Түркі дүниесінің қайта түлеуі
26.08.2025
280
0

Мұса Казым Арыжан,
Анкара университетінің ректоры, Түркия Жазушылар одағының төрағасы

2025 жыл тамыздың 10-ы күні Қазақ­станның Семей қаласында біз жай бір ақынды еске алған жоқпыз, тәрбие мен ақыл-ойдың сәулетшісі, түркі дүниесінің ар-ожданы — Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толғанын айрықша атап өт­тік. Оның тарихтың тереңінен тамыр тартқан насихатқа толы үнін ақынның өз атажұртында тыңдадық. Абай — өзінің поэзиясымен тілімізге нәр берген, «қара сөздерімен» санамызға жарық шашқан, өмірлік ұстанымы арқылы ортақ болашағымызға үн қатқан данышпан. Бұл үндеу тек әдебиетке ғана емес, өркениет пен рухани жаңғыруға үндеу.

Абайдағы – Тіл, Адалдық, Ғылым

Абайдың ойлау әлемі осы үш негізге сүйенеді:
Біріншісі — тіл мен аударма саласы: Абай — өз дәуіріндегі әлем әдебиетімен еркін тілдесе алған «аудармашы-ақын». Ол тілді жай ғана ойды жеткізу құралы емес, мінез-құлықты қалыптастырудың негізі санаған. Бұл көзқарас — бүгінгі таңда қазақ, түрік және басқа да түркі тілдері арасында ыңғайлы, шығармашылыққа толы ортақ тіл кеңістігін құруға болатынын көрсетеді. Осы негізде, бүгінде жақсы деңгейге көтерілген түркі мемлекет­тері арасындағы ортақ тіл алаңын одан әрі нығайтуға болады.
Екіншісі — адамгершілік пен тұлғалық даралық: «Қара сөздерінде» еңбек, адалдық, ұстамдылық, мейірім мен батырлық секілді жеке тұлға мен қоғамды алға жетелейтін негізгі құндылықтар қайталап айтылады. Абай адамгершілік тілінің саясат­тан биік тұруы әбден мүмкін екенін көрсетеді.
Үшіншісі — ғылым мен жаңғыру: Абайдың «білімге сусап тұрған» адам бейнесі — дәстүрден бас тартпай, қайта оны заманауи мазмұнмен байытып, жаңғырту идеясы. Сондықтан Абай — Шығыс пен Батыс арасындағы қарама-қайшылықтан биік тұратын «үшінші жолдың» өкілі.

Абайдың бүгінгі құндылығы

Бүгінгі жаһандық деңгейде біз үш негізгі дағдарысқа тап болып отырмыз: мағына дағдарысы, еңбек пен адамгершілік дағдарысы және білім мен экономика дағдарысы.
Мағына дағдарысы – бұл ақиқат­ты тұтынған жылдамдық дәуірінің дағдарысы; Абайдың сабырға, ойлануға шақыруы осы бос орынды толтыра алады.
Еңбек пен адамгершілік дағдарысы – көзге көрінетін нәрсе ғана құнды, ал көрінбейтін нәрсе құнсыз саналатын көзбояушылық дәуірі; Абайдың еңбекті дәріптейтін өлеңдері бұл түсінікті түбегейлі өзгерте алады.
Білім мен экономика дағдарысы – технологияның құрал емес, мақсатқа айналу қаупі; Абайдың «адамды жетілдіретін білім» деген ұстанымы осы жерде темірқазықтай тура жол көрсетеді.

Абай және түркі дүниесінің ортақ жадысы мен ортақ болашағы

Абай мұрасы бізді нақты үш нақты мақсатқа бағыт­тайды.Ортақ жадыны жаңарту: Абай – Ясауи дәстүрі мен қазіргі заман поэзиясының тоғысында тұр; бұл тоғысудан түркі дүниесінің ортақ жадысы құралады.
Ортақ құндылықтарды инс­титуционализациялау: Абай этикасындағы адамгершілік, лайықтылық, мейірім мен кеңес мәдениеті қоғамдық сана мен білім философиясының негізіне айналуы мүмкін.
Ортақ өндірісті әртараптандыру: Әдебиет, философия, әлеумет­тік ғылымдар және цифр­лық гуманитарлық ғылымдар салаларында Абайдан шабыт алып тың еңбектер жасауға болады.
Осы тұрғыда, ТҮРКСОЙ-дың қамқорлығымен, Түркі дүниесі Жазушылары одағы және Қазақ­стандағы әріптестерімізбен бірлесіп, институционализациялауға және тұрақты сипат қалыптастыруға болатын нақты іс-шаралар жоспарын жасауға болады.

Абайдан бастау алатын жол әдебі

Абайды мұқият оқығанда, ол бізге үш негізгі ұстанымды үйрететінін көреміз:
Сабырмен тереңдеу: Жылдамдық дәуірінде тереңдік – батылдықтың белгісі.
Еңбекті ұлықтау: Жалқаулық – бір мәдениет, еңбекқорлық – екінші мәдениет; таңдау ұлт­тың тағдырын анықтайды.
Мейірімділікті институционалдандыру: Ізгілік жеке қасиет болумен ғана шеутелмей, қоғамдық тілге айналса, бейбітшілік саясатына жол ашық.
Осы тұрғыдан алғанда, Меһмет Акифтің үндеуі Абайдың үндеуімен үндеседі. Бұл бағыт­та салыстырмалы зерт­теу жүргізу пайдалы болмақ.

Сөз соңы

Қазақ­станның Семей қаласындағы Бейбітшілік аралында құрылған этноауыл өткен мен болашақты бір кеңістікте тоғыстырса, Абайдың тілі бізді бір мақсатқа біріктіре алады.
Абайдың 180 жылдығына орай Семейден Анкараға, Алматыдан Ыстанбұлға де­йін бүкіл Түркі әлемінің астаналарына «ізгілік, еңбек, лайықтылық, адамгершілік және ғылым жолын» тартуға болады. Егер біз мұны жүзеге асыра алсақ, Абайды еске алып қана қоймай, Абаймен бірге қайта түлеп, жаңа бастамаға қадам басамыз. Абай арқылы бүкіл әлем мен адамзатқа жаңа өркениет үлгісін ұсына аламыз. 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір