«Қадыр» ғылыми-қоғамдық журналы
21.10.2025
139
0

Қазақтың классик ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қадыр Мырза Әлінің туғанына 90 жыл толуына орай «Қадыр» ғылыми-қоғамдық журналы оқырманға жол тартты.

Журналдың алғашқы саны Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің және Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновтің құттықтау сөзімен жарық көрді.
– Қадыр Мырза Әлі – сан қырлы шығармашылығымен ұлттың жан дүниесін, мінез-құлқын, салт-дәстүрін, рухани әлемін шынайы әрі терең сипаттай білген қаламгер. Оның өлеңдері, афоризмге айналған жолдары, халық жадында жатталып қалған жырлары – мәңгілік мұра! Ол – қазақтың тіл байлығын терең меңгерген, ұлттың рухын, қазақтың болмысын поэзия арқылы терең бейнелеген талант. Қазақ әдебиеті тарихында Қадырдай үлкен олжа салған, орасан үлес қосқан ақын кемде-кем.
Ақынның балалар әдебиетіне де сіңірген еңбегі айрықша. Бала жанын түсіне білген, олармен үлкен жүрекпен сөйлесе алған қаламгердің әсіресе балаларға арналған «Күміс қоңырау» атты жыр жинағы – талай ұрпақтың сүйікті кітабына айналған, балдырғандар санасына жол тапқан асыл мұра.
Қадырдай кемеңгердің атындағы ғылыми-қоғамдық журналдың жарыққа шығуы – шын мәнінде, қаламгерге деген тағзым, өскелең ұрпаққа өнеге. Бұл бастама ел әдебиеті мен руханияты үшін маңызды әрі ізгі қадам деп білемін! Қадыр мұрасын зерделеу арқылы біз ұлттың өткені мен болашағын жалғаймыз. Журналдың ғұмыры ұзақ, мазмұны бай болсын! Қалың оқырман іздеп жүріп оқитын басылымға айналсын! – деген Мереке Құлкенов аталған журналдың жарық көруі әдебиет үшін үлкен маңызға ие екенін айтты.
Ғылыми-қоғамдық журналдың алғашқы санына сонымен қатар ақын шығармашылығы туралы зерттеу мақалалары, әдебиеттанушылардың пікірлері мен естеліктер енген. Жа­рық­қа шыққан журналдың электрон­дық нұсқасын Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының kadyrcenter.bkogov.kz ресми сайтынан оқуға болады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір