КІТАП ОҚУ – МӘДЕНИЕТТІҢ АЖЫРАМАС БӨЛІГІ
Егер біздің жанымызды тоқтатып, бір демалтып алса, одан зар шығатын еді. Қазір кітап оқу туралы әңгіме қозғалған кезде де осындай күйге енеміз. Оның шешілу жолы қандай десеңіз, моральдық тұрғыдан ғана емес, когнитивті, биологиялық тұрғыдан ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, кітап оқуды бәріміз бірлесіп үлкен деңгейге шығарсақ деймін.

Биыл елімізде тұңғыш рет «Ұлттық кітап күні» аталып өтті. Бұл мереке мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында: «Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз», – деп сөйлеген сөзінен бастау алған еді.
Бір апта бойы еліміздің бар өңірінде Ұлттық кітап мерекесі тойланды. Бұл мереке алғаш рет қаламгер, кітап, кітапхана, кітапханашы, оқырман, баспагердің басын қосты. Жаңа форма, жаңа мазмұн пайда болды. Руханияттың ортақ алаңы жасалды. Ұлттық кітап күнінен кейін Жазушылар одағының Әдеби жыл қорытындысы өтуі де заңдылық секілді.
«Бұл дүниеде мен пір тұтар, сырласар жалғыз-ақ нәрсем бар, ол – кітап. ƏӘкем де, шешем де сол – кітап». Оралхан Бөкейдің кейіпкері Тортай осылай деуші еді. Өмірден таба алмаған жан тыныштығы мен жылуын, ақыл мен адамдық жолын, махаббат пен мейірімді кітаптан ғана тапқан осы бір кейіпкердің кейде бәрімізге де ұқсап кететіні бар. Қаламгер – кітапқа айналатын адам. Үлкен қаламгерлер бір адамның ғана емес, тұтас қоғамның, кезеңнің, тіпті дәуірдің ұстазына, әке-шешесіне айналып жатады. Олар жаңа дәуірді тудырады. Өз оқырманын қалыптастырады. Әл-Фараби, Абай, Аймауытов, Майлин, Әуезов, Кекілбаев, Нұрпейісов, Мағжан мен Мұқағали. Күні кеше ғана өмірден өткен Мағауин, Исабеков, Әкім Тарази…
Біз Абайдың кітабы қыз жасауының бас мүлкі болған күнді сағынамыз. Біз әрбір кітапты Қадыр Мырза Әлише қызғанамыз. Біз Итжеккенге айдалып кетерін біле тұра, Мағжанның кітабын тығатын жанкештілікке құрметпен қараймыз. Біз Қалихан Ысқақтың кейіпкері Алматайдың «Шұғаның белгісін» жанұшыра жасырып оқитыны секілді оқырман махаббатын іздейміз. Нұрмағанбетовтің Сырлыбайы мен Шарайнасы секілді жастардың бір-біріне кітап оқып бергенін қалаймыз. Нұрпейісовтің Еламаны секілді адамдардың кітапты қорғап күрескенін көргіміз келеді. Сафуан Шаймерденовтің Мәулені секілді әр адамның кітапқа «дүние терезесі» секілді қарағанын құптаймыз. Себебі, біз – кітапханашымыз. Мәртебелі мамандық иесіміз. Қарапайым мектеп оқушысына да, самайына ақ түскен академикке де қызмет көрсетеміз. Кітап бойынша бағыт-бағдар береміз. Отан күзетінде тұрғандай кітап күзетінде тұрамыз.
Біз әрдайым бір кітапты іздейміз. Досымызға, сырласымызға, ұстазымызға, тіпті әке-шешемізге айнала алатын кітапты. Сол кітапты әр оқырманға ұсынғымыз келеді. Біздің заманымызда Рут Шоу дейтін жаңазеландиялық тамаша бір адам өмір сүреді. Екі кітап дүкенін ұстайды. Соның «Қиырдағы кітап дүкенінің иесі» атты автобиографиялық романы бар. Соған бір адам үй интерьеріне үйлестіру үшін он тал жасыл түсті кітап сұрап келеді. Рут Шоу оған бірде-бір кітапты сатпайды. Себебі ол үшін кітап бұйым емес, кітап – адамның өмірі. Кітапқа осындай құрмет, осындай қарым-қатынас қажет.
Мен түзде ғана қастерлі кітапхана мен мәртебелі оқырманға қызмет етіп жүрген жоқпын, үйде де оқырман тәрбиелеп отырмын. Айта кету керек, үйдегі кішкентай оқырманымның талғамы мен талабы өзімнен асып кетті. Оның қазір кітап тұсаукесеріне келгісі келмейді, мен апарған кітаптарды оқығысы келмейді. Неге? Міне, осы жерде оқырман деңгейі, оқырман қалауы, автор мен оқырман деген мәселе туады.
