Алаш қаласында ақынның ашық дәрісі өтті
Семей қаласындағы Shakarim University-дің 90 жылдығы аясында «Табысты тұлғалардың дәрісі» айдарымен ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Жазушылар одағының хатшысы, Астана қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлының ашық дәрісі өтті.
Дәріске Қазақстан Жазушылар одағы Абай облысы филиалының төрағасы Мерей Қарт, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, университеттің профессорлық оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты. Университет ректоры Думан Орынбеков кезекті дәріс оқитын белгілі тұлғаны таныстырып, сөз тізгінін құрметті қонақтарға ұсынды.
«Абай және Ақыт қажы сабақтастығы: бүгінгі қазақ әдебиетіндегі ұлттық болмыс» тақырыбындағы дәрісте қазақ жазба поэзиясының негізін қалаған хакім Абай мен оның шығармашылығын шетелге насихаттаған алғашқы ағартушы ұстаз, ғұлама, ақын, қайраткер Ақыт қажы Үлімжіұлының шығармашылығындағы рухани үндестік жайлы баяндады. Дәулеткерей ақын 1909 жылға дейін Ақыт Қарымсақовтың Санкт-Петербург, Қазан баспаларынан 7 кітабының жарық көргені, оның Абайға еліктеп көптеген өлең жазғаны, бірнеше тілді меңгергені мен 1908 жылы Меккеге қажылыққа сапар шегіп, қайтып келген соң мешіт салдырып, медресе ашып, мұғалім болғаны жайында көптеген тың деректер ұсынды.
Сонымен қатар Абай облыстық кітапханасының атынан ақынның шығармашылығына арнап көрме қойылды. Ақын университеттің 90 жылдығына тарту ретінде кітапхана қорына 30 кітапты сыйға тартты. Шәкәрім университеті Ғылыми Кеңесінің шешімімен Дәулеткерей Кәпұлына «Шәкәрім университетінің құрметті профессоры» атағы берілді.
Шара ары қарай Алаштың тұңғыш білім ордасы М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжде өткен ақын Дәулеткерей Кәпұлының «Қара өлең – қайғым, көз жасым, Шемен шерімді қозғасын» жыр кешімен жалғасты. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы Дәулеткерей Кәпұлының шығармашылығына жоғары баға бере отырып, шапан жауып, құрмет көрсетті.