«Омарбеков оқулары»
29-мамыр күні әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің шаңырақ көтергеніне 90 жыл толу мерейтойы аясында тарихшы-ғалым, Қазақстан Республикасы Әлеуметтік ғылымдар Академиясының академигі, профессор Талас Омарбековтің туған күні және Қазақстандағы «саяси қуғын-сүргін құрбандарын» еске алу шарасына орай «Омарбеков оқулары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Дәстүрлі конференцияның негізгі мақсаты – профессор Т. Омарбековтің ғылыми шығармашылығын насихаттау мен жинақтау және ХХ ғасырдың 20-30 жылдары Қазақстанда болған аштық пен саяси қуғын-сүргін мәселелерін зерттеу болатын. Осы орайда конференция жұмысына Қазақстан, Түркия, Жапония тарихшылары мен қоғамтанушы ғалымдар, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысып, өздерінің тың тақырыптары мен тұжырымдарын ортаға салды.
Конференцияға Түркияның Едитепе университетінің профессоры Ахмет Ташағыл, Жапониядан Тохоку университетінің профессоры Дүйсенәлі Әбділәшімұлы қатысып, қазақ тарихының өзекті мәселелерін талқыға салды.
Жиын барысында тарих факультетінің деканы Д.С.Байғунақов, ҚР ҰҒА академигі, профессор Х.М.Әбжанов, ҚР Жоғары мектебі Ғылым академиясының академигі, профессор Қансейіт Әбдезұлы, Абай ғылыми зерттеу институтының директоры, профессор Жанғара Дәдебаев, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, профессор Б.Б.Кәрібаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Қалыш, Археология, этнология және музеология кафедрасының меңгерушісі, профессор Б.К.Қалшабаева баяндамаларын Талас Омарбековтің тарих ғылымына қосқан қомақты үлесін, адами болмысы мен зерттеушілік қарым-қабілетін, еңбектерін зерделеуге бағыттады.
Тәуелсіз Қазақстанның төл тарихын алғашқы жылдардан бастап жаңаша концептуалдық көзқарас, негізінде жазуға ден қойған көрнекті ғалым ХХ ғасырдың 20-30 жылдардағы ашаршылықтан қаза тапқан миллиондаған қазақтың жоқтаушысы, іздеушісі болды. Өмірінің соңына дейін мұрағатта аштық пен саяси қуғын-сүргін мәселелерін зерделеп, тың мәліметтерді айқындады. Т.Омарбеков қазақ халқының тарихын, этникалық құрамын, мемлекеттілігін, билеуші қағандар, хандар тарихын зерделеп, артынан өшпес із қалдырған тұлға. Оның зерттеу еңбектері ұлттық тарихымыздың беттерінде сақталатынына сенеміз.
Н.А. Тасилова,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қ.м.ф.
М.Д.Байдәулетова,
PhD докторы