«ЖЕҢІС ПЕН ЖЕҢІЛІС АРИФМЕТИКАСЫ»

Өткен аптада Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері, көрнекті қоғам қайраткері, ақиық ақын Мұхтар Шаханов жерлес шәкірті Мырзахан Байболовтың арнайы шақыртуымен өзінің туған жеріне келіп, Шымкентте және Төлеби ауданындағы бірнеше ауылда халықпен кездесті.
Ақынның алғашқы кездесуі 1963 – 1969 жылдары өзі оқыған бұрынғы Шымкенттегі пединстиутта, қазіргі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан Педагогикалық университетінде өтті. Кездесудің шымылдығы филология факультеті студенттерінен құралған «Алқа» клубының «Жеңіс пен жеңіліс арифметикасы» әдеби композициясымен ашылып, медиаорталық дайындаған арнайы бейнеролик көрсетілді. Бейнероликте ақынның студенттік жылдардағы қолжазбалары, дипломы мен өмірбаяны туралы архивтік құжаттар сыр шертті.
Рухани кездесуді университет ректорының міндетін атқарушы Гүлжан Сүгірбаева жүргізіп отырды. Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі әдебиет сыншысы, профессор Құлбек Ергөбек
М.Шахановпен бірге жүрген кездері туралы тебірене сөз сөйлеп, қоғам қайраткері М.Шахановқа «Адамзаттың биігіндегі ақын» деген баға берді. Кеште ақынның жұбайы Қаншайым Шаханова, көмекшісі Сәулекүл Ахметова сөз сөйлеп, университет басшылығы мен ұжымына кездесуді ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді. Жиын соңында М.Шаханов студенттерге қолтаңба беріп, естелік суретке түсті.
Әлем таныған ақынның екінші күнгі кездесуі Төлеби ауданының орталығы Ленгір қаласындағы Жастар орталығында «Ғасырының үні болған ұлы ақын» тақырыбында өтті. Ш.Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектептің талантты ұландары Олжас Сәлімхан мен Іңкәр Абдрахман ақынның жалынды жырларын оқып, тыңдармандарға жақсы көңіл күй сыйлады. Ал аудандық мәдениет үйінің әншілері М.Шахановтың сөзіне жазылған әндерді шырқап, кеш көрігін аша түсті. Қайнар ауылдық кітапханасының меңгерушісі Нұржамал Амангелдиева сахнаға шығып, студенттік шақта елім, жерім, тілім деген патриот жастармен бірге Алматыда Желтоқсан көтерілісіне қатысып, басына қиын іс түскенде Мұхтар ағаның құтқарып алғанын мақтанышпен айтып, атақты ақынға басын иіп, алғысын жеткізді. Атақты ақынның келесі күнгі кездесу кеші Момынай ауылындағы клубта жалғасты.
Үш күнге созылған рухани кездесудің барысында оңтүстіктің тұрғындары М.Шахановтың қолтаңбасы қойылған кітаптарын алып, ақынмен бірге естелік суретке түсті.
Қабыл ДҮЙСЕНБИ,
«Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері,
журналист-жазушы