ӘН ҚАНАТЫНДА
12.12.2023
160
0

«Ең әуелі сөз болған» дейді ғой. Біздіңше, сол сөзіңіз алдыменен әуен болып құйылғандай. Осы күні адамды адам етіп тұрған ұстындардың бірі ізгі әуен, сұлу ән емес пе? Әр адамның жүрегінде әйтеуір бір ән күмбірлеп тұратыны сондықтан болар. Әлгі ән қуанғаныңда жүрегіңді қытықтап, қайғырғаныңда көңіліңді мұң болып торлайтындай. Міне, әр адамның жүрегіндегі әсем әуен күллі әлемнің бордай үгітіліп кетпеуіне, адамзат басына түскен алапат қайғыға қарсы тұруға көмектесетіндей.
Жә, әу бастан көмейіне бұлбұл ұя салған әнші ән айтсын-ақ, ән сала алмайтын адам қайтпек керек? Дүниені құтқаратын ізгіліктің бірі – ән десек, сол әніңізді айта алмайтындарды не құтқармақ ендеше? Көмейден ән болып төгілмесе де жүректі орап тұрған әсем әуен құтқарады екен. Ал нағыз әнші дәл сіздің жүректі тербеткен әуенді жүрегіңізден суырып алып, қайтадан сол жүрегіңізге жып-жылы етіп орап қоюдың жолын біледі.

«Әй, дүние-ай!»

Әнші, дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілдерінің бірі Нұржан Жанпейістің орындауындағы ән құлаққа бала күннен сіңген, сонау шақтардан етене таныс. Дәнеш мектебінің төл шәкірті болып есептелетін Нұржан сал шығармашылығы ең әуелі көркемдігімен, дауыс тұнықтығымен құнды. Ерекше терең, мың бояулы әнші үніндегі тұнықтық пен тазалық және дауыстың халықтық бояуы тыңдарманын ән атты әсем әлемнің төріне жетелейді.
Бала кезден құлақ құрышын қандырып өскен соң ба, Жетісу ән мектебі десе елең ете қалатынымыз бар. Күллі қазақтың дәстүрлі ән мектебін бөле-жару ойда жоқ, алайда бесіктен құлаққа сіңісті болған Жетісу әндерін іздеп, елеңдеген сәтте ең алдымен Дәнеш Рақышев еске түспей ме? Дәнештің көзін көрмесек те, оның айналасындағы ғажайып өмір мен өнердің әңгімелері қоса-қабат санада жаңғырады. Себебі менің атам, әкемнің туған ағасы Матан Сімәділ әнші Дәнеш Рақышевпен бір жүрген. Тіптен атамның бір өлеңіне Дәнеш ән де жазған. Сол Матан атам әнші Дәнешпен бірге өткізген күндерін де әңгімелеп отырар еді. Жаркенттегі «Халық театрында» Дәнеш Рақышевпен бірге жүрген сәттер, Дәнеш өткізген концерттер жайында әңгімелеп, әңгімелерінің куәсін ескірген суреттерден іздейтін. Дәнештің әншілік мәнерін сақтайтын шәкірті сирек екенін айтып, сол саусақпен санарлық шәкірттердің сүт кенжесі Нұржан Жанпейісті мақтанышпен үлгі қылатын, Дәнешін сағынған аталар, әкелер, аналар оның үнін жүрек түбінде қалып қойған естеліктер арқылы осылайша тірілтетін. Дәнеш әніне құлақ құрышын қандырғысы келген сағыныштың сартап сәттерінде оның мәнерін шәкірттерінің әнінен іздейтін. «Нұржанның дауысын естіген Дәнеш: «Жастық шағым қайта оралыпты. Даусыңнан айналайын!», – деп батасын беріпті», «Бексұлтан Нұржекеұлы: «Нұржан – Дәнеш әншінің кенже қозысы, өзі айтқан әндерін түгел үйретіп, аманаттап кеткен ең соңғы шәкірті», – деп бағалапты»… деген әңгімелерді де ерекше құрметпен еске алып отыратын.
Ал Дәнештің ғажайып әнін таспадан, Нұржан Жанпейістің сұлу әуенін дәл қасында отырып тыңдап қалған біздерге бұрынғының әңгімесімен қоса, қазіргінің бағасы да ерекше әсер ететінін жасырып қайтеміз?
«Саясында алманың», «Баркөр­неуден» соң «Әй-дүние-айдың» әуеніне басқанда күллі қазақ даласындағы зар-запыран мен аһ ұрған өкініш Нұржан әншінің жүрегінен үзіліп түскендей-ақ қой! «Қайран, дүние!» деп тыңдаушының да жүрегі бебеулейді, әншінің де жүрегі дүниенің маңдайынан сипайды…
Көрнекті жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы «Нұржан Жанпейісов – қазақ халық әндерінің ұмытылып бара жатқан нұсқаларын да, сонымен қатар Жетісу ән мектебінің көрнекті өкілдерінің де, кейінгі уақыттағы композиторлар мен ақындардың да шығармашылығын ерінбей-талмай насихаттап, домбырасымен шырқап, оркестрмен орындап жүрген өнерпаз. Ол Дәнештің кенже қозысы, өзі айтқан әндерін түгел үйретіп, аманаттап кеткен ең соңғы шәкірті. Сонымен қатар Жетісу ән мектебінің үлкен зерттеушісіне айналған, ән мен ұстаздықты қатар алып жүрген жан. Кітаптарын тасқа бастырып, әндерді таспаға түсірген еңбегі де зор», – деген еді. Шынымен де, Нұржан Жанпейіс Дәнешін сағынған әкелер, аналардың жүрек сағынышын басып қана қоймай, қазақ әнін, үнін тыңдағысы келген талай тыңдарманның сүйікті әншісіне айналып қана қоймай, ұмытыла бастаған қазақ дәстүрлі ән өнерінің жоғын жоқтап, жыртығын жамап, барын жарқыратып көрсетіп жүрген үлкен ұстаз, зерттеуші, ең бастысы мықты әнші қатарында тұрған тұлғалардың сапында жүр.

Ән де театр іспетті…

Нұржан салдың тыңдармандары оның орындауындағы «Аңшының әні» шығармасына ерекше ынтызарлықпен тыңдайды. Ондай сәттерде әншіге де қанат біткендей, бір өзі бір театрға айналып кеткендей… «Аңшының әні» әуелегенде көз алдында байырғы дала жұрты тіріліп келіп, бұрынғының әңгімесін тарқата жөнелгендей болады. Кешегі жұрттың тұп-тұнық өмір салты, аңшының сөзі, сері жігіт пен қазақы тұрмыстың ғажап суреті ән болып құйылып, көз алдыңда әннен сурет салады. «Аңшының әнін» тыңдаған әрбір қазақ аңшының өзі болып кеткісі келетіндей. Қазақтың қаймағы бұзылмаған дәстүрі, қазақтың жаны – ұлттың әні десек, Нұржан әншінің асқан шеберлікпен орындаған «Аңшының әнінен» кешегі мен ертеңнің арасында сабақтастық жібі үзілмегенін ұғасың. Қазақтың әні әуелегенде ұлттың жаны ән бесігінде тербелетінін түсінесің. Кешеден бүгінге жалғасқан ұлттық әуен – әр уақыттың сан қырлы сипатын жинап, жүрек тұсыңды шымырлатады. Нұржан әншінің әуезіне құлақ қойсаңыз бір ғана әнші емес, тұтас халық театрының үнін еститін себебің де осы – дала үнін, дала арманы мен ұлттық ерекшелікті сипаттайтын байырғының сазын дәл жеткізе білуінде ғой…
Дүние пандемияға дейін және кейін деп бөлінбей тұрған тұста Нұржан Жанпейіс Алматыға тыңдарманын жиып, арнайы концерт өткізді. Сонда дала театрының тағы бір озық үлгісін көрсетіп, Ұлбике мен Күдерінің айтысын ұсынды. Бұл айтысты кезінде Мырзатай Жолдасбеков спектакль қылып түсіріп, әуенін Алтынбек Қоразбаев жазған екен. Әнші Бибігүл Қилымхан мен Нұржан Жанпейіс екеуі Ұлбике мен Күдері болып сахнаға айтысып шыққанда, көрермен байырғы заманның төріне қонжиып отыра кеткендей күй кешкені бар. Қазақтың төл өнері – айтысты әншілік мәнермен, дәстүрлі бояумен сахнаға алып шыққан қос әншінің сол бір ғажап туындысы қазіргінің әлеуметтік желілерінен табыла бермейтіні өкінішті.

Әке арманын жалғаған

Біреу білер, біреу білмес, Нұржан Жанпейістің әкесі Қабимолда ақсақал да өнерден құралақан емес жан болған. Кенже ұлының болашағына да оның өнерге деген іңкәр көзқарасы кәдімгідей іскер еткені анық. «Шашын арнайы маған алдыртатын. Шашын алып болғаннан соң бата беретін. Бүгінгі күні әкемнің сол батасы өміріме шамшырақ секілді нұрын төгіп келеді» деп еді бірде Нұржан әнші әңгімесінде. Қабимолда ақсақал Қытай жаққа ауған халықтың арасында болып, сол уақыттың ащы запыранын татқан, 1960 жылдары елге оралған көштің қатарында болып, елге келген соң да бірден атажұртқа тұрақтай алмай, қырғыз асып барып еліне табан тіреген тағдырлы перзенттің бірі. Елден шалғай, жұртын аңсап жүрген шағында да оның да жүрегін ән тербемеуі мүмкін емес. Ащы запыран да, мұң да, сағыныш та ән болып жиылып, ол ән кенже ұлдың таңдайынан төгілгенінде бір терең сыр бар. Айтқандай, Нұржан Жанпейістің әкесі Қабимолданың Абай өлеңіне жазған әні де бар. Әкесі ақыл айтса да, қатты айтса да перзентіне Абайды алға тартқан екен. Әкесінің жанынан шығарған екі әні перзентінің жүрегінде ораулы келген. Сол екі ән де тыңдарманға жетті, ендігіде ұмытылмасы, анық.

Қарагөз СЕРІКҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір