ҰЛТ ҰПАЙЫН ТҮГЕНДЕГЕН ҚҰРЫЛТАЙ
18.03.2024
536
0

Бүгін Атырауда Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы басталды. Былтырғы жылы Түркістан қаласында өткен екінші құрылтайдың жұмысын қорытындылаған Мемлекет басшысы «Былтыр Ұлытауда, биыл киелі Түркістанда бас қосып, елдік мәселелерді талқыладық. Ел тарихында айрықша орны бар тағы бір аймақ – Атырау облысы. Ондағы әйгілі Сарайшық қаласында атақты хандарымыз ордасын тіккен. Мен Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын осы шежірелі аймақта өткізуді ұсынамын» деген болатын.

Кеше, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті базасындағы Н.Балғымбаев және М.Асаубаева орталықтарында үшінші Ұлттық құрылтайдың «Азаматтық қоғам», «Мәдениет. Өнер. Руханият» тақырыптарындағы жұмыс секцияларының отырыстары өтті. Секциялық отырысқа қатысқан Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов өңір тарихы мен әдебиетіне қатысты бірнеше ұсыныстар айтты.
«Біздің бала кезімізден үлкен кісілерге барып көрісетін әдет бар еді. Қазір ол бүкілхалықтық мерекеге айналды. Баршаңызды айтулы күнмен құттықтаймын!
Көненің көзі саналатын Сарайшыққа ұдайы маңыз беріп отырамыз. Десек те, Сарайшықтың зерттелу жағы, құндылықтарын дәріптеу жағы әлі жетіспейді.
Жалпы, мұнайлы өлкеде екі нәрсе қолға алынуы тиіс. Оның бірі – Бейбарыстың ғылыми орталығы болуы қажет деп есептеймін. Былтыр біз араб елдерінде болған кезімізде сондай орталық құрылған еді. Сол кезде арабтық әріптестер оны Қазақстанмен бірлесіп құруға ынталы болды. Өйткені, ғалымдарды жіберу, қаржыландыру жайы да қамтылған еді.
Күні бүгінге дейін бізде Абайды, оның шығармаларын зерттеуге байланысты көптеген орталық ашылды. Дегенмен, біз дауылпаз ақын Махамбетті жадымыздан шығарып алғанымыз өкінішті. Сол себепті, оған да бір орталық керек сияқты. Меніңше, Атырау өңіріндегі жоғары оқу орындары осыған жете көңіл бөлуі керек. Әрине, тек университеттер емес, облыстағы мәдениет басқармасы, басқа да орталықтар осы мәселені қолға деген ұсынысымыз бар.
Елімізде ұлттық ойындарға үлкен дайындық болып жатыр. Онда да біздің ұлттық спортымыз бірінші қатарға шығуы керек деп есептеймін. Айталық, мұндай ойындардың ішінде тек қазаққа тән түрлері бар. Біз соны алға шығаруымыз қажет.
Сондай-ақ, жеті номианция бойынша «Құлагер» бәйгесі жарияланып жатыр. Яғни, ұлттық ойындарымызды, ата-бабадан мирас болып келе жатқан салт-дәстүрлерімізді ұлықтау үшін қазақ әдебиетінде жаңа көркем шығармалар анықталады. Ал, біз, жазушылар, Қазақстанда көркем шығарманың деңгейін көтеруге жұмыстанамыз. Соған сіздердің де пікірлеріңізді білсек дейміз.
Жасыратыны жоқ, бүгінде қазақ әдебиетінің басқа әдебиеттерге қарағанда кемшін жерлері көп. Әсіресе, прозадан шығармаларымыз, поэзиядан мықты өлеңдеріміз шетел тіліне дұрыс аударылмай жатыр. Осы мәселелерді де назардан тыс қалдырмауымыз тиіс», – деп атап өтті Мереке Әбдешұлы.  

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір