БІЛЕДІ ҒОЙ АТАЛАР, АРҒЫМАҚТЫҢ БАҒАСЫН…
Белгілі ақын Аманқос Ершуовтың жақында жарық көрген балаларға арналған «Бармақбайдың басынан кешкендері» кітабынан үзінді жариялап отырмыз. Кітапта автор негізінен ауыл тақырыбы төңірегінде толғанып, балаларға төрт түлік мал, соның ішінде ер қанаты – жылқының қасиетін алуан қырынан таныстыруды мақсат етеді.
Кітапқа ертегі-аңыздар, батырлық жырлары, жұмбақтар мен жаңылпаштар енген. Кітапты баспаға дайындаған ақын, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Аманқосқызы.

Аманқос ЕРШУОВ
ҚҰРЫҚ
Жылқы бағу оңай ма,
Мықты болсын талабың.
Барып қалың тоғайға
Құрық кесіп аламын.
Қиып алған жас талға,
Қыл арқанды тағамын.
Шапшыса да аспанға
Тайға құрық саламын.
EP-TҰPMAH
Бәрі керек білгенге,
Сайлы болсын ер-тұрман.
Арғымаққа мінгенде
Асқақтайды өр тұлғаң.
Ұзын болса үзеңгі,
Қысқартады таралғы.
Талдырмайды тізеңді
Қажамайды табанды.
Жұмсақ тоқым, терлігі,
Жарасады жапқанда.
Мықты тартпа – белдігі
Үзілмейді шапқанда.
Қалып жатыр жел, міне,
Жалын тарап ұйысқан.
Қозғалтпайды ерді де
Өмілдірік, құйысқан.
ҚАМШЫ ӨРУ
Кер құланы айдадым,
Кермеге әкеп байладым.
«Мінер едім,
Атажан,
Қамшы жоқ!» – деп қоймадым.
Қылмады атам қарсылық,
Сыйлап мендей «малшыны».
Өріп берді
Өгіздің
Таспасынан қамшыны.
Маймен сылап сәндеді,
Ысты асықпен әр-бері.
«Балам,
Қамшы сабыңды
Өзің тауып ал», – деді.
Кім қалайды оңайды,
Кезіп кеттім маңайды.
Тауып алдым, ақыры
Тобылғыны қолайлы.
ЖАЙЛАУДА
Жайлауда өтті күндерім,
Шаптым қырда тай мініп.
Бүгін баптап жүргенім –
Жер тарпыған сәйгүлік.
Сәйгүлігім бабына,
Келіп-ақ тұр, қарашы!
Ат мінезін таныған
Мен – жылқышы баласы.
Қызып алса денесі,
Құйғытады ат қандай.
Садақтың сұр жебесі
Ұшып бара жатқандай.
Жабыларға қосылмай,
Құлағын тай қайшылар.
Болған шығар осындай
Ер қанаты – Байшұбар!
КҮЗЕУДЕ
Тоқпақ жалды торылар,
Құйрығы ұзын қылаңы.
Жирен, баран – бәрі бар
Күзеуші де жүр, әне.
Бір қолында пышағы,
Күзеп кетіп барады.
Қылға толса, құшағы
Қанарға әкеп салады.
Жылқы қылы – мықты қыл,
Көп қой оның керегі.
Жеңіл-желпі жүк түгіл
Жетектейді кемені…
ТЕБІНДЕ
Тоқпақ жалды, торы ала,
Жылқы деген түлігің.
Қамалмаса қораға
Түк қылмайды суығың.
Құйрық-жалы төгіліп,
Боран соқса үрейлі.
Қарда қалған көміліп
Шөпті аяқпен күрейді.
Жаңғырығып тау іші,
Шақта мынау ай батқан.
Жылқышылар дауысы
Естілер бар аймақтан.
Жасырынып аш арлан,
Тай-құлынды аңдиды.
Жылқылар сақ қашанда
Түрегеліп қалғиды…
КӨКТЕУДЕ
– Жылқы қайда?
Не дейді мына күшік?
Жылқышы аға саумалды бір-ақ ішіп,
Қамшысымен тобығын қақты-дағы,
Құлагерге ұмтылды құрақ ұшып.
– Бейсенбі ме, жұма ма, бүгін қай күн?
Кара бие жұмада құлындайтын! –
Деді-дағы босатып аттың басын,
Тура өзен жаққа ол бұрылды айқын.
…Жүйрік болар жас құлын саяқ болар,
Ештеңем жоқ түліктен аяп қалар.
Қандай құлын тапты екен қара бие,
Тұлпар болса, онда тез аяқтанар…
ТАҒАЛАУ
– Тасқа тисе табаны,
Атың ақсар, балам-ау,
Оның енді амалы –
Керек тездеп тағалау.
– Тұяғынан не қалар? –
Деп қақты атам тағасын.
Біледі ғой аталар
Арғымақтың бағасын.
БӨРІК
Баламын ғой мал баққан,
Хабары көп жан-жақтан.
Әжем маған
Бөрікті
Тікті құлын-жарғақтан.
Кыста басым тоңбайды,
Күнге түсі оңбайды.
Терісі де қоянның
Бұдан жылы болмайды.
Бөркім менің жарайды,
Тамсандырды талайды.
«Жақсы екен!» – деп,
Балалар
Қолына алып карайды.
Оларға айтам кезінде,
Шындық жатыр сөзімде:
«Жылы бөрік киесің,
Жылқы бақсаң өзің де».
ДҮРБІ
Жылқы жайдым биыл да,
Таудың бойын жағалай.
Көз саламын қиырға
Шекарашы ағадай.
Тай-құлындар жарысқан,
Желдеп кетсе бір күні.
Көрсететін алыстан
Тастамаймын дүрбіні.
АТ ЖАРАТУ
Шаттық құйған бойыма,
Атам айтты мынаны:
«Малшылардың тойына
Жараталық құланы».
Уақыт алып жатпадық,
Құланы тез ұстап ап.
Күні-түні баптадық
Болсын дедік құс қанат.
Кара менің түріме,
Атқа құмар баламын.
Қозыкөш жер
Kүнiгe
Терін алып шабамын.
Тер шықпаса,
Бір қызық
Атбегі ақыл табады:
Караңғы үйге кіргізіп,
Қалың жабу жабады.
ТАЙ ЖАРЫС
Қара жердің тозаңы,
Көтеріліп аспанға.
Қайсар бала озады
Тайға қамшы басқанда.
Кейбір бала сезімін,
Жасырмайды күдікті.
Тұлпарынан өзінің
Кейбір бала үмітті.
Мен де қостым тайымды,
Арпаменен бағылған.
Қатты тарттым айылды
Қола айылбас тағылған.
Шаба алмайды ат керім,
Тер құйылса көзіне.
«Терін сүрт», – деп бапкерім
Айтты ақылын өзіме.
Дегеніме көнбеген,
Тайым басын бұрғызбай.
Өтіп барам көмбеден
Аққан бейне жұлдыздай!..
ҚОҢЫРАУ
Қызыққа кейде батамыз,
Қарап бір ерке құлынға.
Қоңырау тақты атамыз
«Керегі бар», – деп мұның да.
Атамнан білгіш жан бар ма?
Айтты оның анық себебін.
Қасқырлар келіп қалғанда
Үрейін алсын дегенін.
БАС БІЛДІРУ
Қашағанды ұстап ап жүгендедік,
Тоқым, тартпа – бәрін де түгендедік.
Тәуекелмен ширығып қарғып міндім
Тулады асау,
Одан да түк өнбеді.
Жанарынан жануар жас парлатып,
Шыңғырады біресе аспанға атып.
Жасырмайын,
О баста қорыққаныммен,
Мен отырмын үстінде тастай қатып.
КӨКПАР
Атой салып үйренген
Ағай енді тоқтар ма?
Белі мықты жиренмен
Қосылды кеп көкпарға.
Кілең сайлы жігіттер,
Күш сынаспай, бола ма?
Бәрі де – оның үміткер
Түсіп жүрген додаға.
Біреу белін буынып,
Көкпарды алып шабады.
Тақымынан суырып,
Тартып бірі алады.
Шуласады ел, тегі,
Шабандоздар арқалы.
Ортаға алып серкені
Әрлі-берлі тартады.
Маған әкел!
Тастама!
Әне, кетті!
Ал кетті!
Жігіт қалып,
Масқара,
Шалқұйрықпен шал кетті!
…Көз ұшында кетті әлгі,
Өкініп жұрт: «қап!» – деді.
Көкпар еткен көкпарды,
Біле білсең, ат желі!
СУАТТА
Ақ бұлақтың сімірген тұнығынан,
Сайгүліктер жайында сыр ұғынам.
Жылқы малы сілтідей тына қалар
Жылқышының сілтеген құрығынан.
О, жылқылар не деген зерделі еді!
Құлындарға бестілер жол береді.
Қамбар ата1 тәртібін қатаң сақтап,
Кезек күтіп тұрады шөлдегені.
Дөңгелейді дөнендер іші пысып,
Арқасы,
Омырауы,
Тісі қышып,
Тілсізге тән табиғи ынтымақпен
Қасынысып тұрады,
Түсінісіп.
Су ішкен соң беттейді қырға қарай,
Қайырылып суатқа бір қарамай.
…Атқа мінді,
Айылын қатты тартып,
Қара мұртын ширатып тұрған ағай.
1 Қамбар ата – қазақ аңыздарындағы жылқы пірі.
ПІКІРЛЕР1