Қаламгер қауымын толғандырған ойлар ортаға түсті
01.04.2025
82
0

Кеше Қазақстан Жазушылар одағында бас қосқан ақын-жазушылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында көтерілген өзекті мәселелерді ортаға салып, ой-пікір қосты.
Жиынды ашқан Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов өз сөзінде Ұлттық құрылтайдың бұл жолғы отырысында бүгінгі күні қоғамды толғандырып отырған өзекті мәселелердің кең ауқымы қамтылғанына тоқталды. Қазіргі жағдайға жан-жақты талдау жасалып, көптеген мәселенің жүйелі шешімдері ұсынылған, алдағы кезең міндеттері айқындалған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрылтайда сөйлеген сөзі бағдарламалық сипатқа ие болғанын айта келіп, Ұлт­тық құрылтай мүшелерінің алдыңғы екі күн бойы азаматтық қоғам, мәдениет, өнер, руханият, білім және ғылым, әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін қамтыған тақырыптық секцияларда айтқан негізгі ұсыныстары Президенттің сөзінде көрініс тапқанын атап өтті.
Сонымен қатар Ұлттық құрылтайдың мүшесі, шығармашылық ұйымның басшысы Мереке Құлкенов Мемлекет басшысы атап көрсеткен ономастика саласын, мемлекеттік және мекемелік марапаттар жүйесін жетілдіру, жасампаздық құндылықтарды дәріптеу, әлеуметтік кеселдерді жою, азаматтық қоғамды дамыту бағытындағы жұмыстардың кемшін тұстарына назар аударып, осы тұрғыда қаламгерлер қауымы тарапынан маңыз берілуі тиіс жайттарға тоқталды.


Көптің ой-арманы ортаға түскен Ұлттық құрылтай отырысында түйінделген басты ой Мемлекет басшысының: «Біз баршаға және әркімге зор мүмкіндік беретін мемлекет құрып жатырмыз. Бұл – әр азамат өз қабілетін шыңдап, адал еңбегімен отбасын асырай алатын ел болу деген сөз. Заң және тәртіп – біздің мызғымас тұғырымыз. Бұл, ең алдымен, еліміздің әр азаматына және барша халқымызға ортақ тәртіп. Ал біздің идеологиямыз – қарапайым әрі түсінікті. Бұл – жаһандағы аса күрделі геосаяси ахуалда елімізді жаңа даму деңгейіне көтеру үшін берік негіз қалау», – деген сөзінде жатыр.
Осы ретте сөз алған ақын-жазушылар Кәдірбек Сегізбаев, Василий Шупеикин, Қуандық Түменбай, Жүсіпбек Қорғасбек, Құдияр Біләл, Бақытжан Қанапиянов, Алмас Ахметбек, филология ғылымының докторы, сыншы Қансейіт Әбдезұлы, сыншы Әлия Бөпежановалардың ой-пікірлері әділетті, қауіпсіз, таза, қуатты Қазақстанды құру идеясынан бастау алатын ұлтқа ортақ құндылықтар төңірегінде тоғысып, қоғамдық әдепті реттеу, теріс ағымдар мен ұлттық болмысымызға жат идеологияларға, түрлі алаяқтық әрекеттерге тосқауыл қою, отандық кино және анимация өндірісіне идеологиялық тұрғыдан мән беру қажеттігін атап өтті.
Жиыннан соң Жазушылар одағы­ның Басқармасы қаламгерлерге арнап ауызашар берді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір