ҒЫЛЫМ ДАМЫМАЙ, ЕЛ ӨРКЕНДЕМЕЙДІ
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің базасында Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті қаржыландыратын AP09260017 «Отырар ауданындағы топырақтардың тұздылығының жүгерінің өсіп-өнуіне әсерін зерттеу және дақылдың өнімділігін болжаудың ғарыштық әдісін әзірлеу» атты жоба сәтті жүзеге асырылуда. Еліміздің ғылым саласындағы жас буынның арасында аты таныла бастаған PhD докторлардың бірі – Шахислам Ұзақбайұлы жетекшілік ететін ғылыми жобаны Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің географ-ғалымдары: профессор К.Д.Каймулдинова, PhD Д.Т.Алиаскаров, докторанттар: Н.Б.Мырзалы, Е.Р.Абикбаев және Ө.О.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми зерттеу институтының ғылыми қызметкерлері, топырақтанушы-жас ғалымдары: М.Н.Пошанов, Ж.М.Сманов және басқалар бірлесіп орындауда. Жоба бойынша зерттеу жұмыстары 3 жылға жоспарланғанымен, алғашқы 2 жылдың өзінде ғалымдар біршама оң нәтижелерге қол жеткізіп отыр.
«Зерттеу жұмыстарын жобаның күнтізбелік жоспарына сәйкес орындап отырмыз және алынған әрбір ғылыми нәтижені мақала түрінде рәсімдеп, жариялап отырдық», – дейді жоба жетекшісі Шахислам Ұзақбайұлы. Оның сөзінше, жоба аясында OnLine Journal of Biological Sciences журналында жарияланған «The Effects of the Degree of Soil Salinity and the Biopreparation on Productivity of Maize in the Shaulder Irrigated Massif» тақырыбындағы мақалада соңғы кездері зерттеу нысанындағы шаруа қожалықтар қолдана бастаған биопрепараттар мен топырақтың тұздылығының жүгері дақылына әсерін эксперименттік жұмыстар мен классикалық әдістер арқылы зерттеу нәтижелері көрсетілген. Ал осы басылымда жарияланған екінші «A Study of the Effects of Soil Salinity on the Growth and Development of Maize (Zea Mays L.) by using Sentinel-2 Imagery» атты мақалада зерттеу тобы топырақтың тұздануының жүгерінің өсіп-дамуына әсерін «Sentinel-2» жердің жасанды серігінің түсірілімдерін қолдана отырып зерттеген. Осылайша, тұзданған топырақтар жүгерінің биологиялық өнімділігін ғана емес, олардың өсіп-дамуын, пісіп-жетілуін уақыт тұрғысынан да тежейтін фактор екендігі анықталған.
«Бұл зерттеудің негізгі мақсаты – еліміздің аридті аймағында орналасқан Шәуілдір суармалы алқабындағы кең тараған дақылдардың бірі – жүгері егістіктеріндегі топырақтардың тұздануын далалық зерттеу және ғарыштық әдістерді қолдана отырып зерттеу, жерді қашықтан зерделеу мәліметтерін негізге ала отырып, тұздану картасын құрастырудың алгоритмдерін жасау болды», – дейді жобаның жауапты орындаушысы Жасұлан Маратұлы. Осындай жұмыстардың нәтижесінде ғалымдар өздері әзірлеген авторлық алгоритм негізінде зерттеу нысанының тұздану картасын құрастырып, тұзданған жерлердің көлемін анықтаған.
Ө.О.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми зерттеу институтының Тұзданған топырақтарды мелиорациялау бөлімінің меңгерушісі, жас ғалым Мақсат Нұрбайұлы топырақтанушы-ғалым ретінде жоба аясында орындалған далалық зерттеу жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізуге, зерттеу нысанындағы топырақтардың тұздану жағдайларын зерттеуге зор үлес қосқан. Зерттеу барысында ғалымдар Отырар ауданының жүгері егістіктеріндегі топырақтардың тұздануы уақыттық (мезгілдік) және кеңістіктік тұрғыдан құбылатынын анықтап, бұл құбылыстың өзгеріске ұшырау динамикасын да жасаған. Жоба аясында орындалған «Отырар ауданының агроландшафтары» монографиясын жоба жетекшісі Шахислам Ұзақбайұлының соңғы 10 жылдан бергі зерттеу жұмыстарының нәтижесі ретінде қарастыруға болады. Тіпті жас ғалымның докторлық диссертациялық жұмысы «Оңтүстік Қазақстан облысындағы агроландшафтардың деградациясы (Отырар ауданының мысалында)» тақырыбында болған екен.
Жоба орындаушыларының бірі, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Жаратылыстану және география институтының директоры, география ғылымдарының докторы, профессор Күләш Дүйсенбайқызының сөзінше, орындалып жатқан жоба БҰҰ Тұрақты даму тұжырымдамасындағы 17 мақсаттың ішіндегі «Аштықты жою», «Тұрақты қалалар және елдімекендер», «Жауапты тұтыну және өндіріс» сияқты мақсаттарды жүзеге асыруға ықпал етеді. Дамыған елдерде ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін болжау әдістерін жасау және осындай зерттеулерде жерді қашықтан зерделеу деректерін қолдану мәселесі жолға қойылған, тіпті көптеген дамыған елдердің өнімділікті болжау жүйесі бар. Сондықтан біздің алдымызда да еліміздің континенталды климат жағдайына негізделген және топырақтардың тұздану, ластану, шөлдену сияқты агроэкологиялық ахуалын ескере отырып, дақылдардың өнімділігін болжауға мүмкіндік беретін әдістерді әзірлеу өте өзекті мәселелердің бірі екендігін атап өтті.
Бүгінгі таңда, зерттеу тобы 2 жылдық зерттеу нәтижесінде жүгері дақылының өнімділігін болжаудың жаңа әдісін әзірлеп, оны сынақтан өткізу мәселесімен айналысуда. Егер ғалымдар ұсынған әдіс сынақтан сәтті өтсе, жүгерінің өнімділігін ғана емес, басқа дақылдардың да өнімділігін болжауға септігін тигізе алады. «Жоба нәтижесінде әзірленетін әдісті қолдану арқылы басқа да суармалы жағдайдағы жерлердің жүгері өсірген жағдайда, қанша өнім беретінін болжауға болады. Осылайда, өнімділік әлеуеті жоғары жерлерді анықтап, суармалы егістік көлемін ұлғайту және ауылшаруашылық өндірісті арттыру сияқты жағымды құбылыстарға алып келуі мүмкін. Бұл мал шаруашылығының да дамуына оң ықпал етеді», – дейді жоба жетекшісі Шахислам Лайсханов.
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың География және экология кафедрасының меңгерушісі, жоба орындаушылардың бірі, PhD доктор Думан Алиасқаров: «Қазіргі таңда, осы ғылыми жобадан бөлек, кафедрамызда 4 ғылыми жоба бойынша жұмыстар орындалуда. Өткен жылы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыру конкурсында кафедрамыздың ғалымдары ұсынған 4 жоба жеңімпаз деп танылды. Бүгінде біздің ғалымдар бірнеше бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізіп отыр. Атап айтқанда, урбандалу жағдайында моноқалалардың тұрақты даму мәселелері (мысалы, Жамбыл облысы), Білім беруде тұрақты даму мәселелерін жүзеге асыру, жаңартылған мазмұндағы географияны оқытуда геоақпараттық технологияларды қолдану және Болашақ география пәні мұғалімдерінің картографиялық құзыреттілігін қалыптастыру мәселелері. Бір сөзбен айтқанда, біздің кафедра университетіміздің «зерттеу университеті» мәртебесін алу жолындағы үлесі айтарлықтай жоғары», – дейді. Сондай-ақ ол 2022 жылдың қорытындысы бойынша, жоба жетекшісі Шахислам Ұзақбайұлы «ЖОО үздік оқытушысы» және «Талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендия иегері» атанғанын да тілге тиек етті.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті білімнің ғана емес, ғылымның да ордасы екендігін, университеттің «зерттеу университеті» мәртебесіне бір қадам жақын тұрғанын 1 ғана кафедрада орындалып жатқан зерттеу жұмыстарынан, ғалымдардың қол жеткізіп жатқан нәтижелерінен аңғаруға болады. Жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, «Осы күнгі біздің көп мақтанышымыздың ең ірісі – ғылым». Ғылым дамымай, ел өркендемейді.