АРАЙДЫ АЙДАН ТАМҒАН ІШІП ЕДІМ…
13.05.2016
2304
0

Галым_ЖайлыбайҒалым ЖАЙЛЫБАЙ

 

АЙ КӨРДІМ…

Ай көрдім,

аман көрдім толған айды,

Толған ай көре алмасаң ол да қайғы.

Түндердің серуені сейілсе де –

Күндердің керуені жорғалайды.

…Ай көрдім,

аман көрдім толған Айды.

 

Ай көрдім,

жұлдыз көрдім айдан бері,

Сол әуен тербетіп ең қайдан мені?..

…Жанатын Ай астында жалғыз шырақ –

Қанатын қара түнде жайғанда елі.

 

Ай болып

көз алдымда айналды әлем,

Қайтейін сол шыраққа байланды өлең.

…Қайғы өрдім қара түннің қайысынан

Ай көрдім,

Сен не дейсің ай көрмеген?..

 

Ай көрдім,

түсінбедім түсім,

өңім,

немене ай көрмейтін кісі ме едім?..

…Талайлы өлең еміп өскеннен соң –

Арайды Айдан тамған ішіп едім.

…А, енді түсінемін.

 

                                ***

Қаратау,

айналайын жаным, арым,

Сен десе ақтабан боп аңырадым.

Қайрағын қайратымның жанып жібер –

Қастерлі қайран қара шаңырағым.

 

Қаратау!

Келем, кетем жылда саған,

Өзіңмен мен шығармын мұңдас адам.

Заулатып заманалар зулағанда

Аунатып қара тасты жыр қашағам.

 

Жаныңа жақсылығын жағалатпай,

Кейде өмір

Жүйкеңді жер шабан аттай.

Қарайып отырамын құз басында

Қаратау тасындағы қара дақтай.

 

Шаңытқан шаңқай түсте жолға қарап,

Құйқылжыр құс көңілім арда қанат.

Қозғайды бар қайғым мен қасіретті

Қаратау тасындағы сол қара дақ.

 

Жылдардың күндер қашып жетегінде,

Жылғасы жылап аққан етегінде.

Мың ырғақ мұнар күнде құйқылжытып

Сыбырлап сыр айтады кетерімде.

 

Мен сенің тағдырыңды шамалармын,

Түбінде түнеп кеткен қарағанның.

Қара жол қайқаңдардан әрі асқанда

Іздерін көріп қалдым қара нардың.

 

Мейірін төкпесе де ана заман,

Ұйыдым шақырғандай бабам азан.

Қаратау – қара саба, қара бала

Оты өшпес ошақтағы қара қазан.

 

Тастары Қаратаудың қатпар-қатпар,

Қатпардың астарында ақтаңдақтар.

Асыл да аналарым бесік тербеп

Басында бабаларым тапқан бақ бар.

 

Қазаққа қасиеттей арлы отауым,

Қаратау,

айналайын арда тауым.

Басында бақ іздеген Бабам ізі –

Мен үшін одан өзге бар ма атауың?..

 

Шыңыңнан шындығымды көріп қалғам,

Бұлтыңды ыдыратам төніп барған.

Қазақтың кие болып даласына

Қаратау – қара нарым шөгіп қалған…

 

АРҒЫМАҚТАР…
(көңіл күйі)

Сырласқым келген мен Сізбен,

тербетіп таңғы бақтарды;

еңістен көрдім

елсізден –

арыған арғымақтарды.

 

Сарыбелдердің сағымы,

сарнаса алдан анталап.

Арғымақтарым арыды

қамшылар жағы қанталап…

 

Құла даланың төсінен,

Құба бір күйді жалғадым.

Өлеңге қалай көшірем

Арғымақтардың арманын.

 

Сөзіңнің бәрі сандырақ,

Өзіңді ғана күйттеме!

Арғымақ деген – Арғымақ

қарғылап ұстар ит деме!

 

Төбемде жүзген күнім ең,

Не дейін саған,

кешқұрым?..

…көзімді жұмсам түнімен

Қобыздың зарын естідім.

БЕСІН.
БЕТПАҚ  ДАЛА

Бозкөденің бозбеткейде тамыры,

Көзімді ашып шыр еткенде көрген ем.

Ұзататын жанарымның жарығы –

Көштің соңын кеңістікте көлбеген.

Бетпақтағы берекенің сол жұрты,

Бақытым ба,

баяным ба,

бағым ба?

…Көш – керуен,

көкалалы көп жылқы

Әлі күнге жаңғырады жадымда.

 

Балалықтың қысқа болды ғұмыры,

Бүр жаратын кеудемдегі бүршік-ән.

Құлағымда арғымақтың дүбірі

Қара түнге сіңіп барып тыншыған.

 

Бұл тірлікте шақырады жолдар сан,

Қызық аз ғой мынау жалған – фәнидей.

Бетпақ дала уілдейді мен барсам

Ана сүтін аңсап жатқан сәбидей.

 

Бетпақ дала,

сырын маған шертеді,

Тұмалардың кезіксе бір тұнығы.

Өзіңменен тағдырласпын мен тегі

Нөсер тілеп өтетұғын ғұмыры.

 

Бұл өлкенің аспанын сүй,

көзін көр,

Бақ орнатып кетер едім жетсе өмір.

Бетпақ дала – таусылмайтын төзімдер

Қайыспайтын,

Майыспайтын сексеуіл.

 

Бұл маңайда болған емес көлеңке,

Жауын жауса жапан түзге құт келмек.

Орман,

тауы,

суы,

нуы жоқ өлке –

мен секілді бір ақынды күткен көп.

 

Жазылмаған жанымдағы жыр ма екен,

Сағыныштың толқындары тулады.

Бір білерім ұландарын бұл мекен

Кеңістікпен тілдестірді туғалы.

 

Баяғыдай тербетеді жыр мені,

Сенде ашылған дүниенің есігі.

Сөнбей қалған шоқтарымды үрледі

Бедеу белде Бетпақ дала бесіні…

 

БОЗ БЕТКЕЙЛІ…

Боз беткейлі ендеше

боз беткейлі,

Боз сағымнан басқаға көз жетпейді.

Боздап келіп көшке ерген бозінгендей

Боз беткейді жырлауға сөз жетпейді.

 

Сөз жетпейді жырлауға боз даланы,

Көз ұшында көк сағым қозғалады.

Ботасынан айырылған сол бозінген

Көшке ілесіп келеді боздап әлі.

 

Жап-жалаңаш жапан түз,

тырдай мекен,

төзіміңді Уақыт турайды екен.

Жүрген жоқ ем желігіп жел өтінде

Сарнап тұрған қобыз ба, қурай ма екен?..

 

Тағдырымен түскелі бос егеске,

Ел сенбейтін боп алған еш елеске.

Жамап-жасқап киізін көтеріпті

Жаппа тіккен жалғыз үй кеше кешке.

 

Бозала таң өзінде өз дерегі,

Тірі жүрсең бәрін де көз көреді.

Бозбеткейдің бауыры бозарады

Бозқараған,

босжусан,

боз көделі.

 

Беу, боз беткей!

Мен үшін ғазал,

Отан,

саған келіп жанымды тазалатам.

Тұнығыңды тұмадай аялайын –

Күлігіңді күн сүйген, боз ала таң!

 

Боз беткейлі ендеше боз беткейлі,

Боз беткейге жүрсем-ау кез кеп мейлі.

Торығулы жанымды жабырқатпай

Жолығуы неге өмір тездетпейді.

«Боз беткейлі дегенде боз беткейлі»…

 

ЖАЛҒЫЗ БЕЙІТ

Бөктері ән салатын бөлек үнмен,

Өлке бұл шежіресінен шер егілген.

