КАСПИЙГЕ ТАМҒАН КӨЗ ЖАСЫ
06.02.2024
1364
0

Биыл саналы ғұмырын мажар халқы мен күллі түркі халықтарының бірлігі мен бауырластығы жолында бағыштаған біртуар тұлға, белгілі түрколог, қыпшақ текті мажар ғалымы, филология ғылымының докторы, профессор Қоңыр Иштван Мандокидің туғанына 80 жыл толып отыр. Осы мерейлі датаға орай ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершудың жаңа кітабы жақында оқырмандарға жол тартпақ. Бұл кітапта Қоңыр Иштван Мандоки мен қазақ қызы Оңайша – Айша Мақсымқызының сан тарау өмір жолында тоғысқан тағдыры, махаббаты, еңбек жолдары, арман-мұрат­тары және түркі дүниесінің алыптары мен тарих шежіресі туралы баяндалады. Кітаптан үзінді беріп отырмыз.


1992 жылдың шілде айы болатын. Қоңыр қалыптасқан әдетінше Карцакка (Қарсақ) әке-шешесінің бейі­тінің басына барды. Ол алысқа жол жүрерде үнемі осылай жалғыз өзі бейітке келіп, аруақтарға бағыштап Құран оқып кететін. Осы жолы да солай болды. Ата-анасын есіне алып, ішінен арман-сыр, мұңын тарқатып мола басында біраз отырды. Мола басынан қайтып келе жатқанда, ой үстіндегі Қоңыр ештеңені де аңғармады. Ту сыртынан соққан бір ауыр зат қалпақтай ұшырды. Соңынан еріп келген қандай пенде? Не үшін ұрып құлат­ты? Басқан ізін аңдыған арамза ма? Әлде ақылынан шатысып, ұрынарға қара таппай жүрген біреу ме? Кім болса да адам баласының сілтеген сойыл-соққысы оны қапылыста не үшін іздеп тапқаны белгісіз. Ес-түссіз қанша уақыт жатқаны да белгісіз. Бір кезде зират басына келген бейтаныс екі әйел адам жол бойында қансырап жатқан Қоңырды көріп, жүгіріп «Жедел жәрдемге» телефон соғып, ауруханаға жеткізді. Қоңыр айға жақын ауруханада емделді. Алда үлкен сапар күтіп тұр еді. Алматыда өтетін Дүниежүзі қазақтарының бірінші Құрылтайына арнайы қонақ болып шақырылған-ды. Алматыға бармас бұрын, Махачкалада өтетін Түркологтардың халықаралық шарасына шақырту келгесін бұл шараға да бармақ болды. Осылайша келісіп, билет алынып, Айша екеуі Будапештен Мәскеуге ұшып жет­ті де, онда бірер күн аялдап, Айша Алматыға, одан әрі туған жері Құлсарыға, Қоңыр Дағыстанға, Махачкалаға ұшатын болды. Бір аптадан соң Алматыда кездесетін болып жоспарлап, екеуі екі жаққа жол тарт­ты. Айша Құлсарыға жетіп, әкесімен туған-туыстарымен кездесіп, сағынышты көңілін басты. Ертесіне бо­йын бір көңілсіздік биледі. «Қоңыр ауырып қалған жоқ па екен?» деп ойлаумен болды. Сол күні түнде қорқынышты түс көріп, шошып оянды. Түсінде жапан далада Қоңыр екеуі қол ұстасып әңгімелесіп келеді екен. Күн тас төбеде күйіп тұр. Үп еткен жел жоқ. Аңызақ дала. Айнала жым-жырт. Ып-ыстық құм аяқтарын күйдіріп барады. Бір кезде төңірек қап-қараңғы болып кет­ті, аспан жақтан тасыр-тұсыр дауыстар естілді. Найзағай ойнады. Сәлден соң қара нөсер құйып кет­ті. Ықтасын болар жер іздеп екеуі жүгіріп келеді… Айша жүгіріп келеді… Бір кезде айналасына қараса, Қоңыр жоқ. Атын айтып айқайлайын десе, даусы шықпайды. Бір кезде өзін бір өрмекші өкшелеп қуып келе жатқанын көреді. Өмірінде осындай, адам басындай үлкен өрмекшіні алғаш рет кездестіріп тұр. Зәресі ұшып қашып келеді. Алдынан ақ жаулықты, үстіне қазақы кәжекей киген бір әже кездесті. Әжей үлкен сырлы табағын жерге қойып, тары ақтап отыр екен. Айша соған қарай жүгірді. Өрмекші де соңынан қалмай қуып келеді. Әжейдің жанына келгенде, ол Айшаға: «Қызым, былай қарай қаш», – деп қолымен оң жағын нұсқайды. Айша солай қарай жүгірді. Бір кезде үлкен өрмекшінің биік тауға қарай өрмелеп бара жатқанын көрді. Ол бұрынғысынан да зорайып бара жатқандай… Бір кезде тарс еткен дауыс естілді. Дауыс шыққан жаққа жалт қарап еді, екіге қақ жарылып, төмен қарай домалаған манағы өрмекші екен. «Қоңыр қайда?»… Қоңыр деп айқайлағысы келеді бар даусымен. Дыбысы шықпай, үні құмыға берді. Демі таусылып, жерге құлап түсті. Қанша ұмтылса да орнынан тұра алмай, қол-аяғын жан-жаққа сермеп жат­ты. Құлағына еміс-еміс дауыстар келеді. Қарайған адамдар сұлбасы елестейді.

– Айша, Айша, оян. Саған не болды? – деп жұлқылап жат­ты туыстары. Айша көзін ашқанда көргені қорқынышты түсі екенін білді. Үсті-басы малмандай су болыпты. Көзінен жас аққан ба? Жастығы да дымқылданыпты. Түсінде шыңғырып айқайлаған дауысынан үйдегілер түгел оянып алып, өздері жұлқылап, Айшаны оята алмай әбігерге түскенін білді.
– Қорқынышты түс көрдім. Қоңыр аман ба екен? Телефон соқпады ма? – деді абдырап.
– Соқпады.
Айша бәрібір ұйықтай алмады. Жүрегі бір жамандықты сезгендей дел-сал күй кешті. «Аман болсын, амандық болсыншы», – дей берді тек. Ертеңіне де Айша сол түсін есінен шығара алмай, іштей қамығып жүрді. «Махачкалаға Қоңырмен бірге кетуім керек еді. Жанында болуым керек еді. Құлсарыға бекер келдім» деп өзін жазғырды. Бұл кезде Қоңыр Дағыстан жерінде өткен бір жиыннан шығып, достарымен теңізге бет алған. Көңіл көтеріңкі. Каспийдің аппақ жалды толқындары жағаны ұрып жат­ты. Қоңыр Каспийді мінезді теңіз деп жақсы көретін. Теңіз шулайды, теңіз жанында тыныштық қалыпта бола алмайсың, жаның да, ойың да шулап тыныштық көрмей дабылдап жатқандай болады. Дағыстанға келгелі табиғат­тың әсері ме, Қоңыр да теңіздей асау күйге түсті. Жиындарда түркі халықтарының бірлігі туралы жағы талмастан сөйледі. Ноғайлар мен құмықтардың тарихынан сыр шерт­ті. Жанындағы құмықтың белгілі ақыны Бадрутдин Магомедов досы да Дағыстанның сырлы тарихынан сыр шертеді. Дағыстандық достары Қоңырды теңіз жағасында дастархан жайып күт­ті. Ән де айтылды, жыр да оқылды. «Қызыл шарап та көңілді кезде қызыл шайдай жүреді екен», – десті. Дағыстанда авар, құмық, лезгин, ноғай, даргин, табасаран, шешен, лак, тат, табасаранша, осетин сынды сан түрлі халық мекендейді. Бұл халықтардың тілі мен дәстүрі бір-біріне ұқсамайды. Бір таудың арғы жағында аварлар мекен етсе, бергі жағында лезгин ауылы тұрақтаған. Бір-бірінен алыс қашықтықта тұрмаса да, бір-бірінің тілін түсінбейтіндері өз алдына жыр екен. Бадрутдин бір қызықты әңгімелердің жібін тарқатады арасында. Ол бокалдағы қызыл шараптан бір ұрт­тап қойып:
– Баяғыда, 1934 жылы Мәскеуде өткен СССР Жазушыларының бірінші съезіне Дағыстанның атақты үш ақыны барыпты. Олар – лезгин Сүлейман Стальский, авар Ғамзат Цадаса, құмық Абдулла Магомедов екен. Бұл үшеуі де – өз тілдерінде жыр айтқан жандар. Мәскеуге жеткенше – үш күн… Пойызда уақыт өтіп бола ма, сондай ұзақ күндер… Үшеуі бір купеде отырып, тіл қатысып сөйлеспепті. Тек тамақ ішерде ғана бір-бірін «Келіңдер, шай ішейік» деп ымдап шақыратын көрінеді. Өйткені бір-бірінің тілін түсінбейді екен.
