылған ардагер-ұстаз Марат Қадыров атындағы оқу-ағарту залында жергілікті зиялы қауым өкілдерімен әңгіме-дүкен құрды. Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов Жазушылар одағының өкілдері алдында Қадыр Мырза Әлінің шабытты шақтары, тұтас шығармашылық дәуірі өткен Алматы қаласындағы бір мектепке Қадыр ақынның атын беру мәселесін көтерді.
ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Күнбатыс Алашорданың кеңсесі болған, ал 2007 жылы әрі би, әрі батыр, сөз бастаған шешен, қол бастаған көсем Сырым Датұлының ұлт азаттығы жолындағы көтерілісінен сыр шертер музейге айналған ғимарат 1867 жылы бой көтерген екен. Ағаштан салынған бұл нысан бастапқыда Тараканов деген көпестің баспанасы болған көрінеді. 2012 жылдан бері үшбу үй Күнбатыс Алашорда музейі. Музей меңгерушісі Айнагүл Ойшыбаеваның тарихи дерек-дәйекке бай әңгімесі экспедиция мүшелерін тарих қойнауына жетелей жөнелді.
Этнограф жазушы Зейнолла Сәніктің 90 жылдық мерейтойы аясында ұлттық рухты қолдап, ұлт тарихын жаңғыртуға бағытталған арнайы экспедиция халқымыздың жасампаз салт-дәстүрі мен қазақ этнографиясын дәріптеп, жаңғырту жолындағы маңызды қадам болмақ.
Б. ҒАБДУЛЛИН,
Батыс Қазақстан облысы