ӨМІР ЫРҒАҒЫ
20.05.2016
1357
0

Торехан1986 жылдың күзі. Мен Қызылорданың Жаңақорған ауданынан Алматыға жаңа келгенмін. Алматыда Қытайдағы бірге туған ағам Төрехан Ахмадидің бірге өскен досы, қазір көзі тірі Мүтән Абдуллин бар еді. Ол кісі мені мемлекеттік мұрағатының директоры Марат Хасанаев деген азаматқа апарып таныстырды, жұмысқа қабылдауын өтінді. М.Хасанаев өзіне күйеубала болып келетін ақын Құсман Мұха­мет­қалиевтің үйінде Мүтән ағамызбен қонақта бірге болып, екеуі бір көргеннен-ақ танысып қалған екен. (Кейін аңғар­ғаным, Марат Хасанаев адамға өте үйірсек, өте бауырмал азамат екенін білгенмін).  Өзі бір көрген адамның есінде қалатын Мәкең мені де ежелгі танысындай қарсы алды.

Аққұба, әдемі, жайнап тұрған жігітке ішім жылып отыр. Басшы адамның мұндай елгезек, елпек болатынын бірінші көруім. Тегінде мен бұған дейін көп қиындық көріп келе жатқан біреу едім. Іштей жүрексініп, сенер-сенбес болып келгенмін. Тартынып отырғам.

Келген бұйымтайымызды естіген соң, директор кадрлар бөлімінің бастығын шақырып, менің құжаттарымды қабылдап алуын бұйырды да:

– «М.Н.С.» деп бұйрық жаз! – деді. Мен шынымды айтайын, әлгі «М.Н.С.» дегені не сөз екенін ол кезде орысша құқ етпей – басым түсінгенім де жоқ. Мен 15 жыл жүрген «Келінтөбе» совхозында (Жаңақорған) орыс баласы тұқымға жоқ болатын. Қытайдан келгендегі орысшадан тап-таза, жұрдай қалпым. Сөйтіп, мен Мемлекеттік архивке үш айлық сынақпен қабылдандым. Бағыма қарай дәл сол кезде Исатай-Махамбет ұлт-азаттық көтерілісінің  200 жылдығына орай академик Манаш Қозыбаев осы архивте сақталған, соған байланысты хаттарды (Исатай-Махамбеттің патша өкіметінің генерал-губернаторларына жолдаған арыз хаттар) аудару үшін таңдап үш адамға конкурс жариялады. Олар осы архивте көптен араб графикасымен жұмыс жүргізетін Бейсенбай Байғалиев, Ғылым академиясындағы Тоқтар деген арабист азамат және мен едім. Әлгі араб әрпімен жазған хаттардың жазуын көп арабистер тани бермейтін. Бұхарша әріп, ирегі жоқ, сүйретпе әріптер болғанда тілі сол кездегі шағатайша еді. Сол заманның хатшылары сүйкектетіп жазған шұбар тіл. Оқуға қиын-ақ. Алғашында біраз көз үйретпеген адам маңайына бара алмастай. (Әсіресе тілі де жат қой).  Бір тәуірі, ежелде төте жазуды жақсы білетін мен Жаңақорғанның «Қожакент», «Өзгент» ауылдарындағы ескі қолжазбалар оқитын қожаларға таныла бастап, солардан шағатайша бәйіт-ғазалдар оқып үйренгенім бар еді. Құл Қожа Ахмет Иассауидің «Хикметін» де сол кезде оқи бастағанмын. Сол тілмен жазылған Әз Тәуке ханның әйгілі «Жеті жарғысын» да Иассауи кесенесінің кітапхана бөлмесінің қабырғасында ілулі тұрған жерінен 1976 жылы көшіріп алып, оның қолжазба түрін тұңғыш рет ғылыми айналымға жеткізген де мен екенімді сол кездегі Бас архив Басқармасының бастығы Сапар Байжанов ағамыз баспа беттерінде жариялап жазған. Сонымен архивтегі мына хаттарды тез-ақ игеріп алдым. Оны 114 балама сөздермен аударған менің еңбегім бағаланды да, қызметке бекіп қалдым.

Бір жылдан кейін жұмыс куәлігіме «С.Н.С.» деген лауазым жазылып, аға ғылыми қызметкер болдым. Жақсыбайұлы Марат Хасанаевтың қарамағында 10 жыл жұмыс атқарғанымда білгенім, бұл азамат өзінің тумыс-жаралысынан өте жайсаң адам екеніне көзім жеткен. Замана кінәратына шалдықпаған, яғни уақыт ауруымен ауыра білмейтін, өз жүрек жолынан айнып-аумайтын, өте көркем мінезді, пәк азамат еді. (Оған Алланың рақымы болғай!).

Марат Хасанаев архив істері жөніндегі жоғары білімді Мәскеуде тәмамдаған сирек маман болатын. Ол мемлекеттік архивке қызметке келгеннен кейін бұрынғы жұмыс тәсілі түп-тамырынан өзгерді десе болатын. 1917 жылы Ленин қол қойған «Архив істерін орталықтандыру» деген декреттің жүйесімен жұмыс атқарылған. Көптеген ақын-жазушылардың, өнер  адамдарының жеке қорлары тау-тау болып сақталуына да Хасанаев өзі мұрындық болған. Қыруар жұмыстар жүйелі түрде істеліп жатты. Мәкеңнің жан жары Жұмахан Нұрмамбетқызы жөнінде айтар болсақ, атамыз қазақтың: «Жақсы әйел ері өлсе басына орнатқан мұнара болады, жаман әйел ері өлсе ешкімге сөзін өткізе алмай диуана болады», – дегеніндей, ол Мараттай асыл жар-жолдасының соңын ел-жұрт ойлағандай-ақ көріктендіріп отырған сирек жұбайлардың бірінен саналады. Таныстары өр жаралған Жұмахан ханымның ойнап айтқанын шындап істейді. Сондай беделге ие. Мәкеңнің көзі, тұяғы Әнуардың өрелі азамат болып ержетуінде де анасының еңбегі аз емес. Әнуар өзі де тумысынан алғыр, әкесі Маратқа тартып еңбекқор жаралған азамат екені елге мәлім.

Қорыта айтқанда, Марат Хасанаевтай ұлтымыздың рухани мұрасы үшін тер төгіп, аянбай еңбек етумен өткен ардақты азаматымыздың 70 жасқа толып отырған мерейлі шарасы тек оның отбасының, туған-туысының ғана емес, туған елінің де зор мерейі деп білеміз.

Жанат АХМАДИ,
жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.

ПІКІР ҚОСУ