Елсізде елегзиді ескі бейіт –

Ел-жұртқа елес беріп көне күннен.

 

Бетбақтың бауырынан халқы қашып,

талайдың тұрған заман артын ашып.

Жапанда жаутаңдайды жалғыз бейіт

Секілді жар басында жарты лашық.

 

Қырлардың қуарғалы гүлгүл өңі

Әйтеуір көңіліме мұң кіреді.

Жанары жасаураған жалғыз бейіт

Жаурай ма, жәудірей ме кім біледі?

 

Келемін таппағандай шиырлар түк,

тағдырың көз алдымда қиын тартып.

Қобызым түн баласы бебеу қақты

Жанымда «Жалғыз бейіт» күйін тартып.

 

Қобызым бебеулесін, безілдесін,

осы ма көрер күнің көз ілгесін?..

сен менің жырымдасың, Жалғыз бейіт –

Сен менің өлмей қалған сөзімдесің…

 

Дүлдүлім дүбірлетсе бауыр қызып,

Салатын алақанға ауыл қызық.

Сен маған не айтасың ескі бейіт –

Іргесін жауын шайған, дауыл мүжіп.

 

Қалғалы қол-аяғы тосын ұйып,

Тұрғандай туған жердің төсі кейіп.

Жалғанның жалғандығын ұқтыратын

Өмірдің қайырмасы – осы бейіт.

Ұрынып түнде боран,  таңда ызғарға,

Замана запыран ән салғызғанда.

Қарағым, қара жолда қарайлай жүр –

Жабығып жұртта қалған жалғыздарға.

 

Нүкте боп Бетбақ жонның бедеріне,

Өткеннің қанып тарай дерегіне.

Көлбеген көз ұшында

Жалғыз бейіт – айналып кете барды өлеңіме.

 

АРАП ҚЫРЫ

Біздің үйдің артында қыр бар еді,

Етегінде сол қырдың нұр бар еді.

Батырады ойласам мұңға мені

Тұғырлы елі «Жеңістің» тұлғалы елі.

…Біздің үйдің сыртында қыр бар еді.

 

Қараңдаған ішінде қасқа түннің,

Сені көрсе жанарым жасқа тұнды.

…Ізі қалған бауырында хас тұлпардың –

Қаны тамған деседі хас батырдың.

 

Сен аман бол,

Құт мекен Арап қыры,

Қайта айналып соғатын санатты ұлы.

Шарлататын дүниеге қиялыңды –

Самғататын қияға қанаттыны.

 

Баурайында мөлдірер мұң қайнары,

Сол әуенді ұрпақтар тыңдайды әлі.

…Мен түсінер бір күйді шалқытады

Қамысы мен қоғасы,

Қурайлары.

 

Құм көшкенде алақан жайған алап,

Күнге қарап өсіп ек

Айға қарап.

Белес кейпін жасырып жазирада

Елестейтін тау болып қайран Арап.

 

Бабалардың бұл жерде көші қалған,

Жанып-сөнген шырақтай осы жалған.

Бауырына сол қырдың төмпешік боп

Абыз кеуде арыстар көшіп алған.

 

Көз алдыма көп өлең тізді кей күн,

Үзігіндей үзілген ізгі күйдің.

Нұр бар еді сол қырдың маңайында

Қыр бар еді сыртында біздің үйдің…

 

АЛАТАУҒА ҚАРАП…

Жыр жаздым безінгесін тақтан,

бақтан,

Арымның ақ бораны ақпандатқан.

Жылғаның жанарларын жылтыратып

Шыңдарын Алатаудың ақ қар жапқан.

 

Ақ бастау,

Сен екеуміз мұңы бардан,

Жетеді жел өтінде құбылар жан.

Әй, тегі

Көз салмай-ақ ылдиыңа –

Қайтеді қыр басына шығып алған?!

 

Ақ тұма,

мені өзімен жетектеді,

Бере алсақ жегі желге төтеп тегі.

Сенсіз де шаттығы кем шайыр едім –

Елсізде елеңдедік етектегі.

 

Айтқандай жанға сәуле қойғалы іліп,

Қайтқандай қарын байғұс тойдан ұлып.

Жосылып жыр оқитын күн туа ма

Қосылып қырдағы жұрт, ойдағы жұрт…

 

Айналып алдыңғының сөзі шынға,

өмірдің салды-ау бізді өзі сынға.

Бапташы,

ақ құсымды қондырайын

Ақ басы Алатаудың көз ұшында.

 

Алаңым көбейгенмен жылдағыдан,

Кеудемнен көкке ұшырған бұл да бір ән.

Байланып байтағымның байрағына

Айналып Алатаудың шыңдарынан.

 

Тірліктің төрі қайда,

өрі қайда?

көмескі тартпаса екен көңіл-айна.

…Сүйікті ел,

сүйегіммен сенікі едім –

Биіктер, батырмашы небір ойға…

 

БУРАҚОЖЫР ӨЗЕНІ

Жәркент!

Жырдың кезеңі,

Саған айтам сырымды.

Бурақожыр өзені

Тайбурылдай құбылды.

 

Қандай ғажап кез еді,

Жаным қатты толқыды.

Бурақожыр өзені

Бұйра-бұйра толқыны.

 

Бурақожыр – қайран ән,

Сені естісем деп едім.

Бура күндер шайнаған

Ақботадай өлеңім.

 

Бурақожыр ағады,

Жетер жерге жетсе игі.

Ағыс керіп жағаны,

Булығады,

Өксиді.

 

Күй шалғанда көкейім,

Қуанғанмын нуына.

Сырымды ашып кетейін

Суандардың суына.

 

Туар талай тектіні,

Жалқын күннен жамалы.

Тау қопарар екпіні

Жарық қандай жанары.

 

Әні қандай әдемі,

Тұлғасы мен төзімі.

Ағын сулар әуені –

Бурасы не,

қожыры…

 

Көктал бойы,

тау іші,

Көп шарладым көсілдім.

Ағын сулар дауысы

Ағысыңа қосылдым.

 

Менің де бар білгенім,

Бурақожыр,

Қарғам-ай.

Ағып жатыр күндерім

Арман,

арман,

арман-ай!..

 

«ҚАЙНАР» АУЫЛЫ.
ӘНШІ ГҮЛШАТ

Ән қандай Қайнардағы

Әнші қандай,

Дидары ақ жұмыртқа аршығандай.

Үзілтіп,

үздіктіріп,

үлбіретіп

үні бар тасқа тамған тамшылардай.

 

Ән қандай,

әнші қандай Қайнардағы,

жігіттің осы шығар қайран бағы.

дөңгелеп өтіп жатты көз алдымнан

дүние құбылмалы,

айналмалы.

 

Көңілдің алып ұшты-ау көкдөнені,

Аққу құс жерде ме еді,

Көлде ме еді?..

Жетегі жылдарымның алға тартса

Етегі Хантәңірдің тербеледі.

 

Өмірде бір сәт мейрам,

бір сәт сынақ,

тағдырдан отырғандай мұрсат сұрап.

Күндей боп ғашық әнін шырқағанда

Гүлдей боп ашылады, Гүлшат шырақ.

 

Үніңнен көңіл шіркін көкке өрлер күн,

Көзіңнен Гүлшат сенің, көктем көрдім.

Сәулеті ән-жырменен арайланды

Әулеті абыз атам Бекбергеннің.

 

Аялар сол әуеннің нұр-шапағы,

Тамылжып Тәңіртаудың тұрса таңы.

Жарықты жанымдағы жарқыратқан

Қалыпты құлағымда Гүлшат әні.

 

Сауырын сарыбелдің сағым құрсап,

Шомылды шұғылаңа жаным бір сәт.

Не деген әуен еді айналайын –

Әуеде әуеледі, әнің Гүлшат!

 

Қуанам,

мұңаямын,

торығамын.

Дәриға дәуреніме жолығамын.

Қайнарда қайнап еді қайран кешім

Жанымда жанып сонда сенің әнің –

…Дүние-ай, арманым көп неғыламын.

 

ҚАЗАН. ҒАБДОЛЛА ТОҚАЙ МЕРЕЙТОЙЫ

Татарстан!

дос қасыңнан табылсын,

жат алыстан.

Тоқайыңмен ғайыптан хат алысқам –

Мен сенің құстарыңмен қатар ұшқам.

 

Татар елі,

заты әдемі қашаннан

аты әдемі,

Бауырына басады баталы елі,

жанға жақын бұл да бір мақам еді.

 

Қазандағы,

тарқамайтын жұрт қандай базарлары.

көңілімді тербеген ғазал бағы –

арулардың ай сүйген ажарлары.

 

Сазың қандай,

Жазиралы жаныңда жазың қандай.

Мынау әппақ әлемге назың бардай

Арман – айың әніңде жазылғандай.

 

Дос – өренім,

Маңдайымнан сипаған кеше менің,

Жарық болсын көктемгі көшелерің –

Алғысымның алқасы осы өлеңім…

 

Арнұрлы аға!

Өкпе артпасаң болады тағдырға да.

Ауған, келген кезеңде

ауру меңдеп –

Саумал берген қазақпыз Ғабдоллаға.

 

Дінге берік,

Арай ішкен ел едің күннен еміп,

Сен де,

Мен де бауырым, іргелі едік

Тұрған мынау ғасырға бірге келіп.

 

Дос қасыңнан табылсын жат алыстан,

Бәтуалы байламмен бата алысқам.

Мен сенің құстарыңмен қатар ұшқам

Татарстан,

Татарстан…

 

                              * * *

Жерұйық жыл аңсаған, ай аңсаған,

көп болды жол түспеді Баян, саған.

Әніңді Ақбеттаудан әрі асырып

Бағыңды ашар аймақ таянса адам.

 

Жетем мен,

Көктемдерің көктесін деп,

Нұры онда көңіліңнің көкке сіңбек.

Басынан бұлт аунаған Баянтаудың –

Қасынан өлең көшіп кетпесін деп.

 

Ырғалса биші қайың, әнші қайың,

кіргізер тірлігіңнің әр, шырайын.

Жасына Жасыбайдың жақұт қостым

Тасыңа тамып түскен тамшыдайын.

 

Сенде еді ұлылықтың тек, тұрағы.

Бақыты байтағымның – беттің ары.

Баянсыз тірлігімнен безінгенде

Баянға тартып кеткім кеп тұрады.

 

Аңсайтын мәңгілікке саяңды адам,

Сан мәрте тұсыңа кеп аялдағам.

Бұлбұлы жүрегімнің сайрағанда –

Бір күні жетем іздеп саған, Баян!

 

                               ***

Еділ бол да Жайық бол…

            Асанқайғы

Керуеннің көшін көр,

туған жердің төсінде ел.

Еділ бол да

Жайық бол –

Нұра бол да Есіл бол!

 

Сәуле сеуіп санамнан,

Жақұт үзіп жанардан.

Көз ұшында көлбейді –

Қараөткелде – қара орман.

 

Аман жеткен кешеден,

көгереді көсегең.

Сарыарқаның жүзігі –

Есіл деген осы өзен!

 

Бөлек болмыс,

Бітісі,

ырысымның құтысы.

Алақаны арманның –

                Үмітімнің үкісі.

 

Тәуелсіздік тұрағы,

деп басталар ұлы әні.

Күн сүйеді Есілді –

Нұр құшады Нұраны.

 

…Тұлпарлардың тұрағы ол,

тұнығынан тұма көр!

құлазымас құба бел –

Есіл бол да

Нұра бол!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір