Жаңғырып-жайнаған ВОКЗАЛ
28.08.2026
59
0

Күрделі жөндеуден өткен Орал теміржол вокзалы осыдан бірер апта бұрын Теміржол көлігі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында пайдалануға берілді. Ел үшін стратегиялық маңызы зор болат жол нысанының жаңаруы – өңір тұрғындары мен жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көлік-логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі тапсырмасы негізінде ҚР Көлік министрлігі, «Самұрық-Қазына» АҚ және БҚО әкімдігі қолдауымен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы облыстағы төрт теміржол вокзалын жаңалап-жаңғыртқанын атап өтті.
– Шыңғырлау мен Тасқала аудандарындағы теміржол вокзалдарының ескі ғимараттары сүріліп, жаңа вокзалдар бой көтерді. Ал Орал мен Ақсай қалаларындағы вокзал ғимараттары күрделі жөндеуден өтті. Бұл жобаларға республикалық және жергілікті бюджеттен 7,6 млрд теңге бөлінді. Осылайша Мемлекет басшысының тапсырмасы толық орындалды. Сән-салтанаты келіскен нысандардың құрылысын сапалы жүргізген әрі мерзімінде аяқтаған мердігер мекемелердің ұжымына облыс тұрғындары атынан алғыс айтамын. Жаңарған вокзалдар халық игілігіне ұзақ жыл қызмет етері анық, – дейді облыс әкімі.
Орал теміржол вокзалын күрделі жөндеу барысында жолаушыларға барынша қолайлы жағдай жасау көзделген. Вокзал ғимаратына төрт эскалатор мен үш жеделсаты орнатылып, теміржол рельстерінің үстінен заманауи конкорстық өткел салынды. Соның нәтижесінде жолаушылар бұрынғыдай жерасты өткелімен емес, перронға тікелей әрі қауіп-қатерсіз өте алады. Әрі ғимараттың инженерлік инфрақұрылымы толық жаңартылып, ақпараттық және навигациялық жүйелер заманауи талаптарға сәйкес жұмыс істейді. Ана мен бала бөлмесі, қонақүй үлгісіндегі демалыс бөлмелері жабдықталып, ерекше қажеттілігі бар азаматтардың кедергісіз жүріп-тұруына да барлық мүмкіндік қарастырылған. Сонымен қатар ғимараттың барлық инженер-
лік инфрақұрылым желілері толық жаңартылды. Ал жергілікті бюджет қаражаты есебінен вокзалға іргелес аумақ абат­тандырылды. Вокзал мекемесінің жалпы ауданы 5778 шаршы метрден 6346 шаршы метрге дейін ұлғайды.
Орал теміржол бекеті – өңірдегі маңызды көлік тораптарының бірі. Қазіргі кезде аталмыш нысан арқылы бір халықаралық, үш облысаралық және екі облысішілік жолаушылар пойызы тұрақты қатынайды. Жаңа вокзал кешені тәулігіне 1800 жолау­шыға қызмет көрсетуге қауқарлы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір