«Тәрбиесі жаманға жақсы ұстаздан пайда жоқ»

Ақпараты көп алашапқын заманда ата-анаға керектіні сараптап ұсыну, олардың педагогикалық-психологиялық сауаттылығын арттыру, саналы ата-ананың өсиеті мен қасиетін саналы ұрпаққа сіңіру арқылы азаматтық жауапкершілікті арттыру мақсатында жемісті жұмыс істеп келе жатқан «Сенімен болашақ» РҚБ Алматы филиалы ауыл мектебінің ата-аналарымен мағыналы да мәнді кезекті жиынның өтуіне ұйытқы болды. Талғар ауданына қарасты Төңкеріс ауылындағы №43 ЖББМ өткен семинар «Ақылмен тыңдап, жүрекпен жеткіз» деген тақырыпты арқау етті.
Жиынның мақсаты – әкеге қарап ұлдың, шешеге қарап қыздың өсуімен сабақталып жатқан қазақы тәрбие дәстүрінің өз бағытына түсуіне үлес қосу, заман ағымына сай бейімдеп, жаңғырту, қазақ отбасындағы бәрінен қымбат саналатын әкенің мәртебесін қайтару, ұрпақ тәрбиесіне байланысты мәселерді талқылау болды. Іс-шараға бірлестіктің Алматы филиалы бойынша жетекшісі Меруерт Мәулетқызы, ақын, сазгер, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Алматы облысының бас биі, Талғар ауданының «Құрметті азаматы», эксперт-жанашыр Камнұр Тәлімұлы, мектеп басышы Алма Бақбергенқызы мен ата-аналар қатысты.

Жиналғандардың рухын оятып, серпілткен рухты әуенмен, көркем бимен ашылған жиында алғашқы сөз алған мектеп директоры мектептің хал-ахуалымен, білім нәтижесімен қысқаша таныстырып өтті. Ал Меруерт Мәулетқызы болса жаһандану жағдайында баланы қазақ отбасының ұлттық қалпы мен салтын сақтай отырып әрі оны қазіргі күннің озық мәдениетімен сабақтастыра отырып тәрбиелеу ең өзекті мәселенің бірі болғандықтан ата-аналарды сауатты болуға шақырды. «Саналы ата-ана академиясы» ұсынған жадынамаларды тарата отырып, рухани-танымдық санасы мен жан-жақты сауаттылығын арттыру жолына бел шеше кіріскен бірлестіктің ауқымды жобаларына шолу жасап өтті.
Негізгі спикер болған Камнұр Тәлімұлы болса «Тағдырдың қалай ауатыны бесіктің қалай тербелгеніне байланысты» дегендей, іргетасы берік, тәрбиесі тереңде жатқан отбасы арқылы ұлт үмітін ақтаған ел ертеңі жастарға дұрыс тәрбие, тура бағыт-бағдар беру мәселесі ата-анаға байланысты екенін, сол үшін тәрбиені тал бесіктен бастау керектігін ұғынықты тілмен жеткізе білді. Бүгінгі қоғам ахуалын сөз ете отырып саналы ұрпақ тәрбиелеу ең алдымен әр ата-ананың санасына, мәдениетіне байланысты екендігін жеткізіп, сөз түйінін бабалардан қалған өсиет сөздермен, өлең жолдармен салмақтап, өткірлігін арттыра түсті.
Мектеп психологтары алдағы жаз маусымында бала қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамай, нені басшылыққа алу керектігін де жеткізді. Пікір айтқан ата-аналар Бірлестіктің барына қуанып, осындай жиындардың жастармен де жекелей өтуі жайлы ұсыныстарын білдірді.
Әр отбасы бала тәрбиелей отырып қоғамды да тәрбиелейтінін ескерген әр қатысушы білмегенін біліп, білгенін қайта екшеп тарқасты.

Дәл осындай мақсатпен өткен Жаңалық ауылындағы №27 ЖББМ өткен басқосу да бала тәрбиесіндегі үлестің үлкен-кішісі болмайтынын білді. Мектеп басшысы Д.Аманжолов та өз тарапынан ата-анаға қажетті ақпараттарды жеткізсе, Камнұр Тәлімұлы кейін опық жеп, бармақ тістеп қалмас үшін қаршадайынан дұрыс тәрбиелеуге, бала бақытының шынайы бағбаны болуға атсалысу керектігін жеткізді. Шаңырақтан алған тәрбие өмірлік негіз екенін алға тартты. Тыңдаушылардың қай-қайсысы да адам баласының басты қызығы артында қалған ұрпағы және сол ұрпағының бойына сіңірген оң істері мен ұлағатты тәрбиесі екендігін ұғынып тарқасты.
М.Бөлек,
журналист