ТҮРКІ ДҮНИЕСІНІҢ ТҰЛҒАСЫ
Былайша айтқанда, мен секілді қаймана қарашайға Олжас қалайша, не себепті жақын? Екеуміз де түркі-мұсылман дүниесіне жататындығымыздан ба? Екеуміз де сталиндік тәртіптеменің жазасына ұшыраған жандардың перзенті болғандығымыздан ба? Өткен ғасырдың алмағайып 30-40-шы жылдарында менің халқымның тағдыры қазақтардың тағдырына ұқсап, ұласа тамырласып кетуіне байланысты ма? Екеуміз де адам құқығы мен халықтардың құқығы жолындағы күреске белсене араласып, бет қаратпай келе жатуымыздан ба? Әлде екеуміздің де түркілердің әдебиетіне, тарихына, мәдениетіне, тіліне қатынасымыздың ортақтығынан ба? Әрине, осының бәрі де бар екені рас. Әйткенмен, өзімді әсте де Олжаспен қатар қоя алмаймын – өлшеміміз бөлек. Егер бөтен-басқа бір дүниеде екеумізге Жер-Ана ұрпақтарының өкілдерін білдіретіндей жағдай туса, мен (мақтағанда) өзімнің Қарашай елімнің атынан сөйлесем, Олжас барша адамзаттың атынан сөйлеген болар еді. Олжас Сүлейменовтің тұлғасының ауқымы тұрғысынан айтқанда осылай. «Байқоңыр десе жер-әлем көкке қарайды» дейтін сөзді сәл өзгертіп айтсақ: Олжас дегенде барша жұрт биікке көз тігеді. Сүлейменовтің «тауларды аласартпай, даланы асқақтатқаны» сонша, ол қайда да, қай кезде де әмбеге ортақ.
Біләл ЛАЙПАНОВ,
Қарашай-Шеркес Республикасының халық ақыны,
Халықаралық Түркі Академиясының
құрметті академигі
Дегенмен, Қарашайдың Олжасқа дейтін айрықша сүйіспеншілігін түсіну үшін өз халқым туралы аз-кем айта кетейін. Қап тауының солтүстігіндегі шағын ғана қарашай таулы мемлекетін Ресей 1828 жылы жаулап алып, сол жылдың 2 қарашасындағы шарт бойынша ол Ресей империясының құрамына кірді. «Қарашай – Эльбурстың етегін мекендейтін бейтарап халық; өзінің адалдығымен, сұлулығымен және өжеттігімен ерекшеленеді», – деп жазды Лев Толстой. Бірақ Ресейге адалдығы да, жан дүниесінің тазалығы да, қайтпас қайсар батырлығы да оны сталиндік зұлматтың сұмдықтарынан құтқара алмады. Ер азамат атаулының бәрі майданда жүрген 1943 жылғы 2 қарашада (бұл – қарашайлардың бір қара жамылған күні болды) сталиндік үкімет менің халқымды Орта Азия мен Қазақстанға жер аударды. Сөйтіп, 1828 жылы мемлекеттігі жойылған қарашайлар 1943 жылы өзінің автономиясынан да айрылды – Қарашай автономиялық облысы жойылды, ал қарашай халқының кір жуып, кіндік кескен қайран жері бөлшектеліп, көршілеріне таратып берілді, оның таулы бөлігі Грузияның иелігінде кетті. Қарашай халқының өзі барлығы 600 топ болып Сібір мен Орта Азияға шашыратып жіберілді. Бірақ халық таза-тақыр жойылып кеткен жоқ, оның өлім-жітімнен тірі қалған жартысы 1957 жылы тарихи отанына аман-есен жетті де, Шеркес облысын Қарашай-Шеркес облысына айналдырды, қазір ол осы аттас республика болып отыр.
Қуғын-сүргінге ұшыраған балқар, шешен, ингуш сияқты басқа халықтардың да бастарына түскен тауқымет осындай еді. Ал 1989 жылы мұндай зұлматтың жолын кескен оқиға болды. Ол да бір жасы мың болғыр Олжекеңе байланысты екенін қазір екінің бірі біле бермейді.
1989 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің бірінші сессиясында Олжас Сүлейменов мәселені қабырғасынан қойды: «Біз жұмысымызды қуғын көрген халықтарды ақтаудан бастауымыз керек. Осындай ақтаушы заң қабылдамай, қуғын-сүргінге ұшыраған халықтардан сталиндік зұлмат үшін кешірім сұрамай тұрып елдің рухани, адамгершілік жағынан дамуы мүмкін емес. Орыстар, грузиндер, қазақтар – өздері де бақытсыздыққа белшесінен батқан халықтар. Дегенмен, ұлттық белгісіне қарай еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін туған жерінен қуылған халықтардың тартқан тауқыметі екі есе. Біз осы туралы заң тілімен ашық айтуымыз керек», – деді ол.
