Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі
26.03.2024
212
0

Қыз баланың тәрбиесі ата-анаға ғана емес бір ұлтқа сын.  Ұлы бір әулеттің қамқоры болса, қыз баласы бүкіл ұлттың шырақшысы екенін әу бастан-ақ біздің бабаларымыз дәлелдеп кеткен.  Сондықтан қыз баланың тәрбиесіне салғырт қарамай, басқа шаңырақтың болашақ анасы болатындықтан, бар ыждаһатпен назар аудара білуіміз қажет. Міне, осындай үлкен мақсатты ұстанған кездесу ҚазҰҚПУ-нің кәсіби білім беру колледжінде өтті. Оқу орнынының сұранысымен өткен кездесуге  «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің Алматы филиалы бойынша өкілі Меруерт Мәулетқызы және сарапшысы, педагог, педагогика ғылымының кандидаты, Әл-Фараби атындағы ҚҰУ қауымдастырылған профессоры, «Қазақ аруы» арнайы курсының тұжырымдамасын жасаған автор Сараш Қоңырбаева қатысты. Колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әйгерім Нұрахынқызы ашып, мақсатын түсіндірген іс-шарада бірлестік өкілі ұйымның мақсатымен таныстыра отырып жұмысты ілгерілету бағытындағы жобаларға, нақты жұмыстарға тоқталып өтті.

Ал негізгі тақырып бойынша спикер болған Сараш Сахиқызы бұрынғы бабалар ұстанған тәрбиенің бүгінгі жолына, бағытына тоқталды. Бүгінгі бойжеткен ертең бір ұлттың ұрпағын жалғастыратын ана болатындықтан қыз бала өзін-өзі ұстауына, болмысына бас мән беру керектігін жеткізді. Ару, қылық деген сөздерге талдау жасай отырып,  алшақтап бара жатқан ұлттық негізді жіктеп берді.

Ұрпақ тәрбиесіндегі бабалар даналығы бүгін аса қажет дер едім. Өз тәуелсіздігімізді алсақ та, заманның құбылып тұрған шағында батыстың бейәдеп әдет-ғұрпы жастарымыздың бойына сіңіп жатқанын жоққа шығара алмасақ керек. Егер өнегелі тәрбиенің өзегі бүгін жасалмаса, ертең ұрпағымызды тәрбиелейтін қыз балаларымыз өз ошағынан алшақтап қалмасына кім кепіл?! Сондықтан ұлттық әдет-ғұрып, салт-сана құндылықтарын сіңіре отырып, қыз балаға болашақ ана, шаңырақтың ырысы мен берекесі екенін ұғындыру аса маңызды болар еді, — ой түйіндеткізген спикерге қатысушылар сұрақтарын қойып, ашық пікірталас жасады.

Кездесуді қорытындылаған директордың оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Нұргүл Әлімбекова қонақтарға алғысын айтып, өзге ұлттар таңдай қағып қарайтындай қазақ қызы сыртқы ғана емес ішкі жан-дүниесінің сұлулығымен, мәдениеттілігімен, әдептілігімен, ибалығымен өсе берсін деген ниетін білдірді.

Медина ТҰРСЫН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір