«Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн»

Елімізде «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл» республикалық акциясы аясында Елорданың «Хан Шатыр» сауда және ойын-сауық орталығында ақпараттық түсіндіру іс-шарасы ұйымдастырылды.
25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өтетін акцияның мән-жайы туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы жанындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімі инспекторы Гүлзат Керімбекова, «Үміт» дағдарыс орталығының директоры Ғалихан Қоқанбеков және қала әкімдігі жанындағы Әйелдер істері, отбасылық және демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжанова баяндады.
Акцияның мақсаты – тұрмыстық және гендерлік зорлық-зомбылық проблемалары туралы халықтың хабардарлығын арттыру, сондай-ақ полиция, мемлекеттік органдар және қоғам өкілдері арасындағы өзара іс-қимылды нығайту.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара тек ақпараттық деңгейде түсіндірумен шектелмейді, сондай-ақ кез келген зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік мәдениетін қалыптастыруды көздейді. Екі апта ішінде еліміздің барлық өңірінде ақпараттық, білім беру және әлеуметтік бағыттағы жүздеген іс-шара өтеді. Қала тұрғындары әлеуметтік желідегі науқандарға, тікелей эфирлерге, ашық сабақтарға, ата-аналар жиналыстары мен тренингтерге қатыса алады.
Сауда орталықтарында кеңес беру пунктері жұмыс істейді, көшелерге әлеуметтік жарнама мен ақпараттық материалдар орналастырылады. Ұйымдастырушылардың болжамы бойынша, бастама елордада 10 мыңнан астам адамды қамтиды.
Биылғы науқанның басты бағыты – цифрлық ортадағы әйелдер мен қыздардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Онлайн кеңістікте зорлық-зомбылық түрлері жылдам өзгеріп, жасырын сипат алып барады.
Кибербуллинг, қудалау, жеке деректерді жариялау, интимдік материалдарды бопсалау және deepfake-технологияларын пайдалану – цифрлық зорлық-зомбылықтың ең кең тараған түрлері. Әйелдер мен жасөспірімдердің онлайн белсенділігінің артуы осындай қауіптерге тап болу ықтималдығын күшейтіп отыр.
Цифрлық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін бірқатар кешенді шара ұсынылуда. Ең алдымен, Қылмыстық және Әкімшілік кодекстердегі нормаларды нақтылау, интимдік материалдарды тарату және deepfake-технологияларын заңсыз қолдану үшін жазаны қатаңдату жоспарланып отыр. Сонымен қатар киберқылмыстармен күресетін мамандар штатын арттыру, шағым беру және сандық дәлелдер жинау рәсімдерін жеңілдету маңызды. Әлеуметтік желілердегі контентті модерациялау сапасын жақсарту және мектептерде цифрлық қауіпсіздік туралы арнайы оқу модульдерін енгізу де көзделген.
Ата-аналарды ақпараттандыру да өте маңызды бағыт. Онлайн ортаның қауіп-қатерлерін білу балаларды қорғауға көмектеседі. Астана әкімдігі жанындағы комиссия ҮЕҰ, блогерлер және сарапшылармен бірлесіп, цифрлық қауіпсіздік бойынша тренингтер, курстар және зерттеу жобаларын жүзеге асырып келеді.
Сонымен бірге тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі әлі де өзекті болып тұр. Тұрмыстық зорлық-зомбылық физикалық, психологиялық, экономикалық немесе сексуалдық сипатта болуы мүмкін, ал оның құрбандарының басым бөлігі – әйелдер мен балалар. Қауіп белгілерін дер кезінде танып, бірден көмек сұрау өте маңызды, мұндайда полиция, жедел жәрдем немесе дағдарыс орталығының сенім телефондарына жүгінуге болады.
Астанада зорлық-зомбылық құрбандарына «Үміт» орталығы көмек көрсетеді. Мұнда қауіпсіз баспана, тамақ, күзет, сондай-ақ психологиялық, құқықтық және әлеуметтік қолдау ұсынылады. Жыл ішінде орталықтан 200 адам көмек алған, 500-ден астам консультация өткізіліп, ондаған тренинг ұйымдастырылған. Әйелдер мен балалардың 85 пайызы қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік алған.
Спикерлер зорлық-зомбылыққа куә болған немесе көмекке мұқтаж азаматтарға 71-60-63, 111 немесе 102 нөмірлері арқылы жедел қолдау көрсету қызметтері бар екенін еске салды.
Күнсұлу ҚҰРМАНҒАЛИ,
ҚазХҚжӘТУ университеті
журналистика факультетінің
1-курс студенті