МӘСКЕУ ЖЫЛАП ҚОШТАСҚАН
28.10.2025
155
0

Тұрсынай ақын тірі болғанда 75 жасқа келетін еді… 

 

2007 жылғы ақпан айының бас кезі болатын. Төменнен қоңырау шалынды: «Сізге «Қазақ тілі» қоғамының мүшелері келіп тұр». Мәскеудегі өңірлік «Қазақ тілі» қоғамының басқарма мүшелері – төраға Әбуислам Тұрсынбаевпен, қазақтың белгілі ақын қызы Тұрсынай Оразбаевамен және шыға бастағанына әлі бір жыл толмаған «Қазақ тілі» газетінің редакторы Орынбасар Қуандықовпен алғаш танысуым осы кезден басталды.

Баспасөз арқылы Тұрсынайды ғана сырттай білгенім болмаса, мына екі жігіт мүлде бейтаныс еді. Әңгімеміз бірден қоғамдық ұйымдардың жайына ойысып, «Қазақ тілі» қоғамы мен Елшілік арасындағы байланыс бойынша өрбіді.
Өздерінің күш-қайратымен, жеке қаражат-көмегімен қоғамдық ұйымды көркейтеміз деп жүрген адамдардың жан сырын әдетте бірден ұға қою оңай емес. Бірақ ұйым жұмысын жетілдірудің жайын қозғап, сол үшін ой қосып, пікір айтып, ұсыныс білдіріп отырған үшеуінің жүрекжарды сөздері көңілге қона кетті. Бірте-бірте «Қазақ тілі» сияқты тарихи қоғамның тағдырына алаңдап отырған үшеу осы қоғамның сол кезеңдегі табанды тірегі екенін түсіндім, олардың ұлт ертеңін ойлаған риясыз жан сезімін, ішкі дүниесін ұққандай болдым. Алғашқы әсер алдамады. Үшеуінің де ана тілі, ұлтымыздың мәдениеті мен өнері, дәстүр-салты, халқымыздың болашағы туралы арман-мұраты, ұлтжанды үні сол алғаш танысқан күннен бері еш өзгерген жоқ. Қайран қазаққа қайда жүрсе де ана тілінің орны бөлек екен.
Жазушылар одақтарының халық­аралық қоғамдастығында (ЖОХҚ) қазақ әдебиеті бойынша консультант, кейін ЖОХҚ Атқару комитетінің Орталық Азия бойынша хатшысы болып істеген елімізге танымал ақын Тұрсынай Оразбаева (1950–2015) Мәскеудегі негізгі қызметімен қатар, «Қазақ тілі» қоғамының сарапшысы, ақылшысы әрі қоғамның кез келген жұмысын иығымен көтеруге әзір іскер мүшесі болды. Өзінің бір сұхбатында айтқандай, «Мәскеу менің қабілетімді ашты. Елде жүргенде байқалмайтын қоғами белсенділік, іскерлік қасиеттер басталып, өзімді-өзім таныдым десем де болады» деген сөзінің жаны бар.
Шынында, Тұрсынайдың кіршіксіз адами болмысы, ақындық, азаматтық тұлғасы, сан қырлы шығармашылығы Ресей елінде қазақ тілінің, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрдің кеңінен насихат­талуына, «Қазақ тілі» сынды байырғы қоғамның байыпты өркендеуіне елеулі ықпал етті. Ол қоғам төрағасының орынбасары, басқарма мүшесі, «Қазақ тілі» газеті редакциялық алқасының мүшесі болды. Алғаш рет ана тілімізде шыққан осы газетке кәсіби журналист ретінде қатысып, бір шоғыр көсемсөздік жарияланымдарымен көрінді.
Көпке мәлім, Тұрсынай – Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысындағы Қайнарбұлақ ауылының тумасы. Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) журналистика факультетін, М.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы (Мәскеу қаласы) Жоғары әдеби курсты бітірген. Ол жас ақындардың VIII Бүкілодақтық фестиваліне (1975), Саха Республикасындағы Қазақстан әдебиеті күндеріне (1983) қатысты. Тұрсынай Оразбаеваға Якут мәдениеті мен әдебиетін белсенді насихаттағаны үшін Саха Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атағы берілген, 1981 жылдан Қазақстан және КСРО Жазушылар одақтарының мүшесі.
Мәскеуде болған жылдарында Тұрсынай Ресей Ұлттық бірлестіктер конгресінің (РҰБК) вице-президенті, РҰБК-тың Азия және Шығыс әйелдері комитетінің басшысы болып сайланды. Өмірінің соңғы кезінде Мәскеу қазақ ұлттық мәдени автономиясын басқарды.
Ол 2006 жылы белсенді қоғамдық қызметі және халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқаны үшін Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Ал 2008 жылы Қазақстан Жазушылар одағының халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанды.
Қазақ, орыс, саха және тыуа тілдерінде жарық көрген «Таң шапағы», «Іңкәр жүрек әуені», «Ты моя весна», «Гүл сезім», «Хомус и домбра», «Я твоя весна», «Нұрлы әнім», «Ғашық әнім» сияқты жинақтардың авторы Тұрсынай Оразбаева «Огни моей мечты» өлеңдер жинағы үшін (Мәскеу, 2000) А.Фадеев атындағы халықаралық әдеби сыйлыққа ие болды (2002), Жеңістің 60 жылдығына орай өткізілген Бүкілресейлік Лермонтов конкурсының лауреаты атанды.
Тұрсынай бірегей ән мәтіндерінің авторы болуымен бірге, өзі де танымал сазгер еді. Көрнекті композитор Ескендір Хасанғалиевтің барша жұртқа белгілі:
Кездейсоқ тағдыр айдап,
Кездестім өзіңменен.
Кезім бұл бал-бұл жайнап,
Қайғы-мұң сезілмеген, –
деп басталатын «Гүл сезім» әні Тұрсынайдың осы аттас өлеңіне жазылған. Ресей жеріндегі қандас ағайынға:
Мейлің, сан ұлт тілін біл, қой демес ем,
Бас іи Байрон, Шекспир, Гейнеге сен.
Бірақ жақсы көрем деп
айта алмаймын,
Егер Ана тілінде сөйлемесең.

Ғалам жұмбақтарының ұғып бәрін,
Таңдандырсын ғылымға құныққаның.
Туған жердің тыныстап тұнық таңын,
Кешірілмес, тіліңді ұмытқаның, –
деп ақындық назын білдіре келген Тұрсынай ұлттық қоғамдық ұйымдар жұмысына араласа жүріп, ең алдымен, отандастар арасында ана тіліміздің мәртебесін көтеру мақсатын жоғары қойды.
«Қазақ тілі» қоғамы ұйымдастыратын сан алуан мәдени-гуманитарлық іс-шаралардың басы-қасында жүрді. Осындай кездесулердің, жиындардың, кештердің, мерекелік шаралардың ойдағыдай өтуіне өзінің шығармашылық әлеуетін аямай жұмсады. Жазушылар одағының, басқа ұлттық қоғамдық ұйымдардың іс-шараларына қатысқан кезінде Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени-әдеби байланыстарды одан әрі кеңейтіп, тереңдету жолындағы байыпты ойларын ортақ мақсатпен орайлы өрбіте білді.
Тұрсынай Мәскеу әдебиетшілер үйін­де өткен Абай мен Пушкинге арналған достық кешінен бастау алатын «Абай оқуларының» ұйымдастырылуына елеулі үлес қосты. Сол бір достық кешін орыс әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі, Еңбек Ері, Халықаралық жазушылар одақтары қоғамдастығының төрағасы Сергей Михалков ашқанын, оның ұлы Абай мен Пушкин туралы толғаныстарын Мәскеу қазақтары ұмытқан жоқ. Осы кеште Тұрсынай М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы негізінде «Татьянаның қырдағы әні» деген сахналық қойылым әзірлеп, өзі Әйгерімнің рөлін сахналағанын жұртшылық әлі күнге ілтипатпен, сағынышпен еске алады.
Мәскеуде Тұрсынай өзі бастамашы болып, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Мұхтар Әуезовке, Сәбит Мұқановқа, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлына арналған еске алу кештерін, Олжас Сүлейменовтің, Мұхтар Шахановтың, Сәбит Досановтың шығармашылық кештерін, сондай-ақ «Ресей ақындары шығармашылығындағы Қазақстан» тақырыптық кешін ұйымдастырды.
Кезінде Елшіліктің басшылығымен Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы туралы «Легендарный батыр» кітабы жарық көрді. Кітапты құрастырушының бірі Тұрсынай болатын. Ол осы кітап бойынша Қазақ­стан Елшілігінде, Мәскеудегі Ұлы Отан соғысы тарихы мұражайында, Тараз, Алматы, Астана, Шымкент қалаларында ұйымдастырылған тұсаукесер рәсімдеріне қатысып, жаңа жинақтың ерекшеліктері жайында толғана сөз сөйлеген еді.
Тұрсынай поэзиясының үлкен бір саласы – саха тақырыбы. Саха елі Тұрсынайды өз қызым деп қабылдады, сахалық бауырлардың қазақ есімі атала қалған жерде, алдымен, Тұрсынайды сұрайтын салтын, оның есіміне, өлеңдеріне сүйене сөйлейтінін талай рет көзіміз көрді. Туысқан елдің өзіне, өзі арқылы бүкіл қазақ жұртына деген ықыласы атамекенінен алыста жүрген ақынды айрықша шабытқа бөледі. Тұрсынайдың қаламынан «Сағындырған Саха елі» деп жыр төгілді. «Саханы сағынғанда», «Саха еліне ода», «Саха қариялары», «Манчаары қыстағында», «Алдан жағасында», «Шетелдікке тұрмысқа шыққан саха қызына» сияқты өлеңдер туды. Саха ақындары Наталья Харлампьеваның, Иван Федосеевтің, Урсунның «Жұбату», «Кездесу назы», «Тек баянды махаббат», «Өзіңді күтіп өтемін» өлеңдерін қазақша сөйлетті.
Шіркін, Саха!
Ертегі елі дерсің,
Көзбен көріп қайтпасаң не білерсің.
Мерекелі, меймандос сол елді аңсап,
Жүрегім, әлі талай егілерсің… –
деп шынын айтты ол.
Ақынның сахалық поэзиясының символы – сардаана, тайганың лилиясы еді, ақын оны «әсиягүл» деп қазақша гүлдетті. «Ақшуақ көңіліндей сахалардың, / Жайнай бер, көктем сайын нәзік гүлім!» деп еркелетті. «Сардаана-Әсиягүл» деп әнге айналған өлеңін жазды. Кейін осы аттас әндер жинағы жеке кітап болып шықты.
Тұрсынайдың өз перзенті – жалғыз қызының есімі де Сардаана екенін көпшілік біле бермеуі мүмкін. Бір кезде Мәскеу қазақтарымен бірге біз де ұзату тойына қатысқан сол Сардаана бүгінде отбасын құрып, перзент сүйіп, анасының көзі де, ізі де болып отыр.
Сардаана-Әсиягүл,
Сен болдың асыл әнім.
Қиялмен құс боп ұшып,
Қайтуға сені құшып,
Асығамын, ғашық әнім –
Әсиягүл! – деп жырлады Тұрсынай.
Ақынның әнге жазылған отызға тарта жырының ішінде сөзі мен әнін өзі жазған «Сахаларға сағыныш», «Мен келдім Таатаға», «Дьокускайда досым бар Семен деген» шығармалары да саха тақырыбын кеңейте түседі.
Тұрсынай кезекті бір баспасөз сұхбатында: «Саха менің екінші елім болып маңдайыма жазылған. Сахалықтар түрлі мерекелеріне шақырып тұрады. «Саха Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» деген атақ берді. Шексіз ризамын. Өлең-жырларымды, әндерімді арнадым», – деді. Ал Саха-Якутия Республикасының халық жазушысы, Социалистік Еңбек Ері Суорун Омоллон – Дмитрий Сивцев (мәтін тілі бойынша) «…Эта скромная и талантливая дочь Казахстана стала символом дружбы и братства якутского и казахского народов. Своей доброй музой Турсунай Оразбаева соединила казахскую домбру с якутским хомусом» деп жазды.
Тұрсынай ақынның «Абай туралы толғау», «Сайрам сазы», «Достық туралы жыр», «Қайнар бұлақ – бал бұлақ», «Нау­рыз – салтанатым сен», «Сайыпқыран сарбазым», «Алматым», «Азаматым», «Күнім, айым, жұлдызым», «Оралмадың сен», «Шымкентім – шырайлым», «Нұрлы әнім», «Әкем менің», «Мектебім», «Қырғыз әні» секілді тағы басқа бірқатар әнінің сөзі де, әуені де өзінікі.


Ақын өлеңдеріне елге мәлім Ескендір Хасанғалиевтан («Гүл сезім») бастап, композиторлар Әшірхан Телғозиев («Сарыағаш вальсі»), Мұхамеджан Рүстемов («Бойжеткен»), Сүгірәлі Сапарәлиев («Төле бидің ұрпағымыз», «Гүлеркем»), Әбуислам Тұрсынбаев («Түркістан», «Мұрагер») ән жазды.
Ақынның өзі тұрып жатқан елдің тынысына, орыс тұрмысына қазақы көзбен қарайтын ерекшелігі Мәскеу туралы өлеңдер циклынан жақсы байқалады.
Жан едім тәуекелге буған белін,
Шүкір, өмір сыйлады думан төрін.
Не құдірет, Мекке емес, Мәскеу емес,
Түсіме кіреді ылғи туған жерім, –
деп айтқанындай, «Мәскеу», «Күз. Мәскеу», «Қарияның қапасы», «Тербеген шақтар қайда?» «Есенин», «Иванға» өлеңдеріндегі ой ұшқыны қазағының тіршілігімен де ұштасып жатады. Тоқсаныншы жылдардағы алағай-бұлағай кезеңде ол:
Тербеген шақтар қайда намыс бойды?
Шырмады ақылды – ақша,
табыс – бойды.
Кітап емес, дүние жинайтындар,
Қоқысқа атты кітабын Толстойдың.

Сақтаушы ек қанындай ғып
қасқалдақтың,
Мұрасын Пушкин, Герцен,
Пастернактың.
Есімін ұлылардың шаңға көміп,
Заман-ай, жанарымнан
жас парлаттың.

Деуші еді ізгі ойларды көнермейді,
Санамыз неге мұнша төмендейді?
Бұл күйді қазағым да кеше ме деп,
Көңілім ел-жұрт жаққа елеңдейді, – деп жазды.
Атамыс санаттағы «Эх, орыстар» өлеңі де сол қоғамның ақын жүрегін сыздатқан бір кезгі ахуалын суреттеуімен құнды. Барша жұрттың Ресейден тараған шындық үніне, достық пен теңдік ұранына еріп келгенін айта отырып, адамға адам дос болған сол дәуірмен қош айтыстырған, кешегі достықты тәрік еткен бүгінгі болмыстың өзі сезген сыр-себебін орыстың зиялы жұртына жеткізуге тырысты.
«Елің қайда маңдай тірейді?» «өркен жайған бағың ойрандалды»,«қылмыс қаулап барады», «тірлігің талқандалды»… «бұған мен де сен сияқты алаңдаулымын» дей отырып, орыс қоғамының бұл өтпелі кезеңді ойдағыдай өткеріп, өз биігіне көтерілетініне сенім артты.
Тарих көші тар жолда қалдырмасын,
Жетер, тоқтат, көзіңнің
жаңбыр-жасын.
Есіңді жи, орыстар, есіңді жи,
Жарқын таңды аңсаған тағдырласым! – деп түйіндеді түпкі ойын.
Мәскеудегі қандастар Тұрсынай жырларының тақырыбын, өмірден өрген өлеңдерін, аралас жүрген ағайынға жазған арнауларын жақсы білетін. Жиын-тойда оның әндері жиі орындалатын.
Тұрсынай өмірінің соңғы жылдарында халқына «Қазағым қайда жүрсе, елді ойлаған» деген шығармасын ұсынды. Сөзі мен сазын өзі жазған бұл жаңа әні барша Ресей қазақтарының әнұранына айналды. Әсіресе Ресей мен Қазақстанда өзіндік өнерімен тең танылған белгілі әнші, мәдениет қайраткері, «Қазақ тілі» қоғамының байырғы мүшесі Абылайхан Оспанов Мәскеу төрінде алғаш рет орындап, тұсауын кескен осы ән жұртшылық жүрегіне бірден жетті, атажұртын аңсаған қазақ баласының арасында кең тарап кетті.
Ән әсіресе Абылайханның орындауында өзгеше естіліп, тыңдаушыны бөлекше күйге түсіреді. Бұл ақынның да, әншінің де ұзақ уақыт елден тыс жүргенінің әсері әрі атамекенінен алыста тұрып жатқан ағайынның шын жүрек сырын терең сезіне білгендіктен болса керек. Ән арқауындағы жүрек сыздатқан елге деген сағыныш сазы, терең мұң тыңдаушыны тебірентпей қоймайды… Былай қарағанда, қарапайым ғана көрінетін өлең-сөз ән сазына оранып естілгенде, адам жанын елжірете түседі. Әсіресе «Дариға-ай, дариға-ай, Қазағым қайда жүрсе елді ойлаған» деп қайталанатын қайырмасы қалықтаған сәтте сыртта жүрген қазақ баласының еріксіз көзіне жас алған сәтін талай мәрте байқадық. Міне, сол мәтін:
Жусаны, жауқазыны желге ойнаған,
Кең даланы халықпыз ен жайлаған.
Тағдырдың жазуымен алыс кетіп,
Қазағым қайда жүрсе елді ойлаған.

Жат елде сұлтан болып жанса бағы,
Тірліктен қалағанын алса-дағы.
Жүрегі «елім-айлап» қарс айрылар,
Қашан да атажұрт боп аңсағаны.

Маңдайға туса-дағы нендей заман,
Халықпыз өр мақсатқа бел байлаған.
Ұлтының ар-намысын биік ұстап,
Қазағым қайда жүрсе елді ойлаған.

Тағдырдың соқса-дағы бораны әлі,
Елінің тимесе де «төр-алаңы».
Арман боп атамекен – кең даласы,
Қазағым туған жерге оралады.
Тұрсынайдың Мәскеудегі өмірін ұлт­тың ұлы ақыны Ұлықбектен артық көрсету сірә да мүмкін болмас. «Арбаттағы ару» деп атаған Тұрсынайдың тұлғасын ақын дос былай суреттеді:
Қазақтың бір қызы бар Тұрсынайдай,
Қолына қалам алған ұршық алмай.
Санасы сағыныштан сапырылған,
Сезімі сексен сері тұншығардай.
Шырайлы Шым шаһарын аңсағанда
Жүрегі байыз таппас жыр шығармай.
Арбатта бір ару жүр ұлтын ойлап,
Тіл үшін көтергенде жұрты байрақ,
Қаратау, Алатауын сағынады
Жүрегін жайлау менен жылқы жайлап.
Қызына құшақ жайса Шым шаһары,
Толады көкірегіне күн шапағы.
Мәскеудің магнитін жеңіп шығып,
Беттейді туған жерге жыр сапары.
Төркіні сұлулықтың сыршыл Ай ма,
Ай өзі сыр шертеді Тұрсынайға.
Атырау, Арқа, Алтайды араласаң
Шіркін-ай, Тұрсынайдай жыршы қайда?
«Арбатта жүріп ұлтын ойлаған» Тұрсынай шынында да «шіркін-ай!» деп сағынышпен еске алуға лайық жан еді. Оның сырбаз бейнесін, кішік мінезін, үлкенге де, кішіге де ілтипатпен һәм құрметпен қарайтын ізгі қасиетін, бойын­дағы барша талантын қазағының қамы үшін қапысыз жұмсауға әзір тұратын ұлтжандылығын Мәскеудегі оны білген, аралас жүрген ағайын ұмытқан жоқ.
Бір басына соншама талант біткен Тұрсынайдың қалың орыстың ортасына келіп, қазақ әдебиетінің рухын көтеріп, мінсіз қызмет жасауы тарихтың өз таңдауы сияқты. Тұрсынай Мәскеуде дәл сол кезде болуға тиісті секілді сезілетін. Ол Елшілікпен, қоғамдық ұйымдармен іскер байланыс орнатып, қазақтың тірлігіне байланысты кез келген істің басы-қасында жүрді, Сергей Михалков ақсақалдан бастап, барша жазушы әріптестерінің құрметті ықыласына бөленді.
Сол тұстағы Қазақстан Жазушылар одағы басшылығы сырт елге әдебиет елшісі етіп жіберген Тұрсынай Оразбайқызы айтулы ақындық қабілетімен бітеқайнасқан елжанды, ұлтжанды қасиетімен, биік адамгершілігімен, жан-жақты талантымен өз ортасында оқшау көрінді, Ресей астанасында «Қазақстанның өкілі, қазақтың қызы осындай болуы керек» деген айнымас ақиқатты өнегелік қалыпта қалдырып кетті.
Тұрсынай ақынның өлеңдері оқылып, әндері шырқалған кезде жиырма жылға жуық мекендеген Мәскеудегі ғұмыры, «Қазақ тілі» қоғамымен бірге өткерген өмірінің сол бір қайталанбас кезеңі көз алдымыздан елестеп өтеді.
…Әлі есімде, Тұрсынайдың ота жасатқанын естіп, Мәскеуге оралған соң телефонмен хабарластым. Көңіл күйі көтеріңкі екен, құлан таза айығып кеткендей, баяғы қалпында сергек сөйлесті. Ота жайын әңгіме қылды. Менің «тез жазылып кетіңіз» деген тілегіме орай айтқан: «Серікқали, рақмет!» – деген соңғы сөзі әлі құлағымда тұр. Бұл ақырғы сөйлесуіміз екен…
«Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Әбуислам Тұрсынбаев айтады: «Тұрсынай әпкеміз ота жасатып оралған соң күн сайын хабарласып, жағдайын біліп тұрдық. Бір күні мамыр айының ішінде жаныма Мәскеу жәмиғи мешітінің имамы, отандасымыз Марат Аршабаевты ертіп, көңілін сұрайын деп Солнцево ауданындағы үйіне келдік. Марат хазірет дем салып, Құран оқып отырған кезде кенет Тұрсынай көз алдымызда жүріп кете барды… «Тұрсынай әпке нағыз иманды адам екен, Құран үстінде үзілді», – деді Марат хазірет».
…Тұрсынай ақынды соңғы сапарға шығарып салуға жиналған қазақ-орыс Домодедово әуежайы алдында тізіліп тұр. Мамырдың майда жауыны сіркіреді. Мәйітті ұшақпен Мәскеуден Шымкентке алып барғалы тұрған екеу Мәскеу қазақтары ұлттық-мәдени автономиясының президенті профессор Серік Тойғамбаев: «Тұрсынай әпкемен Мәскеу де қоштасып жатыр», – деді аспанға қарап. «Жылап қоштасып жатыр», – деді «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Әбуислам Тұрсынбаев бетіне тиген тамшыны (әлде көз жасын) сүртіп жатып…

Серікқали БАЙМЕНШЕ,
филология ғылымдарының докторы,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
дипломат, сыртқы саясат саласының Еңбек ардагері

Бет қатталып жатқанда:
Мәскеу Үкіметінің Ұлттық саясат және өңіраралық байланыс департаментіне қарасты «Мәскеу Ұлттар үйінде» өңірлік қоғамдық ұйымдар, «Дәстүрге жол» әлеуметтік-мәдени және шығармашылық бастамаларын қолдау орталығы» ұйымы, Мәскеу қаласындағы қазақ ұлттық-мәдени автономиясының мүшелері ақын, композитор Тұрсынай Оразбаеваның туғанына 75 жыл толуына орай еске алу кешін өткізді. Кешке Мәскеу қазақтары мен басқа да қазақстандықтар көп жиналды, Саха елінің өнерпаз өкілдері келді.
Кеш шымылдығы мәскеулік ерлі-зайыпты Опабек және Диляфруз Таңатаровтар орындаған Шәмші Қалдаяқовтың «Ақ бантик» әнімен ашылды. Кешті Гүлшешек Галямова мен Талғат Хасенов жүргізіп, екеуі Тұрсынайдың төл әндерін орындады. Саха елінен келген Арылы Хотун (Елена Старостина) да ақын әндерін екі тілде шырқады. Талғат Мықтыбаев, Татьяна Полтавская, Гүлзифа Смирнова және басқалар Тұрсынай ақынның өлеңдерін оқыды. Мәскеу жамиғи мешітінің имамы Марат Аршабаев Тұрсынай Оразбайқызының рухына бағыштап, Құран оқыды. Ақынның Америкада тұратын қызы Сардаана бейнебайланысқа шықты, Қазақстаннан белгілі әнші Абылайхан Оспанов ақынның «Қазағым қайда жүрсе, елді ойлаған» әнін тарту етті.
2024 жылы Саха Республикасының «Айар» баспасы Якуттың халық ақыны Наталья Харлампьева құрастырған екі тілдегі (орыс, саха) «Незабвенная Турсынай – Биһиги Турсынай-быт» деп аталатын естелік кітапты жарыққа шығарды. Кітапта белгілі сахалықтардың қазақ ақыны туралы жүрекжарды естеліктері, сондай-ақ Тұрсынай Оразбаеваның орыс және саха тілдеріндегі өлеңдері берілген. Еске алу кешінде сахалықтар осы кітапты қазақ қоғамдық ұйымдарына табыс етті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір