«Ақұштап әлемі» атты кездесу өтті
Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева үшін биыл мерейлі жыл. Осыған орай, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының бас ғимаратында ақынның оқытушылармен және студенттермен шығармашылық кездесуі өтті.
Кездесуді академия ректоры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүдебаев Арман Әділханұлы ашып, қазақтың аяулы ақын қызын, мерейлі 80 жасқа толуымен құттықтап, ака
демия ұжымының ұсынысын қабылдап, студенттермен кездесуге келгеніне ризашылығын білдірді. Өз атынан және академия ұжымы атынан Ақжайықтың ақ шағаласы атанған ақынға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеп, иығына шапан жапты.
Бұдан соң құттықтау сөз алған журналист, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Қали Сәрсенбай ақынның қара өлеңде қалдырған ізі жөнінде және публицистикада да ерекше еңбек қалдырып отырғанын атап өтті. «Журналистерге берген бір сұхбатыңызда «әдебиетте бағы жанбай жүрген бір жанр – мемуар естелік» депсіз. Шынында, солай. Сіз осы мемуар естелікке үлкен мағына мазмұн бердіңіз, кейінгі кезде осы бағытта нақты жұмыс жасадыңыз. Сіздің шығармашылығыңыз жөнінде өте көп айтуға болады. Бірақ кейінгі кездегі ең үлкен еңбегіңіз «Менің Фаризам». Бұл еңбегіңіз кино түсіруге арналған дайын сценарий деуге болады. Бұл жағынан сізде бүкіл нақты деректер, естеліктер, өзінің жазған хаттары бар. Мұны да ойлаған жөн сияқты. Қоғамда аты мәлім адамдардың бәріне тұлға деп қараймыз. Әркім әртүрлі жолмен келеді. Ал сіз бұл тұлғалық қасиетке әу баста-ақ келгенсіз», – деп ағынан жарылып, ақын армандарының орындала беруін тілге тиек етті.
Кездесу барысында студенттер ақынның көпшілікке танымал болған өлеңдерін оқып, оның сөзіне жазылған бірнеше әнін орындады, өмірі мен шығармашылығына арналған арнайы бейне түсірілімді тамашалады.
Кеш соңына қарай мерейтой иесі кездесуге келген қонақтар мен студент жастарды қызықтырған сұрақтарға жауап қайтарды.
Ақұштап ақын: «Мынау есіктен кіргенде әр бала, әр қыз мен қайда келе жатырмын, дегенді бірінші ойлау керек. Бұл – Жүргенов атындағы оқу орны. Жүргенов кім еді? Ол – ұлты мен елі үшін өмірін қиған қазақ халқының азаматы. Ендеше, мен оған сай болайын деген ой бірінші тұру керек. Біз кезінде талайларды таңғалдырған өнер саңлақтары Нұрмұхан Жантөрин, Серке Қожамқұлов, Сәбира Майқанова, Зәмзәгүл Шәріпованың өнерін тамашалау үшін кешкі лекциямыздан сұранып театрға асығатынбыз. Мұны сіздерге не үшін айтып тұрмын. Әрқайсың өнер, білім іздеп келген жассыңдар, өздеріңе дейінгі ата-бабаларыңның жолын қуып, сендер де талантты, бақытты халқына еңбек ететін, үлкен өнер иесі атануларыңа тілектеспін», – деп өзінің аналық ақ батасын берді.
Жүніс ОРМАШҰЛЫ