Бүгінде әлемдік әдебиетте заман талабына сай көптеген жанрлар қалыптасып, оқырманға сол жанрда жазылған кітаптар жол тартуда. Мәселен, ғылыми-фантастикалық, фэнтези, комикс сынды бірнеше жанр түрлеріндегі шығармалар қазақ әдебиетінде жоқтың қасы екенін ескерсек деймін. Ал шығармаларды оқырман қауым арасында кеңінен насихаттау үшін әдеби кітап клубтары шеңберінде әдеби институттармен бірнеше ортақ жобалар жасалуы керек. Расында бүгін кітапқа деген махаббатты, яғни ерекше ықыласты арттыратын шығармалар ауадай қажет. Автор, оқырман, баспа, кітапхана арасындағы сабақтастық жүйелі түрде жұмыс істесе, оқу мәдениеті жөніндегі бірнеше мәселе өздігінен шешілер еді. Біз «бүгінде жастар кітап оқымайды» деген таптаурын пікірді тек жақсы шығармалар жазып, оны дұрыс насихаттай білсек қана жоямыз.
Кітапханаларда әдеби шығармаларды талдау мақсатында арнайы подкасттар жүргізіліп келеді. Осы орайда біз шетелдік «BookTook» сынды жобаларды қолға алуымыз қажет. Осылайша, біртіндеп оқитын ұлт пен отбасылық оқу мәдениеті де бір ізге түсер еді.
Көптеген елде кітап оқу – мәдениеттің ажырамас бөлігі. Мысалы, Финляндия мен Жапония – әлемде ең көп кітап оқитын халықтардың бірі. Бұл елдерде мектеп жасынан бастап кітап оқу мәдениеті қалыптасады. Балаларға кітапханалар қолжетімді, қоғамдық көлікте, саябақта, тіпті жағажайда кітап оқитын адамдарды жиі кездестіруге болады.
Оңтүстік Кореяда арнайы «Кітап оқу күндері» өткізіліп, кітапханалар мен кітап дүкендері тегін қызмет ұсынады. Халық арасында «күніне кемі бір бет оқы» деген ұстаным кең тараған. Франция мен Германияда авторлар мен оқырмандар арасында тығыз байланыс бар. Жаңа кітап шыққан сайын халық арасында пікірталас, әдеби кездесулер ұйымдастырылады екен. Иә, бізде де осы үрдіс бар. Бірақ қадірлі қаламгерлер, осы жерде оқырманды ұмытып кеткен жоқпыз ба?
Ұзақ жылдар осы кітапхана саласында жүргенде бір нәрсені байқадым: кітап тұсаукесері тым ресмиленіп кетті. Автор тұсаукесерді оқырман үшін емес, өзге авторлар үшін жасайтын жағдайға жеттік. Он-он бес қаламгер жиналады, автормен қалай танысқанын айтып, автордың өмір жолына тоқталып, жаңа шыққан кітапқа табыс тілейді. Тұсаукесер осымен тәмам болады. Соңынан шәй ішіледі. Шығармашылық кештер де осы дәстүрге берік.
Ал автор мен оқырман қайда? Тұсаукесер мен шығармашылық кездесудің форматын өзгертетін уақыт жеткен секілді. Төр автор мен оқырмандыкі ғана болуы керек деп ойлаймын. Үлгі ретінде Оралхан Бөкейдің кездесулерін айтуға болады. Ол әрдайым өз оқырманымен тарихпен бетпе-бет келгендей жүздесетінін ескі бейнекадрлардан көріп жүрміз.
Мейлі көркем шығарма, тарихи кітап, ғылыми еңбек болсын жай ғана таныстырылмауы керек. Автор мен оқырман арасындағы пікірталас қажет. Оқырманның кітап таныстырылымынан шығып, пікірі мен көзқарасын әлеуметтік желіге жазғаны жеткіліксіз. Оқырман құрметтейтін авторын ғана іздеп барады. Автор да оқырманға құрметпен қараса, қандай жарасымды болар еді! Қызу пікірталас қана кітапқа қызығушылық тудырады. Бұл кітапханашының қаламгерге деген өтініші деп қабылдаңыздар.
Елімізде жалпы саны 12 377 кітапхана бар. 341 107 140 құжаттық қор, яғни кітап 11 585 798 оқырманның сұранысын қанағаттандыруда. Нақты дереккөздерге сүйенер болсақ, жылына 168 971 766 құжат (кітап) берілімі жүзеге асып келеді. Бүгінде кітапханаға оқырмандардың келім саны 118 527 053-ті құрап отыр. Бұл көрсеткіш еліміздің кітап оқу мәдениетіне жақындап, «Оқитын ұлт» идеясының төңірегіне топтасып жатқанын аңғартады.
Қазіргі жастар – болашақ елдің иесі. Ал елдің келешегі кітапқа деген құрметтен басталады. Кітаппен дос болған ұрпақ – дұрыс қоғам құра алатын ұрпақ.
Ғазиза ҚҰДАЙБЕРГЕН
ҚР Ұлттық кітапханасының директоры