Олжастың осындай бастамасына орай, ақыр соңында, 1991 жылы «Қуғын-сүргінге ұшыраған халықтарды ақтау туралы» заң қабылданды. КСРО-ның бұрын қуғын көрген халықтарының, соның ішінде қарашай халқының да Олжасқа дән риза болатыны осыдан.
«Адамға табын, Жер, енді» поэмасы Олжастың атын кеңінен танымал етті. Әйтсе де оны жалпақ әлемге танытқан «Игорь жасағы туралы жыр» атты тарихи шығармаға байланысты туындысы дер едім. 1975–1976 жылдары мемлекеттік қауіпсіздік органдары Олжастың «Аз и Я» атты кітабын барлық дүкендер мен кітапханалардан алып, өртеп жіберу үшін жандарын салып бақты. Бұл жарлық Кеңес Одағы Коммунистік партиясының идеологиялық серкесі М.Сусловтан шыққан болатын. КСРО Ғылым академиясы сан түрлі жиналыстар мен талқылаулар өткізіп, Сүлейменовтің кітабын «күлін көкке ұшыра» сынап жатты. Әкесі 1937 жылы «халық жауы» ретінде атылып кеткен Олжастың өзі де енді Суслов бастаған қараниет күштердің зорлығымен сондай атқа ие болуға шақ қалды. Ел бағына туған Д.Қонаев басшы болмаса, Олжастың басына қандай қиямет-қайымның орнарын кім біліпті. Біздің басшылардың қай-қайсысы да осындай батылдық танытып, қайдағы бір ақын үшін Сусловпен ара қатынасын суытуға бара қоюы неғайбыл еді ғой.
Ал Д.Қонаев өз халқы мен туған жері үшін пәруана болудан тайынбағанын біз жақсы білеміз. 1962 жылы Н.Хрущев Қазақстанның оңстүстігіндегі қыруар жерді мақта өсірудің мақсатымен көршілес республикаға бермекші болғанда Д.Қонаев ешқандай доңайбатқа қарамай табандылық танытып, елінің басты байлығын шашау шығармай сақтап қалғаны да белгілі. Тек осы екі мысалдың өзі-ақ оның қандай басшы болғанын даусыз айғақтамай ма?
Қазақ халқы да басынан небір қияметтерді өткізді. 1926 жылғы халық санағы туралы құжаттарда: «Қазақтар КСРО-дағы ең ірі түркі тілдес халық: саны 6 миллион 200 мың адам» деп жазылған. Ал 1939 жылы сол қазақтардың саны небәрі 2 миллион болып қалды. Сондайлық қысқа мерзімде осынша адамынан айрылған қазақ халқынан Олжас сынды жазушы-ғалымның, Қонаев секілді басшының шығуы бір бақыт еді ғой…
Ал сонда Олжастың кітабы Суслов пен оның итаршы академиктеріне несімен ұнамады дейсіз ғой? «Игорь жасағы туралы жырды» бүге-шігесіне дейін зерттеп, зерделей келіп, Олжас одан толып жатқан түркі сөздерін тапты. Бұл шығарманың академиктер оқи алмаған, иә болмаса теріс оқыған тұстарын айпарадай етіп айтып берді. Ол бұрынғы уақыттарда славяндар мен түркілердің арасында тілдік және мәдени байланыс күшті болғанын, сол арқылы олар бірін-бірі байытып, қоңсы қонғанын атап тұрып көрсетті. Ол кезде орыс ғылымы түркі-мұсылман халықтарына астамси қарап, «біздің мәдениетімізге сырттың ықпалы болса, ол тек Еуропадан келді, ол тәрбие көрмеген Азия, ондағы түріктер – шапқыншылық пен соғыстан басқа ештеңені білмейтін, қараңғы, надан халық; күні бүгінге дейін оларды адам қатарына қоса алмай, өркениетке ілестіре алмай отырсақ, біздің мәдениетімізге олар қандай үлес қоса алмақшы?» дейтін тұрғыдан қарады. Мінеки, Олжас Сүлейменов осындай кесірлі, кердең «ғылыми» көзқарасқа қасқайып қарсы шықты, КСРО-ның түркі халықтарының есін жиғызды, өз тарихымызды танытып, бәріміздің рухымызды көтерді. Өздерінің түркілерден екеніне қымсынып, бұқпантайлап келгендер Олжастың кітабын оқығаннан кейін «Біз – елміз, батыр түркілердің ұрпағымыз!» деп, кеуде кере, мақтанышпен айтатын болды. Олжас күллі түркі әлемін асқақтатты. Жекебатыр бабаларының үлгісімен кеңестік идеологияға бір өзі қасқайып қарсы шықты. Өзінің поэзиясындағы сияқты, ғылымға да жаңа, жүрекжарды сөзін әкелді. Ал Шындықтың сөзін айту үшін адамға дарын да, білім де, ар да, батылдық та керек екені белгілі. Түркі әлемін, түркінің сана-сезімін, қалғыған жадын оятып бергені үшін Олжасқа мың да бір алғыс айтуымыз керек емес пе?!
Олжас Сүлейменовтің соңғы кезде жазған «Хат тілі» дейтін кітабы дүниежүзілік ғылымдағы соны сөз. Жалпы жұрт мойындаған бір шындық: күллі адамзат бір жерде жаратылып, сол жерден дүниенің әр қиырына тараған. Дін сөзімен айтатын болсақ, біздің бәріміз Адам-Ата мен Хауа-Анадан тарағанбыз. Бірақ әуел бастағы сол үркердей топ қай тілде сөйледі – міне, бұл кітап сол туралы. Адамзаттың алғашқы нышандардан Сөзге, жазуға қалай ауысқанын көрсету үшін Олжастың қаншама кітап ақтарып, қандай терең талдаулар жасағанын айтып берудің өзі оңай емес. Ақыр соңында ол: «Бастапқыда – Таңба, содан соң – Сөз. Бұл таңбалар – Құдайдың таңбасы, ал сөздер Оның есімдері болатын» деген қорытындыға келеді. Бұл кітапты оқып шыққан адам, ғалымдардың атомды ашқаны сияқты, Олжас та Сөздің жасырын мәнін ашқанын түсінеді. Бірақ атомды ашқан адам дүниеге үрей әкелсе, Олжастың тұңғыш Сөзді, тілді ашуы барлық адамдардың бір тамырдан, бір ата мен анадан тарағанын көрсетіп, адамзатты бірлікке шақырады.
Сүлейменов сияқты перзенті бар халық – бақытты. Айтпақшы, Олжас – қабілеті мен қарымы, білімі мен білігі, дарыны тек өз халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың проблемаларын қамтуға жететін нар тұлға. Ол – адамзаттың тарихын дұрыс оқи алатынымен қоса, оның болашағын жақсартып, өркендете алатындай тағдыршешті адамдар санатынан.
Тағы айтпағым, бүкіләлемдік проблемалардан қалт етіп қолы босай қоймайтынына қарамастан, Олжас кейінгі толқын жас жазушыларға қамқорлық жасауға да мүмкіндік табады. Өзім түркі тілдес жазушылардың ішінен ондай қасиетті тек Қайсын Құлиев пен Шыңғыс Айтматовтан ғана көрдім. Мұны өз басымнан өткен соң айтамын.
Осыған бір мысал келтірейін.
2005 жылғы 12 сәуірде мен Сүлейменовтен хат алдым. Олжекең ұмытпай, мені 50 жасқа толуыммен құттықтапты. Олжастың қаламдас інілеріне қандай ілтипатты, ізгі ниетті, жаны жайсаң адам екенін сипаттайтын сол құттықтауын бәз қалпында келтіре кетсем деймін.
«Қымбатты Біләл!
Қазақта «Елу жылда ел жаңа» дейтін сөз бар. Сенің елуің қарашайлардың тарихындағы қайта жаңғыруы сияқты кезеңді де қамтыды: 1956 жылы қуғын-сүргіндегі халық айдаудан тарихи отанына оралу құқығына ие болды. Сен өзіңнің өлеңдеріңе қайта өрлеу сезімін арқау еттің, сол сезім оларға тарихи тереңдік, бүгінгі кеңдік пен болашақ биіктік сияқты шынайы өнерге тән үшөлшемдік сипат берген. Көрген теперіш ешқашан ұмытылмайтын болса да сен өкпе-ренішке берілмедің. Біз жаңа ұрпақтың зердесін сақтауымыз керек, бірақ онда кекшілдікке орын болмауы тиіс. Сенің барлық шығармаларың мен журналың осы жайында.
Сен түркі халықтарының жаңғырушылық санасын қалыптастыруға көп нәрсе істеп үлгердің, енді сол сана солардың әлемдік тұрғыдағы лайықты орнын айқындауына көмектесуде. Ең лайықтыларға менің ұдайы айтатыным – жаса! Қазақта бұл сөздің «өмірлі бол» және «жасаушы бол» дейтін екі мағынасы бар.
Жаса, Біләл досым!
Сенің Олжас Сүлейменовің,
Париж, 2005 ж. 12 сәуір».
Енді мен де өз тарапымнан: Жаса, Олжеке! – деймін.