Қоңыр, соншама тілді қалай меңгеріп алғансың? Сен сол заманда әлгі үш данышпанның ортасында болсаң егерде, Мәскеуге жеткенше іштерін пыстырмас едің-ау, әрі ақсақалдардың батасын алар едің! – деді әзілдеп.
– Оның рас, – деді Қоңыр да күліп, – Мен ертеректе Германияға конференцияға бардым. Сол елдің адамдарының арасында үш-төрт күн жүрдім де, содан немісше сөйлеп кет­тім. Қай елге барсам да, менің тілдік қабілетім өзінен-өзі іске қосылады. Бухарестке барған сапарларымда өзім де байқамай, румын тілін үйреніп алыппын.
– Біздің Дағыстанда «Құмық тілін білген» деген афоризмге айналып кеткен сөз бар. Құмықша білсең, әзербайжанша, түрікше, балқарша, татарша, қазақша, ноғайша, қырғызша, тіпті туысқан тілдердің бәрін түсінесің. Тіл жағына келгенде құмық болғанымның пайдасын мен де көріп жүрмін, – деп күлімсіреді Бадрутдин.
– «Жоғалған пышақтың сабы – алтын» деген. Біз, мадиярлар, тілімізден айрылдық. Байырғы қыпшақ тілінен айрылдық. Қыпшақ тілін тірілту – басты арманым еді. Ол арманыма жетем бе, жетпеймін бе, кім біледі? Түркі халықтарының ажырамас достығын тілеймін. Бізге жұдырық емес, алақан керек, – деп, Қоңыр ойланып отырып қалды да, сәлден соң ауырсынғандай қабағын шыт­ты. – Екі күн ұйықтамадым. Мен шіркін жазатын еңбегімді ең әуелі басыма жазам ғой. Шаршадым білем, – деді де үнсіз қалды. Сәлден соң басы қисайып құлап бара жат­ты. Дастархан басындағылар орындарынан ұшып тұрып, бірі Қоңырды сүйемелдеп, бірі дәрігер шақырмаққа жүгіріп кет­ті. Қоңыр есін ауруханада жиды. «Бір пәле жабысты маған» деп ойлады өзі. Өткенде ауруханадан мерзімінен бұрын ерте шыққан жол жүрем деп. Будапештегі дәрігердің: «Миыңызды тынықтырыңыз, ұйқыңыз аз екен», – деген сөзі түсті есіне. Көзін жұмып қалғып кеткен. Түс көріпті. Жыбырлаған көп шаяндар оны күйдіру үшін отқа қарай сүйрей жөнеледі. От­тың үстіне нөсер құйып өтеді де, от өшіп қала береді. Көзін ашып жан-жағына қарады. Терезесі теңізге қараған аурухана палатасында жалғыз жатыр екен. Палатада үш керует болса да, екеуі бос. Есікке таяу қойылған үстел жанында газет оқып отырған Бадрутдинді көрді де езу тарт­ты. Оянғанын білдірмекке қозғалып еді, кереует сықырлады. Бадрутдин қолындағы газетін тастай сала қасына жетіп келді.
– Әй, қыпшақ батыр! Қорқыт­тың бізді. Қалайсың? – деді кереует жанындағы орындыққа отырып жатып.
– Жақсымын. Дәрігерлер не дейді?
– Қан қысымың көтеріліп кетіпті. Қан қысымыңды түсіретін дәрі екті. Асау қанды қыпшақтың қаны көтерілмегенде, кімнің қаны көтеріледі?
– Солай ма? Газет­тер не деп жатыр екен? Не хабар айтады?
– Мына бір газет сені жазыпты, Қоңыр. Сені «Пантүрік» деп атап, әбден сынап тастапты. Кешегі жиында сөйлеген сөзің біреулерге ұнамай қалған-ау шамасы?!
Палатада үнсіздік орнады. Тарихтың сайқымазағы осылай басталады-ау. Қоңыр өз бойынан кемшіліктер іздей бастады. Зерделілігі, энергетикасы, күшті логикасы кейбіреулерге жақпай қалды ма екен? Жалпының бірдей сү­йіктісі болу мақсат емес қой. Сынайды, демек ұнатпайды.
– Көңіліңе алма, Қоңыр! Талай сын-сынақты көрген, басыңнан өткерген жансың. «Сынайды, демек жақсы көреді» деген бар, – деді Батрутдин.
– Иә, солай шығар. Мына бір күмәнді ой басымнан шықпайды. Бір замандарда тасқа басылған кітаптар ғасырлардан ат­тап бізге жет­ті. Кітаптарды сақтаймыз деп кітапханалар салдық, архивтер салдық, музейлер салдық. Ең атақты әрі тарихы құпия кітапхана Арменияның Матенадарана Арарат тауының ең биік жерінде орналасқан. Бұл өзі Арғы
Түркі империясының кітапханасы емес пе екен? Әлде Алтын Орда дәуіріндегі Қыпшақ хандарының кітапханасы ма? Бір кезде қажет­тілікпен сол жерге көмген шығар. Армянның тұңғыш тілтанушысы, бірнеше тілді меңгерген
Месроп Маштоц: «Қылыштан қалам өнері биік» деп армян әліппесін 405 жылы ойлап шығарды. 405 жыл – армян жазба әдебиетінің туған жылы болып есептеледі. Содан бері 15 ғасырдай уақыт өт­ті. Олай болса, бұл кітапханада сақталған бес-алты мың жыл бұрын жазылған кітаптар армяндарға қайдан келді? Түркілер кітапханасының көмбесі деген ой мені қат­ты мазалайды.
– Мүмкін. Бәрі де мүмкін. Бұл туралы кейін сөйлесерміз. Дала қыраным, бүркітім. Тынығып ал. Жұм көзіңді. Сен әбден шаршадың ғой, – деді де, Бадрутдин қолындағы газет­ті шиыршықтап орай бастады. Қоңыр дәрілердің әсері ме, көзін жұмып, тағы да қалғып кет­ті. Таулар алыстан қол бұлғағандай. Дунайдың толқындары, біресе Каспийдің толқындары көз алдында дөңбекшіп тулап, жағаны соғып жат­ты. Ат жетектеген әкесі таяп келді де: «Сен жеңдің, ұлым! Атқа қон!» – деді ақырын дауыспен. Қоңыр қуанып кетіп, ат­тың үзеңгісіне аяғын сала бергенде, үзеңгі сынып үзілгені. Қоңыр «қап» деп күрсініп, үзілген үзеңгіге қарап отыр. Осы тұста оянып кет­ті. Досы әлі газет­терді ақтарып оқып отыр екен. «Қанша уақыт өт­ті екен? – деп ойлады Қоңыр. – Қанша газет­ті оқып үлгерді екен?» Бірақ Қоңыр түсінде әкесімен кездескен уақыт­тың минутқа да жетпейтінін білген жоқ. Көздерін жұмып, түсі туралы ойлады. Көзін ашты. Іштей: «Бұл түс – менің дәм-тұзымның таусылғаны немесе жеңісім. Менің уақытым біт­ті немесе уақытымның биікке шарықтау тұсы келді. Не құлармын, не биікке шығармын» деді де, басын көтеріп: – Су берші, – деп ымдады.
Бадрутдин стақанға су құйып, аузына жақындатып еді, Қоңыр басын көтеріп, алақанын тосты. Алақанына құйылған шөкімдей суға қарап отырды да бетін, кеу­десін шылады. Бос стақанды қайтарып беріп жатып:
– Қазір қандай ай еді? – деп сұрады. Қоңырдың есте сақтау қабілетінің ерекше екенін білетін Бадрутдин оған таңдана қарап:
– Тамыз айы, – деді. Қоңыр таңданғандай қасын көтерді. Саусақтарымен мұртын сипалады. Сосын көздері кең ашылып, жарқ ет­ті де ақырын дауыспен:
– «Биік-биік көлдерден,
Қатар түзеп қу ұшар.
Алға сап тез оқ ата көрмеңіз.
Қандыауыздан сыйлы жебе сайламай;
Атаның ұлы ер жігітке
Арту-арту оқ келер.
Оқтан қат­ты сөз келер
Асығып жауап бермеңіз
Арғы түбін ойламай», –
деп жыраулар поэзиясынан жыр оқыды.
– Бұл – Шалкиіз ғой. Ноғайлының дәуірінде Жайық бойында дүниеге келген. Біз құрымаймыз. Тағдырымыз тастай ауыр болғанменен, – деді Қоңыр Шалкиіз жырының әсерінен шыға алмай.
– Тау халқының бір қанат­ты сөзін айтайын ба? – деді Бадрутдин сөзді басқа арнаға бұрғысы келіп, «Нағыз адамның бағасын жеті нәрседен білуге болады» дейді.
– Қандай нәрселер екен? Айтшы, біз де өз бағамызды біле отырайық, – деді Қоңыр сәл езу тартып.
– Айтсам, мынандай нәрселер: Басқа түскен іс, Бағалы бұйым, Қылыш,
Қуаныш, Бөтелке, Әйел және адамның өзінің аты мен атағы.
– Иә, «басқа түскен ісіңді көтере білсең – адамсың. Бағалы бұйымды да парқын біліп көтере білсең – адамсың. Қылыш көтерер жүрегің мен білегің болса – адамсың. Қуанышыңды жүрегіңе сыйғызып, көтере білсең – адамсың. Бөтелкені де шамаңды біліп ішіп, көтере білсең – адамсың. Е, әйел деген бөлек әлем ғой. Әйелдің өкпе-назын көтере білсең – адамсың. Азан шақырып қойған атыңды, жинаған абырой-даңқыңды дандайсып кетпей, шашып алмай көтере білсең – адамсың» деген ойдан туған ғой. Дұрыс екен. Қылыш деген менің қаламым емес пе? Қазір қылыштың емес, қаламның заманы.
– Әрине. Осы талаптарға сәйкестікті сенің бойыңнан табам, Қоңыр. Қарап тұрсам, мен де жаман адам емес сияқтымын ғой, – деп күлді Бадрутдин. Қоңыр да күлді. Қоңырдың көңілін көтермек боп тапқан амалы еді бұл.
– Айша келді-ау, – деді Қоңыр.
– Сен мұнда, Айша Қазақстанға кет­ті емес пе?! Келгеніңе екі күн болды. Айшаны сағынып іздеп жатырсың, – деді досы күліп.
– Маған тез Алматыға жету керек. Тауға шығып, тұлпарға мінсем тезірек, – деді Қоңыр манағы көрген түсін еске алып.
– Қоңыр, тауға шығам десең, мұнда да тау, мұнда да ат бар емес пе?
Қоңыр үндемеді. Сәлден соң:
– Жарық көзімді қарықтырып барады. Жарықты өшірші, – деді.
Бадрутдин жарықты өшіргенде, бөлме іші алакөлеңкеленіп қалды. Бөлмеге сұңғақ бойлы медбике кірді. Жас қыз екен. Үлкен қара көздерінде өмірге деген іңкәрлік, жастықтың оты бар. Қолында дәрі мен укол салынған төртбұрышты темір кішкентай сандықша бар екен. Бадрутдинге қарап:
– Сізге көп отыруға болмайды. Науқастың дәрі-дәрмек қабылдайтын уақыты болды, – деп еді, Қоңыр шамырқанып басын жастықтан жұлып алып, медбикенің қолындағы темір сандықшаға қатал бір көзқараспен қарады да, кенет күліп жіберді. Бөлмедегілер Қоңырдың ішіндегі бұлқынысты түсіне алмай бір-біріне қарасты.
– Бар, бара бер, Бадрут! – деді досына. – Бүгін менің шарықтау шегім! –деді сосын. Досы есіктен шығып бара жатып, артына бұрылып, Қоңырдың жүзіне көз салған. Мұртын ширатқан ширақ қалпында, көздері от­тай жанып ұшқындап тұр екен. «Жазылады, ертең-ақ тәуір боп кетеді. Атпен шабамыз, қызыл шарап ішерміз сосын» деп ойлады да, жымия қолын жоғары көтеріп палатадан шығып кет­ті. Медбике укол салмаққа дайындала бастады. Қоңыр қызға біртүрлі аянышты жүзбен қарады. Медбике абдырап қалды.
– Мен жақында алысқа ат­танамын, қарындасым, – деді оған қоңыр үнмен.
– Ағасы, сіз ешқайда асықпаңыз. Әбден емделіп алыңыз. Сізге қобалжуға болмайды, Жүрегіңізге күш түсіресіз, – деген медбике уколдың инесін қарына тықты.
– Мен жақында алысқа ат­танамын, қарындасым, Алматыға Дүниежүзілік қазақтардың Құрылтайына барамын. Ауруханада сарылып жататындай мен сіздер ойлағандай ауру емеспін. Менің ауруым – қыпшақ тілі. Қыпшақ тілі – құшақ тілі, – деді түсініксіз сөйлеп көзі жұмылып бара жатып.
Қоңырдың соңғы үні осы болды. Ол өзінің төбесінде жанып тұрған қызыл шырағданды көрді. Қызыл шырағдан біресе сәулесі жан-жаққа шашыраған қызыл түсті күнге, біресе жылт-жылт еткен қызыл жұлдыздарға ұқсап барады. Баяғыда бала күнінде көк майса шөп үстінде шалқасынан жатып түнгі аспанға қызықтап қарап қиялданып жатқанындағы сурет­тер сияқты. Сол жұлдыздар арасынан кісінеген қып-қызыл ат­тар шыға келіп шаба жөнеледі. Біресе олай қарай шабады, біресе былай қарай шабады. Көктемнің исі келгендей болады. Тыраулаған тырналардың даусы жеткендей құлағына. Денесін көктемнің түнгі суық лебі қарығандай… Кішкентай кезіндегідей анасының: «Пиштажаным, тоңып қаласың, үйге кірші», – деп, табиғат­ты қызықтап тұрған баласын ып-ыстық денесіне басып құшақтап алатыны, «бүлікшісің, кулаксың», – деп әкесін аяқтарымен аямай тепкілеп жатқан бөріктеріне жапсырылған қып-қызыл жұлдыздары күнмен шағылысқан коммунистер бейнесі, «әке, әкелеген» жан даусымен шырқырап шыңғырған кішкентай бала қалпы, кең далада тұяғымен жер тарпыған асау тұлпарлардан қалмай жаяу жарысып келе жатқан жігіт шағы, сәукелесіне қонақтаған сан жұлдыздардың сәулесі сан құбылып күлімсіреген Айшаның бейнесі әрі жақындай, әрі алыстай түсіп жоғалып кет­ті. «Бұл өлім деген қайда жоқ? Жарқыраған айда жоқ. Күркіреген күнде жоқ»… Аспанда жасын ойнап, долы дүлей жел тұрып, жапырақтар судырап жерге төгілді. Теңіз шулап қоя берді. Асау желдің екпініне ызаланған Каспийдің таудай-таудай толқындары ақ көбігін аспанға атып, төңіректі азан-қазан қылды. Сол күні Каспийдің толқындары жоқтау жырын толғады..

 

Маржан ЕРШУ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір